Қыз алып қашқандар 4-7 жылға сотталады - Бас прокуратура

cover фото: kz.otyrar.kz

 ҚР Бас прокуратурасы қыз алып қашқандар қандай жазаға тартылатынын айтты.

«Қыз алып қашу – салт-дәстүр ме, қылмыс па, мұны ажыратудың бір жолы бар. Ол – қалыңдықтың келісім беруі және алып қашқан адамдардың осындай келісімнің барын түсінуі. Басқаша айтқанда, келісім бермеген қызды еркінен тыс алып қашса, күштеп ұстап, басқа жерге апарса, алып қашқандар осы мән-жайды білсе – бұл ауыр қылмыс саналады. Қылмыстық кодекстің 125-бабы – адам ұрлау бойынша 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал егер кәмелетке толмаған қызды ұрласа, бұл жағдайда 7 жылдан 12 жылға дейін сотталуы мүмкін және мүлкі тәркіленеді» делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Хабарламаға сүйенсек, ең қатал жаза – 15 жылға соттау. Оның ішінде топ болып алып қашса, жәбірленушіні абайсызда өлтіріп алса, басқа ауыр жағдайларға әкеп соқса және ол ұрланған адамды қанау мақсатында жасалса, осындай ауыр жаза қолданылуы мүмкін.

«Егер сізді алып қашса немесе көз алдыңызда осындай жағдай болса, дереу 102 қызметіне қоңырау шалыңыз. Полицияға мүмкіндігінше көліктің маркасы, түсі, нөмірі, алып қашқандардың түр-әлпеті, киімі секілді ерекше белгілерді хабарлаңыз. Бұл жағдайда жай ғана куәгер болсаңыз да, арыз жазылмаса да қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталады. Егер ұрлаған адам жәбірленушіні босатса және оның әрекетінде қылмыстық құрам болмаса, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады» деді бөлімде.

Еске салсақ, Қазақстанда 18 жастан бастап некеге отыруға болады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар