Шетелдік қандасымыз: қазақтарға жаным ашиды!

cover

Байқайсыз ба?! Қытай десе қарапайым халықтың есіне: құжынаған халық санының көптігі, жерімізді жаулап алады деген күдік, қытайлық тауарлар мен сол елдің азаматтарына тұрмысқа шыққан қазақ қыздары түседі екен.

Қорқыту емес - ескерту: дәл осы қауіп Түркия елінен де төнуі мүмкін деп ойламайсыз ба?

Мысалдарым сөйлесін:

  • көгілдір экранды қай арнаға бұрсаңда түрік сериялдарына тап болуымыз;
  • еліміздегі түрік дәмханалар санының артуы;
  • түрік тілін оқыту курстарының көбеюі;
  • түрік университеттерінің салынуы;
  • түрік елінің азаматтарына да қазақ қыздарының тұрмысқа шығуы;
  • түрік азаматтарының елімізде жаппай бизнес ашуы және т.б.

Отанын сағынғанда орала алмайтын емес, оралғысы келмейтін шетелдік қандасымыз Әлішер Әлібек, қазақтарға жаны ашитынын жасырмады.

Әлішер Әлібеков

«Мен мектепті өте жақсы оқып, ҚАЗҰУ-ге оқуға түстім. Жақсы оқығаныма қарамастан университетте меннен аралық бақылау мен сессияда ақша сұрады. Бірінші курсты аяқтағаннан кейін коррупция кең етек жайған елдің болашағы бұлыңғыр болатынын біліп, көп ұзамай Түркия, Прага, Дубай сынды бірнеше елдерге қоныс аудардым. ЖОО-ның жатақханаларында 5000 студент тұрса, оның 500-і де қазақтар болатын. Бір-бірімізге кеңес беріп, әркез қолдап жүреміз. Қазір Чикагодамын. Мұнда - жоғары жалақылы жұмыс, сапалы білім, нақтырақ айтқанда барлық жағдай мені қанағаттандырады. Жылына бір рет Қазақстанға барып тұрамын. Шетелге көшкеніммен шетелдік болып кетпейтінім анық. Билік басына нағыз шыншыл, әділ азаматтар келмейінше, Қазақстанға оралудың мен үшін мәні жоқ!», - деп сөзін тәмамдаған болатын шетелдік қандасымыз.

2020 жылы Қазақстаннан шет елге қоныс аударған эмигранттар саны 29898 адам. (ІІМ-нің көші-қон қызметінің баспасөз хатшысы қай мемлекетке қанша адам көшкені жөнінде мәлімет жарияланбайтынын хабарлады - ред.). Олардың басым бөлігі кейіпкеріміз Әлішер сынды 25-37 жас аралығындағы азаматтар. Ал, сол жастардың шет ел асып, Отанынан жырақтауы, сізді қаншалықты толғандырады? Түріктердің елімізде көптеп кездесуі ше, күмән келтірмей ме?

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, шет елге қандастарымыздың көптеп қоныс аударуы экономикалық қауіпке ұласады екен. Себебі, ақшасы бар әрбір қазақстандық немесе танымал тұлғалар шетелден үй сатып ала берсе, бұл елдегі капитал ағымының төмендейтіндігін ескертеді.

Мақсат Халық

«Әншілер осыған дейін әртүрлі ломбардтарды, қаржылық пирамидаларды жарнамалаған болатын. Бірақ, қазір ұсыныстарды тексеріп, елге де тиімді тұсын жарнамаласа дер едім. Олар қазір шет елден үй алып, үйлерін де жарнамалайтын болған. Өзіміздің отандық үйлер болса қаражат өз ішімізде қалатын еді, өзіміздің азаматтар жұмыспен қамтылар еді. Ал енді үйді сыртқы мемлекеттен алғандықтан шет елдің экономикасы үшін бұл тіптен тиімді болмақ».

Халыққа дәл осы шетелдік үйлерге жарнама жасаған әншілердің бұл әрекеті күмәнді көрінген еді. Олар сахнадан гөрі саясатқа жақын әншілердің елден қауіп күтетінін біліп, бір жағдай бола қалса шетелге тайып тұрмақ деп болжауда. Осы тұста Алания қаласынан пәтер алған Қазақстандық әншілер Қыдырәлі мен Қарақатқа хабарласып, байланыс орнатқан едік, өкінішке орай жауап беруден бас тартты.

Сонымен қатар Алтынай Жорабаева да сұрақтарды тыңдаған соң телефон тұтқасын қоя салды.

Аталған әншілер осыған дейін өз Instagram парақшаларына үй алу себептерін түсіндірген болатын. Ал бізді толғандырған сұрақ: неліктен басқа елден емес, Түркиядан үй алды? Мұның саясатқа қатысы бар ма?!

Отандық саясаттанушы Айдос Сарымның сөзінше, мұны қоғамдық үлкен фактор деп қарауға болмайды екен.

Айдос Сарым

«Қандастарымыздың көшіп кетулеріне нақты бір себеп жоқ. Бір адамның тағдырына қарап, біреуі коррупция үшін шет елге кетті екен деп, барлығына да бірдей көзқараста қарауға болмайды. Қазіргі жастардың ойлау қабілеті заманауи көзқараста болғандықтан, олар шетелде білім алып, рухани дамуды қалайды. Сапалы білім алып, ең мықты әлемдік компанияларда жұмыс істейтін азаматтарымыз үшін қуанамын. Әлемдік ғылымға енгізіп жатқан біздің пайдамыз өте аз. Біз елде болсақ бәрін қатыруымыз керек деген даңдайсынуды қоюымыз керек. Бізге керегі - елдің экономикасын көтеру үшін ең керекті деген маман иелерін даярлап шығу», - деді саясаттанушы.

Музыкалық продюсер Алуа Қонарова да осы пікірді құптап отыр. Продюсер ханымның пікірінше әр елдің өзіне тән кемшіліктері мен тиімділігі болады.

"Renzo" тобы және оның продюсері Алуа Қонарова

«Мен Түркияда уақытша қоныстанғанмын. Нақты себебін айтпай-ақ қояйын.

Еліміздің азаматтарының әлеуметтік өмірі аянышты жағдайда. Пандемия бұл фактіні ерекше әшкереледі. Талай отбасы жұмыссыз қалып, ақыр соңы банктерде сыйақы мөлшерлемесін де, қайтару шарттарын да төмендеткен жоқ. Пәтер иелері де бағаны көтерді.

Менің ойымша қажет деп тапқан елде өмір сүруге құқым бар. Екі елдің арасында өмір сүруге тыйым салынбайды. Есеп беретін ешкімім жоқ!», - деп сөзін аяқтаған болатын продюсер ханым.

Эмигранттардың шетелге қоныс аудару себептерін саралай отырып,  ойыма Ньютонның екінші заңы оралды. Яғни, екі дене бір-біріне шама жағынан тең, бағыты жағынан қарама-қарсы күштермен әсер етеді. Сайып келгенде, эмигранттар мен елімізде кәсіп ашушы шетелдіктер санының пара-пар болуы да осы заңға ұқсайды. Сонымен шетелдік кәсіпкерлердің көбею себептері қандай?

Елімізде шетелдік кәсіпкерлер санының артуына - инвестициялық ахуалды жақсарту және шетелден капитал тарту мақсатында инвесторларға салықтық жеңілдіктердің көптеп қарастырылуы себепкер болып отыр. Олар арнайы өндірістік салаға инвестиция құямын десе аса ірі көлемдегі салықтан да босатыла алады. Шетелдік инвестициялар тау - кен, металлургия саласын көптеп игеріп, осыдан көптеп табыс көруді ойлайды.

«Шетелдіктердің Қазақстанға келіп кәсіп ашуының тағы бір тиімді себебі: олар еліміздегі шенділермен байланыс орнатып, жалақыларын жоғарылата алады. Себебі, олар елімізде коррупцияның кеңдеп етек жайғанынан хабардар.

Өзіміздің Отандық кәсіпкерлер елге инвестиция құйып, кәсіп ашайын десе оларға шетелдік кәсіпкерлер сияқты жағдай жасалынбаған. Сол үшін де олар көп жағдайда шетелге барып кәсіп ашып, шетелге нвестиция құюды жөн көреді.

Әрі екінші себебі, олар Отандық экономикаға сенімкіремейді. Бізде инвестицияны теңгемен құю керек болады, ал теңге Қазақстанда көп құнсызданады. Оларға бұл тиімсіз. Сондықтан, шетелдік валютаға аударып, шетелде инвестиция жасау тиімдірек», - деп сөзін аяқтаған болатын экономист Мақсат мырза.

Ел басына күн туғанда (пандемияда) халыққа көрсетілген көмектің басым бөлігі жеке кәсіпкерлер тарапынан көрсетілген болатын. Шетелдік кәсіпкерлерге жасалынған жағдай Қазақстандық кәсіпкерлерге де жасалынбай, ел экономикасының ертеңінен үміт күту батыстан таңның атуымен тең болмақ! Сосын келіп елдің жағдайы нашар, қандастар шетелге кетті деп айыптаймыз-ау...

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар