Шаханов «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапатталды

cover

Ақын және жазушы Мұхтар Шаханов жоғары дәрежелі «Қазақстанның еңбек ері» атағымен марапатталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

– Мемлекет басшысы «М. Шахановқа жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы» Жарлыққа қол қойды, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Шаханов Нұрсұлтан Назарбаев баспасөздерде, телеарналарда оның атын атамауға тапсырма бергенін айтқан еді.

– Менің 1988 жылы, сонау Кеңестер Одағы кезінде «Ислам дінінің қалдығы» деген атпен қоғамдық, мемлекеттік деңгейде талқылауға тыйым салынған Наурыз мерекесін, сол кезгі Қазақстан басшысы Г.Колбинмен жағаласып жүріп тірілткенімді, елімізде орыстың тілі мемлекеттік тіл боп қабылданып кеткенде, шалақазақ депутаттардың бәрі «тамаша болды» деп бір-бірімен құшақтаса, қуанысып жатқан тұста, мінбеге қайта шығып, «Бүкіл қазақ халқын көтереміз, мұның соңы екінші Желтоқсанға ұласады» деп қорқытқанымда, амалы таусылып, үрей құшағында қалған Назарбаев менің ұсынысымды қайта дауысқа салдырып, өзі бірінші боп қол көтерді. 2015 жылы Қытай Халық Республикасының Шаңқай қаласында 150 мемлекеттің өкілдері қатысқан үлкен жиында және онда өткен конкурста, әлемнің барлық басты тілдеріне аударылған Шыңғыс Айтматов екеуміз бірлесіп жазған «Ғасыр айрығындағы сырласу» («Құз басындағы аңшының зары») атты кітабымыз «ХХІ ғасырдың ең озық, парасатты кітабы» деп бағаланды. Бірақ, ол туралы Қазақстанның бірде-бір басылымы, телеарнасы жұмған аузын ашқан жоқ. Себебі Н.Назарбаев баспасөздерде, телеарналарда менің атымды атамауға тапсырма беріп қойған, – деді ол.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар