Викрам Рузахунов қалай азапталғаны туралы толық айтып берді
Фото: next.kg
Алматы қаласында ұсталған алғашқы террористердің бірі деп көрсетіліп, артынша Қырғыз Республикасының билігі мен халқының үн қатуы арқылы босатылған музыкант Викрам Рузахунов басынан өткен жағдайларды толық баяндап берді.
Ол музыкадан бөлек, ІТ бизнеспен айналысатынын, Алматыға серіктестерімен болашақ жобаны талқылау мақсатында келгенін айтты. 4 қаңтар күні митинг басталған. Жергілікті достарының кеңесіне сүйенген Рузахунов 4, 5 және 6 қаңтар күндері ешқайда шықпаған. Ахуал қиындап, отбасымен байланыса алмаған ол Бішкекке қайтуға шешім қабылдайды.
7 қаңтар күні ол «Сайран» автовокзалына келген. Көлікте одан бөлек тағы үш жолаушы болған. Алматы–Бішкек тас жолында Самсы ауылының тұсында блок-бекетте оларды тоқтатып, барлығын тексерген.
Рузахуновтың айтуынша, қырғыз паспортын көрген тәртіп сақшылары оны көліктен түсіріп, басынан ұрып, алып кеткен.
– Олар менің барлық заттарымды тексерді, әрқайсысын қарады, Алматыда ұрладың, мародерсің деп айыптады. Менің телефонымда бұл киімдермен түскен суреттерім митингіге дейін түсірілгеніне қарамастан, соққыға жықты. Артынша мені басқа арнайы жасақ өкіліне берді, ол да мені соққының астына алды. Ол жұдырықпен, резеңке шоқпармен ұрды. Тізерлетіп отырғызып, автомат ұңғысын басыма тақады. Алматыға неге келгенімді сұрап, мародерсің деп айыптады. Күн суық еді, қар жауып тұрған. Шешіндіріп, тек футболка мен сырт киіміме ғана рұқсат берді. Сарайға алып келгенде онда менен бөлек 30 шақты адам болды. Бізді сарайда күн қарайғанша ұстады. Осы уақыт аралығында біз тұтқынға түскен адамдарша отырдық. Автобустарды тексеріп, одан ұстаған ер адамдарды бізге қосты. Менімен бірге қазақтар, тәжіктер, өзбектер, дүнгендер болды.
– Кешкілік бізді шығарып, қай елдің азаматтары екенімізді анықтай бастады. Мен және тағы төрт қырғыз азаматы болды. Кейін оларды да жіберген. Бізді уақытша ұстау изоляторына қамады. Камерада бізді азаптап, Алматыға бұзақылықты ұйымдастыруға және мародерлік үшін келгеніміз туралы мойындауды талап етті. Кейде камераға кіріп, жайдан жай ұратын. Тергеуге дейін және кейін де жиі соққыға жықты. Жеке камераларға алып барып, ол жақта да күш қолданды. Жұдырықпен ұрып, аяқпен теуіп, автомат тақап, омыртқа тұсымнан автомат дүмімен ұрды. Тіпті, ағаш сынғанша ағашпен де ұрды. Іш киімге дейін шешіндіріп, еденге аяқ-қолымызды төрт жаққа жіберткізіп жатқызды да тепкіге алды, артынша автоматпен ұрды. Осының бәрі митингіде болғанымды, тонауға қатысқанымды мойындату үшін жасалды. Адам өлтірдің, кісі бауыздадың, дүкендерді тонадың деп айыптады. Мен камерада 7 қаңтардан 10 қаңтарға дейін болдым. Бір мәрте нан берді, күніне бір рет ыстық тамақ берді, - деді музыкант.
«Мойындау» видеосын 8 қаңтар күні жазыпты.
– 8 қаңтар күні кезекті тергеуден соң камераға мойындайтын бір адам қажет екенін айтты. Сосын мені бөлек камераға апарып, «не қазір керек нәрсені айтасың, немесе біз ұруды тоқтатпаймыз» деді. Мен мойындаған жағдайда қандай жаза күтіп тұрғанын сұрадым. Олар бәрін айтсам мені еліме депортациялайтынын айтты, мен келістім. Мен өз сөздерін қағазға жазып беруін сұрап едім «осылай есіңде сақта» деп жауап берді. Бірнеше қайталап мәтінді жаттадым. Сосын олар журналист алып келді. Мен журналист сценарийден тыс сұрақтар қойса не болатынын сұрап едім, «алаңдама» деп жауап берді. Сұхбат жазу барысында сценарийден тыс сұрақтар болғанда мен кадрдан тыс бақылап тұрған адамға қарадым, ол маған не айту керектігін айтып тұрды, мен соны айттым, - деді Рузахунов.
Оның айтуынша, қамауда болған күндері әлемде, сыртта не болып жатқанынан бейхабар болыпты.
– Мен сыртта не болып жатқанын біле алмадым. Бізге бас көтеруге рұқсат бермеді. 10 қаңтар күні мені кезекті тергеуге алып келіп, консул келгенін айтты және қағаздарды толтырып, түзу сұрақтар қоя бастады, - деді ол.
Рузахунов үш күн бойы тәртіп сақшылары оның жеке басын анықтауға тырыспағанын айтады.
– Олар менің танымал музыкант екенімді айтқаныма сенбеді, мазақ қылды. Интернетке атымды жазуын сұрадым, олар мұны істемеді, - деді ол.
Рузахунов Бішкекке келгеннен кейін біршама уақыт өз-өзіне келе алмағанын және өзінің физикалық жағдайына қарай алмағанын айтты.
Кейін тексеру кезінде оның қабырғасының сынғаны, бас сүйегіне зақым келгені, төс сүйегінің жарақаты және басқа да көптеген сыртқы жарақаттар алғаны анықталған. Бір айдан бері ем алып жатқан ол әлі толық айықпағанын айтады.
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық