Талғардағы 16 жасар Шерзаттың өлімі: Тың ақпараттар мен оқиғаның егжей-тегжейі

Талғардағы 16 жасар Шерзат Полатты айуандықпен өлтірген «хуторлықтар» деген кімдер? «Қанды қырғында» қанша адам болды? Марқұм жасөспірімнің туыстарының митингке шығуы неге қоғамда резонанс тудырды, деген сұрақтарға жауап алу үшін Orda.kz тілшісі оқиға орнына барып Шерзаттың туыстарымен тілдесіп, қаралы түннің егжей-тегжейін біліп қайтты.
Бірнеше күн өтсе де, Талғарда болған сұмдық жәйтті талқылау қоғамда әлі де жалғасуда. Ақпарат көздері оқиғаға қатысты көптеген мәліметтер мен болжамдар, қауесеттерге толы. Әлеуметтік желілердегі жергілікті пабликтерде Талғарда мұндай төбелестер мен қылмыстық оқиғалар жиі болып тұратыны жайлы айтылып жатыр. Сол жақтың тұрғындары бастарынан өткен оқиғаларды бөлісуде. Ал марқұм жасөспірімнің туыстары тікелей эфирге шығып, қылмысты объективті тергеуді талап етті.
Оқиға қалай болды?
Оқиға «қамажай» дүкенінің жанында, Менделеев көшесінде болған. Бұл көшеде қайтыс болған Шерзат Полаттың отбасына тиесілі дүкен орналасқан. Қазір дүкеннің кіреберісінде шағын мемориал тұр. Онда өлтірілген жасөспірімнің суреті мен гүлдер жатыр.

Негізінде бұл отбасы Талғар қаласында емес көрші Азат ауылында тұрады. Дүкенде әдетте Шерзаттың анасы Гүлбара жұмыс істейтін. Бірақ 3 қазан күні кешке, бейсенбіде, оның орнына күйеуі Іле ауданында жедел жәрдем фельдшері болып жұмыс істейтін Қаржаубай Нұрымов тұрған екен.

23.20 шамасында бейтаныс 2 жігіт дүкенге кірген. Олардың бірі сыра сатып алғысы келген, бірақ заң бойынша 23.00-ден кейін алкоголь сатуға тыйым салынғандықтан, сатушы сыра сатудан бас тартады. Әлгі жігіт дауласа бастайды, ақыры Қаржаубай сыраны сатуға келіседі. Оған ақша аударымы туралы чек көрсеткен, бірақ төлем туралы хабарлама келмеген соң ол алдап жатқанын түсінеді. Бір-бірімен айқайласа бастаған соң сатушының айтуынша, ол ақырында келушіге: «Жарайды, алғаныңды ал да, кет, төлеудің қажеті жоқ», — деп айтқан.

Әңгімеге кездейсоқ куәгер болған Шерзат Полат әу баста дүкенге ұялы телефонның қуаттағышын алуға кірген екен. Сыра ұстаған жігіт сыртқа шыққан соң Шерзат оның соңынан еріп кеткен. Әкесіне дауыс көтеріп, ақыры алған сырасының ақшасын төлемей кеткен бұзақымен сөйлеспекші болады. Сөздері келіспеген соң Шерзат оның бетінен ұрады. Қаржаубай сыртқа жүгіріп шығып, оларды ажыратып алған. Содан кейін әлгі жігіт телефон шалып біреулерді шақыра бастайды.

Қаржаубайдың айтуынша, бірнеше минуттан кейін дүкеннің алдына тағы 3 жігіт келген. Ол сол сәтте ұлын дүкенге кіргізіп алады.
«Мен: «Жігіттер, келіңдер, мәселені шешейік. Мен әкемін, ұлым үшін жауап беремін», — дедім. Содан кейін олардың бірі маған: «Менің атым Нұрбол, мен хуторлықпын, мені бәрі біледі» деді. Мен: «Сенің бәріне белгілі екенің жақсы, бірақ мен сені танымаймын және білгім келмейді. Бірақ мәселені ұрыссыз шешейік. Егер қаласаң, мен сендердің зардап шеккен жігіттеріңе емінің ақысын төлейін. Қаласаң, кафеде шәй-тамақтарыңды алып берейін дедім. Қаласаң, ақша беремін» деп жауап бердім», — дейді Қаржаубай.
Осы уақытта дүкенге Қаржаубайдың ағасы Нұрқанат та келді. Ол әлгі Нұрбол деген жігітпен таныс болып шығады. Сол сәтте ол 3 жігітке достарының сыра үшін ақша төлемегенін дәлелдеп береді. Ақыр соңында барлығы келісіп, жанжал шешіледі. Тіпті келген достары сыра үшін ақшасын да төлеп кеткен екен. Қол алысқан соң, өздерін хуторлықпыз деп таныстырған жігіттер кетіп қалған. Оқиғаға қатысқан 2 жігіт дүкенге қайта оралады.
Шамамен 10 минуттан кейін 3 машинамен олар қайта дүкен аумағына оралады. Нұрбол дүкенге кіре салып, агрессивті түрде сөйлей бастайды. Қаржаубай оның шығуын сұрап, оған ақша, азық-түлік ұсынады, бірақ Нұрбол Шерзатты алып келуді талап етіп қоймаған екен.
Дүкенге 2 көлікпен тағы бір хуторлықтар тобы келді, олардың жетекшісі 40-тар шамасындағы Чика атты ер адам болған екен. Сол уақытта Шерзаттың да достары 5 - 6 адам болып дүкенге келіпті.
Олар келгенде түннің ортасы болған еді, Қаржаубай дүкенге қайта оралып, полицияға телефон соғуға тырысқан, бірақ 102 нөміріне хабарласса да ешкім алмаған. Осы сәтте дүкенге бұзақы жігіттермен бірге Чика атты еркек және екі қыз кіреді.

Бұл кезде Шерзат пен оның достарын әлгілер көшеде ұрып-соғып үлгерген. Шабуыл жасағандар пышақ қолданып, онсыз да жерде жатқан Шерзатты мылтық сабымен соққыға жыққан. Мұның бәрі Шерзаттың анасы мен әжесінің көзінше болды. Марқұмның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев жиенін көрген сәтте-ақ оның жараланғанын байқаған.
«Мен Шерзатқа жүгіріп барып, оны құшақтап алдым да не болғанын сұрадым. Оның өкпе жағында жарақат барын көрдім. Жараны қолыммен жауып, жедел жәрдем шақыру керек деп айттым. Мен: «Жігіттер, тоқтаңдар, мында біреу пышақтап кетті, ол өліп жатыр», — деп жанұшыра айқайладым. Бір сәтте олардың Шерзатты өлтірмей қоймайтынын байқадым да, оны бар денеммен құшақтап алдым. Одан да бар соққы мен тепкі маған тисін дедім. Оларды тоқтату мүмкін емес еді, басқаларын да аяған жоқ, тоқтамастан шетінен ұрып жатты. Осы сәтте қанша адам болғанын білмеймін, тас қараңғы еді», — дейді Нұрқанат.

Төбелес кезінде Нұрқанат 4 пышақ жарақаты мен басынан винтовка қаруының сабымен жарақат алды. Қанды қырғын шамамен түнгі сағат 1-ге таман аяқталды. Хуторлықтар кетіп, Шерзат пен оның досы Ахмед және ағасы Нұрқанат ауруханаға жеткізілді. Шерзат ауруханаға жете салысымен жан тапсырады. Куәгерлердің айтуынша полицейлер оқиға орнына түнгі 2-лерге таяп жеткен.
«Қанды қырғынды» басы-қасында жүрген хуторлықтар деген кімдер?
Хуторлықтар — «Хутор» деп аталатын ауданнан, яғни Ақбұлақ, Береке және Рысқұлов ауылдарынан шыққан тұрғындар. Нұрқанат Ғайыпбаевтың айтуынша, бұл аудан ел арасында нашар атқа ие. Онда адамдарды ұрып-соғу әбден әдетке айналған екен. Айтуларынша, олар әдетте ауыр жазадан қашып кетеді. Марқұм болған жасөспірімнің отбасының пікірінше, баласына қастық жасағандардың бірінің беделді таныстары бар.
«Хутор» деп аталып кеткен аймақ Береке ауылында (бұрынғы Казстрой) таудың етегінде орналасқан. Бір немесе екі қабатты үйлерден тұратын көшелері бар. Ал кейбір үйлер тым ескі. Бірақ ауылдың шетінде жаңа коттедждер белсенді түрде салынып жатыр. Онда кәсіпорындар немесе әлеуметтік мекемелер жоқтың қасы, бірақ көптеген алма бақтары, сондай-ақ тау шаңғы базалары мен кафелер бар.

Келесі күні 7 адам ұсталған, ал зардап шеккендердің туыстары шабуылдаушылардың саны кемінде 13 болғандығын айтып жатыр. Тек еркектер қатысқан көшедегі «қанды қырғының» қақ ортасында жүрген 2 қыз дереу куәгер ретінде рәсімделді. Дегенмен, сол түнде болған куәлардың айтуынша, олар әлгі жігіттерге қару тасып тұрған көрінеді.

Марқұм Шерзаттың туыстары қылмыскерлердің кейбірі жауапкершіліктен жалтарып кете ме деп қауіптенген. Олар 8 қазан күні Талғар полициясы ғимаратының алдында митинг өткізіп, өзімізді өртеп жібереміз деп айтып, тергеуді Талғардан Қонаевқа көшіруді талап еткен. Бүгін де олардың талабы қанағаттандырылды. Ал ішкі істер министрі Ержан Сәденов тергеуді өз бақылауына алып, арнайы тергеу тобы құрылды.
Үлкен резонасқа ие болған бұл істі қоғамдық қорғаушылар Асқар Қаймақов пен Карина Көшербаева және Марал Жайлаубаева қолға алды. Олар тегін жұмыс істеуге келісіп, тергеуге кірісіп кетті. Қоғамды дүр сілкіндірген, көпшілікті ойландырып, санамызда сан сұрақ туғызған оқиғаның қалай өрбитіні Orda.kz бақылауында болады.
Жаңалықтар
- Перизат Қайратқа қатысты сот басталды
- ІІМ алаяқтардың айласына түскен журналист Кәкен Қамзин туралы түсініктеме берді
- Алматы облысы әкімінің орынбасары жол апатына ұшырады
- Медициналық колледждерге түсу ережесі өзгерді
- Сауд Арабиясында қазақстандық пауэрлифтингтен Азия жүлдегері ұсталды
- Шымкентте жастар театрының басшысы сыбайластарымен бірігіп қомақты қаражат жымқырды
- Талибан басшылары әйелдердің құқығын таптағаны үшін қамауға алынады
- Бақыт Қажыбаев Қытайдағы халықаралық кинофестивальде «Үздік актер» атанды
- Тәуелсіз «Орда» басылымын рейдерлік жолмен тартып алмақ: Басылымды неге түртпектейді?
- Ақтөбеде демалыс орталығында жарақат алған 9 жастағы қыздың анасы көмек сұрады
- Сауда министрлігі АҚШ-тың жаңа тарифтеріне қатысты мәлімдеме жасады
- 2021 жылдан бері Қазақстанда екі миллиард ағаш отырғызылып жатыр. Соның қаншасы шынымен орманға айналады?
- ҰҚК құрамына енген Антикор тізгінін жаңа басшы ұстады
- Жетісуда балық инспекторы жеке мейрамын мемлекеттік мерекеге айналдырды
- Маңғыстаудың дауға қалған экс-әкімі жаңа қызметке тағайындалды
- Жамбыл облысында жер сілкінді
- Қазақстан енді қарасорадан қағаз шығарады
- Жоғалып кеткен ҚБТУ студенті 6 күннен бері табылмай жатыр
- Түркістанда жанармай құю станциясы жарылды: өрт сауда орталығын, дәріхананы және тұрғын үйді шарпыды
- «Парақшасы жойылып, полиция шақырды»: Журналист Лұқпан Ахмедьяровқа қысым көрсетіліп жатыр