«Қызымды рұқсатсыз тергеп, сараптамаға алып барды»:
Шымкентте жоғалып табылған қыздың анасы полицияның әрекетіне наразы

cover

Шымкентте үйінен інісімен ұрысып шығып кетіп, бір аптадан кейін табылған 15 жасар Анелдің анасы Гүлзада Бектөреева (аты-жөні өзгертілді – ред.) полиция өзі мен қызының құқығын таптады деп есептейді. Оның айтуынша, қызы табылғанда ата-ана құқығы, заңды өкілі бола тұра онымен кездестірмеген. Келісімінсіз тергеген, сот-медициналық сараптамаға алып барған, видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге таратқан.

Полиция «кәмелет жасқа толмаған қыздың үйден қашуына анасының жиі ұрып-соғуы себеп, ол үйіне оралудан бас тартты» деген ақпарат таратты. Шымкент қаласы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жанетта Жазықбаева Анел табылғанда онымен бірге екі жігіттің ұсталғанын хабарлады.

«Өлгім келді»

Анелдің қалалық кәмелет жасқа толмаған балаларды бейімдеу және оңалту орталығында жатқанына төрт күн болды. Ол - Гүлзаданың тұңғышы. Гүлзада күйеуінен ажырасқан соң ұлы Бекзат (аты-жөні өзгертілді – ред.) пен Анелді жалғыз өзі бағып-қағып жүрген. 30 желтоқсан күні жұмысқа кеткен кезде тете өскен, бір сыныпта оқитын Анел мен Бекзат ұрысып, Анел үйден шығып кеткен. Анасына «Мама, мен кеттім. Іздемеңіздер» деп бір жапырақ қағаз қалдырған.

Гүлзада кешке қызы үйіне келмеген соң полицияға хабар берген. Ұлы екеуі өз беттерінше іздеуге кіріскен. Әлеуметтік желілерде Анелдің жоғалып кеткені туралы хабарландырулар тарап жатты. Бірақ Анел ізім-ғайым жоқ болып кетті.

– Полициядан хабар болмаған соң, 3 қаңтарда заңгер Айгүл Орынбектен көмек сұрадым. Видеоүндеу жасадым. Сол күні полиция шақырды. Бірге іздедік. Анел 5 қаңтар күні түсте табылды. Бірақ полиция қызымды көрсетпеді, – дейді Гүлзада ренжіп.

Осы күні Шымкент қалалық полиция департаменті 15 жасар қыздың аман-есен табылғаны туралы ақпарат таратты. Полиция мәліметінше, қыз 7 күн өткенде қаланың темір жол вокзалынан табылған. Ол бұған дейін 3 рет үйінен қашып кетіп, полиция анасына қайта тапсырған.

«Анел осы күндері бейтаныс адамдардың үйінде жасырынған. Өз бетінше жұмысқа орналасуға тырысқан. Кәмелетке толмаған қыздың айтуынша, үйден қашуға оның анасының жиі ұрып-соғуы себеп болған. Ол үйге барудан түбегейлі бас тартып отыр» деді қалалық полиция департаментінің өкілі Салтанат Қаракөзова Facebook парақшасында.

Полиция дәлел ретінде Анелдің бет-жүзін жауып, үйіне барудан бас тартып сөйлеген видеожауабын ұсынды.

– Мамам күнде ұрады. Сені байға беріп жіберу керек деп айтады. Бүкіл нәрсеге мен кінәлі боламын, – дейді Анел видеожауапта.

«Үйден кетудің себебі неде?» дейді оның жанында отырған Салтанат Қаракөзова.

– Себебі өлгім келді. Шешем «сенің өмір сүргеніңнен сүрмегенің жақсы. Сені ешкім алмайды» дейтін, – деді Анел жүзін төмен салып.

«Қызымды маған қарсы қойды»

Апта бойы күн, түн демей зыр жүгіріп іздеген қызын Гүлзада алғаш рет әлеуметтік желіден көріп бір сәт абдырап қалды.

– Қызымды мүлде ұрмаймын деп айта алмаймын. Бірақ қатты ұрып майып еткен күнім болған жоқ. Әр ата-ана баласының жақсы болғанын қалайды. Туған қызым, жақсы болсын деп тәрбиелеймін, – дейді Гүлзада Orda.kz тілшісіне ауыр күрсініп.

Гүлзаданың пікірінше, кәмелет жасқа толмаған қызын полиция заңды өкілі, яғни анасының қатысуынсыз тергеп, оны рұқсатсыз видеоға түсіріп таратуы, сараптамаға алып баруы - заңсыз. Өзінің де, қызының да құқығын таптау.

– Қызымды неге маған қарсы қойғанын түсінбедім. Түсіне алмадым. Ата-ана құқығынан айыруға еш себеп жоқ. Полицияның әрекетіне шағымданып, қалалық прокуратураға арыз жаздым, – дейді Гүлзада.

Анел табылып, полиция видео жариялаған соң бұл іске Шымкент қаласы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жанетта Жазықбаева да араласқаны белгілі болды. Уәкіл Анелдің тұрмысымен танысып, өзі және анасымен, мұғалімдерімен әңгімелескен.

Жазықбаеваның хабарлауынша, Анел жекеменшік мектепте білім алған. Екпінді оқушылардың қатарында болған. Бұған дейін екі рет үйінен шығып кеткенімен, қайта оралған. Бұл жолы Анелді полиция темір жол вокзалынан емес, вокзал маңындағы үйлердің бірінен тапқан.

Жазықбаева Анелмен бірге 1994 жылы және 2000 жылы туған екі жігіттің ұсталғанын, бұл іс бойынша сот-медициналық сараптама жасалғанын мәлімдеді. Ол сараптама жасалған кезде кәмелет жасқа толмаған қыздың жанында не анасы, не қорғаншылық және қамқоршылық органнан ешкім болмағанына таңданысын жасырмады. Абай аудандық полиция басқармасынан мұның себебін Шымкент қалалық полиция департаменті басшысының тапсырмасымен байланыстырған.

– Анелмен ашық сөйлестім. Ол 15 жаста екенін білсе де екі жігіттің жақын қатынаста болғанын айтты. Полиция екі жігіттің қайда екенін айтпады. Істің ары қарай қалай өрбитінін сараптама қорытындысына сілтеді, – дейді уәкіл.

Зорлық-зомбылық көрген кәмелет жасқа толмаған қыздардың құқығын қорғаумен айналысатын заңгер Айгүл Орынбек Анелдің тағдырына алаңдайтынын айтады. Заңгер қызды іздеуде полиция ісіне салғырт қарады деп есептейді.

– 3 қаңтарда Анелдің анасының видеоүндеуін әлеуметтік желіге жарияладым. Бұл іске араласпастан бұрын Анелдің отбасымен бірге тұрған үйін көрдім. Жағдайы жақсы, үйі тап-таза. Анасы арақ ішпейді, шылым шекпейді. Психдиспансерде тіркеуде тұрмайды. Полицияның Анелден алған видеожауабы жарияланған соң түн ортасында прокуратураға шағым түсірдік. Бұл жерде ана мен баланың құқығы тапталып отыр. Тергеу кезінде жанында анасы, не педагог, психолог болмаған. Заң өрескел бұзылған. Меніңше, қыздың жанынан табылған екі адамды жасыру үшін полиция айыпты анасына бұрып жіберуі мүмкін. Бұл жерде полиция тергеу құпиясына байланысты тек қыздың табылғаны жөнінде ақпарат беруі керек еді, – дейді Орынбек.

Анелді үйіне жібере ме, әлде жасөспірімдер үйіне орналастырып, мемлекет қамқорлығына ала ма белгісіз. Оның ендігі тағдырын арнайы құрылған комиссия шешеді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар