«Өзімізге де жұмбақ»: Қаңтар оқиғасында жоғалып, «жазықсыз» қаза болғандар
Жаныбек Рахматқалиев (сол жақта) және Нұрболат Қасымжанов. Фотоколлаж: Orda
Биылғы қаңтар оқиғасының құрбандары арасында үйінен бейбіт жиыннан я дүрбелеңнен мүлде бейхабар күйде жеке шаруасымен және жұмысына шығып кеткен, кейін беймәлім жағдайда оқ тиіп қаза тапқандар бар.
Алматы қаласында қаңтардың 5-і үйінен жеке шаруасымен шығып кеткен ЖаныбекРахметқалиев сол күйі оралмаған. Аяқтан тозып алаң көңілмен іздеген туыстары жақынының денесін 9 қаңтарда мәйітханадан тапқан. Сот сараптамасы институты берген өлімін растайтын медициналық куәлікте Рахметқалиевтің 7-сі күні көз жұмғаны көрсетілген.
Атырауда туып-өскен Жаныбек Рахметқалиев Жанкелдіұлы – кәсіпкер. Бес жыл бұрын Алматыға көшіп келген Жаныбек 4 қаңтарда отбасымен үйінде болған. Жұбайы Айман Рахметқалиеваның айтуынша, ертеңіне жұмысына шығып кеткен кезде шеру туралы мүлдем бейхабар болған. Түстен кейін сағат 16.00 шамасында хабарласқанда барлығы жақсы екенін, үйіне бара жатқанын айтқан. Бірақ бір сағаттан соң телефоны біржола өшірілген. Бұл ерлі-зайыптының тілдескен соңғы қоңырауы. Жолдасы оралмағандықтан сол түні туыстарына хабар берген.
– Хабарды ести сала іздей бастадық. Жаныбектің ешқандай митингімен, саясатпен ісі жоқ еді. 9 қаңтар күні денесі мәйітханадан табылды. Оқ тиіп қайтыс болғанынан басқа ешнәрсе білмейміз. Алматы полиция департаменті мен прокуратураға арыз жаздық, - дейді марқұмның әпкесі Қарлығаш Рахметқалиева.
Туыстарының сөзінше, бауырының денесінде, бет-аузында және қолдарында көгерген іздер болған. Кейінгі күндері жора-жолдастарының бірде-бірімен байланыспаған. «Митингіге шығар болса жалғыз кетпейді, ең болмағанда, араласатын адамдарының біріне хабарласушы еді. Мән-жайды толық білгіміз келеді, алайда еш хабар жоқ. Өзімізге де жұмбақ» дейді Қарлығаш.
Мәйітті алуға тек 11 қаңтарда ғана мұрсат болған. Келесі күні жерленген. Жоғары білімі бар, кәсіппен айналысатын, «қақ-соқпен, саясат-оппозициямен ісі жоқ» 36 жастағы Жаныбектің артында екі жасар қызы мен әйелі қалды.
– Ол өте жайдарлы, қарапайым, адамдармен қарым-қатынасы дұрыс, мәдениетті, отбасында қамқор әке, ардақты ұл, бірге ойнап-өскен қымбат бауыр, достарының арасында сыйлы, қай жерде де беделді, жарқырап жүретін. Діни ағымдарға еш қатысы жоқ, саясатта белсенді де емес еді, – деп еске алады туыстары.
Жаныбек із-түссіз кеткен 5 қаңтарда қай жерде кімнің қолынан қалай жараланды, екі күн бойы қайда болды, 7-сі нендей хәлде жан тапсырды, қаңтардың 9-ына дейін үй-ішіне неге хабар берілмеді?.. «Арқа жауырынына тиген оқтан» жарақат алған адамның көп қан жоғалтып, ішкі ағзалары жыртылуына не себеп, «соққыдан көгерген іздер» қашан болған? Осы тәрізді сансыз сұрақ әзірге жауапсыз қалып отыр.
Азаматынан көз жазып қалған тағы бір отбасы
Алматы тұрғыны Нұрболат Қасымжанов 4 қаңтарда облыстағы Іле ауданы Құйған ауылында анасына барып, 5-і қалаға шыққан. Дария Исабекованың айтуынша, жолдасы Байсеркеге жеткенде телефон қуаты таусылып, такси жүргізушісіне әйеліне «бәрі жақсы» екенін, үйге бара жатқанын хабарлауын қолқалап нөмірін беріп кеткен. Жүргізуші хабарласып, өтінішін жеткізген, үйге келген-келмегенін сұраған. Алайда Нұрболат сол бойы отбасына оралмаған.
– 4 қаңтарда үлкен үйге жолға шығып кетті. 5-і үйге келіп, 6-сы жұмысқа баруы керек еді. Митинг-шеруден хабарсыз болатын. Телефоны өшірулі болған соң қаладағы жағдайды естіп жол-жөнекей ағайын-туыстың үйінде қонып қалған шығар деп ойладық. Солай туыстардан іздей бастадық. Олардан хабар болмағаннан кейін 1414-ке хабарластық. Күніне жоқ дегенде 2-3 рет хабарластым, – дейді жұбайы Исабекова Дария.
Осылай «шарқ ұрып іздеп жүргенде 11 қаңтарда мәйітханадан табылғаны жөнінде хабар» келген. Жолдасының сүйегін тануға кірген Дария оқ сол жақ кеудесіне тигенін көрген. Қайда қашан қандай жағдайда өлтірілгені белгісіз.
Марқұмның туыстары Қасымжановты «саясатқа еш қызықпайтын, тек отбасын ойлайтын, жұмысына барып-келіп жүрген» дейді. Ауылынан қайтар жолда 47 жасында «жазықсыз қайтыс болған» марқұмның артында қайғыдан қатты есеңгіреген әйелі мен төрт баласы қалды. Қапияда жалғыз асыраушысынан айырылған көпбалалы отбасы қара жамылып отыр.
Редакция тілшісі ұқсас жағдайда көз жұмған екі бірдей алматылықтың мәселесіне байланысты қылмыстық іс қозғалғаны-қозғалмағаны жайлы қалалық прокуратураға жүгінді. Органның баспасөз қызметі хатшысы Бауыржан Тулендинов жазбаша ресми сұрау жолдамайынша, ақпарат бере алмайтынын айтты.
Сұхбаттасқан: Дінмұхамед Русланұлы
Жаңалықтар
- Министр: Тұрғын үй бағасының зейнетақы жинағына қатысы жоқ
- Әскерде зорландым деп ақша жинаған адам сотталды
- Енді темекі шегетіндер өкпе обырына тегін тексеріле алады
- Тамыздан бастап Қазақстанда не өзгереді: Жүргізуші куәлігі, жаңа сайлау
- Махамбет Өтемісов атындағы университеттің ректоры ұсталды деген ақпарат тарады
- Дастан Сәтпаев «Челси» сапында дебют жасады
- 31 жастағы ер адам 74 жастағы әйелді пышақтап өлтірді
- Астанада өз бетінше автобус жуып жүрген жігіттің әрекеті мемге айналды
- Нұрай Серікбайдың ісі: Сот алқабилерсіз өтуі мүмкін, жәбірленуші тарап тікелей эфир талап етті
- Жаңа талап: Жүргізуші куәлігін жарамсыз етуге қандай негіз бар?
- Қорапқа салып берді: Жаңа туған үшем Алматы облысындағы ауруханада шетінеп кетті
- Қазақстан қорықтарында 19 орман өрті тұтанды
- Трамп Канададан келетін тауарларға 50 пайыздық баж салығын енгізді
- Тоқаев Испания құрамасын футболдан әлем біріншілігіндегі жарқын жеңісімен құттықтады
- ӘЧ-2026: Испандар жеңісі үшін гауһар тасты 30 алтын жүзік алады
- Павлодар облысында құдыққа түскен алты адам қаза тапты: Марқұмдардың ең жасы 16 жаста
- Әлем чемпионаты – 2026: Турнирдің үздіктері анықталды
- Месси мен Роналду дәуірі аяқталды: 2026 жылғы әлем чемпионаты несімен есте қалды?
- Ескертуге қарамастан КҚК теңіз терминалындағы мұнай танкеріне тағы шабуыл жасалды
- Венесуэладағы жер сілкінісі құрбандарының саны бес мыңнан асты