Төбесіне металл күмбез құлап қайтыс болған ананың қызы әділдік іздеуде

cover Фото: ашық дерек көздерден

2021 жылдың күзінде жел Астанада романтикалық кездесулерге арналған күмбездің металл құрылғысын бизнес орталығының төбесінен ұшырып кеткен. Салдарынан бір әйел ауруханада екі ай ес-түссіз жатып қайтыс болды. Марқұмның қызы Orda.kz редакциясына хабарласып, анасының өліміне қатысты осы уақытқа дейін әділ тергеу де, сот та болмағанын айтып берді.

2021 жылдың 21 қазанында күндіз Сығанақ көшесінде «А» бизнес орталығы жанында Гауһар Ахметжанованың үстіне салмағы 200 келі болатын металл құрылғы шатырдан құлап кеткен. Ауруханада оған ауыр ми контузиясы, массивті субарахноидальды қан құйылу, контузия, эпидуральды гематома, пневмоцефалия, маңдай сүйегіндегі сызықтың сынуы, бас сүйегі түбінің сынуы, көлемді көгерген жарақаттар, тізе буыны, ми ісінуі сияқты көптеген диагноздар қойылды.

«Үш жыл бұрын анамызды өлтірді деуге болады. Миына төрт рет ота жасалып, екі жарым айдан кейін есін жимай, қайтыс болды. Ақпарат құралдарында үлкен резонанс тудырған мәселе қазір тоқтап қалды. Көптеген сұрақ жауапсыз қалды. Анамыздың үстіне құлаған құрылғыны ғимарат төбесіне кім орнатты? Техникалық қауіпсіздік жағынан ғимаратқа орнатуға тыйым салынған металл құрылымды орнатуға кім рұқсат берді? Елорда көшелерімен серуендегенде басыңа не ұшып түседі деп, қорықпай жүре аламыз ба енді? Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органы мен басқада да жауаптылар қайда қарады? Анамыздың өліміне кім жауапты?», - дейді марқұмның қызы Жұлдыз Тұрсынбек.

                                                     Фото Гауһар Ахметжанованың отбасылық мұрағатынан


Елордадағы тұрғын үй кешендерінің эскиздері мен жұмыс жобаларын әзірлеген Гауһар Ахметжанова сұранысқа ие сәулетші еді. Қазақстан сәулетшілер одағының мүшесі болды. 
Ол қайтыс болғаннан кейін полицейлер Қылмыстық кодекстің 306-бабының 1-бөлігі - қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе өткізу, қызметтерді көрсету бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл іс бойынша бір ғана күдікті бар ол – Әлібек Сәрсекенов.


                                                  Әлібек Сәрсекенов. ВКонтакте парақшасынан скриншот

Кәсіпкер жалға алу арқылы бизнес орталығының шатырын пайдаланып, романтикалық кездесулер өткізетін орын ұйымдастырған. Сәрсекенов ешқандай рұқсат құжаттарынсыз шатырға пленкамен жабылған металл күмбез орнатқан, бірақ оны бекітпеген. Кейін белгілі болғандай, бұл бизнес орталығының төбесі бастапқыда мұндай мақсаттарға арналмағандықтан, оған көлемді және ауыр нәрсені бекітуге техникалық мүмкіндіктер  болмаған.


                                            Сәрсекеновтың Sdelka.kz сайтындағы парақшасынан скриншот

«Жарнамалық билборд болса да, ғимараттың төбесінде мұндай көлемдегі құрылымды орналастыру үшін бизнес-орталық немесе басқа ғимарат қажетті техникалық сипаттамаларға ие болуы керек. Бұл жағдайда олай болған жоқ. Олар салмағы жағынан өте ауыр күмбезді қажетті түрде ғимаратқа орнатпаған. Тіпті мүмкіндіктері болса да, оны қамтамасыз ете алмады», - дейді Жұлдыз Тұрсынбектің мүддесін қорғаушы Елена Бренер.

Қандай да бір себептермен сотқа дейінгі тергеп-тексеру қорытындысы айыптау актісін қайта қарау керек деген қорытындыға келді. 104-бапқа – абайсызда өлімге әкеп соқтыру бабына ауыстырған. Содан кейін, рақымшылық заңы бойынша іс мүлде жабылды. Сәрсекенов осылайша жазадан мүлде құтылды.

2023 жылы Жұлдыз ағасы Ілияс екеуі Сәрсекеновтің үстінен азаматтық іс қозғаған. Сот шешімі бойынша кәсіпкер 2024 жылдың 30 маусымына дейін жәбірленушілерге 10 миллион шығынды өтеуі керек еді. Бірақ Сәрсекеновтің басы басқа да дауға қатысты болып шықты. Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, ол «Газзон» ЖШС директоры, құрылтайшысы және жалғыз қызметкері ретінде басқа да 10-ға жуық салық төлемдері бойынша борышкер екен. Сәрсекеновтің басқа да  заң бұзушылықтары және сот алдында 10 миллионнан астам берешегі бар.

                                                                         Ашық декрек көздерден скриншот

 «Азаматтық сот ісін жүргізу барысында Сәрсекенов бізбен медиацияға келді. Бірақ оның өте көп қарызы бар екені белгілі болды. Бірнеше жылдың ішінде 30-ға жуық несие беруші оны сотқа берді. Ол біздің іс бойынша сот тағайындаған ақшаны ешқашан төлемейтінін түсінеміз», - деді жәбірленушінің адвокаты.

Қылмыстық іс пен азаматтық сотқа қарамастан, Сәрсекенов әлі де жұмысын жалғастыруда. Біз оның профилімен Sdelka.kz сайтында таныстық. Онда ол «жұмыс істеп тұрған, тұрақты кіріс әкелетін» бизнеске инвестор іздейтінін көрсеткен. Ал kz.startup.network платформасында инвесторларды тарту үшін Сәрсекенов сұхбат та жариялапты. Ол бизнесінің дамып, ай сайын екі миллион теңге табыс әкелетінін айтып, оған «жылдам кеңейту үшін ақша керек» деген.

Orda.kz тілшісі мән-жайдың анығына жету мақсатында Әлібек Сәрсекеновке хабарласты. Өзін инвестор ретінде таныстырған тілшіміз тек әңгіме соңында ғана өзінің кім екенінен хабардар қылды.

Романтикалық кештерге арналған күмбезбен 2015 жылдан бастап айналысып келе жатқан Сәрсекенов біраз үзілістен соң бизнесін қайтадан жандандырып жатқанын айтты.

Күмбездің қандай ғимаратта орналасқанын сұрағанымызда ол нақты бір жауап беруден қашқақтады.

«Біз әлі қойған жоқпыз күмбезді. Іске қосу үшін инвестициясыз орынмен келіссөздер жүргізген болмайды, мен оны қолданып көрдім. Орналасқан жерді табу мүлде қиын емес. Мені қаланың жартысы таниды. Менде алдын ала келісімдер бар», - деді Сәрсекенов.

Содан кейін біз оның шатырға құрылғы орнатуға рұқсаты бар-жоғын сұрадық. Рұқсат етілсе, оған кім рұқсат берді және осы мәселелердің барлығын кіммен келісу керек деген сұрағымызға Сәрсекенов өте қызық деректі ашып берді. Біздің елде бұл тармақ заңмен реттелмеген болып шықты.

«Ондай рұқсатты ешкім бермейді, өйткені біздің заңнама тек осы ғимаратта көрсетілгенді талап етеді. Заңнама азаматтар мен заңды тұлғалардан нені көрсетсе, соны ғана талап етеді. Яғни, мұндай құрылымдарды орнату талаптары заңнамада көрсетілмеген», - деді Сәрсекенов.

Жәбірленуші тараптың қорғаушысы бұл мәліметті растады. Қорғаушының айтуынша мұндай күмбездерге қатысты мәселелер Ресейде заңмен реттелген. Сапасыз күмбез жасап, оны бекітпеген азаматқа қатысты бірінші іс осы Сәрсекеновке қатысты екен.

Сәрсекенов тілшімізбен сөйлескеннен кейін Sdelka.kz сайтындағы профилін өшіріп тастады. Сондай-ақ Гауһар Ахметжанованың өліміне қатысты пікір айтудан бас тартты.  
 

«Бұл адаммен сөйлесу мүмкін емес, ол әлі де өз әрекеті үшін толық жауапкершілікті түсінген жоқ. Бірде ол анам ауруханада жатқанда ағаммен сөйлесуге тырысты. Бірақ әңгімелері жараспады. Ол анасымен келген екен. Анасы бізде ештеңе жоқ деп жылай берген. Әңгіме сол жерде тоқтады. Сәрсекенов содан кейін хабарласпады. Ол тіпті кешірім де сұрамады. Біз оны сотта кездестірдік. Ол сотта да кешірім сұрамады», - дейді Жұлдыз Тұрсынбек.

Ғимарат қожайындарына қатысты қылмыстық іс 2023 жылдың соңында Астана қаласы прокурорының орынбасарымен жеке кездесуден кейін ғана қозғалды. Бірақ тергеу марқұм әйелдің қызы мен ұлынан сұхбат алудан әрі ілгерілеген жоқ. Олар жәбірленуші деп танылды, содан кейін іс «қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына» байланысты тоқтатылған. Жақында, 19 шілде көптеген шағымдардан кейін прокуратура тергеуді қайта бастау туралы шешім қабылдады.

Жалпы мұндай металл құрылғылар тек Астанада ғана емес. Біз Қазақстан бойынша төбесінде романтикалық кеш өткізу немесе ұсыныс жасау мүмкіндігін жарнамалайтын көптеген Instagram парақшаларды таптық. Бұл көпқабатты үйлердің төбесіндегі күмбездердің заңдылығын тексеретін мекеме бар ма екен?

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар