Түркістан облысында мектеп директоры «шындық айтқаны» үшін жұмыстан кеткен

cover

16 маусым күні Түркістан облысы Ордабасы ауданы Бадам ауылындағы Айтбай Шерімқұлов мектебінің қызметкері «бейәдеп» сөздер айтып, оқушыларды балағаттаған видеосы желіде тарады. Аталған оқиғаның соңы мектеп директорының жұмыстан кетуіне әкеліп соқты.

Orda.kz оқиғаны егжей-тегжейін анықтап көрді.

«Жоғарыдан тапсырма келген соң жұмысқа алдым»

Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының видеосынан кейін желі шулай бастады. Оқиғаның мән-жайын білмек боп Бадам ауылына барған Астана арнасының журналистеріне А.Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектеп директоры Ақбөпе Өмірзақ «жоғарыдан тапсырма келген соң, ол адамды жұмысқа алуға мәжбүр болдым» деп пікір білдірген.

Аталған видеодан кейін мектеп директорының жұмыстан шығарылғаны хабарланды. Белсенді, заңгер Айгүл Орынбек facebook парақшасында «әкімнің орынбасары Азат Оралбаев өз креслосын сақтап қалу үшін, директорды құрбандыққа шалып жатыр ма?» делінген жазба қалдырды.

Зейнетке шығуына бір жыл уақыт қалғанда қызметінен кеткен Ақбөпе Өмірзаққа Orda.kz журналисі хабарласып көрді.

Мектеп директорының айтуынша, оны жұмыстан жоқ жерден ілік тауып шығарып жіберген.

– Жалпы жиналыста әдеп мәселесі бойынша қарау керек еді. Маған бір-екі күн бұрын болмайтын кемшіліктерді айтып тексеру жіберді. Мені кінәлі қылып шығарды. Жұмыстан статьямен шығарып жіберді,- дейді директор.

Жүрегінің ауыратынын айтқан директор, білім бөлімінің ештеңені мойындамай отырғанын айтады.

– Аудан әкімі орынбасарына тапсырма берген. Сол тапсырманы бергенде мені шақыртты, алдына бір бардым. Өзімнің мектепте дайындаған кадрымды алмады, өткізбеді. Сондықтан мен оны жұмысқа алуға мәжбүр болдым.

Білім бөліміне бағынатын болғандықтан, мен осы жағдайға келдім. Қазір олар мойындамай, бәрін маған жауып отыр. Бұл істің барлығы білім бөліміне де қатысты. Екі күн бұрын білім бөлімінен тексеріс келгенде «тапсырыспен келдіңдер ме?» деп сұрадым. Жалған арыз бен жала жабу арқылы бір-бірін дайындаған.


Ақбөпе Өмірзақ арыз түсіріп жатқанын және кез-келген басылымға сұхбат беруге дайын екенін жеткізді.

– Иә, мен сол шындықты айтпауым керек еді, сөйлемеуім керек еді. Өзім де түсінбей қалдым. Болмайтын нәрсемен әшейін кінәлады. Арыз түсіріп жатырмын. Жұмыс істемей кетсем де барлық жаңалықты беріп отырамын, - дейді жұмыссыз қалған директор.

Ордабасы аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаеваның айтуынша Ақбөпе Өмірзақ директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлжан Елмұратованы жұмысқа алғаннан бері келісімшарт жасалмаған.

– Бір қағазы тура емес. Бұйрықты заңсыз шығарған, келісімшартқа тұрмаған. Күні кешеге дейін келісімшартты таба алмадық. Келісімшартқа тұрған болса, соны бұзайын деп едік, бірақ таба алмадық. Өтініш те жоқ, қол да қойылмаған. Ол кісі осы күнге дейін қалай жұмыс істеген? Осындай кемшіліктері бойынша ол кісі жұмыстан шығарылды,- дейді Шұға Нұрабаева.

Ордабасы аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің заңгері редакцияға зерделеу қорытындысын жіберді. Қорытынды еш қоспасыз төменде көрсетілді:

Анықталған кемшіліктер:

Ұ.Елмұратованың мамандығы бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі бола тұра, бұйрыққа өз мамандығы бойынша деп, дене тәрбиесінен 0,5 ставка үйірмені негізгі қызметіне қоса берген. Яғни, мектеп директоры Ө.Ақбөпе тарапынан артықшылық көрсетілген.

 Ұ.Елмұратованы 10.11.2020 ж. директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстыру кезінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі «Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» № 338 бұйрығының (2020 жылдың 30 сәуіріндегі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 169 бұйрықпен өзгерістермен толықтырулар енгізілген.)  талаптарын бұзған. Аталған бұйрықта директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына қойылатын біліктілік талабында оқытушылық қызметті жүзеге асыру кезінде – қосымша «педагог – сарапшы» болмаса «педагог – зерттеуші» немесе «педагог – мастер» санатының болуы қажет. Ал, Ұ.Елмұратовада мүлдем біліктілік санаты болмаған. Бұл жерде де мектеп директоры Ө.Ақбөпе тарапынан Ұ.Елмұратоваға артықшылық көрсетілген

Ұ.Елмұратованы директордың тәрбие ісі жөнінорынбасары лауазымына ауыстыру кезінде  өтініші жазылмаған және қосымша еңбек шарты жасалынбаған. Яғни, Қазақстан Республикасы «Еңбек кодексінің» талаптары өрескел бұзылған. Сонымен қатар, Ұ.Елмұратоваға қатысты қабылданған бұйрықтармен Ұ.Елмұратова таныстырмаған.

Осы зерделеуден кейін қызметкерлердің еңбек шарттарын тіркеу журналына түзетулер енгізген.

Мектеп директоры Ө.Ақбөпе Ұ.Елмұратоваға қатысты шешімдер қабылдау кезінде Заң талаптарын өрескел бұзған. Сонымен бірге Ө.Ақбөпенің сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдеріне  жол бергенідігі байқалады.

Ұсыныс:

А.Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектебінің  директоры Ө.Ақбөпенің Заң талаптарын өрескел бұзғаны үшін қатаң түрде қызметтік мәселесін қарау.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар