Жанболат Мамай: митингке қатысқандарды қудалап жатыр

cover

Демократиялық партия бастамашыл тобының белсенділеріне қысым күшейген. 6 шілде күні митинг ұйымдастырған белсенділердің бірі қамауда болса, енді бірін сотқа сүйреп жатыр.

Orda.kz Демпартия жетекшісі Жанболат Мамайға хабарласып, белсенділерді ұстау себебін сұрады.

14 шілде күні азаматтық белсенділер Абзал Достияров пен Әлімжан Ізбасаров «ұсақ бұзақылық» жасады деген айыппен ұсталып, алты тәулікке қамауға алынды. Сот қаулысының шыққаны туралы Алматы қаласы полиция департаменті алдына жиналған белсенділерге шыққан департамент бастығының орынбасары Рустам Әбдрахманов айтқан.

Қамауда отырған қос белсендіге қорғаушы Жанар Балғабаева кіріп, олардың жағдайымен танысып шыққан. Жанболат Мамайдың айтуынша белсенді Абзал Достияровты соққыға шығып, өзіне қарсы видео түсіртпек болған. Достияров қарсылық білдіріп, аштық жариялаған.

– Абзалды қорқытқан, ұрған, соққан, қорлық көрсеткен, маған қарсы видеоүндеу жаса деп күштеген. Сондықтан сағат 14:00 де Абзал Достияровқа барамыз, кешке қарай Лобачевский көшесіндегі 10-шы үйге Дәурен Достияров пен Ырысбек Тоқтасынды қарсы алуға барамыз,- дейді Мамай.

Дәурен Достияров пен Ырысбек Тоқтасын 6 шілде күнгі митингке кезінде ұсталып, 10 тәулікке қамалған болатын. Белсенділердің айтуынша, оларды да автозакка салар кезде соққыға жыққан.

– Өздерінің айтуынша Ырысбек Тоқтасынды автозакқа кірген кезде полиция бетінен және бүйірінен соққан. Дәурен Достияровтың денесінде бірнеше жарақат бар екендігін қорғаушысы кіріп, көріп шықты. Ол өз арызында да көрсетілген. Екеуі де қорлық көрді, қысым көрді,- дейді белсенді.

Мамайдың айтуынша, белсенділердің бір уақытта қамауға алынып жатқаны әдейі жасалынған.

– Бұл әдейі жасалып жатқан нәрсе. Өйткені Абзал мен Дәурен туған ағайынды жігіттер. Оларды бір уақытта қамамай, әдейі бөліп қамап отыр. Олардың бәрін 6 шілде өткен митингке қатысқан үшін қудалап жатыр. Сол күні митингке қатысқан Қарағандыдағы белсендімізді де полиция іздеп жүрген көрінеді. Бұл қолдан жасалып отырған, арнайы қудалау шарасы, репрессия деуге болады, - дейді Демпартия жетекшісі.

Белсенділер қамауға алынып жатқан тұста азаматтық белсенді Аружан Дүйсебаеваға Шымкент қалалық мәдениет үйінің басшысы Сәкен Майғазиев арыз жазып, сотқа шақырды.

Майғазиевтің сотқа арыздануына Youtube арнасында наурыз және сәуір айларында шыққан екі видео түрткі болған. Онда «Шымкентте наурыз тойына бөлінді делінген 565 миллион теңгенің дауы» жөнінде айтылады. Әнші белсендіні «қорлау» бабы бойынша айыптады. Бүгін бірінші сот отырысы болды.

Біз белсенді Аружан Дүйсебаеваның өзіне хабарласып, сот процесі туралы ойын сұрап көрдік. Ол Майғазиевтың видеоны өшіруді сұрағанын айтады.

– Майғазиев шет елден Алматыға келіпті және сотқа өзі қатысты. Сот барысында екі тарапқа да өз құқықтары түсіндірілді. «Татуласуға мүмкіндік бар ма?» деп сұрады сот. Алдымен Майғазиевтің пікірін білу маған өте қызық болды.

Ол «Қазақтың әп-әдемі, сүйкімді қызысың ғой, мұндай тірлік саған жараспайды, қарындасым. Сені 70% ақтап алуға тырыстым, біреу дайындап беріп, соны айтқан шығар деп, менің талабым бойынша әлеуметтік желі арқылы кешірім сұрап, видеоларды өшіру керек» деп сайрай кетті.

«595 млн тг Шымкентке бөлінген қаржының 1% да құрамайды, байдың асын кедей қызғанады» деп мақалдатты. Бұл ең алдымен халық салығынан алынатын ақша екенін ескеру керек,- деді Дүйсебаева.

Аружан Дүйсебаеваның айтуынша, сот шешімнің қандай екенін білетінін айтқан.

 – Сот өз сөзінде «шешімнің қандай болатынын іштей біліп тұрмын, оны кейін айтамын» деді. Мені оны Сәкен Майғазиевтің жеңетінін біліп айтты деп ойлаймын. Болмаса осы сөзі арқылы ертең мені жеңдіріп жіберіп, халықтың ойын басқа жаққа бұруы мүмкін. Сот негізі олай айтпау керек қой. Сот әлі басталған жоқ, ал сот келіп айта салды, - дейді белсенді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар