Қырғыз президентінің «егізі»: қазір Қырғызстандағы жағдай тұрақты

cover

2-3 наурыз күндері Қазақстанға Қырғыз Республикасының жаңадан сайланған президенті Садыр Жапаров мемлекеттік сапармен келді.

Садыр Жапаров 53 жастағы саясаткер. Оппозициялық көзқарасы үшін Қырғызстанның бұрынғы президенттері кезінде ол бірнеше рет сотталған. Ал, 2020 жылдың 5 қазанында басталған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде төңкерісшілер оны түрмеден шығарып алған еді. 6 қазан күні өздерін өздері сайлаған депутаттар Садыр Жапаровты елдің премьер-министрі қызметіне тағайындады. 2020 жылы 15 қазанда Қырғыз президенті Сооронбай Жәнібеков отставкаға кеткен соң, Садыр Жапаров президент қызметін атқарушы болды. Кейін, 2021 жылдың 10 қаңтарында Қырғыз Республикасындағы президенттік сайлауда жеңіске жетіп, заңды түрде елдің жаңа президенті атанды.

Осы саяси ақпараттардың арасында ORDA. оқырмандарына Садыр Жапаров туралы, дәлірек айтсақ, оған қатты ұқсайтын қазақ жігіті туралы экслюзив ақпарат ұсынады. Садыр Жапаровтың «сыңары» Айбек Байділда Бішкекте білім алып, жұмыс істейтін қазақ жігіті. Айбек Бішкектен біздің агенттік үшін сұхбат беріп, президентпен ұқсастығы туралы, неге Бішкекте оқып жатқаны туралы және оның Жапаровпен ұқсастығын алғаш болып кімдер байқағаны туралы айтып берді.

Айбек Байділда

ORDA: Айбек, Қырғыз Республикасының жаңа президентіне ұқсастығыңызды алғаш болып кім байқады? Қырғыз халқы жиі танып, президенттеріне жиі ұқсатып жата ма?

Айбек Байділдә: Мен Бішкек қаласына оқуға түскенде, 2013 жылы оған (Садыр Жапаровқа - агенттік) ұқсастығымды көбінесе үлкен кісілер байқайтын. Ол кезде әрине, Садыр Жапаров әлі президент емес, бірақ, оны ел ағалары білетін. Ақсақалдар көргенде «осындай кісі бар, соған қатты ұқсайды екенсің» деп айтатын.

Ал, былтыр Садыр Жапаров президент атанғанда, халық оны таныды, содан кейін мені көргендер қатты ұқсата бастады. Көшеде көрсе суретке түсейік деп өтінеді.

Ал, әлеуметтік желі арқылы Қазақстанға танылғаныма қарындасым себепкер болды. Ол менің суретім мен қырғыз президенті Садыр Жапаровтың суретін қатар қойып, «қалай ойлайсыздар, ұқсай ма?» деп желіге таратқан. Содан барып екі елдің әлеуметтік желісі де біле бастады.

ORDA: Сіз сонда қазір Бішкекте жұмыс істейсіз бе?

Айбек Байділдә: Мен қазір Бішкектің медицина университетінде сегізінші курста, яғни, интернатурада оқып жатырмын. Мамандығым невролог. Қосымша балаларға массаж жасаймын. Бішкекте ортопедиялық орталық ашуға талпынып жүрмін.

ORDA: Неге сіз Бішкекке оқуға түстіңіз? Неге Қазақстанда оқымадыңыз?

Айбек Байділдә: Менен бұрын Бішкекке қарындасым оқуға келді. Ол танып білді, көрді. Сосын, Бішкектің білімі жақсы екен, келіп көріңізші деген соң, 2013 жылы құжаттарымды тапсырып, оқуға түстім. Ұнаған соң осында оқып жатырмын.  

ORDA: Сол жақтағы қазіргі өмір туралы кішкене айтып беріңізші. Өткен жылдың соңындағы өкінішті өзгерістер болғанын білеміз. Жаңа президент сайланды. Жалпы, қазіргі халықтың көңіл күйі қандай?

Айбек Байділдә: Дәл қазір халықтың көңіл күйі жақсы, тұрақты. Жаңадан сайланған президентті халық ұнатады, оның жұмысын мақтайды.

ORDA: Өзіңіз ол кісі туралы, былай айтқанда, «сыңарыңыз» туралы не білесіз?

Айбек Байділдә: Ол кісі туралы көп нәрсе білемін деп айта алмаймын. Президенттік қызметін білемін. Өмірі туралы көп білмеймін.

ORDA:  Сонда «президентке қатты ұқсайды екенмін, ол қандай адам екен» деп қызықпадыңыз ба?

Айбек Байділдә: Ия, солай деуге болады.

ORDA:  Сіз шынымен Садыр Жапаровқа қатты ұқсайды екенсіз. Оның Қазақстанға жасаған сапары кезінде сөйлеген сөздеріне және сіздің қазіргі әңгімеңізге қарасақ, бір адам сияқты. Жарайды, келесі сұрақтарымызға көшсек. Өзіңіз медицина саласында оқисыз ғой, бұндай ерекше ұқсастықтарды немен байланыстырасыз? Бәлкім, бейтаныс адамдардың бір-біріне қатты келетініне медицина түсінік бере алатын шығар?

Айбек Байділдә: Білмеймін, нақты бір байланыс жоқ. Айтқанымдай, алдымен ұқсастығымызды үлкен кісілер байқады. Қазір енді көшеде екінің бірі танып, суретке түсейікші деп жатады.

ORDA:  Ал, бұқаралық ақпарат құралдары, яғни, мен сияқты журналистер қандай оқиғадан кейін сізді білді? Менің білуімше, қырғыз блогерлері сіздің суретіңізді әлеуметтік желіге салған соң, танымал болдыңыз ғой?

Айбек Байділда

Айбек Байділдә: Әуел баста айтқан қарындасым Бішкекте білім алып, осы жаққа тұрмысқа шыққан. Ең алғаш сол қарындасым менің және Қырғыз Президенті Садыр Жапаровтың суретін әлеуметтік желіге салып, «қалай ойлайсыздар, ұқсас па» деп инстаграмына салған. Сол суретті кейін бәрі іліп әкетті.

ORDA:  Егер Садыр Жапаровпен кездесетін мүмкіндік туса, ол кісіден не сұрайтын едіңіз, қандай әңгіме айтар едіңіз?

Айбек Байділдә: Кездесе қалсам, не туралы сөйлесемін дегенді ойламаппын. Бірақ, кездесіп, жолыққым келеді. Саясат туралы сөйлеспейтін шығармыз, өзім саясатқа қатты қызықпаймын.

ORDA:  Қазақстандағы медициналық білім мен Бішкектегі медициналық білімнің айырмашылығы бар ма?

Айбек Байділдә: Қатты айырмашылығы жоқ деп ойлаймын. Медицинаны барлық жерде бірдей оқытады деп ойлаймын, екі жақтың білімін білемін және екі жақтың да білімі жоғары деңгейде.

ORDA:  Қырғыз тілін жетік білесіз бе? Сабақ қырғыз тілінде ғой?

Айбек Байділдә: Оқуға түспей тұрып, алдымен қырғыз тілін үйрендік. Кейін алты жыл өмір қырғыз тілін жетік үйретті.

ORDA:  Қырғызстанда шетелдік студенттерге қандай да бір қолдау бар ма?

Айбек Байділдә: Егер шетелдік студент осы жақтағы сабақты өте жақсы оқыса, президенттің гранты сияқты әртүрлі жақсы қолдаулар бар.

ORDA:  Ол жақтағы жаңа айтып өткен саяси төңкерістерден кейін елге ораламын деген ой болған жоқ па?

Айбек Байділдә: Шыны керек ол төңкерістер кезінде мен бұл жақта болған жоқпын.

ORDA: Ал болашақта сол жақта жұмыс істеп қалғыңыз келе ма?

Айбек Байділдә: Болашақты нақты айта алмаймын, бірақ, екі жақта да жұмыс істегім келеді.

ORDA:  Қазақстандағы бауырларыңызға қандай сәлеміңіз бар?

Айбек Байділдә:  Туған еліме сәлем жолдай келе, келе жатқан 8 наурыз мерекесіне орай, аналарды, қарындастарымды құттықтаймын! Мейрамдары құтты болсын, аспандары ашық болсын, әрқашан да күлімдеп жүре берсін!

Сұхбаттасқан Күнімжан Айдарқызы

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар