Таразда күдікті тоқтап тұрған көлікті соқты: 18 жастағы жігіт қайтыс болды

cover

Тараз қаласында жол көлік апаты орын алып, 18 жастағы жігіт оқиға орнында қайтыс болған. Жас жігіт тізгіндеген Nexia автокөлігінің артқы жағынан соққан 28 жастағы бұрынғы әкімдік қызметкері оқиға орнынан қашып кеткен. Іздеу жарияланып, күдікті 25 қараша күні ұсталды. Кейін одан полиция қызметкерлері түсініктеме алып, қайтадан жібере салған. Сонымен қатар оның үстінен басқа іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқан.

Не болды?

23 қараша күні Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында таңғы сағат 06:30 шамасында Сейфуллин-Әл-Фараби көшелерінің қиылысында ЖКО орын алды. Оқиға орнында қайтыс болған Мейірбек Уалиханұлы жақында ғана 18 жасқа толған. Колледж студенті болған. Ол кешкі уақытта Nexia автокөлігімен такси жүргізушісі болып қызмет еткен. 23 қарашаның кешінде көлігінің дөңгелегі жарылып жол ортасында тоқтауға мәжбүр болып, апат кезіндегі қолданылатын белгілерді жол үстіне қойған. Қосымша дөңгелекті алу үшін көліктің жүксалғышын ашып тұрғанда арт жағынан BMW автокөлігі келіп соққан. Nexia көлігі оң жаққа, Мейірбектің өзі сол жақ бетке ұшып кеткен.

Мейірбек Уалиханұлы. Фото: Ағасы Нұрболдан алынды

Мейірхан Уәлиханұлының ағасы Нұрбол есімді азамат Orda.kz журналисіне оқиғаның анық-қанығын айтып берді.

- Есіміңіз кім?

- Нұрбол

- Оқиға Тараз қаласының қай жерінде болды және қалай болды?

- Негізі, көліктің дөңгелегі жарылып қалған, Сейфулин мен әл-Фараби көшесінің қиылысында, інім көліктің жүк салғышынан артық дөңгелегі бар ма деп қарап жатқанында артынан келіп соққан. Апаттық белгі беретін жарықты жағып, арнайы жол белгілерін қойған.

- Қандай көлік?

- Nexia автокөлігі, жаңа көлік болған.  Дөңгелегін ауыстырып жатқан кезде соқпаған, апат шамын жағып, белгіні қойып, жүк салғыштан артық дөңгелегін алғалы жатқанда келіп соққан.

- Қай уақытта болған жағдай?

- Таңғы 6:10 кеткенде болған.

- Інім такси боп жүретін, үйленбеген 18 жасқа 4-5 ай бұрын толған. Колледжде оқитын, нақтысын айта алмаймын. Үйде төрт ағайынды, қарындастары бар. Жанұясын асырау үшін, әкесіне көмектесу үшін такси қызметінде жүрді. Үйлері жоқ еді, үкімет үй берген 10 мөлтек ауданынан.

- Екінші көлікпен соққан азамат қашан ұсталды?

- Қаққан адамды сол күні қамамаған, екі күннен кейін ұстадық деді. Екі күннен кейін түсініктеме алған да қайтадан босатып жіберген. Біз президентке таңертең үндеу жібергеннен кейін түсте қамадық деп хабар берді. Біз үндеу жібермесек қамамайтын еді.

- Төрт күндей бостандықта жүрген.  Жан- жағында ешқандай көлік жоқ болса да сол көлікке келіп соғылған, өзі әкімшілік қызметкері екен. Бізге камераларды көрсетпейді. Бізге тек қана бір ғана камераны көрсетті. Жан- жағында 2-3 жол бар болса да келіп сол машинаны соққан. Оқиға болған жердің фотосы жоқ, сол жерде абдырап жүріп түсіре алмадық. Бейнебақылауларды әкесінің өзіне әрең көрсетті, бірақ жазып алуға рұқсат бермеді.  Автокөлікті қатты соққыдан алдына дейін жинап тастаған, өзі жанында болған, тоғыз метрдей ұшырып жіберген, өзі айналып қашып кеткен.

- Тоқтап көрмеген бе?

- Тоқтамаған! Содан кейін біз оны екі күн іздедік. Полиция қызметкерлері де бізге жалған ақпарат берді. Сол кезде де «іздеп жүрміз» деді. Сосын екі күннен кейін өзі келді деді. Өзі келіп мойындады деді. Қасындағылары да ішіп алған. Қасындағылары да мойындаған. Оларды да ұстап алған. Басқа кафедегі видеоларды да жоқ қылып тастаған. Сол кафеде балалар естіген. Өзінің кафесі бар екен. Қазір атын ұмытып тұрмын. Малибуға қарама қарсы орналасқан. Өзінің кафесі бар екен! Балалардан естідік. Сол кафедегі видеолардың да көзін жойған. Тайвань жаққа машинасын тастап, ары қарай қашқан. Сол жақтағы видеолардың бәрін жоқ қылып тастаған. Анау қасындағы кісілерді видеомен ұстап алды ғой, сол видеолардың да көзін жойған. Бір ғана видеоны көрсеткен оның өзі дұрыс түспей қалған. Ол Сейфулин көшесінде көптеген видеокамералар бар. Ол жақта «Бекарыс» деген кафеде де камера бар. Мына жағындағы «Лото» дегенінде де екі-үш камера бар. Заправка да екі-үш камера бар. Бәрін жоқ қылып тастаған.

Мен оқиға орын алған жерге бардым, бірақ видео, фото түсіретін шама болмады. Анасын ұстап қалдым. Әкесі өзі басқа қалада жұмыс істеп жүр еді. Әкесі біреудің камазын айдайды. Анасы жұмыссыз, кішкентай балаларына қарайды. Кіші балаларының бәрі мектеп жасындағы балалар.

Әкімдік қызметкері

BMW тізгіндеген азамат расымен да Тараз қаласы әкімдігінде жұмыс істеген. Бірақ 2021 жылдың 25 наурызында өз еркімен жұмыстан шығып кеткен.

«2020 жылдың 10 қыркүйегінде «Жамбыл облысы Тараз қаласы әкімдігіне қарасты «Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры лауазымына қабылданып, аталған қызметте 6 ай қызмет атқарып, 2021 жылдың 25 наурызында өз өтініші негізінде қызметінен босатылған. Бүгінгі күні Ж. қала әкімі аппараты мен қала әкімдігі бөлімдерінде жұмыс істемейді және ешқандай еңбек қатынастарында жоқ» делінген әкімдіктің Orda.kz тілшісіне берген жауабында.

Сонымен қатар, жол көлік оқиғасына қатысы бар BMW көлігі жүргізушісінің қазіргі таңда Тараз қаласы №2 сотында «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша сотта ісі қаралуда. Бұл қылмыстық істе Ж. Тараз қаласы әкімдігі аппараты «Медиа орталық» КММ басшысы ретінде ЖШС-ға аяқталмаған жұмысқа толық төлем жасап жібергені қаралып жатыр. Қаржы көлемі: 79 млн теңге.

Полиция қызметкерлері не дейді?

Редакция тілшісінің сауалына Жамбыл облысы полиция департаментінен төмендегідей жауап келді:

«Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345 және 347-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Тараз қаласы Полиция басқармасының қызметкерлерімен 28 жастағы күдікті анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Тиісті сараптамалар тағайындалды» делінген жауапта.

Қайтыс болған 18 жастағы жігіттің туыстары оқиғаға себеп болған азаматтың заң шеңберінде толық жазалануын талап етеді.

– Жазасын алсын, - дейді марқұм Мейірханның ағасы Нұрбол.

Исламбек Дастан, Тараз қаласы

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар