Жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік: Жыныстық тәрбие қаншалықты маңызды?

cover Фото: Envato

Елімізде жыл сайын жасөспірімдердің ерте жүктілігі туралы фактілер тіркеледі. Azattyq-тың хабарлауынша, Қазақстанда 2024 жылдың алғашқы алты айында мыңнан астам ерте жүктілік жағдайы тіркелді. 170 жағдайда жасөспірімдер түсік жасатқан.

Статистикаға сәйкес, мың адамға шаққанда кәмелетке толмағандар арасындағы жүктілік саны 7,9 адамға жеткен, бұл жасөспірімдер арасында мың қыздың үшеуі түсік жасатады дегенді білдіреді.

Осы тұста көңілде «неліктен» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұның барлығына жасөспірімдердің жыныстық сауаттылықтан мақұрым болғаны ма? Ата-ана балаға жыныстық сауаттылық туралы қалай айтса болады?

Orda.kz тілшісі осындай көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарды балалар психологы — Самал Тойбазароваға қойған болатын.


— Жыныстық сауаттылық туралы баламен қай жастан бастап сөйлескен дұрыс?

— Жыныстық сауаттылық — бала өмірге келгеннен басталуы керек. Ең алдымен баланы жалаңаш қоюға, қалдыруға болмайды. Қонаққа барғанда, жалпы үйден тыс жерлерде ата-ана баланың әурет жерлерін жабық ұстағаны жөн. Ата-ананың жыныстық сауаттылықты балаға үйретуі осыдан басталады. Жасы 2-3-ке толған кезінде оған жайлап түсіндіре бастау керек. Жалпы айтқанда адамның жынысы екіге бөлінетінін, оның ерекшеліктерін сол кезден бастап үйреткен дұрыс.

— Балаға жыныстық тәрбиені қалай дұрыс беру керек?

— Көбіне біздің елімізде осы тақырып жабулы күйде қалады, көп ата-ана баласымен бұл жайында сөйлесе алмайды. Көбіне ұялады немесе бұл тақырыпта өзінің ойын қалай жеткізетінін білмейді. Интернетті ақтарып қарайды, одан дұрыс ақпарат ала алмауы мүмкін. Егер де осы жыныстық сауаттылықты, жыныстық тәлім-тәрбиені бере алмаған жағдайда ата-ана арнайы мамандардың көмегіне жүгінгені дұрыс немесе өзі бұл тақырыпта білімін жетілдіріп, сосын барып балаға үйреткен жөн. Негізінде арнайы мамандар арқылы емес, ата-ана бұл туралы өзі үйреткен дұрыс. 

— Бұл тақырыпта ата-ана мен бала арасындағы әңгімені қалай бастауға болады?

— 3 жасқа келгеннен бастап ата-ана балаға жайлап өз жынысын, яғни ұл екенін немесе қыз екенін қабылдауды үйретеді. Сондай-ақ әке-шешесі өзінің жеке шекарасын сақтауды үйрету қажет. Әрбір балаға үлкендермен болсын, өзінің қатарластарымен болсын өзіне ұнамайтын нәрсеге «жоқ» деп айтуды осы бастан үйрету керек. Көбіне ата-аналар «балалар түсінбейді», «ол әлі кішкентай» дегенді айтып жатады. Балаларға түсіндірудің ең тиімді жолы — ойын арқылы, сюжет арқылы түсіндіру. Интернетте қазір сондай жыныстық тәрбие, жыныстық сауаттылық туралы бейнероликтер де бар. Оны да балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты көрсетіп отыру керек.  

—      Жыныстық тәрбие мектеп өмірінде қалай қамтылуы керек?

— Бұл туралы педагог-психолог мамандар, сынып жетекшілер сондай-ақ медбикелер арнайы мамандарды шақырып ер балаларға бөлек, қыз балаларға бөлек жиналыс өткізеді. Осымен ғана шектеліп қалған жеткіліксіз әрине. Бізде бұндай арнайы пән жоқ. Айтылуға тиіс негізгі ақпаратты бір жиналыстан 100% барлығының ұға қоюы мүмкін емес. Сондықтан мектептен тыс ата-ана  арнайы мамандардан кеңес алып, түсіндіруі қажет. Кей ата-ана баласы жыныстық сауаттылық туралы сұрақ қойса – шошып кетеді. Жыныс мүшесі туралы, ер мен әйелдің қатынасы туралы қойылған сұрақ ата-ананы шошытпауы керек. Бұл қалыпты жағдай. Әр балада әр кезеңде осыған қатысты сұрақтар туындайды. Сондықтан бұл кезде «жоқ, бұл тақырыпта біз сөйлесе алмаймыз», «не айтып отырсың?» деген сынды тыйым салмау керек. Олар өзінің баласының есейгендігін түсініп, керісінше ол туралы баласының санасына түсінік қалыптастыру керек. Балаға мектеп кезде жыныстық қатынаспен айналысу ерте екенін, оның соңы жақсылыққа апармайтынын ұқтыру қажет. 

—      Мектеп пен ата-анадан тыс бала жыныстық сауаттылық туралы тағы қайдан білсе болады?

— Бала негізі ресми емес сайттарды қарауы мүмкін. Алайда бұл ақпараттар тексерілмейтін болғандықтан ол – аса қауіпті. Арнайы сайттар мен емханаларда осы туралы айтатын арнайы мамандар, дәрігерлер отырады. Демек, емханадан да бұл туралы сауатын арттыра алады. 

—      Сіздің ойыңызша кәмелеттік жасқа толмай жатып жүкті болып қалу – жыныстық сауатсыздықтан ба?

— Иә, отбасында ашық айтылмағандықтан. Негізінде ерте жүктіліктің себебі қыз балаға көңіл жетіспеушілігінен, үйдегі қарым-қатынаста бала өзіне деген жылулықты сезінбегендіктен. Содан ол осындай жылы да жақын сезімдерді  сырттан іздей бастайды. Ол өзін қалай қабылдауды білмейді, соның кесірінен ерте жүкті болып жатады. Оның ең басты себебі — отбасында осы тақырыпта ашық сөйлесіп, балаға түсіндіретін адамның жоқтығы. Бұл өте нәзік әрі ауқымды тақырып, сондықтан бір ғана себепке тіреп қоюға болмайды, дегенмен бастапқы әрі негізгі себептердің бірі —  осы. 

— Осы тұста бала тәрбиелеп отырған отбасыға қандай бағыт берер едіңіз?

— Құрметті ата-аналар, әрқайсыларыңыз балаларыңызбен сөйлесіп, оларға барлық ақпаратты өздеріңіз дұрыс түсіндіргендеріңіз дұрыс. Балалар бірдеңені бүлдіріп қойса да оны сізге еркін, қорықпай айта алуы керек. Бала мен ата-анасының арасында сенімді қарым-қатынас қалыптасқаны жөн. Сонда ғана бала өзінің бойындағы қорқыныш пен үрейді жеткізе алады. 

Бала тәрбиесіне келгенде «ұят» деген көбіміздің  миымызға сіңіп қалған, таптаурынды сөзді бір сәтке алып тастап, баламен ашық сөйлескен абзал, өйткені әр баланың болашақта қалай қалыптасатыны бүгінгі отбасы берген тәрбиеге байланысты.

Еліміздегі ерте жүктілік, АИТВ/ЖИТС және т.б сынды мәселелердің түбінде қазіргі қозғап жатқан балаға берілетін жыныстық тәрбие тақырыбының рөлі ауқымды. 

Orda.kz тілшісі бұл тақырыпты тереңінен қаузап, уролог — Рустам Габибовпен де әңгімелесті.

Уролог маманның айтуынша жасөспірім шақта осыны миға жақсылап сіңіріп алған дұрыс. Өйткені кейбірі осы жасөспірім шақта қателік жасап, сабақ алғандар. Ондай қателіктің алдын алудың бірден бір шарты — жыныстық сауаттылық екені сөзсіз.

— Жыныстық сауаттылық деген не? Оған не кіреді?

— Жыныстық сауаттылық —  баланы жасөспірім кезінде әке-шешесі үйретуі тиіс ереже. Жасөспірім шақтан ер бала мен қыз балада гормоналды фонның дамуы басталады. Яғни, ер балалардың денесі өсіп, дауысы жуандаса, қыз балаларда да дәл сондай өзіндік даму болады. Демек, сол кезден бастап организм бала көтеруге дайын деген сөз. Алайда бұл жерде әр ата-ана балаға ондай жақындасудың 18 жастан кейін болуы керектігін, тіпті 18 жастан кейін емес, стандартты, яғни үйленгеннен кейін жақындасуға толығымен болатынын айту керек. Бастысы жасөспірімдер осыған келгенде сауатты болуы керек. Өйткені үлкендер қателіктен сабақ алған адамдар, олар ондайды жетік меңгерген.  

— Жыныстық сауатты қалай арттыруға болады?

— Бұны арттыру үшін белгілі бір форумдар өтуі керек сияқты және сіздің осы тақырыпты насихаттап жасап жүргеніңіз де дұрыс. Бұл тақырыпта ұяңдық танытатын адамдар осындай сайттардан біліп алады. Дегенмен бәрінен бірінші ата-ана үйретуі тиіс. Одан кейін әлеуметтік желі немесе мектеп. Яғни, әр мектепте осы тақырыпта айтатын адам болуы керек және ол адам мектеп қабырғасында жыныстық қатынастан аулақ болу тақырыбында насихат жүргізіп отырған жөн. Негізі ғаламторды ашсаңыз бұндай тақырыпта форумдар өте көп, тек қана жастарды осыған тарту керек. Сондай-ақ, әр жасөспірім өз анатомиясын білуге міндетті.  

—      Спортпен шұғылданудың әсері қандай?

— Спорт — әйелдің де ердің де организміне өте керек дүние. Спортпен шұғылданғанда гормондар бөлінеді дәлірек айтқанда ер адамда –тестостерон. Бұл ер адамдардың басты қажетті гормоны. Тестостероны жоғары болған жігіттің барлық органы мықты болады. Әйел адамда да спортпен айналысқанда әйелдік гормон бөлінеді. Олардың сыртқы келбетінің, яғни дене бітімінің жақсаруына алып келіп, ішкі органдар да толығымен жұмыс істейді. Жалпы айтқанда спорт – жыныстық тұрғыдан екі тарапқа да маңызды. 

Сөз соңында уролог Қазақстанда жыныстық сауаттылық тұрғысынан таяз адамдардың өте көп екенін айтты. Алайда көбіне білімі жоқ, оқымаған адамдар екенін тілге тиек етіп, күніне кемінде 2 адамды осы мәселе бойынша қабылдайтынын жеткізді. 

— Біздің елде жыныстық сауаты аз  адамдар көп пе? 

— Көп, бұл мәселемен күніне кемінде 2 адам келеді. Жыныстық сауаттылық жағынан біз өте төменбіз. Бәрінің соңында тұрмыз десек те болады. Бұл туралы маған келетіндердің көбі жоғарғы білімі жоқ адамдар. Оларда осы жағынан мүлдем сауат жоқ. Маған келетін жас жігіттер — инфекция жұқтырып алғандар. 18-23 аралығындағы инфекцияның не екенін білмейтін адамдар.  Әйел адамдар көбіне циститпен келеді. Қалай болғанын сұрасаң «суық тигізіп алдым» деген сылтау айтады. Ал шын мәнісінде мәселе суықта емес, ер адаммен қатынасқа түскендіктен. 20-23 жас аралығындағы қыздар осы мәселемен емхананың алдында кезекте тұрады. 

Урологтың берген статистикасына сүйенсек, Алматыда және жалпы Қазақстанда жыныстық жолмен берілетін жұқпалы аурулардың таралу статистикасына мына аурулар кіреді:

  1. Несеп-жыныс трихомонозы — 3225 жағдай тіркелген (16,3 адам).
    100 мың халық);
  2. Мерез — 1840 жағдай (100 мыңға 9,3);
  3. Несеп-жыныс хламидиозы — 2650 жағдай (100 мыңға 13,4);
  4. Гонококк инфекциясы — 1337 жағдай (100 мыңға 6,8);

ЖЖБИ-ге шағымданатын науқастардың көпшілігі 20 мен 40 жас аралығындағы жастар.
Инфекция себептері негізінен жыныстық қатынасқа байланысты. АИТВ инфекциясына қатысты эпидемиологиялық жағдай да өзекті болып қала береді. 2024 жылы ауру деңгейі бірден көтерілген. Жағдайлардың 67%-ға жуығы жыныстық жолмен беріледі. Жастар мен жасөспірімдер ең осал топтарға жатады, бұл – жыныстық тұрғыдан хабардарлықтың деңгейі төмендіктен.

Сонымен, балалар психологы да, уролог та жасөспірімдерге жыныстық сауаттылыққа үйретуде – ата-ананың маңызды рөл атқаратынын айтты. Бұл тақырыпта балаға тіс жармай «ұят» деген табуды жамылып алуға да болады. Алайда балаңызға жыныстық сауаттылықты өзіңіз үйретіп, көңіліндегі сұрақтарды уақытында түсіндірмесеңіз, ол жауабын «көшеден тауып»,  көшедегі қиындықты үйіңізге көшіріп алып келуі мүмкін. Осындай қарапайым жыныстық сауатсыздықтан туындаған бір баланың қисық басталған өмірі, кей кезде тіпті бір отбасының шамасы жетпей, қоғам болып күресуге тура келетін салдарға соқтырып жатады. Сондықтан жыныстық сауаттылық мәселесі бұл күні ұялатын тақырып емес, керісінше ғаламтор мен көшеден емес, әр бала өз отбасынан алуға тиіс басты әрі маңызды тәрбие.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар