Швейцариядағы Динара Құлыбаеваға қарсы тергеу: Істің егжей-тегжейі белгілі болды

cover Фото: Orda.kz

OCCRP-дің журналистік зерттеулер жобасы Швейцарияда Динара Құлыбаеваға қатысты тергеуге байланысты жаңа деректерді анықтады. Elita nysanidagi жылжымайтын мүлікті сатып алуға қатысты қылмыстық іске байланысты тексеруді Женева прокуратурасы жүргізіп жатқаны туралы ақпарат ақпан айының ортасында белгілі болды, деп хабарлайды Orda.kz.

OCCRP материалында швейцариялық қаржылық реттеуші орган — FINMA Динара Құлыбаева арқылы қаржы операциялары жүргізілген REYL Intesa Sanpaolo банкінде тексеру жүргізгені айтылған. Динара — Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы және елдегі ең бай кәсіпкерлердің бірі Тимур Құлыбаевтың жұбайы. FINMA-ның тексеруі банктің "тәуекелге бейімділігі тым жоғары" екенін және клиенттердің қаражаттарының шығу тегін жеткілікті дәрежеде тексермегенін көрсетті.

«Банк реттеуші органдардың тексеруіне өз клиенттерінің тізіміне байланысты ілікті. Бұл тізімге Орталық Азиядағы автократ басшылардың балалары мен ақшаны жылыстату қаупі бар өзге де тұлғалар кіреді»,  деп хабарлайды OCCRP.

Шетелдік журналистердің қолына FINMA мен REYL Intesa Sanpaolo арасындағы хат алмасу құжаттары түсті. Бұл құжаттарда 2023 жылы жүргізілген тексеру кезінде банк клиенттерді ақшаны жылыстату фактілеріне байланысты жеткілікті деңгейде тексермегені, яғни «белгілі бір немқұрайлылық» танытқаны жазылған. 2024 жылдың қаңтар айында жиналған ақпарат Швейцарияның қаржы заңнамасын бұзу фактілерін тергейтін реттеуші органның бөлімшесіне жолданды. Бұл тергеу банк үшін лицензиясынан айырылу және заңсыз жолмен алынған табысты тәркілеу қаупін тудыруы мүмкін.

Банктің өзі тергеу және қадағалау органдарымен ынтымақтастықта жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, REYL Intesa Sanpaolo комплаенс рәсімдерін қатайтып, ақшаны жылыстатуға байланысты күдік туғызған клиенттермен қарым-қатынасты үзген. Алайда бұл клиенттердің қатарында Динара Құлыбаева бар ма, жоқ па — нақты айтылмайды.

«Реттеуші орган банкке Қазақстанның бұрынғы президентінің қызына қатысты сұрақтар қойды. Ол Швейцарияда оның REYL банкіндегі шоттарында жатқан ондаған миллион швейцар франкының шығу тегіне байланысты қылмыстық тергеуде фигурант ретінде аталады. Оның адвокаты OCCRP-ге берген мәлімдемесінде, ол әрдайым өзінің байлығының қайдан шыққанын түсіндіру үшін билікпен ынтымақтастықта болғанын айтты» деп жазады OCCRP.

Швейцария билігінің сұрақтары тек Назарбаевтың қызына ғана емес, REYL банкінің көптеген клиенттеріне қатысты туындаған. Журналистер анықтаған тұлғалардың қатарында Ресейдің бұрынғы байланыс министрі Леонид Рейман, Өзбекстанның марқұм экс-президенті Ислам Каримовтың күйеу баласы Тимур Тилляев, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевтің отбасымен байланысы бар қаржылық басқарушы Оливье Местелан және басқалар бар.

Алайда FINMA-ның Динара Құлыбаеваға деген қызығушылығы — ерекше. Біріншіден, оның REYL Intesa Sanpaolo банкіндегі шоттарына ұзақ уақыт бойы банктің жетекші топ-менеджерлерінің бірі — Франсуа Рейл жеке өзі бақылау жасаған (2024 жылдың шілдесіне дейін ол REYL-дің басқарушы директоры болды, қазіргі кезде директорлар кеңесінің мүшесі). Екіншіден, банк Құлыбаеваға Франциядан жылжымайтын мүлік сатып алу үшін 25 миллион еуро көлемінде несие берген. Қазіргі таңда Швейцария билігі Құлыбаеваның REYL Intesa Sanpaolo банкінде сақтап отырған 150 миллион швейцар франкының шығу тегін тексеріп жатыр (Назарбаеваның қызы Женевада элиталық жылжымайтын мүлік сатып алған қаражат осы сомаға кіреді ме — нақты көрсетілмеген).

Динара Құлыбаеваның мүддесін қорғайтын заңгер Жан-Кристоф Ок журналистерге берген мәлімдемесінде, оның Женевада орналасқан XVII ғасырдағы сарай мен сән-салтанатты зәулім үйлерді сатып алуға жұмсалған қаражаттың шығу тегі туралы барлық қажетті ақпаратты билік органдарына ұсынғанын айтты.

«Біздің клиентіміздің қаражат көзі — бұл оның Halyk Bank-тағы үлесі. Аталған банк — Қазақстан мемлекеті тарапынан реттелетін, Лондон қор биржасында тіркелген қаржы мекемесі. REYL банкіндегі шоттарда жатқан қаражатқа да дәл осы жағдай қатысты», — деді Жан-Кристоф Ок.

Заңгердің айтуынша, Құлыбаеваның депозиттеріндегі барлық қаражат көзі — ол Halyk Bank-тен алған дивидендтер. 2024 жылы басталған тергеуге қарамастан, Назарбаевтың қызы швейцариялық банк арқылы миллиондаған доллар көлеміндегі қаржылық операцияларын жалғастырып отыр.

«Таратылған хат алмасу Құлыбаеваның шоттары 2024 жылдың сәуірінде бұғатталғанына қарамастан, мамыр айында прокурорлар REYL банкіне оның жеке шығындарын жабу үшін шамамен 650 мың швейцар франкы (760,5 мың АҚШ доллары) көлеміндегі операцияларды жүргізуге рұқсат бергенін көрсетеді», — деп атап өтті журналистер.

2024 жылдың мамыр айында FINMA REYL банкінен Құлыбаеваға қатысты «толық клиенттік ақпаратты» тергеу мақсатында тапсыруды талап етті. Сондай-ақ, Люксембургте тіркелген Regulus Holdings S.A. компаниясына қатысты дәл осындай құжаттар ұсыну сұралды. Дәл осы компания арқылы Қазақстанның тұңғыш президентінің қызы Франциядан жылжымайтын мүлік сатып алу үшін 25 миллион еуро көлемінде несие алған.

Динара Құлыбаева іскерлік қарым-қатынас орнатқан Франсуа Рейл — REYL Intesa Sanpaolo банкінің негізін қалаған Доминик Рейлдің ұлы. 2016 жылы ол Францияда ақшаны жылыстату ісі бойынша бір жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Ал банкке 1,9 миллион еуро көлемінде айыппұл салынған.

Динара Құлыбаеваға қатысты қылмыстық заңнаманы бұзу фактілері анықталмаған күннің өзінде, банктің өзі үшін өте күрделі мәселе туындауы мүмкін. Тексеру нәтижесінде REYL банкінің қызметкерлері күмәнді қаржылық операциялар туралы ақпаратқа екі ай немесе одан да көп уақыт бойы жауап бермегені белгілі болды.

Ақшаның шығу тегі туралы деректерді жаңарту қажет болған 1400-ден астам клиентке бес жылдан аса уақыт бойы ешқандай тексеру жүргізілмеген. REYL-де шоттары болғандар қатарында тіпті итальян мафиясымен байланысы бар адамдар да болған.

Швейцария прокуратурасының Динара Құлыбаеваның Женева маңындағы сарайына қандай себеппен қызығушылық танытқаны туралы біз осы материалда жан-жақты баяндаған едік. Сонымен қатар, бұл тергеуге Қазақстанның Бас прокуратасының ешқандай қатысы жоқ екенін де анықтадық. 
 



 
 
 

 
 
 

 
 
 

 
 

 
 
 


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар