Тараздағы жеті қыз жабылып кастетпен ұрды деген оқиға ойдан шығарылған

cover Фото: Pixabay

Тараздағы жеті қыз жабылып соққыға жыққан оқушының жақындары ойдан шығарылған жалған оқиға үшін жалпақ жұрттан кешірім сұрады, деп хабарлайды Orda.kz.       

Екі күн бұрын жұрт өретүрегеліп, наразылық танытқан Тараздағы №51 мектептің оқушысын «жеті қыз жабылып кастетпен ұрып, жансақтау бөліміне түсірді» деген ақпарат таралған болатын.

Жәбірленушінің жақындары оқиға қала көшелерінің бірінде болғанын айтып, бір топ қыз жабылып, мектеп оқушысын ұрып-соқты деп шу көтерді. Олардың айтуынша шабуыл кезінде қыздар кастет қолданған. 

Сонымен қатар осы оқиға салдарынан қыз ауыр жарақат алып, екі күн жансақтау бөлімінде жатыр деген әңгіме де БАҚ пен әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Тіпті оның біраз уақыт жүре алмай, мүгедектер арбасымен қозғалғаны да айтылды.

Алайда полиция әлеуметтік желіде тараған бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

 «Тергеу барысында кәмелетке толмағандардың кастет суық қаруын қолданғаны туралы ақпарат расталған жоқ. Қазіргі уақытта жәбірленуші үйінде амбулаторлық ем қабылдап жатыр» деп жазылған полиция департаменті хабарламасында. 

Сонымен қатар қалалық әкімдік те жасөспірімнің жансақтау бөліміне түскенін жоққа шығарды. 

«Жасөспірімнің жансақтау бөліміне түскені туралы ақпарат жалған. Оқиға 6 наурыз сағат 16:00 шамасында болған. Қыздар өзара мәмілеге келу үшін кездескен. Сөзге келіспей жанжалдасқан. Сол кезде оқушы балалар ауруханасына түскен. 11 наурызда оқушы үйіне шығарылды», - деді әкімдік қызметкерлері.  

Туыстары оқиғаға қатысты бейнежазба бар екенін айтып, соған қарамастан күдіктілер әзірге бостандықта жүргенін мәлімдеп, бұл іс қоғамда кәдімгідей резонанс тудырды.  Онымен қоймай, жәбірленуші тарап қазіргі уақытта  өздеріне белгісіз адамдардан қоқан-лоқы жасап жатқанын айтып, жергілікті полициядан шара қолдануды сұраған еді.

Кейіннен істің мән-жайы анықталып, жалған ақпарат бергендері үшін кешірім сұрады. Екі күннен кейін  жәбірленушінің жақындары бейнежазба түсіріп бұл деректерді жоққа шығарды.

«Мен, Бисембетова Гүлбаршын 17-сі күні Тараз қаласындағы №51 мектепке балаларымды орналастырғанмын. Тараз қаласының тұрғыны боламыз», — дейді бейнежазбадағы әйел.  

Қыздың туыстары шынымен төбелес болып, ауруханаға түскенімен ешқандай да жансақтау бөліміне жатпағанын, кастетпен ұрмағанын айтты.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кінәлі жасөспірімдер ата-анасымен бірге полицияға жеткізілген.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар