Жетісуда балық инспекторы жеке мейрамын мемлекеттік мерекеге айналдырды
Фото: Orda.kz
Даңққұмарлық шектен шығып кеткен жерде балық инспекторы да зейнетке «ұлттық қаһарманы» сияқты шығуы мүмкін. Жетісу облысы, Сарқан ауданы, Мұқан Төлебаев ауылында өткен бұл «той» Солтүстік Кореядағы даңғаза шаралардай өтті. Тек қана Ким жетіспей тұр.
Orda.kz тілшісі мемлекет мүлкін пайдаланып, жарнама тақталарына суретін іліп, мәдениет үйінде ұлан-асыр той жасаған, зейнетке шыққан Сарқан ауданының құрметті азаматына арналған шараға қатысып қайтты.
Қоғамда болып жатқан жағдайларға жаның ауырып, етің өліп кеткен кездері, Қазақстанда енді ештеңе таңғалдырмайтындай көрінеді. Дегенмен жағаңды ұстатып, таңдай қақтыратын жағдайлар күнделікті болып тұрады. Мысалы, әдеттегідей үлкен жолға шығып, демалу үшін Балқашқа демалысқа тарттың делік... Жол жиегінде балық инспекторының суреті мен сөзі жазылған үлкен жарнама тақтасына көзің түседі.
Тіпті ол жерде «табиғатты қорғауға» шақырып тұрған жоқ. Бұл «браконьерлікке жол жоқ» деген үндеу де емес. Арғынғазы Сыздықовтың арнайы формамен, табиғат аясына жапсырылған суреті тұр. Ол жарнама тақтасы арқылы жолда өтіп бара жатқан жұртқа өзінің Лепсі мен Ақсу өзендерінің қиылысында туғанын, жылдар бойы әділет үшін күрескенін және «Әділетті Қазақстанның» іргесін қалауға елеулі үлес қосқанын жеткізгісі келгендей.
«Жарайды, өзін жарнамалай берсін» дерсің. Бірақ бұл ақпараттық жарнама тақтасы заңсыз орнатылған.
Үстінде ешқандай рұқсат белгісі жоқ. Тіркеу нөмірі де, келісім де көрсетілменкн. Ең бастысы егер бұл қалқан біреудің үстіне құлап кетсе, жауапты кім болатыны жазылмаған.
Ал шығынын кім көтерді? Өзі ме? Демеушілер ме? Мемлекет пе?
Біз бейнежазба түсіріп жатқанда бір ақсақал жаныма келді. Реніш білдіріп тұрып:
«Мұндай күлкілі көріністі тағы да көргің келсе, ауылға барып қайт», — деді.
Қалай бас тартасың? Осылайша Балқаштың жағасына бара жатқан біз ат басын абсурдқа толы шара өтіп жатқан ауылға қарай бұрдық.
Балық инспекторы зейнетке шыққанда Мәдениет үйі Кремльге айналды
Ауылға келгенде, ұлт көсемінің культі іспетті көріністі көрдік. Барлық көше жалаушалармен безендірілген. Музыка ойнап тұр. Спорттық іс-шаралар... Бәрі мемлекеттік бюджетке салынған стадионда өтіп жатыр.
Мәдениет үйінің ішкі-сыртқы безендірілуіне қарасаң, республикалық құрылтай өткізілетіндей. Алдында апалар бауырсақпен қарсы алады, ғимарат маңында қызметтік көліктер.
Бұл демалыс күні, сенбі өтіп жатыр. Жұмыс күні емес. Бірақ бәрі салтанатты киінген.
Ішке кіргенімізде, мемлекеттік әнұран орындалып жатты. Көпшілік қолын жүрек тұсына қойып, орындарынан тұрып алған. Арасында – Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Жамаубаев, ауылдық округтің әкімі және басқа да қонақтар. Сахнада балық инспекторының киіміндегі Сыздықовтың тік тұрған суреті бар алып плакат. Үстел үстінде қызыл лентамен байланған кітаптар тұр.
Ол тек жарнамалық тақтамен шектелмей, өмір жолын баяндайтын кітап та жазған. Браконьерлермен күресі, заң мен моральды сақтау жолындағы қызметі, отанға адалдығы туралы.
Біздің журналист екенімізді алыстан сезген ұйымдастырушылар сескенген болуы керек. Округ әкімі бірден абдырап қалды. Бірақ, әнұран аяқталмай, ешкім қозғала алмады.
Сыздықов – 63 жаста. Бұл – оның зейнетке шығу рәсімі еді. Өкінішке қарай, ауыл әкімі Гүлнұр Аманқосова да, Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаев та телефон тұтқасын көтермеді.
Бірақ басты сұрақ – қарапайым балық инспекторы осындай қошеметпен зейнетке шықса, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев зейнетке кеткенде не болмақ? Айтпақшы, ол да биыл қыркүйекте 63-ке толады.
Ал егер бәрін сүзгіден өткізсек, бұл жағдайда дабыл қағу керек. Біріншіден, мемлекеттік көліктердің жеке мүддеге пайдаланылуы көзге ұрып тұр. Мәдениет үйі — жеке резиденция емес. Филармония әртістері не үшін тегін өнер көрсетуге мәжбүр болуы керек? Жергілікті телеарна бұл салтанатты түсіріп алды. Оларға кім ақша төледі?
Мемлекет мүлкін тұлғаның атағын шығаруға пайдалануға кім рұқсат берді? Этика қайда? Заң қайда? Ең болмағанда, қарапайым ұят қайда?
Orda.kz мынадай органдарға ресми сауал жолдады:
- Мемлекеттік мүлікті пайдалану туралы Сарқан ауданының әкімдігіне;
- Әртістер мен телеарна қызметіне қатысты Мәдениет министрлігіне;
- Этика нормаларының бұзылуы туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне.
Зейнетке шыққандардың бәрі қызыл кілеммен жүрмейді. Ал балық инспекторы — ұлттық қаһарман емес. Егер біз лауазымды тұлғаларды өз міндетін атқарғаны үшін мадақтайтын болса, онда қауіпті елестің тұзағына түскен жеріміз осы дей берейік, қадірлі оқырман.
Еске сала кетсек, Orda.kz бұған дейін де жеке басқа табыну, әсірешілдік, даңғазалық жайлы саралаған еді. 6 шілде күні 30 жылда Назарбаев қалыптастырған жүйенің қазіргі қоғамға әсері жайлы тілшіміз мақала жазды.
1991 жылы билікке келіп, 30 жылға жуық Қазақстанның президенті болған Нұрсұлтан Назарбаевқа мүсіндер тұрғызылды, көшелерге ат берілді, тіпті еліміздің Астанасын оның атымен Нұр-Сұлтан деп атады. Бұл — таяқтың бір ұшы. Екінші ұшында оның билігін қатаң сынап, «қандықол диктаторға» теңеп, «сөз бостандығын шектеді» деп айыптағандар болды. 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде 30 жыл бойы өнер туындылары, әдеби шығармалар, одалар, мақалалар, мадақтар арналған елбасы ықпалының іргетасы шайқалды. Оны Талдықорғандағы Назарбаевтың мүсінін наразы шерушілер ұрып-соғып, арқанмен асып қойғанда анық көрдік. Бұл жайлы толығырақ мақаламыздан оқып-біле аласыздар.
Автор: Сандуғаш Дүйсенова
Жаңалықтар
- Астанада іске қосылардан бұрын LRT жүйесінің қалай жұмыс істейтіні таныстырылды
- Қордайда полиция қызметкерлерін қорлаған адамға айыппұл салынды
- Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапенов қазақстандықтарға мәлімдеме арнады
- Каспий таязданды, итбалықтар қырылды. Себебі неде?
- Алматы хантавирус жұқтырудың ықтимал жағдайларына дайын — СЭБД
- «Қазмырыш» зауытындағы жарылыстан зардап шеккен адам ауруханада қайтыс болды
- Елдегі экономикалық қылмыс жасағандар «масқара тақтасына» ілінеді
- Құлауға шақ қалған мұнара: Самарқандтағы Ұлықбек медресесін қазақтар бұзған ба?
- НАТО-ның экс-бас хатшысы АҚШ-сыз жаңа демократиялық одақ құруға шақырды
- Шамалғандағы мектепте жасөспірім мұғалімді ұрып тастады
- Шымкентте колонияда жатып бюджеттен 1,3 миллиард қаражат жымқырған әйел әшкере болды
- 2027 жылы Астанада үстел теннисінен Әлем чемпионаты өтеді
- Ким Чен Ын өзі қайтыс болған жағдайда ядролық соққы жасауды заңдастырды
- Көкшетауда көлікпен әйелді жаншып өткен оқиғаға қатысты екі қылмыстық іс қозғалды
- Алматыда бір тәулік ішінде рекордтық жауын жауды
- Тоқаев: Ядролық қарусыздану мен жаппай қырып-жоятын қаруды таратпауда күш біріктіру маңызды
- ҚР СІМ: Түркияда қазақ тапқан велосипедші Қырғызстан азаматы
- Нетаньяху Ормуз бұғазы жағдайын дұрыс бағаламағандарын мойындады
- Францияда хантавирус індетін жұқтырған алғашқы жағдай белгілі болды
- Түркияда велосипед мінген қазақстандықты такси қағып, қаза тапты