Тоқаев білім жүлдегерлеріне 6,5 млн-дық сыйақы сертификатын тапсырды

cover Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадаларында жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болған оқушылармен және студенттермен кездесті, деп хабарлайды Orda.kz.       
 

Салтанатты іс-шараға 21 лауреат, сондай-ақ олардың ұстаздары мен тәлімгерлері шақырылды. Физика, химия, биология, математика, информатика, география және лингвистика пәндерінен беделді білім сайысында топ жарған жеңімпаздардың алтауы – алтын медаль, он бірі – күміс, төртеуі – қола медаль иегерлері.
 
Президент білім сайысында үздік нәтижеге қол жеткізген дарынды жастарды жарқын жеңісімен құттықтап, оларға шынайы ризашылығын білдірді.

 

Мемлекет басшысы «Қазақстан – нағыз дарынды жастардың елі. Ұл-қыздарымыз барлық бағытта, әсіресе, білім саласында үздіктер қатарынан көрініп келеді» деп атап өтті.

«Биыл оқушыларымыз 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми сайысқа қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алды. Оның 200-ден астамы алтын медаль. Мұны тамаша жетістік деуге болады. Осы тұста халықаралық физика олимпиадасында керемет өнер көрсеткен оқушыларды ерекше атап өткім келеді. Беделді бәсекеге қатысқан бес талапкеріміздің бесеуі де алтын медаль алып, жеңімпаз атанды. Бұл – бұрын-соңды болмаған бірегей көрсеткіш. Жалпы, біз барлық бағыттар бойынша осындай үздік нәтижеге ұмтылуымыз керек. Қазақстан жастарының әлеуеті оған толық жетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Президент қазір еліміз тарихи өрлеу кезеңіне қадам басқанына назар аударды. Тоқаев мемлекет тарапынан барша дарынды жастарға әрдайым қолдау көрсетілетінін, жастардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін барынша жағдай жасалатынын жеткізді

«Қазақстанның қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін биыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Сіздер, талантты жастар осы жасампаз үдерістердің алдыңғы шебінде жүресіздер. Қазақстан жастары Сіздерге қарап бой түзейді, үлгі алады. Білім мен ғылым, инновация мен озық технология – бүгінгі дәуірдің басты қаруы. Жаһандық бәсекеде білімді, зияткер елдер ғана алға шығады. Сондықтан мен сіздерді «Қазіргі заманның нағыз батырлары» деп санаймын. Мен қазақ жастарының отаншыл, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын. Олар елге жанашыр, табиғатқа қамқор, нағыз адал азамат болуын тілеймін. Атап айтқанда, еріктілердің еңбегін жоғары бағалаймын, қолдаймын. Мен жастарға сенемін!» – деді мемлекет басшысы. 

 

Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың талантын шыңдап, білім берген ұстаздар қауымына алғыс айтты. 

«Қазір біздің ортамызда саналы ұрпақ тәрбиелеп, оларды үздіктер қатарына қосқан ұлағатты ұстаздар отыр. Сіздердің ерен еңбектеріңіз зор құрметке лайық. Қабілетті балаларды оқытып, оларды халықаралық жарыстарға даярлайтын педагогтерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл ең ізгі іс. Сіздердің еңбектеріңізді мемлекет міндетті түрде ескереді. Үкімет пен өңір басшыларына осындай тапсырма беріледі»,— деді президент. 

Мемлекет басшысы салтанатты рәсімде халықаралық пән олимпиадаларында алтын, күміс және қола медаль иеленген оқушылар мен студенттерге сәйкесінше 1500, 1000 және 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай сыйақысы бар сертификаттарды табыстады.

Шәкірттері беделді халықаралық жарыста топ жарған ұстаздар мен тәлімгерлер жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар