«Зорлады, ұрып соқты»: Түркістан полициясы неліктен 16 жастағы қызды қиянат жасаған адамға қайта қосты?
Фото: Elements.envato.com
Түркістан облысында 16 жастағы қызды ер адам ұрлап, зорлаған. Көмек сұрап полиция бөлімшесіне келген жәбірленуші қорған табудың орнына қысымға тап болды. Қызметкерлер арызды қабылдаудың орнына, қызды күдіктінің өзіне қайта қосып жіберген. Оқиға болғанына екі жыл өтсе де, қылмыстық іс әлі қозғалған жоқ.
Оқиғаның мән-жайын Orda.kz тілшісі анықтады.
2023 жылы 20 жастағы жігіт әлеуметтік желіде 16 жастағы қызбен танысып, біраз сөйлескен соң, кездесуге шақырады. Кездесу кезінде ол кәмелетке толмаған қызды үйінің алдынан көлігіне отырғызып, алдап Шымкентке алып кеткен. Жігіт қыздың телефонын тартып алған.
«Қызым үйдің алдында көлік жуып жүрген. Бір кезде қарасақ, жоқ. Телефон шалсақ, жауап бермеді. Кейін жігіт оның телефонын тартып алып, алдап пәтерге апарғанын білдік. Сол жерде зорлады. Кейін алып қашып, Иқан ауылындағы өз үйінде ұстап отырған. Біз қызымызды алты сағат іздедік. Тапқан соң үйге кіре бергенде әлгі ер адам мені ұрып, есімнен тандырды. Есімді жиған соң, полиция шақырдық», — дейді қыздың әкесі Еркін Вахапов.
Ата-анасы арыз түсіруге Әл-Фараби аудандық полиция бөлімшесіне барды. Бірақ жауап алу кезінде полиция қызметкерлері ата-анасы мен қорғаушысын басқа кабинетке отырғызып, кәмелетке толмаған қызбен жеке сөйлескен.
«Олар қызымызға: «жігіттің өмірін бұзба, бірге тұра сал» деген. «Ата-анаң да қарсы емес» деп өтірік айтқан. Қыз қысымға шыдамай, сол сөзге сеніп қалған», — дейді әкесі.
Вахаповтың айтуынша, қысым тек қызға ғана емес, оның ата-анасына да жасалған.
«Маған «қызыңыз бәріне келісті, еш шағымы жоқ» деді. Сол сәтте қатты ашуландым. «Өзіңнің де қызың жоқ па?» дедім. Қызыма қатты ашуландым, ашумен сыртқа шығып кеттім. Кейін әйеліме бос параққа қол қойдырыпты. Сол қағаз «арызы жоқ» деген мәлімдеме болып шыққан», — дейді ол.
Қыз үш ай бойы ер адамның үйінде қамалып отырған. Колледж әкімшілігі оның сабаққа келмей жүргенін байқап, ата-анасына хабарласты. Кейін ер адам қызды оқуға жібермей, оның шәкіртақысын өз пайдасына алып отырғаны белгілі болды.
«Колледжден хабарласып: «қызыңыз үш ай сабаққа келмей жүр, бірақ шәкіртақы алып отыр» деді. Біз қыздың бізбен тұрмайтынын түсіндірдік. Олар айыппұл саламыз деді. Сол кезде ғана жігіт қызды оқуға жіберді», — дейді Еркін Вахапов.
Қыз оқудағы алғашқы күні-ақ жылап, үйге қайтпайтынын айтқан.
«Ол қызымызға күш көрсетіп: «іс қозғалмасын деп тергеушілерге үш миллион теңге бердім» деп күнде ұрып-соғатын», — дейді қыздың әкесі.
Оқиғадан кейін жәбірленуші бірден сот-медициналық сараптамадан өткен. Алайда тергеу барысында бұл сараптама қорытындысы ескерілмеген. Тергеуші қыз «экспертизадан өтпеген» деп мәлімдегенімен, іс құжаттары мүлде басқа жайтты көрсетеді.
«2024 жылы әкесі іс материалдарымен танысуға өтініш берген, бірақ оған рұқсат етілмеді. Біз бұл әрекетке қарсы шығып, тергеушінің шешімін тергеу сотына дейін жеткіздік. Сол кезде тергеуші «қыз экспертизадан өтпеген» деп айтты. Алайда мен сараптама орталығына ресми сұрау салып, қорытындының тергеушіге келесі күні-ақ тапсырылғанын анықтадым.
Қорытындыда қыздың қыздық пердесінің жыртылғаны және жарақаттың уақыты жәбірленуші айтқан мерзіммен сәйкес келетіні нақты жазылған. Ал іс материалдарына сараптама қорытындысының тек көшірмесі ғана тіркелген», — дейді адвокат Гүлайхан Турсуманова.
Orda.kz Түркістан облысының полиция департаментіне ресми сауал жолдады. Алайда біздің сауал Түркістан облысынан Шымкент қалалық полиция департаментіне қайта бағытталды.
Редакцияның жолдаған сұрақтары мынадай болды:
- Полиция департаменті бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растай ма?
- Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің қай бабы бойынша жүргізілген?
- Істің басында тергеушісі кім және не себепті іс «номенклатураға» тізімге алынып, тоқтатылған?
- Жәбірленушінің өтініші бойынша сот-медициналық сараптама жүргізілді ме? Егер жүргізілген болса, қашан және қандай нәтижелер анықталды?
- Тергеу кезінде кәмелетке толмаған қыз неге полиция қызметкерлерімен жалғыз қалған? Неліктен заңды өкілдері мен адвокаттар кабинеттің сыртына шығарылған?
- Неліктен ата-анасы мен қорғаушыларына қыздың жанында болуға рұқсат етілмеген?
- Жәбірленуші отбасысына қысым көрсетілгені, істің объективті тергелуіне кедергі келтірілгені жөнінде ақпарат тексеріліп жатыр ма?
- Тергеу не себепті 16 жастағы қызды «өз еркімен бірге тұрды» деп қорытынды шығарған?
- Қызмет бабындағы әрекетімен қылмысты жасыруға жол берген лауазымды тұлғаларға қандай шара қолданылды?
- Тергеушінің жәбірленушіні «күдіктінің өмірін құртпа» деп үгіттегені рас па? Осы дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр ма?
- Кәмелетке толмаған қыздың үш ай бойы ер адамның үйінде зорлық көріп, «полицияға 3 миллион теңге төледім» деген сөзді естігені рас па? Бұл мәлімет тексеріліп жатыр ма?
- Қай орган істі қайта тергеп жатыр?
Алайда Шымкент қалалық полиция департаментінің жіберген хаты барлық сұрақтарға толыққанды жауап бермеді. Редакцияға жолданған ресми хатта:
«2025 жылдың 12 ақпанында бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы, 3-1-бөлігі («Кәмелетке толмаған баланы зорлау») бойынша Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының бірыңғай тізіліміне тіркелген. Барлық бағыттар бойынша жан-жақты және объективті тергеу жүргізілді. 2025 жылдың 28 мамырында қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған», деп жазылған ресми жауапта
Айта кетейік, Алматыда журналист Думан Мұхамедкәрім мен қоғам белсендісі Әйгерім Тілеужанның ісіне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, Думанның қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов, әкесі Алмас Тілепов және Айгерімнің адвокаты Айнара Айдарханова қатысты. Олар қамауда отырған екі саяси тұтқынның денсаулығының нашарлағанын, медициналық көмектің жетіспегенін және құқықтарының тапталып жатқанын мәлімдеді.
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық