Жетісу өңірінде үздік келін анықталды

cover

«Біздің елде бәрі сатылады!» - дегенді естуіміз бар, бірақ өзіміз ештеңені сатып алып немесе өзіміздің қандай да бір дүниемізді сатып көрмегенбіз. Тек естігенімізге сенеміз.

Сондай бір алып-қашпа әңгімесіз, дау-дамайсыз өтпейтін байқау бар бізде. Ол – сұлулық байқауы. Құлағымызға жететін әңгімелерге сенуге де, сенбеуге де себеп бар.

Күні кеше Қайрат Нұртастың жұбайы Жұлдыздың да жұлдызы жанып, «Әлем ханымы» атанды. Әрине, ол байқау онлайн өткендіктен жеңіл жолмен жеткен жетістік, себебі онлайн өмір – офлайн өмірге қарағанда жеңілірек.  

Сұлулар байқауының жүлдесін тағы бір тарих боп қалған жылы «Болаттай нағыз батыр еркек» деп өзіне арналған әнді танымал, Қайрат Нұртастың орындауында тамсана тыңдайтын Болат Назарбаевтың сұлуы қанжығалаған болатын.

Болат Назарбаев

Актер әрі белсенді Әнуар Нұрпейісов те өз кезегінде сұлулық байқауының орнына интеллектуалды олимпиадалар өткізу керектігін айтты. Бұл туралы ол «НТК» арнасының «Ревю» бағдарламасында сөз қозғады.

Әнуар Нұрпейісов

«Бұл байқау 5 жыл бұрын өзінің бастапқы қалпынан айрылған еді. Барлық қатысушылар маған ренжімесін, бірақ сырт көзге қарағанда, бұл иттер көрмесі секілді. Мұның орнына сол ақшаға он интеллектуалды олимпиада өткізіп, ең ақылды, дарынды балаларды марапаттағаны жақсы еді ғой. Сұлулық мәңгілік емес. Ол кетеді, ал білім, кешіріп қойыңыз, мәңгі бағаланатын дүние», - деді Әнуар Нұрпейісов.

Бұл 2018 жылы болған сұхбат. Еске сала кетсек, Нұрпейісов «Қазақстан аруы – 2016» байқауында қазылар алқасының мүшесі болған. Байқау аяқтала салысымен, ол аталмыш шараға соңғы рет қатысқанын мәлімдеді.

Ал, Қызылордалық Гүлнұр Нұртаза адал еңбегімен әділ түрде жеңіске жетіп, биыл кафеде ыдыс жуып жүргені қалың көпшіліктің назарында. Егер шындығында сұлулық байқауы қолында билік пен байлық бардың ұстауында кетсе, алдыңғы қатарда Гүлнұр не істеп жүр?! Бәрібір біз үшін беймәлім тұстар жетерлік. Бәлкім, американдық Дональд Питридың «Сәйкестік аруы» атты фильміндегідей Ұлттық қауіпсіздік қызметкерін байқауға қатыстыру арқылы зерттеп көрерміз?!

Сұлулық байқауы өз алдына, қазір келіндер сайысы сәнге айналып кетті.

Бүгінде Жетісу өңірінде «Үздік келін» анықталды. Жалпы өңірде екінші рет ұйымдастырылып отырған байқаудың қызығы мен шыжығы жетерлік. Былтыр карантин шараларының күшеюіне байланысты онлайн өткен байқау биыл басы онлайн басталып, аяғы кәдімгі келіндердің сайысына айналды. Әрине, көңілі толмағандар да болды, көңілі тасып, қуанғандар да болды.

Наразылық білдірушілердің біреуі – байқаудың 3-орын иегері, жас ана, ибалы келін Жадыра Нұрланқызы. 

— Облыс деңгейіндегі 3-орынды отбасымызбен тойлатып жатырмыз. Туған-туыстарым келіп, қуанып, не берді деп сұрауда. Берген «бьюти боксты» көрсетіп едім, алты ай бойы дайындалғанда алғаның осы ма?!, деп  бетіме басып жатыр, - дейді ұйымдастырушыға ренішін білдірген Жадыра Нұрланқызы.

Ал, алған сыйларына келер болсақ, бас жүлдеге – алтын сырға, бірінші орын – алтын сақина, екінші орын – заманауи кесе-шынылар, үшінші орын – бет күтіміне арналған қорапша.  

Шынында, сұлулық байқаулары жоғары деңгейде өтіп, мықты демеушілер қолдау көрсетіп жатады. Осындай ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын, кішіге үлгі көрсетіп, әрбір арудың бойында «осындай келін болсам екен» деген мақсат ұялататын келіндер бәйгесіне неге демеушілер назар аудармайды?!

Ұйымдастырушы «Жетісу келіні» қоғамдық бірлестігінің басшысы Арайлым Нұржанқызы. Өзі жас келін, екі баланың анасы, жұмысын енді бастап жатқандықтан қателіктердің орын алуы да заңдылық. Байқауға аймақтың әр түкпірінен он келін қатысты. Бастапқыда онлайн түрде 70 келін қатысып, инстаграмда лүпіл жинап, видео-ролик түсіріп сыналған келіндерден соңғы финалға жеткені сол ондық.

Жарыс таныстыру, дәм-думан, сұрақ-жауап және өз өнерін көрсету сынды төрт кезеңнен тұрды. Қазақтың әдеп-ғұрып, салт-дәстүрін, ұлттық тағамдарын дәріптеу және оларды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқау жеңімпазы – Елнұр Мұратқызы.

Оған «Жетісудың үздік келіні – 2021» төсбелгісі тағылып, тәж табысталды және «Жетісу келіндері орталығының» атынан алтын сырға мен «Мирас» мейрамханасына кешкі ас ішуге сертификат берілді.

— Мен үшін бұл байқау өзімді қайынжұртымның алдында одан сайын сыйлы етті. Үйде отырған мен жаңа таныстар тауып, өзімді қоғамға керек жан сезіндім, - дейді Жетісудың үздік келіні Елнұр Мұратқызы.

Біз үшін қазақтың әрбір келіні – үздік келін!

Назерке Қуанышқызы, Талдықорған

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар