Тарбағатай – Аягөз жолындағы «1 млрд теңгелік заңбұзушылық» туралы мәлімдемеге «ҚазАвтоЖол» жауап берді

cover Фото: freepik.com

Тарбағатай – Аягөз тасжолындағы миллиард теңгенің дауына «ҚазАвтоЖол» жауап берді. Компания әлеуметтік желіде тараған сапасыз жөндеу мен ықтимал заңбұзушылық туралы айыптауларды жоққа шығарды, деп хабарлайды Orda.kz.

Facebook желісінде жарияланған жазба авторы «Гордорстрой» компаниясы жүргізіп жатқан Тарбағатай – Аягөз автожолының 66 шақырымдық бөлігіндегі жөндеу жұмыстарының сапасына күмән келтірді.

Жазбада автор асфальттың сапасы төмен, жол жабынының қалыңдығы талапқа сай емес, төсеу технологиясы сақталмаған, жол жиегінде ақаулар бар, жол беті толқынды және өзге де кемшіліктер анықталғанын мәлімдейді. Сондай-ақ ол тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен техникалық тексеру жүргізуді талап етіп, анықталған заңбұзушылықтардың көлемі кемінде 1 млрд теңгені құрайтынын дәлелдеуге дайын екенін жазған. Осыған байланысты редакция «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Абай облыстық филиалына ресми сауал жолдады.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Абай облыстық филиалының мәліметінше, аталған учаскедегі орташа жөндеу жұмыстары биыл басталған. Жоба ведомстволық сараптамадан өтіп, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» оң қорытындысын алыпты.

«Бейнежазбада көрсетілген технология – ресайклерлеу. Бұл әдіс жол негізінің беріктігін арттыруға, жол конструкциясының қызмет ету мерзімін ұзартуға және қолданыстағы материалдарды қайта пайдалануға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді мекеме.

Филиалдың хабарлауынша, ресайклерлеу кезінде жолдың қолданыстағы негізі арнайы техникамен өңделіп, оған 20–40 мм фракциялы қиыршық тас пен цемент қосылады. Соның нәтижесінде қалыңдығы 20 сантиметр болатын нығайтылған қабат қалыптасады.

Сондай-ақ мекеме асфальтбетон мен битум сапасы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мен тәуелсіз зертханалардың тұрақты бақылауында екенін хабарлады. Жол жабынының ені мен қалыңдығы қолданыстағы нормативтерге сәйкес анықталатыны, ал жол жиегі тегістелгеннен кейін міндетті түрде тығыздалатыны айтылған.

Бұдан бөлек, филиал орташа жөндеуден өткен жолдарға кемінде 36 ай кепілдік берілетінін еске салды. Осы мерзім ішінде мердігердің жауапкершілігіне жататын ақаулар анықталған жағдайда, оларды мердігер ұйым өз қаражаты есебінен жоюға міндетті.

Оқи отырыңыз:

Тоқаев дипломатиясы: Euronews медиажелісінде Орталық Азия халықтарының ішінде алғашқы болып қазақ тілі қолданысқа енеді

Тасмағамбетовпен бірге қызмет еткен бұрынғы шенеунік халықаралық іздеуге жарияланды

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар