Таразда Қордайдағы қақтығысқа қатысты сот процесі әлі жалғасып жатыр

cover

2020 жылдың желтоқсанынан бері 51 айыпталушы сот залында іске қатысты пікір білдіріп, адвокаттар мен прокурорлардың сұрақтарына жауап берді. Сот процесі апта бойы таңертеңгі тоғыз жарымнан кешкі алты жарымға дейін жалғасады. Сотталушылардан бөлек куәгер мен жәбірленушілерден де пікір алынды.

«Сот залында қағаз лақтырмаңыздар»

16 ақпанда Қаракемер ауылының тұрғындары айыпталушы Елдар Нұрдәлінің (272 бап, жаппай тәртіпсіздікке қатысу) ісіне қатысты куәгер ретінде сотқа онлайн қатысты. Олар айыпталушыны сол күні Қаракемерден көргендерін айтты.

Одан бөлек Ауқатты ауылындағы қақтығыс кезінде дүкенге шабуыл жасағандардың видеосы көрсетілді. Бұл іс бойынша дүкеннің терезесін сындырып, ұрлық қылғандардың арасында болған деп Азамат Тореев айыпталып отыр.

17 ақпандағы сот процесін судья Айдарбек Зембаев сотталушыларға, оның ішінде Хижин Исмарға (272 бап, жаппай тәртіпсіздікке қатысу) ескерту айтумен бастады.

«Сіз сот залында отырып, қағаз, сүйек (жеміс сүйегі – ред.) лақтырған екенсіз. Оны әдейі лақтырмаған шығарсыз, бірақ ол абайсызда конвойға тиді. Оның жауап қайтаруы орынды. Сіз мектептегі оқушы емессіз, сот залында отырсыз. Бұл бірінші әрі соңғы рет болсын. Келесі жолы сот процесін бұзғаныңыз үшін сотқа құрметсіздік көрсетті деп жауапқа тартыласыз», - деді ол.

Сондай-ақ өзге айыпталушыларға отырыс кезінде тыныш отыруды, өзге қатысушыларға бөгет келтірмеуді ескертті.

Газета.ru

«Адамдар шекара бекетін бұзып өтті, полицияның шамасы келмеді»

Бүгінгі сотта ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/1 мекемесіндегі сотқа бірнеше куәгер мен жәбірленуші келді. Түске дейін тек оның біреуі ғана тыңдалды, қорғаушы келмеуіне байланысты өзгесінің пікірін тыңдау кейінге қалдырылды.

Сотқа жәбірленуші ретінде келген Қордай ауданының тұрғыны, жанжал болған аумақтағы Қарасу бақылау-өткізу бекетінде күзетте тұрған, шекара ротасының командирі Ерзат Карменов сол күні қандай жағдай болғанын айтты.

«Жетінші ақпанда сағат тоғыздан бастап Қарасу шекара бекетінде аға шекарашы ретінде тұрдым. Жанымда бір офицер және төрт солдат болды. Сол күні түстен кейін Масаншы ауылындағы жағдайлар туралы естідік. Естіген сәттен бастап жанжал тынышталған тоғызыншы ақпанға дейін жұмыс істедік. Бақылау бекеті шекара аймағына кіреді. Біз адамдардың жеке куәлігін тексеріп, сол куәлікпен өткіземіз. Бірақ кешке қарай адамдар, көліктер көбейіп, оларды бақылауға шамамыз жетпеді», - деді ол.

Айтуынша, адамдар бекеттегі шлагбаумнан жаппай өте бастаған, тіпті кейбірі оны айналып өтпекші болған. Кейінірек көліктер да көбейіп, біреуі шлагбаумды бұзып өткен.

«Машинаның капоты шлагбаумның астына кіріп, итеріп кетті. Біз тосқауыл қойған едік, оны мыжып кетті. Жүргізушісі түсіп, оны алып тастап, басқа машиналарды өткізбек болды. Менің жаныма келді, екеуміз ұстасып қалдық. Ұрып, тепкен жоқ, жарақат алмадым. Кейін ол машинасына мініп, Масаншыға қарай кетті», -деді аға шекарашы.

Профиль.ru

Адвокаттардың шлагбаумға неге құлып салуға болмады деген сұрағына «көлікттердің қалың нөпірі өтті, арасында жедел жәрдем көлігі, арнайы техника болды, үнемі құлыптап отыра алмаймыз», - деп жауап берді.

Кейінірек бақылау бекетіндегілерге көмек ретінде шекара заставасынан он адам, қосымша полиция қызметкерлері келген. Бірақ олардың да қалың топты бақылап, құжаттарын тексеріп кіргізуге шамалары келмеген. Осы кезде қорғаушылардың бірі «неге сіздер құжатсыз машинаны жібердіңіздер, неге оларға тосқауыл қоюға тырыспадыңыздар» деп сұрады. Оның сауалына Ерзат Карменов: «Қайталап айтайын, көліктер легімен өтіп жатты. Оларға шамамыз келмеді. Сіздер ол жерде болған жоқсыздар, білмейсіздер»,- деп жауап берді. Жәбірленуші болғанына қарамастан оған судья ескерту айтты.

«Сіздерге шекараны сеніп отырмыз. Қазақта «жеген наныңды ақтап же» деген сөз бар.Сіздер өз қызметтеріңізді өте төмен атқардыңыздар. Сот сізге ескерту айтады», - деді судья жәбірленушіге.

Одан бөлек қорғаушылар бекеттен нақты қандай адамдардың өткенін, машиналардың нөмірін сұрады. Карменовтың сөзінше, кейбір көліктердің нөмірі болған, кейбірінде болмаған. Ал нақты қандай адамдар өткенін, қай жақтан келгендері есте жоқ.

«Олардың қолында ештеңе болмады, бекетке шабуыл жасамады. Сондықтан біз қару қолданбадық. Бірақ машиналардан кейін шлагбаум зақымданды. Ал адамдар шекарашыларды итеріп, балағаттап, дөрекі сөздер айтты», - деп түсіндірді.

Сөзінше, адамдар мен көліктердің қалың нөпірі түнгі үшке дейін болған, тек таңға жуық тарай бастаған. Сегізінші ақпан күні таңертең тағы да көбейе бастаған.

Сот барысында адвокаттар жарақат алмаса оның неге жәбірленуші ретінде келгенін түсінбейтіндерін айтты. Ерзат Карменов «өзін жәбірленуші ретінде көрсетегенін, оқиға біткен соң тергеу шақырып, сотқа жіберді» деп түсіндірді.

Бірақ жәбірленуші ретінде ешқандай материалдық өтемақы талап етпейтінін де мәлімдеді.

2020 жылы 7 ақпанда Масаншы, Бұлан батыр, Ауқатты ауылдарында болған қақтығысқа қатысты соттың осы уақытқа дейін отыздан астам тыңдалымы өтті. Әзірге айыпталушылардан бөлек куәгерлер мен жәбірленушілер тыңдалып жатыр. Сот процесіне алпысқа жуық адвокат және қосалқы қорғаушылар қатысып отыр. БАҚ өкілдері сот залында отырмайды, бірақ қалалық сот ғимаратынан онлайн бақылайды. Ал айыпталушылардың туыстары сот ғимаратына ПТР тест тапсырып қана кіре алады.

Әсем Қаратай

Тараздан

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар