Мұхтар Мағауин: Аласапыран заманның алып тұлғасы
![cover](/uploads/posts/2025-01/sizes/1440x810/photo_2025-01-10_23-06-10.webp)
Қазақ әдебиеті мен тарихын зерттеп, өлмес мұра қалдырған Мұхтар Мағауин 85 жасына қараған шағында 9 қаңтар күні АҚШ-тың Мэриленд штатындағы үйінде қайтыс болды. Жерлеу рәсімі 11 қаңтарда Parklawn Memorial зиратында өтпек.
Orda.kz тілшісі қазақ әдебиетіндегі жазушыларға хабарласып, естеліктері және марқұм болған жазушының шетелге кету себебі жайлы сұрастырды.
Мұхтар Мағауин қазақ әдебиеті мен тарихына үлес қосып қана қоймай, ел тағдырына қатысты өзекті мәселелерге көз жұмып қарамаған адам. Оның сол батылдығы туралы 30 жылдай араласқан жазушы Тұрысбек Сәукетаев еске алды.
«Бүгін суыт хабар естіп отырмыз ғой. Осыдан 20 күн бұрын ол кісі өзі маған хабарласып еді. «Сырқаттанып жатырмын. Құдай бұйырса, жазылып шығатын шығармын. «Құдайға шүкір 26 томым шықты. Тәуір болып шыққаннан кейін 27-томын реттеймін. Тағы да ойда жүрген біраз нәрселер бар. Соны жазсам» деп айтқан еді. Ауырғаны сезілмей, даусы сондай жайлы, нық, жігерлі шығып еді. Соңғы рет естіп тұрған екенбіз сол даусын. Төбемізден жай түскендей болып отырмыз.
1989 жылы мен «Қазақфильм» кино студиясында жұмыс істеп жүргенде «Жұлдыз» журналына шақырған болатын. Ол 1988 жылы осы журналға бас редактор болып келген еді. Мені қызметке алғалы 18 жыл бойы бірге жүріп, жанында інісіндей болып кеткен адаммын. Ол кісі менің ұстазым, өмірде ағам сияқты, туысқанымдай жақын боп кеткен адамым, менің рухани тірегім еді. Әдебиетте кішкене болсын жеткен жетістігім болса, сол кісіге қарыздармын деп білемін. Өйткені бұл кісі әдебиетке қалай адал болуды, қалай азамат болуды, өзінің жазуымен де, күнделікті өмірімен де көрсетіп, бізге үлгі болған адам. Мен үшін орны толмас үлкен қайғы болып отыр», — деді Тұрысбек Сәукетаев.
Жазушы 1940 жылы 2 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Баршатас ауылында дүниеге келген. Ол 20 жасынан кеңестік цензураға қарамай, қазақ тарихы мен руханиятына үлес қосқан жазушы еді. Ол филология ғылымдарының докторы, тарихшы, әдебиетші болып, түрлі салада өлшеусіз еңбек етті. Тұрысбек Сәукетаев оның 20 жасында-ақ жыраулар поэзиясы туралы кітап жазып, қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі ұлан-ғайыр екенін айта кетті.
«26 том, жарық көрмеген тағы бір томы бар, жалпы 27 том еңбек қалдырған адам... Бүкіл қазақ әдебиетінде ондай көлемді еңбек жасаған адам жоқ және ол тек көлемі ғана емес, көркемдік көкжиек тұрғысынан, шеберлік тұрғысынан биікке, сапа жағынан жоғары деңгейге жеткен адам. Бұл кісіні 8 сырлы, 1 қырлы адам деп айтуға болады. Прозаик, әрі тарихшы, әрі зерттеуші, әрі эссеист, әрі үлкен публицист болды. Қазақтың өміріне қажетті, әлеуметтік тұрмысына қатысты барлық салаларда керемет еңбек еткен орны бөлек, айырықша тұлға. Өздеріңіз білесіздер, қазақ әдебиетінде ең бірінші 20-дан асқан жасында «Қобыз сарыны» деген жыраулар әдебиеті туралы зерттеу жазды. Жыраулар әдебиеті — ол кезде, тіпті, ғылыми ортаға белгісіз тақырып болатын. Қазақ әдебиетінің тарихын 300 жылға дейін ары қарай кеңейтті. Оған дейін қазақ әдебиетінің тарихын Бұқар жыраудан бастайтын. Ал бұл кісі сонау Шалкиізден бастады. Олардың бәрінің шығармаларын архивтен іздеп тауып, ел-жерді аралап жүріп, қазіргі әдебиеттерде жүрген нұсқаларының бәрін жазып қалдырған адам — осы Мұқаң. Сол 20-дан асқан жігіт үшін бұл үлкен, керемет, рухани ерлік болады. Содан кейін «Қазақ тарихының әліппесін» жазды», — деді Тұрысбек Сәукетаев.
Еңбек жолын 1965 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі болып бастады. 1967-1971 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары қызметін атқарды, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып істеген, Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді. 80-жылдары Мұхтар Мағауин шығармашылыққа көңіл бөлді. Ақыры сол жылдары «Аласапыран» романын жазып шықты.
Orda.kz тілшісі Мұхтар Мағауинмен көрші болып тұрған қаламгер Смағұл Елубайға хабарласып, жазушы жайлы естеліктері және еңбектері жайлы сұрастырды. Ол да Мұхтар Мағауиннің жазушы әрі тарихшы екенін айтып, Бұқар жыраудан басталатын қазақ әдебиетін 5 ғасырға созып, әдебиетімізге де, тарихымызға да сүбелі үлес қосқанын атап өтті.
«Мұхтар ағаны тарихи романдары арқылы жақсы білуші едік. Осы романы жайлы өзіне пікір айтқаным бар еді. «Аласапыран» романы сонау XVI-XVII ғасырдағы сонау Көшім хан заманындағы Сібір хандығының тарихын арқалаған еді. Мінекей, Ресейдің Қазақстанды отарлауының бір тармағы осы Сібір хандығы болса, оның тарихын осы «Аласапыраннан» оқып білдік. Содан кейін «Бес ғасыр жырлайды» одан кейін сәл алдында шықты. Бұл филологиялық зерттеу, әдеби зерттеу шығармасы еді. Бұл заманына сай ерлік болды. Өйткені ол заманда қазақтың әдебиеті Бұқар жыраудан әрі қарай аспаушы еді. Соны Мұхтар Мағауин бір ғасырлық тарихын «Бес ғасыр жырлайды» деп 5 ғасырға әрі қарай ұзартып, жыраулардың өлеңдері мен өмірі жайлы баяндаған кітап шығарды. Ол заманда тарихты ұзарту деген тыйым салынған тақырып болатын. Сөйтіп жүргенде тағы да бір таңқалдырғаны «Қазақ тарихының әліпбесі» атты кітап жазды. Ерекше кітап болды. Өйткені ресми тарихта айтыла бермейтін фактілерді біз осы әрі жазушы, әрі тарихшы Мұхтар Мағауиннің кітабынан таптық. Бұл да бізді елең еткізген шығарма болды. Соңғы шығармасын сол Америкада жүріп жазды. Шыңғыс хан туралы 4 шығарма жазды. Ол жазуының заңды жағы бар. Өйткені, Мұхтар Мағауин табиғи тарихшы еді. Құдай Тағала оған тарихшылықты берген әбден. Сол тарихты білетіндігінің арқасында ол сонау орта ғасырдың, әсіресе Шыңғыс ханның заманын қайта тірілткенмен бірдей болды. Бұл да болса біздің тарихымызға, әдебиетімізге енген сүбелі үлес болды дегім келеді», — деді Смағұл Елубай.
Өндіріп жазған шығармашылығын замандастары да жоғары бағалаған. Мысалы, Тұрысбек Сәукетай Мағауиннің жұмысын Олжас Сүлейменов ерекше бағалағанын айтты.
Оның қазақ әдебиеті, тарихы, мәдениеті үшін жасаған ұлы еңбегіне бір кездері Олжас Сүлейменов баға берген. «Тарих пен әдебиет институты жасамаған жұмысты жалғыз Мұхтар Мағауин жасап отыр» деп үлкен баға берген болатын. Тарихи тақырыпта «Аласапыран» романын жазды, одан кейін «Алтын Орданы» жазды, «Шыңғыс хан» атты 4 томдық үлкен эпопея жазды. Бұл жалғыз қазақтың тарихы емес. Бүкіл түркі дүниесінің ықылымнан бергі тарихын қопарып, мұра қалдырып кетті. Бұл кісінің жасаған жұмысы деген ұлан-ғайыр. Мұқағали айтты емес пе? «Айтып өткен ақында арман бар ма? Жүрегінің түбіне кір қалдырмай» деп. Шындығында Мұқаң айтарын айтып, жазарын жазып кетті. Соған қарап мен бұл кісі армансыз адам ба деп ойлаймын. Бұл кісі бүкіл қазақ руханиятының болмысындағы тақырыптарды кең қамтыған, биік сатыға көтерген шын мәніндегі ұлы қаламгер. Біз шын мәнінде осындай ұлы қаламгерден айырылып отырмыз. Бұл бүкіл ұлттың қасіреті. Сондықтан мен бүкіл есті қазақтың бәріне көңіл айтамын. Бұл үлкен орны толмас қайғы», — деді Тұрысбек Сәукетаев.
Мұхтар Мағауин шетелге неге кетті?
2011 жылы Мұхтар Мағауин Жаңаөзен оқиғасы үшін үкіметті қатты сынға алғандардың бірі еді. Кейін сұхбаттарында Назарбаевқа қатысты «елін жерімен қоса сатып жіберген» деп кесіп айтты.
Тұрысбек Сәукетаев жер мәселесінде, қандастар мәселесінде және тағы да басқа қоғамдық саяси мәселелерде Мұхтар Мағауиннің үнсіз қалмай мақалалар жазғанын айтты.
«Мұқаң 2006 жылдан бастап кетті. Өздеріңіз білесіздер, ол кездегі биліктің кезеңінде бүкіл жағымпаздардың, жарамсақтардың жарысы басталды. «Турасын айтқан туғанына жақпайды» демекші, Қазақстанның рухани кеңістігінде болып жатқан олқылықтарды айтатын кезде бұл кісі батыл-батыл мақалалар жазды. Жердің сатылуына байланысты, шекараға байланысты, басқа да тақырыптар, мысалы шетелден қандастарымызды әкелудегі үлкен кедергілер жайлы көптеген мақалалар жазып, бұл кісі биліктің қаһарына ұшырады десек болады. «Жұлдыз» журналында жүргенде мен өзім талай көрдім. Талай арыз жазып, тыныштық бермеді. Шындығын айтқанда бұл кісі үлкен рухани репрессияға ұшырады. Бұл кісіні 2006 жылы қазан айында «Жұлдыз» журналынан жұмыстан қуып, шығарып жіберді. Былай айтқанда сыртынан бұйрық берді де шығарып жіберді. Енді бұл деген адамға рухани соққы емес пе? Басқа жағынан да соққы көрді. Ешқандай кітаптарын шығармады. Үкіметтің министрліктің тарапынан болатын кітап шығаратын қолдаулар бар ғой? Сондайлардың ешқайсысы кітабын басып шығармады. Содан кейін көңіліне тиген болуы керек. Ол кісі шетелге кетті. Бірақ біздің халықты ұмытпады. Өмірімізде болып жатқан әрбір құбылысқа сергек үн қатып, сол жақта жатып өзінің айқайымен араша болып отырды», — деді Тұрысбек Сәукетаев.
Сонымен қатар, Тұрысбек Сәукетаев биліктің тарапынан ешқандай ілтипат көрмегенін айтты.
«2011 жылғы Жаңаөзендегі үлкен қырғында да ең бірінші айқайлап, халыққа араша түскен осы біздің Мұқаң болатын. Сондықтан да биліктің тарапынан бұл кісі ешқандай ілтипат көрген жоқ», — деді Тұрысбек Сәукетаев.
Сәукетаев оның билік тарапынан Мұхтар Мағауин ешқандай марапат, атақ алмағанын, мерейтойлары да атап өтілмегенін айтты.
«Ол: «маған ештеңе керек емес» деді. Бірақ ол кісі де пенде. Көңіліне алады ғой. Осы күнге дейінгі еңбегі бағаланды ма? Кім көрінгенге беріп жатқан ана «Еңбек ері» дегенді берді ме бұл кісіге? Ал «Еңбек ері» деген атақты шын мәнінде еңбекке беретін болса, ең бірінші Мұқаңа беру керек. Ештеңе бермеді. Атаусыз қалды. 75 жылдық мерейтойы да, 80 жылдығы да атаусыз қалды. Үкімет оны әлпештеп аялады деп айтуға болмайды. Сондықтан да бұл кісі шетелге кетті. Шетелде қалды. Таңертең баласы маған хабарласқанда, ол кісі «Мені Түркияға жерлеңдер» деп өсиет айтып кеткенін айтты. Топырағы енді Америкадан бұйырып тұр екен. Жаны жәннатта болсын, марқұмның», — деді Тұрысбек Сәукетаев.
«Мағауині бар қазақ әдебиетіне сүйінесіз»
Ақын Тоқтарәлі Таңжарық жазушының әдеби тақырыпты заманауи және тарихи тұрғыдан бір белеске көтергенін айтты.
«Мұхтар аға Мағауин – қазақ әдебиетінің ұлы карифейі. Дәл Мұхтар ағадай жүйелі, жан-жақты, көп сала бойынша еңбек еткен қаламгер некен-саяқ. Ол алапат еңбек етті. Қай шығармасын оқысаңыз да, Мағауин әлемінің нұр шұғыласын анық сезесіз. Бойыңызға қуат құйылады, ойыңызға шуақ шашырайды. Қазақ әдебиетінің бәрін түгел оқысаңыз да, Мағауинді оқымасаңыз, онда әлдебір рухани қазынаға жолықпағандай күй кешесіз. Оның зерттеулері, пайымдары, көркем туындылары, тарихи хамсалары – бәрі ұлы суреткерге тән шеберліктің өзіндік сорабы. Мағауинді қайталап оқығың келеді, жылдар аралатып Мағауинге соғып тұрасыз. Өйткені Мағауинмен тыныстау – бөлек рухани аура, өзгеше әлемге қайта бір жолығып, шытжаңа дидарласу, сұхбат құру. Ол ұлт тіліне екпін сыйлады, баяндаудың жаңа көкжиегін ашты, әдеби тақырыпты заманауи және тарихи тұрғыдан бір белеске көтерді, сюжет құрудың әлемдік контекстегі үлгілерін қазақ әдебиетіне әкелді. Мағауині бар қазақ әдебиетіне сүйінесіз. Француз үшін Бальзак, орыс үшін Пушкин, ағылшын үшін Лондон, қытай үшін Лу Шүн қандай қастерлі болса, қазақ үшін Мағауин де сондай тұлға», — деді Тоқтарәлі Таңжарық.
Сонымен қатар, Тоқтарәлі Таңжарық оның елдегі саяси жүйеге көңілі толмағанын айтты.
«Мағауин шетелге жазу үшін кетті. Саяси диссидент болған жоқ. Ол тыныш еңбектену үшін қиырға шарлады. Иә, саяси жүйеге көңілі толмағаны шын. Ұлы тұлғалар үшін кеңістік маңызды емес. Олар қайда жүрсе де кеңістіктің ықпалынан ытқып шыға алады. Шетелде жүріп өнімді еңбек тудырды. Тарихи шығармалар жазды. Сондықтан да өзге елге қоныс аударды. Шетелге кетуге мүмкіндігі де болды. Ел ішіндегі ырың-жырың әңгімеден, жиын-тойдан, бітпейтін басқосулардан, мағынасыз даулардан жалыққан болса керек. Бұл шешімі дұрыс та еді», — деді Тоқтарәлі Таңжарық.
Жазушы Смағұл Елубай марқұм қаламгермен Прагада көрші тұрып, аралас-құралас болғанын айтып, естеліктерін баяндады.
«Бүгінде Алланың әмірімен бақилық болып әйгілі жазушы Мұхтар Мағауинмен біз онша көп аралас-құралас болмасақ та, сырттай сыйласып, Прага қаласында көрші тұрдық. Мен 1995 жылы Азаттық радиосына жұмысқа бардым. Сол радиода жазушының ұлы Едіге Мағауин істеді. Біз бірге жұмыс істедік. Ал Мұхтар аға мен келіншегі екеуі баласымен бірге Прагада тұрды. Содан бір жерде жұмыс істегеннен кейін, қазақ болғаннан кейін, жазушы болғаннан кейін, араластық. Бүгін естіп отырмыз. Америка құрама штаттарының Мэрилендаға штатында дүние салғанын», — деді Смағұл Елубай.
«Өкініштісі, сүйегі АҚШ-та жерленетін болды»
Смағұл Елубайға жазушыны іздеп басына баратын халқы Қазақстанда қалған соң, оның шетелге жерленуі бір өкініш екенін атап өтті.
«Бүгінде оның журналист-ғалым ұлы — Едіге Мағауиннің жазуынша, жазушының 26 томдық шығармалар жинағы шыққан көрінеді. Шамасы сол Америкада шыққан болуы керек еді. Мінекей осы мол мұра қазақ халқының әдебиетін зерттеушілерінің, Мағауинтанудың басы болады деп ойлаймын. Өйткені жазушы дүниеден өткенімен, оның шығармалары өтпейді. Шығармалары мәңгі халқымен бірге қалады. 26 томдығы енді халқының қолына тиюі керек деп білемін. Бір өкініштісі, Мұқаңның сүйегі сол Мэрилендке жерленетін болыпты. Оны жаңа ғана мен әлеуметтік желіден көріп отырмын. Бұл енді сәл өкінішті жағдай болды. Өйткені шығармалары арқылы, рухани әлемі арқылы халқының жүрегіне жерленген жазушының сүйегі туған жерге жерленуі керек еді. «Әттеген-ай» деп отырмыз. Оны іздейтіндер, оның басына баратын халық осы жерде ғой?!. Тарихтың маңдайына жазғаны болар. Топырақ сол Америкадан бұйырыпты. Біз Алла алдынан жарқырап, жәннатта болғай тұрағы деп тілек білдіреміз», — деді Смағұл Елубай.
Мұхтар Мағауин 18 жылын шетелде өткізді. 60 жылын қазақ руханиятына арнады. Әдебиетші, жазушы Дидар Амантай Мұхтар Мағауинді әлем әдебиетіне қазақ тілінің сұлулығын паш еткен жазушы деп бағалады. Ол оның шығармалары көлемді том-том болған Толстой шығармалындай екенін айтып, әлем әдебиетінен ойып орын алған жазушылардың қатарында тұр деген пікірін айтты.
«Қасиетті Шыңғыстау елінде туып, Алатаудың етегінде жұмыс істеп, қазаққа қызмет еткен Мұхтар Мағауиннің тынымсыз, беймаза жаны мұхиттың арғы жағындағы жат таулардың шыңдарында жай тапты. Өсиеті бойынша шетелде жерленеді деп айтқан екен. Нақтысын білмедім. Қалай болған күнде де Мағауиннің қазақ әдебиетіндегі орны үлкен. Қазақ халқының соғып тұрған алып жүрегіне тең тұлғалардың бірі еді. Қазақ халқы жетімсіреп қалды деп ойлаймын. Мағауин алғашқы «Бір уыс бидай» сияқты шығармаларын дүниеге әкелді. Одан кейін өздеріңізге белгілі «Көкмұнар» романы дүниеге келді. «Бір атаның балалары», «Жыланды жаз», «Қара қыз», «Тазының өлімі» тәрізді мықты әңгіме-повестері бар. 80-жылдардың басында «Аласапыран» романы дүниеге келді. «Аласапыран» еңбегін мен қара сөзбен жазылған үлкен поэма деп түсінемін. Мұнда қазақ халқының тілдік-лексикалық бай мұрасы, сонымен қатар қазақ тілінің сұлулығы бейнеленеді. Бұл қазақ халқының байлығын әлемге паш еткен шығарма деп ойлаймын. Одан кейін де жемісті еңбек етті. Солардың ішіндегі шоқтығы биік шығармаларының бірі — «Жармақ» романы. Одан кейін «Қыпшақ аруы», бертін келе 4 томдық «Шыңғыс хан» еңбегі және «Алтын орда» еңбегі бар. «Алтын орда» еңбегін оқып үлгермедік. Құдай қаласа, қолымызға тиетін шығар деп ойлаймын. Осындай үлкен еңбектер жасаған, бүкіл ғұмырды қазақ халқына жұмсау қажет деп ұққан, сонымен қатар өмірді еңбекке арнаған ұлы жазушының жүрегі тоқтады», — деді Дидар Амантай.
Оның пікірінше, Мағауин қазақ әдебиетін оқыған оқырмандарға мәңгілік серік.
«Енді Мағауиннің екінші өмірі басталды. Мағауиннің модерн стиліндегі шығармалары, модернизмді классикалық үлгіде біріктіре отырып жазған шығармалары оның әлемдегі үлкен орны бар қаламгер екенін паш етеді. Модернистер Фицджеральд, Хэмингуэй, Фолкнер, Томас Ман, Франц Кафка, Альбер Камю, Сартр, сондай-ақ профессор әдебиетшілер, мысалы әйгілі шығармалар жазған университет мұғалімдері Умберто Эко деген секілді тұлғалардың қатарында тұрған ойшыл деп ойлаймын. Мағауин есімі де олармен қатар аталады деген пікірдемін. Мұндай еңбектерді Мағауиннен басқа Толстой жазған шығар. Оның жазғандары да том-том кітап болды ғой. Мағауиндікі де көп томдық. Мұхтар Мағауин шығармаларында «мен» деп жазғанымен ол «біз» деп оқылады, «біз» деп естіледі. Өйткені халықтың атынан сөйлеп тұр. «Меннің» артында қазақ халқы тұр. Мағауин осындай пікір ұстанады. Мағауин — біз үшін мәңгілік тірі. Қазақ әдебиетін оқыған оқырмандарға ол мәңгілік серік. Құдай қаласа Мағауиннің архивтегі талай дүниелері шығады деген үміттемін. Қош аға, жас ұрпаққа талғамсыздар талап тастамасын деген оймен қорған сөз, қамқор сөз, өсиет сөз айтып кеттіңіз. Сіз қазаққа өсиет айтатын тұлға едіңіз. Енді біз мәңгілік кітаптарыңыздың беттерінде кездесеміз», — деді Дидар Амантай.
2025 жылдың 9 қаңтарында бейсенбі күні қазақ руханиятының мәңгілік өлмес мұрасын жасап кеткен заңғар жазушы, тарихшы Мұхтар Мағауин көз жұмды.
Orda.kz редакциясы жазушының жақындарына және бүкіл қазақ халқына қайғырып көңіл айтады.
Жаңалықтар
- Оңтүстік Қазақстандағы кәсіпкерлерді жылдар бойы қорқытып келген қылмыстық топ
- Көлік қыздыруға бес минут жеткілікті- экология министрі
- Маңғыстауда қаза тапқан сарбаз Марат Барқұловтың ісі бойынша бірнеше әскери жазаланды
- Шымкент антикорының бұрынғы орынбасарының соты қаңтарда болады
- Қайырымдылық қордың атын жамылған қылмыстық топ сотталды
- Маңғыстауда мектеп оқушысын ит талап тастады
- Сәкен Бибосынов бокстан ұлттық құрама сапынан шығып қалды
- Фитнес-жаттықтырушысын зорлау: аппеляциялық сот кейінге қалды
- Шерзат ісіндегі маңызды кезеңдердің бірі аяқталды
- «Сатираға байланысты емес»: Полиция QazNews24 паблигінің авторы не үшін қамалғанын айтты
- Қарақалпақ белсендісі неге өз еліне экстрадицияланды?
- Жұмыссыздық: Бүйрегін 9 млн теңгеге саудаламақ болды
- Жетісу облысындағы сарбаз өлімі: ықтимал себептер айтылды
- Сәтбаевтағы экологиялық жағдай туралы премьер-министрге есеп берілді
- Қызылордада жігіт өз әйелін жүкті қылғаны үшін 12 жылға сотталды
- «Журналистерді босатуды талап етті»: Алматыда тағы бір белсенді пикетке шықты
- Қарағанды облысында жолаушылары бар автобус аударылды
- Сатиралық пабликтің авторын қорғаған тағы бір белсенді ұсталды
- Қонақ үйде өрт шықты: 10 адам мерт болды
- Түркістан облысында 1,9 миллиард теңге жымқырған қылмыстық топ ұсталды