Зейнетақы жинағындағы ақшаны кім, қашан, қалай шеше алады?

cover

2021 жылдың бірінші тоқсанынан бастап Парламентте қабылданған «Экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес ҚР азаматтары зейнетақы жинақтарынан белгіленген мұқтаждықтарына ақша ала алады.

Осы жылдың 8 қаңтарында бастап «Отбасы» банкі жақын арада зейнетақының белгілі мөлшерін мұқтаждыққа қолдануға өтініштер қабылдай бастайтының айтты. 21 қаңтарда Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақыны пайдалануға қатысты ережелерді бекітті.

«Отбасы Банкі», «Қазақстан Халық Банкі», «Алтын Банк» және «Банк ЦентрКредит» банктерімен ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды. Қаржы ұйымдары қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын алу туралы өтініштерін қабылдай алады, деп хабарлады БЖЗҚ баспасөз қызметі.

Отбасы банкінің қызмет алуды ресімдеу сайты (enpf-otbasy.kz), 23 қаңтарда іске қосылды. Банктің айтуынша, бүгінгі таңда 69048 ҚР азаматы өтініш қалдырды. Оның 20177 қабылданды. Қанша адамның шотына ақша түскені жөнінде статистика жоқ.

Зейнетақы жинағының белгілі мөлшерін алуға барған Айгүл Рымбаеваның пікірі:

«Бәрімізде төлеп отырған ипотекамыз бар. Мен Қонаев 38 мекен-жайында орналасқан БЖЗҚ-ның филлиалына бардым. Менеджерден жеке басымдағы жинаған ақша соммасы туралы сұрадым. Менің жасым 38-де. Бұл жастың жеткілікті шегі 3 220 000 теңге екен. Менде ол сомаға 40-50 мың тенгедей жетпей тұр. Сол соманы толықтырып, 3 220 000-ның жартысы аламын деп ойлағанмын. Сөйтсе олай емес екен. Сол соманың үстіндегі ақшаны ғана шешуге болады деп айтты. Менеджердің өзі бұл заң сіз сияқты қарапайым адамдарға шығарылмаған деді. Менеджердің айтуынша жинағандары 40 миллионнан асқан адамдар бар екен. Солардың ақшасын алу үшін шығарылған ереже сияқты. Бағанағы соманың жартысын алып ипотекамның кішкентай болсын бөлігін жабамын деген үмітпен барғанмын. Мен 2004 жылдан 2016 жылғы дейін ғылыми қызметкер болғанмын. Менің ойымша, қарапайым халық ешқандай ақша ала алмайды».


18 жасынан коммерциялық мекемеде жұмыс істеген Марат Оразовтың жағдайы жақсырақ екен. Оның қалдырған пікірі:

«Жұмыс басты адам болғандықтан үйде отырып өтініш қалдыруға тырыстым. Сайт түсініксіз болғандықтан, «Отбасы» банкінің бөлімшесіне баруға тура келді. Менің 46 жасқа дейін жинағаным 10 миллион теңгеден асады екен. Менің жасымда ақшаны шешу үшін шотта шамамен 4 миллион теңгеден артық жиналу керек. Жер сатып алу мақсатымен 6 миллион теңге берілуіне өтініш қалдырдым. Өтінішім әлі қабылданбады, ақша берілмеді. Ақша алды деген адам туралы әлі естіген жоқпын. Өтінішім қабыл болады деген үміттемін».


Зейнетақы жинақтарын мерзімінен ерте пайдалану туралы белгілі заңгер Жангелді Сүлейменов:

Заңгер Жангелді Сүлейменов

«Мен шамамен 6-7 жыл бойы БЖЗҚ жүйесін өзгертсін деп күресіп келемін. Біз барлығымыз да жарна төлейміз, БЖЗҚ оларды Ұлттық банкке аударады. Ұлттық банк ақшаны біз үшін аса тиімсіз түрлі қаржы құралдарына салады. Ұлттық банк ақшасының басым бөлігі мемлекеттік облигацияларға тиесілі. Ондағы ставка 5%. Бұл біз үшін тиімді емес. Себебі инфляция және басқа да теріс көрсеткіштер бұл ақшаның құнын төмендетеді. Инфляцияға кепілдік жоқ. БЖЗҚ сіз салған жарналардың мөлшеріне ғана кепілдік береді. Тіпті экономист емес, қарапайым адамдар «неге доллар 120 болған кезде менің ақшама доллар алмады?» деген сұрақ қояды. Қазір бұл теңгемен 3 есе көп болар еді. Мен бұл төлемге көңілім толмайды. Бұл тек айлығы көп 700 мың салымшыға ғана қатысты. Яғни, егер сіз бай болсаңыз - бай болып, кедей болсаңыз - кедей болып қала бересіз. Дегенмен, жүйе соңына дейін дұрыс әзірленбеген, ондағы бір шикілік - білім алу ақысын төлеуге рұқсат жоқ. Тек емделуге, үй сатып алуға беріледі. Механизм жетілдірілмеген».


Тағы бір сұхбат берушінің ойынша жинақтағы ақшаны алар алдында ойланған жөн:

«Мемлекет зейнетақы жинақтарын мерзімінен ерте пайдаланған адамдардың мүмкіндіктерін төмендетеді. Бұл адамдардың болашақта алуға тиіс зейнетақысына тікелей әсер етіп, есепті көрсеткішті нашарлатады. Зейнетақы жасына келгенде оларға ең төменгі зейнетақы тағайындалады. Тағы айта кетерлігі, менің білуімше жылжымайтын мүлік бағасы өсе бастады. Мені уәкілетті органның позициясы таң қалдырды. Олар бұл табиғи өсу дейді. Ол шындыққа жанаспайды. Тағы айта кетсем, менің ойымша бұл ережелер әлі біраз өзгереді. Дегенмен әрбір өзгеріс арқылы олар өз ақшасын алғысы келетін салымшының мүмкіндігін жоққа шығаруда», - деген пікір қалдырды.

Қазақстан Республикасы заңнамасындағы 25 бөлімге сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленетін міндетті зейнетақы жарналары ҚР азаматының айлық жалақысының 10 пайызы мөлшерінде белгіленген.

Экономикалық тұрғыдан Мақсат Халық мынадай пікір айтты:

Экономист Максат Халык.
Экономист Максат Халык

«Зейнетақыны мерзімінен ерте алуды қолдаймын. Себебі зейнетақы қорындағы жиналған ақша инфляцияға ұшырап жатыр. Зейнетақы қорына қаншама жылдар бойы ақша аударған адамдардың қаржысының құны жоғалуда. Сондықтан, зейнетақының қорда жатқанынан азаматтардың қазір алып, қажеттеріне жұмсағандары жөн».


Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министірлігінің бірінші вице-министірі Ақмади Сарбасовтың ORDA. редакциясына ресми мәлімдемесінде:

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (бұдан әрі – БЖЗҚ) зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу құқығы келесі санаттағы адамдарға:

1) БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар, «ең төменгі жеткіліктілік
шегінен» асатын соманың бір бөлігін пайдалана алатын жұмыс істейтін азаматтарға беріледі.

2) зейнетақысы жоғалған табыс (бұрын алған жалақысы) мөлшерінің кемінде 40%-ын құрайтын қазіргі зейнеткерлер БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтары сомасының 50%-на дейін пайдалана алады.

3) зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және әлі жинақтары бар азаматтарға – БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде пайдалана алады» - деп хабарланады.

Сондағысы, зейнетақы жинақтарының белгілі бір мөлшерін жұмыс істейтін азаматтар ғана шеше алады.
Зейнетақы қорындағы жинақтарға қол тигізбеу де азаматтардың өз еркінде.

Ресми хаттан үзінді:

«Бүгінгі күні зейнетақы жинақтарының «ең төменгі жеткіліктілік шегі» есептеу әдістемесі бекітілді. Бұл ретте таңдау құқығы азаматтың өзінде қалады деп санаймыз: яғни, өзінің зейнетақы жинақтарын бүгін пайдалануға немесе оларды зейнеткерлік жасқа толғанға дейін қалдыруға және сол арқылы өзін БЖЗҚ-дан төленетін ең төменгі зейнетақы төлемдерімен емес, төлемдердің жоғарғы мөлшерімен қамтамасыз етуге құқығы бар. Бұл ретте, зейнетақы жинақтарының негізгі мақсаты – қартайғанда зейнетақы төлемдерінің оңтайлы мөлшерімен қамтамасыз ету екенін атап өту қажет».

2020 жылдың ресми статистикасында азаматтардың орташа жалақысы - 197 950 теңге. Осы статистикаға сүйене отырып 20 жастағы азамат 16 жастан - 197 950 теңге айлық жалақы тапқан күннің өзінде зейнетақы қорына - 950 160 теңге жинай алады. 14 жастан айына - 197 950 теңге жалақы алған күннің өзінде жеткілікті шекке жете алмайды. 14-16 жасар жасөспірімнің - 197 000 айлық жалақы табуы сау адамның миына қонар емес.

Ортақ жалақы дегеніміз - бүкіл азаматтардың жалақысының ортақ есебі. Мысал ретінде алсақ, бір азамат 100 мың жалақы, екіншісі 10 мың алса, олардың жалақыларының ортақ есебі 55 мың теңге болады. Одан бөлек медианды жалақы бар. Медианды жалақы дегеніміз - 50/50 есептелетін жалақы. Оның көрсеткіші Қазақстанда 112 195 тенге. Тағы да модальді жалақы деген болады. Бұл ешқандай біліктілігі жоқ адамдар ала алатын минималды жалақы. Оның көрсеткіші Қазақстанда - 58 034 теңге.

Мұхит Тұрсынәлі

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар