Тоқаев ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар жайлы айтты
Фото: Akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Атыраудағы Ұлттық құрылтай отырысында ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар туралы айтты.
«Мен Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатымда Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді айттым. Жақында осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданды. Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ Әз-Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз. Мысалы, Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы мәселеге арнайы тоқталдым. Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша. Себебі соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек», - деді Тоқаев.
Президенттің сөзінше, радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр.
«Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет. Дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашты. Сондай-ақ біздің өңірде өнер-ғылымның өркендеуіне және әл-Фараби сияқты ұлы ойшылдардың тарих сахнасына шығуына ықпал етті. Ислам дінінің ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет. Осы орайда Ясауи кесенесіне қатысты көне жәдігер туралы айта кеткім келеді. Ислам елдерінде әйгілі дін қайраткерлерінің бейіті міндетті түрде жапқышпен жабылады. Мәдинадағы Мұхаммед Пайғамбардың қабірі де осылай бүркелген. Бұл – Ислам өркениетінің дәстүрі. Ал қасиетті Түркістандағы Ясауи қабірінде көптен бері арнайы жапқыш жоқ. Талай заманнан келе жатқан көне жапқышты қалпына келтіру жұмысы біраз жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған. Мен құзырлы мемлекеттік органға осы құнды мұраны тезірек сапалы жөндеуден өткізіп, тарихи орнына қайтаруды тапсырамын», - деді ол.
Мемлекет басшысының айтуынша, деструктивті насихаттарға біздің еліміздегі балалар да ілесіп кетіп жүр. Сондықтан мұның зардап-залалы өте зор болуы мүмкін.
«Біз халқымыздың рухани негізін құрметтей отырып, мемлекетіміздің зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейте түсуіміз керек. Қазақстан өзінің мемлекеттілігіне және қоғамдық моралына қайшы келмейтін діни наным-сенімдердің, түрлі танымдар мен ілімдердің бәріне түсіністікпен қарайды. Бірақ біз батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды насихаттаушылардың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де! Деструктивті насихаттарға біздің еліміздегі балалар да ілесіп кетіп жүр. Сондықтан мұның зардап-залалы өте зор болуы мүмкін. Таразы басында өскелең ұрпақтың рухани жағынан сау-саламатты болу мәселесі тұр. Біздің осыған қатысты ұстанымымызға саяси ахуал да, жер жүзінде сәнге айналған жаңа үрдістер де әсер ете алмайды. Біз дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыра беруіміз қажет. Ислам қағидаларын өрескел бұрмалап, қатып қалған догма ретінде қабылдайтын отбасылардағы әйелдерді кемсіту, тіпті қорлау фактілеріне ерекше назар аударған жөн. Мұндай отбасылардың тұрмыс-тіршілігі ғылым мен техниканың жетістіктеріне толы XXI ғасырдың өмір салтына мүлде үйлеспейтін сорақы тыйымдар мен тәртіптерге негізделген. Кейбір адамдар әдейі кері кетуді қалап, орта ғасырларға тән ескі таным-түсінік пен іс-әрекетке бой ұратын сияқты көрінеді», - деді Тоқаев.
Жаңалықтар
- Серік Сәпиев орынбасарымен болған жанжалда кінәлі деп танылды
- Петропавлда кәсіпкердің отбасын қырып салған әйел мерзімінен бұрын бостандыққа шықты
- Нани мен Мозес ҚПЛ-да: Қазақ футболы жұлдызды ардагерлерден не күтеді?
- Таразда қарамағындағы балаларды азаптаған Зүлфия Төленова қамауға алынды
- Маңғыстауда 13 жастағы өгей қызын зорлады деп күдікке ілінген ер адам өзін атып тастады
- Светлана Жақыпова еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымынан босатылды
- Қаскелеңде ер адам әйелі мен енесін соққыға жықты
- Ержан Бабақұмаровтың өлімі: сот жабық режимде өтеді
- Бектенов Kazakh Tourism басшысын қызметтен босататынын айтып қорқытты
- Нұрайдың адвокаты түсініктеме беріп тұрған бейнежазбаны таратқандарға шағымданды
- Екібастұзда айырылысқан екі жасөспірім өздеріне қол жұмсады
- Шымкентте өліммен аяқталған жаппай төбелес: тірі қалған адам жансақтау бөлімінен шығарылды
- Жетісу облысында баласын аяусыз ұрып-соққан әйел қамауға алынды
- Астанада ер адам қызды қорлағаны үшін қамауға алынды
- Руслан Закиев: денсаулық сақтау министрлігі диабетпен ауыратындарды «өлтіріп жатыр» ма?
- Алматыда автобус жүргізушісі рөлде отырып қайтыс болды
- Таразда Құндыз бен Назгүлдің қамқоршысы балаларды мас болып ұрып-соққан
- 17 жыл құлдықта болған Құндыздың тағы азапталғаны белгілі болды
- Жогорку Кенештің депутаты бұрынғы әйелін соққыға жықты деген күдікке ілінді
- Шыңғыс Айтматовтың қарындасы жазушының 100 жылдығын тойлаудан бас тартуға шақырды