«Риддер ЖЭО» АҚ-ның жаңа қожайындары жалақы қарыздарын өтеді

cover

Бүгінде бүкіл ел Риддер ЖЭО-дағы жағдайды бақылап отыр. Қыс бойы ЖЭО-да апаттар қайталанып, соның кесірінен қала тұрғындары пәтерлеріне тоңып жатты. Шілденің 5-і күні еліміздің Премьер-министрінің тапсырмасымен Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ЖЭО-ға келуі керек еді, бірақ оның сапары кенеттен тоқтатылып, белгісіз уақытқа шегерілді.

Қазір кәсіпорын қарызға белшесінен батқан, барлық есеп-шоттары бұғатталған. Екі ай бойы қызметкерлерге жалақы төленбеген. Онсыз қала қайтадан жылусыз қалатын күрделі жөндеу жұмыстары мердігерлер есебінен жүргізілуде – ЖЭО-ны қалпына келтіруге арналған қаржы республикалық бюджеттен әлі түскен жоқ. Жылу нысанын коммуналдық меншікке беру де кешіктірілді, бірақ қазір бұл мәселеде жаңа бетбұрыс бар – «Риддер ЖЭО» АҚ-на жаңа инвестор келді. Бұл әлі аты-жөні жарияланбаған алматылық компания.

Қаржы жыры қайталана берді

Риддер тұрғындары өткен қыстан қиналып шықты, олар келесі қыста жылу болғанын қалайды. Сондықтан қала тұрғындары бүгінде «Риддер ЖЭО» АҚ алты қазандық пен турбиналық жабдықты күрделі жөндеумен айналысып жатқан мердігерлер Шығыс Қазақстан облысының экс-әкімі жариялаған мерзім – 15 қыркүйекке дейін уақытылы аяқталады деп сенеді.

Даниал Ахметов жөндеу жұмыстары барысын қадағалайтынына, тіпті мердігерлер жұмыстың қажетті қарқыны мен кестеден қалмас үшін Риддерде бірнеше күн болатынына уәде берді, бірақ кейін ол қызметінен кетті.

Жуырда «Риддер ЖЭО» АҚ-да Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Бақытжан Баяхметовтің қатысуымен өндірістік кеңес өтіп, онда кәсіпорында білікті мамандардың жетіспейтіні айтылды. Олар қайдан келмек? Қаңтар айында жаңа меншік иелері Құралбек Әбдірахманов пен Виталий Шаров («РНГК» ЖШС басшысы) келуімен кәсіпорында қаржылық мәселелер басталды.

Меншік иелері мазут, көмір және электр энергиясын жеткізушілерге 3,3 млрд. теңге қарызға батқан. Салдарынан Риддер ЖЭО шоттарын төлемегені үшін жабылды. Осыдан кейін қожайындар жұмысшыларға жалақы төлеуді тоқтатты. Жұмыстан шыққандар да төлемақысын ала алмады. Халық өз құқықтарын қорғау үшін прокуратура мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне жүгінді.

«Біз әртүрлі лауазымдарда жұмыс істедік: қазандық пен турбиналық оператордан бастап менеджерге дейін. Біздің жалақы мәселесі «Риддер ЖЭО» АҚ-ты Әбдірахманов Құралбек пен Шаров Виталийдің меншіктің жаңа иесі болып келгенінен басталды. 2023 жылдың қаңтарынан бастап олар барлық қызметкерлердің жалақысын,  ақпан айынан бастап зейнетақы жарналарын есептеуді тоқтатты. Оның басты себебі «Риддер ЖЭО» АҚ банктік есепшотының бұғатталуы. Қазіргі уақытта жалақының бір бөлігін алып, барлығымыз жұмыстан шықтық. «Риддер ЖЭО» АҚ сәуір айының жалақысын, еңбек демалысы мен есеп айырысу ақысын екі ай бойы бізге бермей келеді» деп  Риддер ЖЭО-ның бұрынғы жұмысшылары әлеуметтік желіде жан-жақтан шағымданды.

Олар бақылаушы органдарға жүгінсе де,  айлықтарының әлі күнге дейін төленбегенін мәлімдеді. Меншік иелерінің орнына мемлекет олардың екі айлық жалақы қарызын өтеп берді.

«Біз Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментімен жалақы мәселесін талқылап, салық басқармасымен және банкпен бұғатталған ЖЭО шоттарынан адамдарға төлем жасау туралы түсіністікке қол жеткіздік. Бірақ бұл шоттарда әлі ақша жоқ, төлей алмайды. Сондықтан ақпан-наурыз айларында Риддер қаласы әкімдігіне төтенше жағдай режимінде бөлінген қаржыдан тұрғындардың жалақысын төледік. Дегенмен, біз бұл қаражаттың барлығын таусып үлгердік. Біз оларды күзгі-қысқы кезеңге қалдыруды жоспарлағанымызбен, әрі қарай не боларын білмейміз. Сондықтан біз де бұдан артық төлей алмаймыз», - деп түсіндірді Риддер қаласы әкімінің міндетін атқарушы Дархан Қосантаев бұл жөнінде.

Тағы бір үлкен мәселе – Риддер ЖЭО-да жөндеу жұмыстарына, құрал-жабдық алуға төлейтін қаржы жоқ. Мердігерлер барлық жұмысты өз қаражаттарына атқаруда. Қосантаевтың айтуынша, «Қазцинк» ЖШС техника сатып алу үшін өз қаражатынан 2 млрд. теңге бөлген.  Кәсіпорын қазір ЖЭО-ға жөндеу жұмыстарына белсенді түрде көмектесуде. Мысалы, өз мекемесінде қажетті бөлшектерді шығарады. Маусым айының соңына дейін республикалық бюджеттен 9 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінуі тиіс болатын.

«Әзірге мұның бәрі созылып кетті, өйткені мемлекет тарапынан жеке нысанды жөндеуге заңнамалық негіз болған жоқ. Біз мұның барлығын төтенше жағдай аясында жасап жатырмыз. Бірақ бұл жағдай әлдеқашан өтіп кетті. Қазір құрылыс басқармасы мен облыс әкімі аппаратының мамандары Астанада, ақшалай ұсыныс бойынша құжаттаманы талқылау және қорғау жұмыстары жүргізіп жатыр. Шілде айының соңына дейін шұғыл қаржы түсуі керек», - деп сендірді Дархан Қосантаев.

Оның айтуынша, қаржыландыру Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, «Риддер ЖЭО» АҚ және «Өскемен жылу желілері» АҚ арасындағы үшжақты келісім бойынша жүзеге асырылады. Квазимемлекеттік ұйым мердігерлерге ақы төлейді, ал қаражаттың жұмсалуын тексеруші органдар бақылайды.

Оны да уақыт көрсетер

Осы арада «RNGK» ЖШС-нің орнына «Риддер ЖЭО» АҚ-ның жаңа иесі – белгілі бір алматылық компания пайда болғаны белгілі болды. Әзірге билік жаңа иесінің аты-жөні мен компания атауын жарияламай отыр. ЖЭО да бұл ақпаратты облыс әкімдігі беруі керектігін түсіндірді. 5 шілдеде кәсіпорынға келгеннен кейінгі екінші күні жаңа қожайындар жұмысшыларға жалақы төлей бастады.

«Олар мамыр және маусым айларының жалақысын төледі, ал жұмыс істейтіндер мен жұмыстан шыққандарға өтемақы төленді. Жалақы бойынша қарыздар жабылды деп айта аламыз», - дейді «Риддер ЖЭО» АҚ бас директоры Игорь Михайленко.

Бұл ақпаратты Риддер қаласы әкімінің аппараты да растады. Олар жылу электр орталығы қызметкерлеріне 132 миллион теңге жалақы қарызы төленгенін хабарлады. Инвесторлар қызметкерлерге қарыздарын өтегенімен, қуануға әлі ерте. Өйткені, жеке кәсіпкерлермен болған алдыңғы  тәжірибе сәтсіз аяқталған рас.

«Қазір үлкен жұмыс жүргізілуде, жаңа инвесторлар белсенді түрде тартылуда. Үш күн бойы олар жағдаймен танысты, барлық несиелік берешекті анықтады, талдау жасады, енді шешім қабылданады. ЖЭО есепшоттары әлі бұғаттауда», - деді Михайленко.

Жаңа қожайын келгеннен кейін не болатыны әзірге белгісіз. Бұған дейін билік «Риддер ЖЭО» АҚ коммуналдық меншікке өтетінін бірнеше рет айтқан болатын. Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы басшысы Даниал Ахметов оның «Өскемен жылу желілері» АҚ бақылауына өтетінін хабарлады.

«Мен әлі нақты айта алмаймын, бірақ бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік болуы мүмкін», - деді Игорь Михайленко.

Риддер қаласы әкімдігі бұрынғы айтқанын қайталап отыр. Жылу электр орталығын коммуналдық меншікке беру процесі жүзеге аспады, өйткені жеке меншік иесінің  мүлкін мемлекет меншігіне өткізуіне заңнамалық негіз жоқ. Риддер әкімі міндетін атқарушының айтуынша, жылу электр орталығын мемлекеттік кәсіпорынға айналдыруға болатын мемлекет меншігіне алу туралы заң қыркүйекке дейін ғана қабылданады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар