«Шымкенттегі шалқыған полицей»: Саховтың коттеджінен бассейн мен үш автокөлік табылды

cover Фото: Бейнежазбадан кадр

Шымкентте 39 жастағы полиция полковнигі Құрманбек Саховқа тиесілі элиталық коттедждің бар екені анықталды. Бұл туралы шетелде тұратын оппозициялық журналист Наталья Садықова хабарлады. Orda.kz бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме беруін сұрап, ІІМ-ге ресми сауал жолдады.

Қазақстанның құқық қорғау жүйесінде осындай сән-салтанаты келіскен сарайда тұратын полицей бар болса, демек ол тегін адам емес. Рас, журналист Садықова жасаған зерттеудегі кейіпкердің тегі «Саахов» емес. Бір «а» әріпі жоқ, «Сахов». Дегенмен тура сол лауазымдағы адам.

Садықова Қазиев көшесінде үш метр болатын қоршаудың ар жағындағы үйді дрон арқылы түсіріп алған.

«Мұнда бизнесмен де, мұнай магнаты да емес, полицей тұрады. Сахов өмір бойы Ішкі істер министрлігіне қарасты бөлімдерде жұмыс істеген», – дейді журналист.

Оның айтуынша, зәулім сарайдың жалпы ауданы төрт мың шаршы метрден асады. Үйдің ішінде бассейн, сауна, Италиядан әкелінген жиһаз, оникс мәрмәрі, Villeroy & Boch брендіне тиесілі люкс санфаянс бар. Қабырғалары мен сыртқы әрлеу жұмыстары ақ түсті табиғи тастан жасалған.

Коттедждің ауласында үш автокөлік тұр. Құны 40 млн теңге тұратын Toyota Land Cruiser 200, 25 млн теңгелік Hyundai Staria және Toyota Camry екені көрінеді.
 

Журналист Садықова мынадай орынды сұрақ қояды: «39 жастағы полиция қызметкері Кұрманбек Сахов мұндай байлықты қайдан алды?». Өзі — мемлекеттік қызметкер, жұбайы жұмыс істемейді, ал анасы зейнеткер. Артынша ол Саховтың аты аталған екі даулы іске назар аударады.

Бұған дейін Сахов Түркістан облысының полиция департаментінде қызмет атқарған. Дәл сол жерде 400 миллион теңгеге бағаланған майнинг құрылғылары жоғалған. Техниканы полицейлердің өздері 2024 жылдың қарашасында айып тұрағына жеткізген, бірақ кейін жоқ болып кеткен. Бұл туралы жәбірленуші кәсіпкер мәлімдеген.

Садықованың айтуынша, іс қозғалмай, бір орында тұрып қалған, ал прокуратура тексерісін жабдық иесі әлеуметтік желілерде шағымданғаннан кейін ғана бастаған. Тексеру нәтижесінде 2025 жылғы сәуірде 28 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған, олардың ішінде департамент бастығының бірінші орынбасары — Құрманбек Сахов та болған. Оған қатаң сөгіс берілген.

Алайда көп ұзамай, 2025 жылғы маусымда ол Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары қызметіне тағайындалған.

Сәйкеновтің бейнеүндеуі

Журналист Садықова Батыр Сәйкеновтің 2025 жылдың наурыз айында жарияланған бейнеүндеуін де еске салады. Ол — Табиғатты қорғау және аңшылық қауымдастығының мүшесі. Өз сөзінде өзін бұрынғы салық қызметкері ретінде таныстырып, Ішкі істер министрлігін Шардарада «балық мафиясын» қамқорлығына алды деп айыптайды. Айтылған есімдер арасында Құрманбек Саховқа ұқсас есім де бар. 

«Тек бір ғана жер — Шардарада бірнеше кәсіпорын 500 миллион теңгеге дейін салық төлемеуі мүмкін. Бұл – сол жерде қалыптасқан үлкен мафияның салдары. Балық мафиясы. Оны кім қорғайтыны түсінікті. ІІМ қызметкерлері қорғайды. Маған сол жақта әртүрлі фамилиялар айтылды. Табиғатты уайымдайтын адамдар көп екен. Түркістан облысында полиция департаментінде басшылық қызметте жұмыс істейтін біреу бар. Аты Кука ма, әлде Құрманбек пе, болмаса Құрманғазы ма – нақты білмеймін», – дейді Сәйкенов.

Сәйкенов жариялаған бейнежазбалардың бірінде ол нақты тегі жазылған скриншотты көрсетеді.

 

Айта кетерлігі, 2020 жылдың маусымында Құрманбек Сахов әлі сержант шенінде жүрген кезінде бірнеше жыл бойы Шардара су қоймасында заңсыз балық аулаумен айналысқан браконьерлік топтың ұсталғаны туралы рапорт берген.

Ресми марапаттары мен беделі

Ресми деректерге қарасақ, Сахов – үлгілі полицей. Ол қылмыстық топтарға, заңсыз қару-жараққа, автокөлік ұрлығына және браконьерлікке қарсы күресте ерекше көзге түскен. 

2025 жылдың мамыр айының соңында ол Түркістан облысының төрт бірдей ауданында мал ұрлаған қылмыстық топтың әшкереленгенін хабарлаған. Тергеу деректері бойынша, ұрланған малдар жүк көлігімен тасымалданып, кейін сойылып, бөлшектеніп, сатылған. Банда кем дегенде он эпизодқа қатысы бар деп танылған. Жалпы шығын көлемі — 20 миллион теңге. Тінту барысында тоғыз ұрланған жылқы тәркіленген.

2024 жылдың маусымында Сахов Сайрам, Түлкібас және Бәйдібек аудандарында өткен тінту шаралары туралы баяндаған. Сол кезде төрт жергілікті тұрғыннан мынадай заттай айғақтар тәркіленген: Калашников автоматы (АК-47), мылтық, екі аңшылық қаруы, травматикалық тапанша, әртүрлі калибрдегі оқ-дәрілер, жабайы арқардың мүйізі және өзге де заттар.

 
 

2023 жылдың тамызында Арыс қаласында Сахов кісі өлтіру қылмысына күдікті үш адамның ұсталғаны жөнінде баяндаған. Күдіктілерден «Сайга» тапаншасы, 12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтық, мотоцикл және бетперделер тәркіленген.

Хабарламада айтылғандай, тапсырыс беруші мен екі орындаушы құрылыс жұмыстары жүріп жатқан тұрғын үй аумағына кіріп, атыс қаруынан оқ жаудырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Үй иесі мен оның танысы қаза тапқан, тағы екі адам ауруханаға жеткізілген.

 

2022 жылы Сахов ҰҚК-мен бірлесіп жүргізілген арнайы операция туралы есеп берген. Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарында қылмыстық топ мүшелері аурухана қызметкерлерінен жүйелі түрде ақша бопсалаған. Олар медицина қызметкерлеріне қаржылық қызметі туралы беделіне нұқсан келтіретін деректерді жариялаймыз деп қорқытқан.

Операция барысында Жетісай қаласындағы дәмханалардың бірінде жергілікті тұрғын қолға түскен. Ол 32 миллион теңге ақшамен ұсталып, іс-әрекеті толық әшкереленген.

«Егер тіпті өңірдегі ең жоғарғы лауазымдағы емес, жай полковник осындай өмір сүретін болса, ІІМ-дегі генералдар қалай өмір сүретінін ойлаудың өзі қорқынышты», — дейді ол.

Материал жарияланған сәтке дейін Ішкі істер министрлігі бұл жағдайға ресми түсініктеме берген жоқ. Коттедждің шынымен Құрманбек Саховқа тиесілі екені расталмаған. Оның кірістері мен активтері туралы да ресми мәліметтер ұсынылмады.

Алайда бұл оқиғада ең сорақысы – ведомствоның үнсіздігі ғана емес. Ең қорқыныштысы – қоғамда бұған ешкім таңғалмайтыны. Тергеу жүргізілмей тұрып, ресми жауаптар мен құжаттар шықпай тұрып-ақ жұрт қолын бір-ақ сілтеп, осы дерекке сенетіні анық. Себебі бұған дейін де мұндай бассыздықтар талай мәрте болған.

Автор: Камила Ермаханова

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар