Тоқаевтың тапсырмасы және шақалақты «өлтірген» бес дәрігердің хикаясы

cover

Атырауда табиғи түсік жасаған әйелдің баласын «өлтірді, оны тірі күйінде тоңазытқышқа салды» деп айыпталған дәрігерлердің соты аяқталды. Айыптылар орындығында - Атырау облыстық перинаталдық орталығының бұрынғы директоры Қуаныш Нысанбаев, акушер-гинеколог Асқар Қайыржан, акушер Жәмила Күлбатирова, неонатолог- дәрігерлер Руслан Нұрмұханбетов пен Дариға Жұмабаева отыр.

Прокурор Нысанбаевты 20 жылға, ал Қайыржан мен Күлбатированы 17 жылға абақтыға қамауды, қалған екі неонатолог дәрігерді үш жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Дәрігерлердің ешбірі айыпты мойындаған жоқ.


Оқиға 2019 жылғы қыркүйектің соңында Атырау қаласында болған. 26 жастағы Нұржамал Тұрымбетова облыстық перинаталдық орталыққа денсаулығына байланысты 23 қыркүйекте
түскен. Бірнеше күн бойы дәрігерлік көмек алып жатқан ол, 29 қыркүйекте аяқ асты өзі жатқан палатада айы -күні жетпей босанып қалады. Оны көрген акушер медбикелердің бірі жолдасымен
бірге түскен баланы алып арнайы бөлмеге жатқызған соң сол күнгі кезекші неонатолог дәрігер Сағадат Әлімбаева тексеріп, баланың өлі екенін анықтайды. Бұны ол өзінің соттағы сөзінде де растады.


Прокурор 17 жылға бас бостандығын айыруды сұраған акушер Жәмила Күлбатырова сотта баланы мәйітханаға рәсімдеуге апара жатқанда оның кіндігінің әлсіз соғып тұрғанын байқап неонатолог
Әлімбаеваны қайта шақырғанын, оның баланың өлі екенін екінші мәрте растағанын айтты. Бірақ, сол күні кешке Атырау облыстық перинаталдық орталықтың директоры Қуаныш Нысанбаевтың телефонын тыңдап жүрген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлері орталыққа баса көктеп кіріп, мұздатқыштағы баланың денесін шығарып алып әрі сол күні кезекшілікте болған акушер гинеколог Асқар Қайыржанды кісендеп
алып кетеді.

Кейін республикалық және жергілікті баспасөз құралдарында «статистикалық мәліметтерді бұзбау үшін тірі баланы өлтірген парақор дәрігерлер» мен оларға қозғалған қылмыстық іс туралы
ақпарат тарай бастайды.

ORDA. журналистері де оқиға орынында болып, соттың жарыссөздеріне қатысып әрі тараптармен әңгімелескен еді.

"Тоқаевтың тапсырмасын орындап жатырмыз"

Дәрігерлерге қатысты қылмыстық іс алдымен аймақтық жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі департаментінің Атырау облыстық перинаталдық орталығының бұрынғы директоры Қуаныш
Нысанбаевтың «жемқорлық әрекетін анықтап» қозғаған. Қылмыстық істегі бес эпизод осыған арналған. Оның бірінде инвазивті процедураны жасайтын дәрігер Клара Салимованы «қызметін
асыра пайдаланып жұмысқа алып, оған 1 миллион теңгеден астам қаражат жұмсағаны» айтылса, енді бірінде «сот медэкпертизаға өзгеріс енгізу үшін» патологоанатомға 300 мың теңге пара бермек болды, 10 000, 2000 теңгеден пара алды деген «фактілер» тіркелген.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі қызметкерлері іс қозғау мен айыптауға 29 қыркүйекте кешке қарай Қуаныш Нысанбаев пен Асқар Қайыржанның арасындағы телефон әңгімелерін негіз еткен. Бірақ сотта тыңдалған әңгіменің толық нұсқасын «сақталмаған» деген желеумен ұсынбады. Дәрігерлер «қылмысы» басты куә – мекеме санитары Светлана Козлованың «мен баланың көмекке шақырып, демалуға жанталасып жатқанын көрдім, танауын да тыржитты» тәрізді сөздерімен «дәлелденген». Козлованың өзі журналистпен сөйлесуден бас тартты. Ал қалған екі эпизод - бірі баласын өз еркімен алдыртқан Роза Молдағалиева мен аяқ асты түсік тастаған Нұржамал Тұрымбетоваға қатысты.

Айыптау актісінде көрсетілгендей, 44 жастағы Роза Молдағалиеваның кезекті жүктілігіне тексеру жасау барысында іштегі балада Даун ауруына шалдыққан генетикалық ауытқу барлығы анықталып, әйел өз еркімен жүктілігін тоқтату үшін портал арқылы кезекке тұрып, орталыққа жатқан. Алайда сот процесінде ол баласының тірі туғанын көлденең тартып, дәрігерлерді «өлтірді, кішкентай қызыма дәрігерлік көмек бермеді, оның бейітінің қасынан өткен сайын
жүрегім ауырады, сол баланың кесірінен көп қиындыққа душар болдым» деп 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуді талап еткен.

Нұржамал Тұрымбетова да сотта дәрігерлерді айыптап, жалпы сомасы 27 миллион теңге моральдық өтемақы сұрады. Ол ORDA.- мен кездесуге құлықты болмады.

Сотталушылардың адвокаттары сотқа дейінгі тергеуде дәрігерлердің ешбірі жауапталмағанын, беттесудің болмағанын, айыптардың дәлелденбегенін айтқанымен, оған судья мән бермеді. Бірақ талай әйел мен нәрестені ажалдан арашалап жүрген амбициялы, жеке позициясы мен пікірі бар, жаңашыл жас дәрігерлерді «әдейі кісі өлтіруші», «парақор» етіп көрсету кімге керек болды?

Сотта айыптау тарабы, сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі офицері Бауыржан Ертаев «Тоқаевтың арнайы тапсырмасын орындағандарын» айтқан.

Дәрігерлердің айта алмаған уәжі


ORDA. уақытша қамау изоляторындағы дәрігерлермен олардың адвокаты арқылы сөйлесуге қол жеткізген еді. Атырау облыстық перинаталдық орталығының бұрынғы бас дәрігері Қуаныш
Нысанбаев өзіне тағылған айыптарға қатысты былай деді:

«Біздің облыста инвазивті процедура жүргізетін маман жоқ. Сол себепті Клара Салиманованы жұмысқа алдық. Ол өте тәжірибелі маман. Бұрын оның орынында мамандар болғанымен бұл
процедураны жүргізе алмаған. 2012 жылдан бері мұндай процедуралар мүлдем жүргізілмеген. Екіқабат әйелдер Алматы мен Астанаға сабылып жүрді. Атырау облысы осы уақытқа дейін Даун, генетикалық хромосомалы аномалиядан бірінші орында болды. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан «неге мұндай аномалияның алдын алмайсыңдар» деген ескерту жиі айтылып келді. Бұл - өте күрделі процедура. Егер оны дұрыс жүргізбесе жүктілікке қауіп төнеді. Біз тәжірибесі мол Салиманованың көмегімен орта медперсоналды үйретіп, Мақсат Туғанбаев есімді маманды осы процедураға арнайы оқыттық. Ол қазір Атырау облысындағы осы саладағы жалғыз маман. Осы әрекетім үшін «Нысанбаев Клара Салимановаға 1миллион 139 мың теңгені артық төлеп, мемлекеттік мүддесіне зиян келтірді» деп айыптады.

«Нысанбаев Атырау облыстық сот сараптамасы институты басшысына 300 мың беруге оқталды, емделушілерден жалпы сомасы 22 мың теңге пара алды» деген айыптардың еш негізі жоқ.
Әріптесім Бауыржан Төлеген екеуміздің арамызда ақша туралы әңгіме болғаны рас. Ол сотта «маған Нысанбаев ешқандай ақша берген жоқ» деп анық айтты да. Ал екі рет 10 мың теңге, бір
мәрте 2 000 мың теңге алды деген айып пациенттердің сүйіншіміз деп қолқалап бергені екенін растаймын».

«Роза Молдағалиева - «имунная водянка, даун синдромы» туралы ВКК анықтамасымен келіп өз еркімен жүктілікті бұзуға келген пациент. Мен ол кезде іссапарда болғанмын. Жүктілікті үзген кезде бала тірі немесе өлі тууы да мүмкін. Оны ВКК қарап берген Ермағамбетов және өзі әйелді босандырған. Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы №1027 бұйрығына сәйкес мұндай жағдайда ешқандай реанимациялық шаралар жасалмайды, тек интенсивті бақылау жүргізіледі. Анасы сотта «егер оны тірі туған бала ретінде әділет министрлігіне тіркесе, көп балалы ретінде өтемақы алатын едім», деген уәж айтады.

«Оның өлімі туралы патологанатомиялық орталық береді, біз емес. Бірақ оны да менің мойныма іліп отыр. Акушер гинеколог Асқар Қайыржан Тұрымбетова баласы дүниеге келген күні кезекшілікте болған».

«Сол 29 қыркүйек күні сағат 15-тер шамасында «отслоение плацента» диагнозымен келіп түскен, үлкен көлемде қан кетіп жатқан, жағдайы аса ауыр пациентке ота жасап, оны реанимацияға ауыстырып шығып тұрған бетім еді. Менің басты қателігім Нысанбаевқа телефон соғып, естігенімді айтқаным. Әдетте бала кислородтың негізгі көзі -жолдасымен бірге туғанда оның тірі қалуы екіталай. Яғни сәби жатырда соңғы демін алған, ал туғанда дем алмаған. Оны Оралда жасалған сот сараптамасы «инфекция белгілерінің пайда болуы, қан айналымының бұзылуы, некроз білгілері» туралы нақты көрсеткен. Нысанбаевпен әңгімеден соң екі неонатологпен баланы тағы қарап, жұмысымызды жалғастырып жаттық. Артынша орган қызметкерлері сау етіп кіріп, мені кісен салып алып кетті», - дейді ол.

54 жастағы Жәмила Күлбатирова мен екі неонатолог дәрігердер де сотта баланың өлі туылғаны туралы айтты.

Адвокат күдігі

Қуаныш Нысанбаевтың адвокаты Аслан Жолболовтың айтуынша, сотқа дейінгі тергеу кезіндегі Орал қаласы зертеуінің қорытындысы айыптаушы тараптың көңілінен шықпаған. Кейін 48 күннен
соң баланың мүрдесіне эксгумация жасалып, зерттеуге Қарағандыдағы сот медициналық сараптамасы жасауға қайтадан жіберген.

«Оқиға тура детективті фильмдердегідей шым- шытырық жайттарға толы. Қарағандыға жіберілген мәйіттен келген қорытындыны алдыңғысымен салыстырғанда шаштың ұзындығының 2.5 см «өскенін" көрсетеді. Бұдан бөлек материал салынған контейнердегі жапсырылған қағаздардың ауыстырылып, құжат мен контейнер нөмірінің сәйкессіздігінен мүрденің ауыстырылғанын анық байқауға болады. Менің бұл уәжіме мемлекеттік айыптаушы да, сот та мән бермеді. Егер қылмыс дәлелін тапса, мүрдені ауыстыру кімге керек?»,- дейді ол.

35 жастағы Қуаныш Нысанбаев - «Болашақ» бағдарламасының стипендианты. Оңтүстік Кореяда білім алған. Гинекологиялық аурулардың кез келген түріне ота жасайтын өз ісінің шебері ретінде танымал. Ал 36 жастағы Асқар Қайыржан да болашағынан үміт күттірген гинеколог дәрігер.

Сотталушылар орындығындағы жасы үлкені - отыз жылдан астам еңбек өтілі бар Жәмила Күлбатирова.

Атырау облыстық перинаталдық орталығында 62 дәрігер мен 215 орта білімді медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Орталықта гинекология бөлімі, жаңа туған балалар патологиясы бөлімі, босану залы, консультативтік-диагностикалық бөлім, тууға дейінгі бөлім, күндізгі стационар мен босанғаннан кейінгі, қабылдау және оңалту бөлімдері бар. Орталық - маңыздылығы жағынан аймақта үшінші орындағы медициналық мекеме. Аудандардан санавиациямен әкелінген ауыр науқастар алдымен осында жеткізіледі.


Соттың соңғы күні Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотына қаладағы емханалар, перзентхана мен перинаталдық орталықтың 50-ден акушер гинеколог дәрігерлері мен акушерлері жиналды. Процесс ашық болғанын судья Гүлмира Дәулетова пандемия қаупін алға тартып, әріптестеріне қолдау білдіруге келгендерді кіргізбеді.

Республикаға жайылған Нұржамал Тұрымбетованың баласын «қасақана өлтірген» хикаядан соң жұрт жергілікті дәрігерлерді «ақ халатты қанышерлер» деп атай бастады. Психологиялық
қысымға шыдамаған орталықтың 31 дәрігері «БАҚ пен әлеуметтік желідегі сотсыз, тергеусіз, дәлелсіз қаралуға төзе алмайтындарын айтып» өз бетімен жұмыстан кету туралы өтініш жазған.

Автор: Рахила Ақшайық

Атырау

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар