«Желтоқсанда нашақор, Қаңтарда террорист деп күйе жақты» — Гүлжаһан Орда
Осыдан тура 38 жыл бұрын КСРО-ның отаршыл үкіметінің жүйесіне қарсы жастар наразылық білдіріп алаңға шықты. Тәуелсіздіктің алдындағы бұл көтеріліс басып-жаншылса да, бостандық пен жүйеге қарсылық нышаны ретінде қалды.
Orda.kz желтоқсан оқиғасына қатысып оқудан шығып қалған, қазіргі кезде филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы, сыншы Гүлжаһан Ордаға хабарласып Желтоқсан мен Қаңтар оқиғалары жайлы сұрастырды.
1986 жылы алаңға шығуыңызға не түрткі болды?
1986 жылғы желтоқсан оқиғасында біз қазіргі Абай атындағы қазақ педагогика институтының қазақ бөлімінің студенті болдық. Желтоқсанның 16-сы Қонаевтың орнынан түскенін радиодан естіп, студент жастар «Қалай?», «Неліктен» деген сұрақ қоя бастадық. Себебі ол кезде мемлекет қайраткерлері, өнер қайраткерлері мерейлі тойлардың қарсаңында үстілеріне шапан жауып, салтанатты түрде еңбек демалысына шығып жататын. Ал біздің буын көзімізді ашқаннан көргеніміз бір басшы болды. Ол — Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев. Қазақстанды оған дейін ұйғыр да, орыс ұлтының өкілі де басқарды. Бірақ біз Қонаевты сол кездегі коммунистік партияның көсемі деп сеніп қабылдадық. Лениннің «ұлттардың өзін өзі билеу құқығы дегені қалай бұзылады?» деген сауалдар болды. Біз 17 желтоқсан күні Қазақстан тарихы сабағынан дәріс оқып жатқан Жанұзақ Қасымбаев деген ағамызға жан-жақтан сұрақ қойдық. Ұстазымыз бізге жауап берді. Алайда біз оның жауаптарына қанағаттанбадық. Қанағаттанбаған себебіміз — «Қазақстанды неге Ресейден келген орыс басқаруы керек? Неге Қазақстандық емес, неге қазақ емес? Ұлттардың өзін өзі билеу құқығы неге жойылады?» деген сауалдарымыз болды. Содан сабақта отырғанда «алаңға ел жиналып жатыр екен» дегенді ести бастадық. Сонымен біртіндеп жігіттер сытылып кете бастады.
Қаңтар мен Желтоқсан оқиғаларында тарихи ұқсастықтар бар ма? Желтоқсанда өз көзіңізбен көрген оқиғаларды еске алсақ.
1986 жылғы Желтоқсан — отаршылдыққа қарсы күрес болса, ал Қаңтар оқиғасы — арандатушылық деп айтуға болады. Қаңтар оқиғасында негізінен билікке талас болды. Ал сол жерде қазақтың бейкүнә жастары құрбан болды. 86 жылы да зардап тартқан сол бейкүнә жастар еді. Екеуінің ұқсастығы сол — еш кінәсі жоқ жастар. Айырмашылығы — 86 жылғы оқиға отаршылдыққа қарсы күрес болса, Қаңтар оқиғасы — арандатушылықтан болған дүние. Мұнда да террористер болғаны рас. Себебі мен өзім Алматы қаласының ортасында тұрамын. Екі күн бойы оқ-дәрінің иісі деп айтамыз ба, білмеймін, көк түтін болып кетті. Алматы қаласы көк түтінге оранды. Егер ол жерде террористер болмаса, қару-жарақ болмаса, бейбіт шерушілер ондайға бармайтын еді. Арнайы қолдан жасалған жасақтар жұмыс істеді, олар қаруланды. Бірақ соның ішінде бейбіт шерушілер зардап тартты. Жалпы кеңестік дәуірде қазақ даласы сынақ алаңына айналды. Оны космодромнан, уран өндірісінен, Семейдегі полигоннан жақсы білесіздер. Мұхтар Шаханов айтып жүрген «Метель» («Құйын») операциясы оған дейін бір жерде сынау керек болып, қалай сынарын білмей отырғанда Алматыда біздің оқиға себепкер болған. Даламызға жасаған сынақ аз болғандай, адамдарға да жасап отыр ғой. Көрдіңіздер ме, қазақ жерге де, адамға да жасалған сынақтың зардабын тартты.
Біз алаңда жүргенде бұның арты жақсы болмайтынын, әрине, сездік. Бірақ соған екінші күні саналы түрде бардық, ертеңінде кейбір курстастарымыз тәрізді бұғып қалып қоюымызға болатын еді. Жоқ, біз сол жерден табыламыз деп бардық. Себебі бірінші күні ашындырып жіберді. Сол үшін де қайта бардық. Бірақ екінші күні қолға түсіп, тұтқын болдық. Содан оқудан шығарып жіберді. Мен сол кезде көріпкел де емеспін, қатарыммен мектеп бітіріп келген 18 жастағы қызбын ғой, сонда қасымдағы қыздардың бәрі зар илеп жылап жатқанда, менің көзімнен бір түйір жас шықпай, оларды жұбатып жүрдім. «Жыламаңдар, жыламаңдар. Ертең бұның бәрі ақталады, бағасын алады, жыламаңдар» дедім. Содан кейін қыздар маған «көріпкел екенсің, сол кезде айтып едің ғой» дейді. Мен енді көріпкел емеспін, Алла аузыма солай сөз салған шығар, бірақ солай қыздарды жұбатып жүр екенмін. Ол есімде жоқ, арада 38 жыл өтіп кетті ғой. Оны маған кейін қыздар айтып берді. Қай кезде де жастардың қуаты, қайраты күшті болады. Біз де солай болдық. Желтоқсан біздің сағымызды сындырды. Бірақ біз сағымыз сынды деп қалған жоқпыз, керісінше өмірмен күресуді үйрендік. Желтоқсан бізді қайрады, өмірге икемдеді. Соның нәтижесінде, Құдайға тәубә, жеткен жетістігім де аз емес, филология ғылымдарының докторымын, республика, алыс-жақын елдерге әйгілі әдебиеттанушымын. Осыған мың тәубә деймін. Себебі мен сотталмадым, қара жұмысқа салғанда да өз туған жерімде болдым. Ол кезде оқудан шығып қалу деген жиі болатын нәрсе емес еді. Бірен-саран ұлдардың оқудан шыққаны, оның өзінде тәртіп бұзғаны үшін шығып қалатын. Бір жыл бұрын алтын белгімен бітірген қыз келесі жылы оқудан шығуы ұят еді. Біз соған намыстандық. Алаңға шыққанымызға емес, оқудан шығып қалғанымызға арландық. Ауылға барғанда ел бетіме басып, Жұмагелдінің оқудан шығып қалған қызы ғой деп айта ма деп, ата-анама сөз келтірдім деген қорқыныш болды. Барғанымда ата-анам бір ауыр сөз айтпады, ал ауылдастарым батыр қыз деп мақтан тұтты. Мен ауылдастарыма рахмет айтамын. Әлі күнге дейін құрметтейді, сыйлайды.
1986 жылы «нашақорлар» деген пропагандалық ақпарат тарай бастады. Қаңтарға қатысты да «20 мың террорист» деген сөз айтылды. Бұл жайлы не дейсіз?
Ол кезде шын мәнісінде қазақ жастарына күйе жағылды. Нашақор деді, алқаш деді. Содан уақыт өзі арашалап алды. Кешегі Қаңтарда да террористер деп күйе жағылды. Ішінде террористер болды, бірақ бәрі емес еді. Ол жерде бейбіт шерушілер де болды. Саясат деген түлкінің бұлаңдағаны сияқты ұстатпайды. Сондықтан мен қазақ жастарына сауатты болыңдар, білімді болыңдар деп үнемі айтып жүремін.
Тәуелсіз Қазақстан Желтоқсан оқиғасына өз деңгейінде бағасын бере алды ма?
Тәуелсіздік алғанымызға қанша жыл болса да, Желтоқсан өзінің әділ бағасын алған жоқ. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылы мені Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына, 25 жылдығына 2 рет прокуратураға құжат тапсырдым. Алғашқысында деректер аз, оқудан шыққан бұйрықта қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін деп тұр. Ол жерде желтоқсан оқиғасы деген жоқ деп маған жауап келді. Екінші рет 5 жылдан кейін тапсырғанымда ол кезде мен Алматы қаласы архивінен сол кездегі милициямен болған сұрақ-жауап процесін тауып алып жіберген едім. Екінші рет дерек жетіспейді деп жауап қайтарды. Желтоқсан үшін шыққанымыз ақиқат. Қасымызда тірі куәгерлер бар, қолымызда құжат бар. Бірақ желтоқсаншылардың санын көбейтпеу үшін мемлекет тарапынан қолдау болған жоқ. 2019 жылы үйімді Бостандық ауданына өзгерттім. Сонда 2020 жылы маған сол Бостандық ауданының Желтоқсан ұйымының қыздары хабарласты. Күләш деген апай еді. «Сіз осы ауданға келіпсіз ғой» деді. «Иә, келдім. Бұрын Алмалы ауданында болғанмын» дедім.
—Ақталдыңыз ба?
—Жоқ...
—Неге ақталмай жүрсіз?
Мен осы жағдайды айттым. Солай карантин кезінде үйде жатып ақталдым. Сонда билік ауысқаннан кейін, Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келген кездері желтоқсаншыларға көзқарас оңала бастады. Желтоқсаншыларға құрмет жасала бастады. Менің ақталғаныма 4-5 жыл ғана болды.
Менің өзіме қатысты 7 қыздың біреуі — Мырзағазина Бақытгүл есімді қатты соққы алып, қабағы жарылған болатын. 1992 жылы сол қыз қайтып оқуға келген жоқ. Біз бәріміз қайта оқуға келдік. 2-3 қыз күндізгі бөлімде оқыдық, 2-3 қыз сыртқы бөлімде оқыды. Бірақ Мырзағазина оқуға қайтып келмеді. Себебі Алматыға қайта келгісі келмеді. 1992 жылы өзі қаза болды. Біз араға 30 жыл салып, осыдан 2 жыл бұрын туған ауылына іздеп барып, басына құран оқиық дедік. Біз қыз бала едік. Жас болдық. Одан балаларымыз жас болды. Әйелдердің үйден шығуы қиын. Жасымыз ұлғайды. Келін алдық. Қолымыз ұзарды. Содан 2 жыл бұрын қыздармен жиналып, ішімізде курстас жігіттер бар. Сәлейов Қайрат, Ілияс Құрманғалиев, Бақтығали Малыш деген жігіттер қолдап, бәріміз бас қосып, Мырзағазинаның басына бардық. Әкесі қайтыс болып кеткен. Шешесі тірі екен. Шешесімен аңырап, бір-бірімізді жоқтап көрістік. Бір-бірімізге көңіл айттық. Ол кісі қызы тіріліп келгендей болды. Солай анасына көңіл айтып қайттық. Сонда барғанда естігеніміз Мырзағазина Кенесары Қасымұлының қол бастаған батырларының бірі Шәкір деген батырдың немересі екен. Көрдіңіздер ме? Біздің қасымызда қандай рухты қыздар болған. Солардың кезінде аталары азаттық үшін күрессе, енді олардың немерелері де азаттық үшін күресті. Желтоқсан оқиғасын дұрыс бағалап жүрген жоқпыз. Себебі бірде оқиға дейміз, бірде көтеріліс дейміз. Бұл қалай болған күнде де азаттық үшін соңғы әрі нәтижелі күрес деп қабылдауымыз керек.
Жаңалықтар
- Ерлан Нұрпейісов Төтенше жағдайлар вице-министрі қызметінен босатылды
- АҚШ-та Трамптың инаугурациясынан кейін бірден мигранттарға қарсы рейд басталады
- Ақтөбеде полиция ғимаратында есірткі сақтаған және сатқан полицей сотталды
- Шығыс Қазақстан облысындағы тас жолды ірі қар көшкіні жауып қалды
- Тоқаев Путинді Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімнің 20 жылдығымен құттықтады
- Израильдің әскери кабинеті Хамаспен бітім келісімін мақұлдады
- Рубль экономикамызды жалмауын тыймағанша, теңгенің құнсыздануы жалғаса береді – мәжілісмен
- Алматыда ақпан айынан бастап су бағасы тағы қымбаттайды
- Еліміздегі бензин мен дизель отынының бағасын мемлекет реттемейді
- Бәйменов: Дүниежүзілік көшпенділер ойындары арқасында ұлттық ойынның танымалдылығы арта түсті
- Қошмамбет соты: Сотталған полицейлердің туыстары адвокаттарды айыптап отыр
- Қошмамбет соты: Жәбірленушілердің адвокаты шыққан үкім жеңіл екенін айтты
- Қаңтар кезінде 44 азаматты азаптаған полицейлер сотталды
- Атып тастау да керек: полковник Қаңтарда азаптаған полицейлер туралы сөз қозғады
- БҚО көктемгі су тасқынына дайындалып жатыр
- Алматыда мәйіттерді зорлаған ер адам сот шешімімен босатылды
- Маңғыстаудағы сарбаздың өлімі: айыпталушы кінәсін мойындамады
- Қаңтардағы азаптау ісі: Сот ғимараты алдында полицейлер жиналды
- Әскери дәрігер қызмет бабын пайдалынып 41 науқасты зорлаған
- Сот Оңтүстік Корея президентін қамауда ұстау мерзімін ұзартты