Сатира – адамзатқа қарсы қылмыс па?: Темірлан Еңсебек ісі бойынша алғашқы сот отырысы қалай өтті?
Фото: Orda.kz
27 ақпанда Алматының Алмалы аудандық сотында сатирикалық Qaznews24 инстаграм-паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Бастапқыда сот онлайн болады деп жарияланған. Алайда, тыңдалымға бір жарым сағат қалғанда оның оффлайн өтетіні хабарланды. Неліктен Алмалыда басталған іс алдағы уақытта Наурызбай аудандық сотына берілгенін Orda.kz баяндайды.
Темірлан Еңсебектің сот отырысы Алмалы аудандық сотында оффлайн өтетінін 27 ақпанда тыңдалымға бір жарым сағат қалғанда белгілі болды. Бұған дейін, бірнеше рет сот отырысы аяқ астынан ауыстырылған болатын. 14 ақпанға, кейін 21 ақпанға белгіленгенімен, тек 27 ақпанда өткен сот отырысына 50-ге жуық адам жиналды. Олардың қатарында журналистер, азаматтық белсенділер, сондай-ақ Темірланның жақындары мен достары болды. Көпшілігі киімдері мен сөмкелеріне «Сатира – қылмыс емес!», «Маған күлкілі емес» деген жазуы бар жапсырмалар тағып келген.


Сот оффлайн болса да, Темірлан Еңсебекті сот залына әкелмеді
17:00-де қатысушылар сот залына кіргізілді. Алайда негізгі айыпталушы Темірлан Еңсебек сотқа уақытша ұстау изоляторынан онлайн режимде қатысты. Отырыс бастала салысымен техникалық ақаулар оның толыққанды қатысуына кедергі келтірді. Еңсебектің микрофонын басқа біреу қосып отырды, айыпталушы сот залынан адвокаты мен жиналғандарды толыққанды көре алмады, тек судьяны ғана көріп, ести алды.
Сонымен қатар, адвокат Жанар Балғабаеваның сот басталғанға дейін қорғауындағы адаммен сөйлесуге рұқсат беру туралы өтініші қабылданбады. Судья мұны процестің «гибридті форматына» сілтеп түсіндірді, қорғаушы бұл Еңсебектің өз құқығын толыққанды қорғауын шектейтінін жеткізді.
Сот барысында прокурор Айнаш Жуаспаева күтпеген ұсыныс жасады. Прокурор істі Наурызбай аудандық сотына өткізу ұсынды. Ол бұл шешімді даулы жазбаның дәл сол ауданда жарияланғанымен түсіндірді.
Еңсебектің қорғау тарапы бұл мәлімдемеге дәлел сұрап, жазбаның нақты қай жерде жарияланғаны туралы нақты деректердің жоқ екенін алға тартты. Дегенмен, судья Серік Кенішев прокурордың өтінішін қанағаттандырып, сот отырысы алдын ала тыңдау өткізу үшін тоқтатылды.
Алдын ала тыңдау барысында адвокат Балғабаева алдағы процесінде қорғауындағы адамның сот залына тікелей қатысуын талап етті. Сондай-ақ, соттың ашық өтуі керектігін, оған тек журналистер ғана емес, халықаралық бақылаушылар да қатысуы қажет екенін атап өтті.
«Мен офлайн форматты қолдаймын, өйткені Конституцияда берілген қорғану құқығымды толық пайдалана алмай отырмын. Себебі адвокатыммен тікелей байланыс жоқ. Кейде онымен ақылдасып, сөйлесуім қажет», – деді Темірлан Еңсебек.
Бұған қоса, адвокат Жанар Балғабаева Темірланға бұлтартпау шарасын өзгертіп, оны үйқамаққа ауыстыру туралы өтініш берді. Алайда прокурор бұған қарсы шығып, «жасалған қылмыс ауыр сипатқа ие және адамзат қауіпсіздігіне қатер төндіреді», – деп мәлімдеді.
«Қазақстан билігінен менің босатылуымды әлемнің жеті ірі халықаралық құқық қорғау ұйымы талап етіп отыр. Оның үстіне, айыптау актісінде менің адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қарсы ауыр қылмыс жасағаным жазылыпты. Ендеше, осы соты бүкіл адамзат бақыласын. Ол өте қызықты болады деп уәде беремін», – деп Еңсебек мысқылдап.
Судья Кенішев қорғау тарапының барлық өтініштерін қанағаттандырмады. Іс Наурызбай аудандық сотына жіберіліп, ал Темірлан қамауда қала бермек.
«ҚР ҚК 174-бабының 1-бөлігі бойынша айыпталған Еңсебекке қатысты қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін аумақтық соттылыққа сәйкес Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотына жолдау. Процеске қатысушыларға қабылданған шешім туралы хабарлау. Адвокаттың бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішін қанағаттандырмау. Айыпталушы Еңсебекке қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдыру», – деді судья.
Судьяның шешімінен кейін сөз алған Еңсебек неге әлі күнге қамауда отырғанын түсінбейтінін жеткізді.
«Құрметті судья, сұрақтарым бар, мен әлі күнге дейін тергеу изоляторында отырған себебім түсініксіз. Бұрын сотталған емеспін, ешқашан құқық бұзушылық жасамағанмын. Еркіндікте жүргенде заң бұзуға еш негіз болмады. Сіз менің үйге қайтып, сот процестеріне офлайн қатысуыма мүмкіндік бересіз деп ойладым», – деді Темірлан.
Темірлан мен оның жақындары әлі де әділдікке үміт артады. Сот отырысы аяқталуға жақындағанда көпшілік күтпеген қызық жағдай болды. Еңсебек залда отырған сүйіктісіне арнап «Маша, маған тұрмысқа шық» деген жазуды көрсетті. Темірлан отырған бөлмеде жарықтың болмауына байланысты ол ұсынысты көпшілік байқамады.
Сот отырысынан кейін Orda.kz тілшілері адвокат Жанар Балғабаевамен сөйлесіп, Темірланның қандай жағдайда ұсталып отырғанын сұрады. Отырыстың екінші жартысында отырған бөлмесінде жарық сөніп, экранда тек сұлбасы көрінді, бұл сұрақ туғызды.
«Темірлан ұстау жағдайына қатысты шағымданған жоқ. Бірақ мұнда бір мәселе бар ол түрмелердің лық толуы. Осыған байланысты амнистия жариялау жоспарланып отыр. Бізге белгілі мәлімет бойынша, 72-мекемеде, нақтырақ айтсақ, 10 адамға арналған камерада 13 адам отыр. Заң үстемдік ететін мемлекетте бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініштің қанағаттандырылмағаны қатты ашу тудырады», – деді қорғаушы.
Сонымен қатар, Темірланды қолдап, пикетке шыққаны үшін 15 тәулікке қамалған журналист Әсем Жәпішева сот шешіміне қатысты өз пікірін білдірді.
«Бұл – әділдік емес, ашық заңсыздық. Сот төрелігіне ұқсамайтын қойылым. Темірлан ешқандай қылмыс жасаған жоқ, бұрын сотталмаған, ешкімге қауіп төндірмеген. Бірақ оны "адамзатқа қауіп" деп түрмеде ұстап отыр. Тіпті азаптауға қатысы бар адамдарды сотқа дейін босатады, ал Темірлан бір жарым айдан бері изоляторда отыр», – деді ол.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 17 қаңтарда Темірлан Еңсебек қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша, яғни "ұлтаралық араздық қоздырды" деген айыппен қамауға алынды. Тергеу нұсқасына сәйкес, оның Qaznews24 сатиралық парақшасындағы жарияланымда "Йоу, орыстар" әні мен Тина Канделакидің есімі аталған. 18 қаңтарда сот оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды, ал 19 қаңтарда ол тергеу изоляторына жеткізілді. Құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділері бұл істі биліктің сөз бостандығы мен сатираны шектеу әрекеті деп бағалап отыр. 2021 жылдың мамырында Темірлан Qaznews24 сатиралық парақшасындағы жазбалары үшін "жалған ақпарат тарату" бабы бойынша тергелген, бірақ іс кейін жабылған.
Келесі сот отырысы Наурызбай ауданында өтеді. Сол уақытқа дейін Темірлан тергеу изоляторында қалады. Orda.kz істің барысын бақылауда ұстайды.
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық