«Жаңашылдықпен үндескен дәстүр»: Алматыда замануи сурет көрмесі өтті
Коллаж Orda.kz
2024 жылдың 26 тамызында Алматыда суретші Меруерт Қунақованың заманауи өнер көрмесі өтті.
Orda.kz қазақ қоғамының заманауи суретшілердің шығармаларын түсініп, бұл өнерде болып жатқан өзгерістер жайлы біліп отыруы маңызды мәселе деп санайды. Сондай бір суретшінің көрмесіне тілшіміз қатысып, көрме авторы мен өнертанушылардың пікірін тыңдап қайтты.
Құдай мен өлім жайлы
Көрмеге белгілі суретшілер, өнертанушылар, ұсталар, ақын-жазушылар жиналды. Келген қонақтар асықпай суреттерді қарап шықты. Оларға бауырсақ, кілегей, құрт және қымыз қойылған дастархан жайылды.
Келген қонақтың бірі, ұста Бейбарыс Жетен бұл суретшінің шығармаларында жаңа тыныс бар екенін атап өтті.
«Мен Меруертті бұрыннан танимын. Оның шығармалары да бұрыннан ұнайды. Қазіргі басқа бағытқа ауысқан суреттері өзгеше. Жаңа тыныс бар. Ішкі өзгерісін осы сурет арқылы бергісі келіп тұрғанын байқадым», — деді Бейбарыс Жетен.
Көрме авторы Меруерт Қунақова бұл көрмеге бір жыл дайындалғанын, ұзақ уақыт бойы салған суреттерін топтастырғанын айтты.
«Көрмеге бір жылға жуық дайындалдым. Көп суретшілер секілді салған суретімді бірден жарыққа шығара салмадым. Бұл – ұзақ уақыт бойы жазған шығармаларымның жинағы. Бір кезеңді аяқтап, шығармашылық кеңістікке тоқтап бір қарап, жаңа кезеңге ауысуым осы десем болады. Бұл көрме — жаһандық мәселелер, мысалы, феминизм, ЛГБТ тақырыптары, экология және постотарлық тақырыптарынан басқаша ауанда. Картиналар жеке адамның әлемді түйсінуі жайлы сыр шертеді», — деді Меруерт.
Көрмедегі басты туынды оның атасының араб тілінде жазылған діни ойлары болды. Меруерт сол ойларды үлкен кенепке үлкейтіп салды.

Көрмеге келген өнертанушы, продюссер, режиссер, педагог Валерий Картун бұл сурет жайлы пікірін айтты. Осы көрмедегі басты сурет жайлы пікір білдіргенде Валерий Картун суретшінің сөзбен жеткізе алмайтын дүниені бейнелей алғанын айта кетті.
«Арабша мәтіндермен жұмыс істеу өте графикалық, тіпті араб жазуын түсінбейтіндер де автордың не айтқысы келетінін сездіреді. Сурет өнерінің мәні – сөзбен айтылмайтын нәрсені бейнелеу. Меруерттің бұл жұмысында осы шеберлік жақсы сезіледі», — деп жауап берді Валерий Картун.
Меруерт өзі шығармаларында мазар мен өлімді қорқынышты дүние емес, қалыпты дүние ретінде қабылдау жайлы сөз қозғағанын айтты. Оның сөзінше, атасы құдайды мешіттен іздемеу керегін, құдайды үнемі бар әлемде, бүкіл жерде екенін айтқан. Дінді берік ұстанған отбасында тәрбиеленген Меруерт есейе келе атасының не айтқысы келгенін ұғынғанын айтты.
«Қазақ аңыздарында жылан көбіне даналық пен сақтықты бейнелеген соң, олар мазар секілді киелі жерлердің сақшылары болды. Соған қоса, жылан образы қайта өмірге келуді білдіреді. Ол мәңгілік өмірдің белгісі», — деді Меруерт Қунақова.
Жыланды ақ құйып шығару
Суретші шығармаларында қазақ мәдениетіндегі қасиетті жылан тақырыбына ерекше көңіл бөлген. Ақ материалдан жасалған жыландардың инсталляциялары жыланды қорғаушы деген сенімде көрсетеді. Суретші бір жағы осы инсталяция арқылы бала кезден ақ құйып шығару жайлы және отбасы жайлы естеліктерді қаузайды. Суретші мұнда атасының шамын әкеліп қойғысы келгенін, алайда шам сынып қалған соң басқа шам әкелгенін айтты.
Жыланның ақ түсті болуы, үйіне келген тіршілік иесін көшпенді халықтың еш қиянат қылмай, ақ құйып шығару ырымын баяндайды. Әрине, біздің бабаларымыздың табиғатпен үндесуі, оның әрбір тіршілік иесіне деген құрметі көрінетін бұл суреттерде сол ақ құйып шығарған бабаларының ісін әспеттеп көрсету бар.
Көрмеге келген өнертанушы Валерий Картун жалпы түрлі мифологиялар жайлы айта келіп, суретшінің жылан символикасын қалай қолданғанына тоқталды.
«Меруерт өз сезімдерін шығармаларында жақсы көрсете алады. Меруерт өзінің жеке тарихын, балалық шақтағы әсерін көркем түрде бейнеледі. Жылан символы әртүрлі мифтерде түрліше сипатталады. Кейбір мифте азғырушы ретінде сипатталып жатады. Ал Меруерттің шығармаларында оның жыландарға деген сүйіспеншілігі байқалады. Бұл символдар адамның рухани күшін көрсетеді. Суретшінің шығармаларында ол өте үйлесімді әрі нәзік түрде жеткізілген. Ол өз кейіпкерлерімен сөйлеседі десем болады. Шығармаларының ерекшелігі өз сезімін суретші ретінде кәсіби түрде жеткізуінде болып тұр. Әрбір туындысы өзінің ізгілікпен байланысты философиялық ойларымен және араб мәтіндерімен өзгеше»,— деп жауап берді Валерий Картун.
Меруерт Қунақованың жас суретшілер мен оның көрмесі туралы пікірін ортаға салған танымал суретші Сәуле Дүйсенбина оның өзгешелігін, өзге суретшілерге ұқсамайтын қайталанбас мәнерін атап өтті.
«Меруерттің нақты қай мектептен тәлім алғанын білмедім. Бірақ оның түстерді үйлестіруі мен араластыруына қарап, қазақ суретшілерінің мектебінен шыққанын байқадым. Кенепке түстергі үйлестіріп жағуы, қара-ақ сияқты күрделі реңдерді қолдануы әдемі жарасып тұр. Маған оның жылан символикасын қолданғаны ұнады. Бұл көркем өнерде символизм мен мистика бар», — деп жауап берді Сәуле Дүйсенбина.
Қазіргі заманауи сурет өнерінің әртүрлі батыл қадамдарға барып жатыр. Қазақ қоғамының руханият, соның ішінде өнердің атасы – сурет өнеріне аса назар аудара бермейтіні жасырын нәрсе емес. Жастардың мұндай өнердегі бұлқынысын, нақтырақ айтқанда өзгеріске ұмтылысын қабылдау рухани дайындықты қажет етеді. Бір қарап үңілген адам бұл суреттерге қарап ештеңе түсінбеуі мүмкін.
Алайда түсінген адамға суретшінің кеңістікті басып өтіп, қазақ дәстүрі мен наным сенімімен, соның ішінде атасының қоғам үшін маңызды тақырып – құдай жайлы ойларымен үндестіріп, заманауи дүние жасай алуы өзінше бір қадам.
Көрермен мұнда бейнелердің тілін дәл суретшідей түйсіне қоймағанымен оның тұла бойында жатқан салт-дәстүр мен ұлттық болмысқа деген шексіз құрметті және бәрібір іштей суретшінің күйін өзінше түйсінбей қоймайды.
Жаңалықтар
- Астанадағы тұрғын үй кешенінде лифт кенеттен құлап, бір адам қаза тапты
- «ҚазМұнайГаз» Қарашығанақтағы үлесті арттырмақ: ұлттық компания «Лукойл» үлесін сатып алуы мүмкін
- Белсенді Мирболат Мырзатайұлы 4 жылға сотталды
- «10 жастағы баланың қолын сындырып, бұраған»: Ақтөбелік ана әлімжеттік көрген ұлы үшін әділдік сұрады
- «Мен қызымды қорғадым»: Анасы мен баласы бұрынғы күйеу баласын өлтіргені үшін 15 жылға сотталды
- Ақмола облысының әкімі «Хабар» тілшісінің сұрағына шүйлікті
- Астана Мәскеудің қол астында ма? Қазақстан Польшада ұсталған тыңшыны қайтаруға барын салып жатыр
- Стамбұл мэрі 2352 жылға сотталуы мүмкін
- Бишімбаевтың әкесінің қатерлі ісікке шалдыққаны белгілі болды
- Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов әжетханаларды жеке өзі тексеретінін айтты
- Прокурор Яна Легкодимованы өлтіргендерге өмір бойы түрме жазасын талап етті
- Александр Машкевичтің Лондонда зираты табылды
- Бишімбаевтың анасы сотта келінінің өлімін есіне алып, көзіне жас алды
- Ақтөбеде 8,9 млн шығын келтірген алаяқ әйел сот залынан босатылды
- «Педофил — Алланың барына дәлел»: Имам дау болған сөзін түсіндірді
- Қазақстан Екатерина Биволды ұстау үшін Ресеймен байланыс орнатты
- Шавкат Рахмоновтың әйелі қатысқан жол апаты: Тергеу аяқталуға жақын
- 12 адамның өмірін қиған жол апаты: Жансақтау бөліміндегі 16 жастағы жасөспірімнің жағдайы белгілі болды
- Жоқшылық: Ақтаудағы «Қазақтелеком» қызметкерлері Бағдат Мусинге шағымдарын айтты
- Ресей — Қазақстанның Құдай қосқан көршісі — Тоқаев