Тоқаев соғысты «мұздатуды» ұсынды: Президенттің Омбыдағы мәлімдемесі нені аңғартады?

cover Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда өткен Қазақстан мен Ресейдің XXII өңіраралық ынтымақтастық форумында Владимир Путинмен кездесіп, Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты соңғы уақыттағы ең маңызды мәлімдемелерінің бірін жасады.

Бұл жолы президент жай ғана бейбітшілікке шақырып қойған жоқ. Ол қақтығысты уақытша тоқтатып, келіссөздерді қайта жандандырудың нақты нұсқасын ұсынды.

«Бұл – мемлекетаралық қақтығыс»

Тоқаев сөзін соғысқа қатысты өзінің бұрыннан келе жатқан ұстанымын қайталаудан бастады.

Президенттің айтуынша, ол басынан бері болып жатқан оқиғаны азаматтық соғыс емес, мемлекетаралық қақтығыс деп бағалап келеді.

Сонымен бірге Қазақстанның Украина халқына деген көзқарасын да ерекше атап өтті.

«Біз әрқашан украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне құрметпен қарадық. Бұл қақтығыстың табиғаты көпшілікке, соның ішінде бізге де толық түсінікті емес», – деді Мемлекет басшысы.
Бұл мәлімдеме Қазақстанның Украина халқына деген құрметін тағы бір мәрте көрсетіп қана қоймай, ресми Астананың соғысқа қатысты бұрынғы ұстанымының өзгермегенін аңғартты.

«Қақтығысты мұздатып, Стамбұл формуласына оралу керек»

Кездесудің ең маңызды бөлігі осы тұста айтылды. Тоқаевтың пікірінше, қазіргі жағдайда соғысты тоқтатудың бір жолы – оны уақытша «мұздату». Президент мұндай тәсілдің халықаралық тәжірибеде бұрыннан қолданылып келгенін атап өтті.

«Мүмкін, бұл қақтығысты уақытша тоқтатып, "Стамбұл формуласы 2.0-ге" қайта оралу керек шығар. Өйткені сол келіссөздер барысында елеулі нәтижелерге қол жеткізілген еді. Кейін ірі державалардың, оның ішінде Ресейдің кепілдігімен ұзақ күткен бейбітшілікке қарай жылжу қажет»,  деді Тоқаев.

Мұндағы «Стамбұл формуласы 2.0» деген тіркес – 2022 жылы Ыстанбұлда өткен Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің жаңартылған нұсқасына меңзеу. Яғни президент әскери әрекеттерді тоқтатып, тараптарды қайтадан келіссөз үстеліне отырғызуды ұсынып отыр.

Айта кетейік, «Стамбұл формуласы 2.0» – 2022 жылдың наурызында Стамбұлда өткен келіссөздерде Украина бейтараптық мәртебеге, яғни НАТО-ға кірмеуге, нақты қауіпсіздік кепілдіктері есебінен келісуге дайын болған. Бірақ тараптар қауіпсіздік кепілдіктерін кім беретіні мәселесінде келісе алмай, процесс тоқтап қалған еді. 

Қазақстан тағы да делдал болудан бас тартты

Тоқаевтың тағы бір маңызды мәлімдемесі Қазақстанның рөліне қатысты болды.

Соңғы жылдары Қазақстанның Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерге делдал болуы мүмкін деген пікірлер бірнеше рет айтылды. Алайда президент бұл жолы да мұндай ұсынысты қабылдамайтынын анық айтты.

«Мен үзілді-кесілді делдал болудан бас тартамын. Ресей – ұлы мемлекет, орыс халқы – ұлы халық. Ол күн тәртібіндегі мәселелерді делдалсыз-ақ өзі шеше алады», деді мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Тоқаев Қазақстанның келіссөздерді ұйымдастыру үшін алаң ұсынуға дайын екені туралы бұрынғы ұстанымын өзгерткен жоқ.

Яғни Қазақстан өзін келіссөздердің жүргізушісі емес, қажет болған жағдайда бейтарап алаң ұсына алатын мемлекет ретінде көрсетіп келеді.

«Жастар қырылып жатыр»

Президент өзінің ұсынысын ең алдымен гуманитарлық себептермен түсіндірді. Оның айтуынша, соғыстың жалғасуы екі ел үшін де орны толмас демографиялық шығынға айналып барады.

«Жас адамдардың қаза тауып жатқаны өкінішті. Бұл – Ресей мен Украинаның бауырлас халықтарының генофонды. Мұның бәрін тоқтату керек. Өйткені болып жатқан жағдай Ресейдің де, Украинаның да қарсыластарының мүддесіне қызмет етіп отыр»,  деді Тоқаев.

Бұл сөздер президенттің әскери немесе саяси аргументтен бұрын адам шығынын басты мәселе ретінде көтергенін көрсетеді.

Ресеймен стратегиялық әріптестік өзгермейді

Сонымен қатар Тоқаев Қазақстанның Ресейге қатысты сыртқы саяси ұстанымын тағы бір мәрте нақтылады.

«Біз әрқашан Ресейді ұлы мемлекет деп санадық және солай санаймыз. Ресеймен стратегиялық ынтымақтастыққа және одақтастық қатынастарға адалмыз»,  деді президент.

Бұл мәлімдеме Қазақстанның Мәскеумен стратегиялық серіктестікті сақтайтынын тағы да растады.

Бұл мәлімдеменің ерекшелігі неде?

Омбыдағы сөздің бірнеше маңызды қыры бар.

Біріншіден, Тоқаевтың негізгі ұстанымы өзгерген жоқ. Қазақстан бұрынғыдай қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуді қолдайды және өзін делдал ретінде көрмейді.

Екіншіден, бұл жолғы мәлімдеменің басты жаңалығы – «қақтығысты мұздату» идеясын ашық ұсынуы. Бұған дейін Қазақстан көбіне атысты тоқтату мен келіссөздерді қолдау туралы жалпы мәлімдемелер жасап келсе, енді нақтырақ сценарийді атады: әскери іс-қимылды тоқтатып, Стамбұл келіссөздерінің жаңартылған форматына қайта оралу.

Үшіншіден, Тоқаев бір сөзінде бірнеше аудиторияға қатар үн қатқандай әсер қалдырды. Ол Украина халқына құрмет білдіріп, қақтығысты мемлекетаралық соғыс деп атады. Сонымен бірге Ресейдің стратегиялық маңызын және екі ел арасындағы одақтастықты тағы да ерекше атап өтті.

Саяси тұрғыдан алғанда, бұл Қазақстанның соңғы жылдары ұстанып келе жатқан көпвекторлы дипломатиясының жалғасы деуге болады. Астана бір жағынан халықаралық құқық пен дипломатиялық реттеуді қолдайтынын көрсетсе, екінші жағынан Ресеймен стратегиялық қарым-қатынасты сақтауға ниетті екенін ашық мәлімдеп отыр.

Омбыдағы мәлімдеме жаңа сыртқы саясаттың басталғанын емес, Қазақстанның бұрынғы бағытын жаңа жағдайға бейімдеп, нақтырақ тұжырымдағанын көрсетеді. Ең басты жаңалық – президенттің алғаш рет соғысты уақытша «мұздату» идеясын көпшілік алдында ашық ұсынуы болды.
 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар