Сталкердің сұрқия әрекетінен өмірінің берекеті қашқан қыз

cover Коллаж Orda.kz

2021 жылы Назира өзін ұзақ уақыт бойы мазалаған сталкердің құрбанына айналды. Қыздың бірнеше рет қарым-қатынас орнатқысы келмейтінін айтқанына қарамастан, жігіт қыздың қыр соңынан қалмай қойған. Содан бері Назира бір жылға жуық уақыт бойы күйзеліске ұшырап, қоғамнан оқшауда өмір сүріп келеді.  Алайда, бұл аңду әлі күнге дейін жалғасуда, ал құқық қорғаушылар бар дәлелдерге қарамастан, кінәліні жауапқа тарта алмай келеді, деп хабарлайды Orda.kz.

Жақында экс-сенатор және тележүргізуші Дана Нұржігіт бұрынғы күйеуінің қудалауына қалғанын айтқан болатын.  Бұрынғы күйеуі оны түрлі жолдармен қоқан-лоққы көрсетіп, мүліктің жартысын талап еткен. Ақыр соңында Дана полицияға жүгінуге мәжбүр болды. Ұзақ тергеу мен сот процесінен кейін, қорғаушылардың таңданысына орай, ол бұрынғы күйеуінің қылмыстық жазаға тартылуына қол жеткізді. Егер біздің қылмыстық кодексте сталкинг пен киберсталкинг үшін жаза қарастырылған болса, бәрі әлдеқайда оңай болар ма еді деген сұрақ туындайды. Өйткені, соңғы бұрынғы күйеулерінің тіпті танымайтын еркектердің аңду әрекеті қыз-келіншектерді қауіпті, әр қадамыңды аңдып басатын мазасыз өмірге әкеліп жатыр.

Қазіргі таңда елімізде сталкинг қылмыс болып саналмайды, яғни бұл үшін іс жүзінде ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. Адамды тек қылмыстық кодекстің 73-бабы бойынша «Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер» бойынша ғана жауапкершілікке тартуға болады.

Онда да егер аңдып мазаңызды алатын адам бұрынғы немесе қазіргі жұбайыңыз болса, онымен қарым-қатынасты тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайда. Ал егер қудалаушы бөтен адам болса, ол ұсақ бұзақылық бабы бойынша ғана жауапқа тартылуы мүмкін. Алайда, Алматы қалалық адвокаттар коллегиясының адвокаты Жанна Уразбахова тіпті сол жазаға ілігіп жатқандарды да көрмегенін айтады.

«Менің тәжірибемде Қазақстанда біреуді мазалағаны немесе артынан аңдып, мазасын алғаны үшін тіпті әкімшілік кодекс бойынша жауапкершілікке тартылған жағдайды көрген емеспін. Өкінішке қарай, сталкинг, аңду, адам өміріне қауіп-қатер туғызып, ұрып-соғу немесе физикалық шабуыл жасау сияқты ауыр құқық бұзушылықтарға айналмайынша, құқық қорғау органдары адамды жазаға тарта алмайды», — деп атап өтті адвокат Жанна Уразбахова.

Сталкердің сұрқия әркетінен өмірінің берекеті қашқан Назира

Осыған ұқсас қиындықтарға біздің кейіпкеріміз Назира да тап болған.Оқиға 2021 жылдың жазында басталған, сол кезде Назира жұмыс істейтін кондитерлік цехқа бір жігіт жұмысқа орналасуға келді. Ол сынақ мерзімінен өте алмағанымен, қызметкерлердің біріне, яғни Назирға қызығушылық танытқан. Жігіт жұмыстан шыққаннан кейін бір ай өткен соң, оның есік алдында күтіп тұрғанын көреді.

«Мен жұмыстан шыққан сәтте оны көрдім, ол жұмыс бойынша келіп тұр деп ойладым. Алайда, ол маған өзінің сезімін білдірді. Мен оған  деген ешқандай қызығушылығымның жоқ екенін айттым, бірақ ол бұл сөздерге мән бермей, есіктен ары шығарғысы келмеді. Сол кезде мен полиция шақырамын деп қорқытып, ішке жүгіріп кіріп кеттім», — дейді қыз.

Одан кейін жағдай нашарлай түсті. Жігіт жұмыстан кейін қызды аңдуын тоқтатпаған. Алғашында тек алыстан қарап жүрсе, кейіннен әрекетке көше бастапты.  Аялдамаға дейін ілесіп, бір автобусқа отыратын, ал егер қыз таксимен қашып кетпек болса, ол үйінің алдында күтіп тұратын болған.

«Ол бірнеше рет мені қорлауға тырысты, пәтеріме кіруге талпынды. Кейде жұмыс орнымның кеңсесіне баса-көктеп кіріп, есіктерге жабыстырғышпен раушан гүлдерін іліп қоятын. Мен ол іліп кеткен гүлдерді күнде таңертең жинап әлек болатынмын», — дейді Назира.
 «Полицияға неғұрлым жиі жүгінсем, өмірім соғұрлым нашарлай берді».

Бірде, әлгі жігіт цехты күн бойы күзеткен соң, Назира ағасын жұмысқа шақыртып алады.

«Түстен кейін ол есікті тебе бастады, оның бұл әрекеті кешке дейін жалғасты. Мен ағамнан мені алып кетуін сұрадым. Сыртқа шыққанымда, олардың төбелесіп жатқанын көрдім», — дейді ол.

Сол күні әлгі сталкер Назираның ағасымен болған төбелеске қарамастан оның қыр соңынан қалмай қойған екен.   Содан, Назира сол кеште патруль шақырып, 2023 жылы полицияға алғашқы арызын жазды. 

«Арыз жазған соң полиция қызметкерлерімен біз бір көлікте отырдық, учаскеге бара жатырмыз, полицейлер оны мақтай бастады. «Жарайсың, осылай, алған бетіңнен қайтпа!» деген сөздерді айтып жатты. Сол кезде ол мені аңдып, өмірімнің берекетін қашырып жүргеніне 2 жыл болған еді.  Біз Ауезов аудандық полиция бөліміне жеттік. Менен арыз алды, ал онымен түсіндіру әңгімесі жүргізілді, бірақ полицияға неғұрлым жиі жүгінсем, өмірім соғұрлым нашарлай берді».

Сталкер қызды зорламаққа әрекет жасады

Оның айтуынша, арызданғаннан кейін бір ай өткен соң, жігіт құқық қорғау қызметкерлерінің өзіне ештеңе істемейтініне сенімі артып, Назираға «сені таспен ұрып, кез келген сәтте зорлап кетемін»,— деп жаза бастапты. Қыздың айтуынша, телефон нөмірін бұрындары цехта істеген және сол кезде Назираны зорламаққа әрекет жасаған қызметкерден алған екен. Назира бізге цехта ол қызметкердің опасыздығын да айтып берді.

«Бір күні ол аздап мас болып келді, мен оған мұндай күйде жұмыс істеуге болмайтынын айтып, үйіңе қайт дедім. Өйткені біздің цехта барлық аппараттардың салмағы 800 келіден асады. Ол келісіп, кетуге жиналды, бірақ кенеттен заттарын лақтырып, маған бас салды.  Ол мені соққыға алып, қолымнан ұстап алды, мен қанша айғайласам да қоймады. Шама жеткенше шайқастым, қашып шығып, есікке жүгірдім, құлап ары қарай жорғалап кеттім», — дейді қыз.

Назира сол кезде қашып үлгерді, бірақ болған жағдай камераға түспей қалған екен. Өйткені цехта камералар болғанымен, ештеңе тіркелмеген. Қыз ештеңені дәлелдей алмағандықтан, ешкімге ештеңе айтпауға шешім қабылдады. Күзетші жұмыстан кетті, ал сталкер барған сайын агрессивті бола бастады. Ол белгісіз нөмірлерден хабарламалар жібере бастапты.

Қоғамнан оқшауланып, күйзеліске ұшырау

Өмірінде болып жатқан қорқынышты әрекеттерден әбден мазасы мен жанынан тыныштық қашқан Назира күйзеліске ұшырайды. Жұмысы қанша табысты болып, жоғарылау ұсынылса да ол жұмыстан шығып кетеді. 2023 жылдың жазын тұтастай үйге қамалып өткізеді. 3 ай жаз ақыры 10 айға  айланып, сыртқа шығудан қалады.

«Осы 10 ай үзіліс мені қалпына келтіреді деп үміттенген едім, бірақ, өкінішке қарай, олай болған жоқ. Мен стрессті тамақпен басуға тырыстым, және тез арада салмақ қосып алдым. Психологиялық және физикалық тұрғыдан мен толығымен күйзелісте болдым. Телефоным үнемі өшірулі болды.  Терезелерімді қағазбен жауып қойдым, тіпті бірнеше рет ұйықтататын дәрілерді ішіп, осы қорқынышты өмірден құтылу туралы ойларым болды. Мен үйде отырып, несие алдым, адамдармен бетпе-бет кездесе алмай, шығуға да қорықтым», — деп еске алады Назира.

2024 жылдың мамырында қыз телефонын қосып, қалыпты өмірін жалғастыруды шешкенде, бұрынғы қорқыныштар қайта басталды. Енді хабарламалар банк қосымшасы арқылы келетін болды.

«Басында ол мені сүйемін деді, кейін қорлады, сосын өзін және мені өлтіремін деп айтты. Хабарламалардың саны 700-ден асты. Мен осы ақшаға қайырымдылық қорларына жібере бастадым», — дейді Назира.

Осындай хабарламалар қызға әлі күнге дейін келеді. Оның айтуынша, учаскелік полицей арызды қабылдап, келесі күні әлгі сталкер жігітті тауып алып учаскеге алып келген.

«Ол  маған сол жерді сені сүйемін деп айтты, түсініктеме толтырудан бас тартты. Егер түрмеге түссе де, қайта шығып, мені табамын деді. Ол өзімен бірге Құранды алып келіп, маған Құранды ұстап тәубеңе кел, шыныңды айт, сен де мені сүйесің, тек мойындамайсың деп айтты. Тергеуші түсіндіру әңгімесін жүргізіп, тіпті оның ата-анасын шақырды. Бірақ ештеңе көмектеспеді», — дейді қыз.

Заңның күші жоқ

Қазіргі таңда Назира полицияға баруды жалғастыруда. Ол 115-бап «Қорқыту» және 131-бап «Мазақ ету» бойынша арыз жазды. Дәлелдер бар, қорқыту хабарламаларымен бірге банк аударымдары. Бірақ, оған жауап ретінде, қыздың өмірінің беркетін қашырған жігітке ештеңе де істей алмайтындарын айтқан. Тіпті, оған жақындауға тыйым салу немесе айыппұл салу да мүмкін емес болып отыр.

«Мен не істеуім керек, білмеймін. Қайда барамын. Жазылған 3 арыздың 3-уі де архивке жіберілді», — дейді шыдамы әбден таусылған Назира.

Құқық қорғау органдарының жауабына сүйенсек, олар «аргументтер азаматтық құқықтық қатынастар сипатына ие» екенін айтты, сәйкесінше, егер қыз соттасып, жеңіп шықса да, сталкер үшін қылмыстық жаза болмайды. Қыздың жан-айқайы, қорқынышта өткен өмірі мен үрейдің үрбеуінде қалған уақытын ешкім қайтар алмасы анық. Сонда, Назира сынды сталкердің сұрқия әрекетінің шырмауында қалған қыз-келіншектер қалай қауіпсізідікте өмір сүрмек?!

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар