Прокуратурадағы наразылық: Алматы трагедиясында ұсталғандардың туыстары араша сұрады
Алматы қаласының прокуратурасына жиналғандар. Фото: Orda
Ақпанның алғашқы күні Алматыда қалалық прокуратура алдында туыстарына араша сұрағандар наразылығы жалғасты. Жүз шақты адам тергеудің адам құқықтарын елемей, қатыгездікпен жала жабу түрінде жүргізіліп жатқанына шағынды.
Күндіз сағат 10.00 шамасында прокуратураның азаматтарды қабылдау кеңсесіне кемінде 70-80 адам жиналды. Абақтыда жаралы күйде медкөмекке зәру хәлде жатқан жақындарын ауруханаға ауыстыруды айта келген бір топтан бөлек туысы жазықсыз оққа ұшқандар да әділ тергеуді талап етті. Тағы бір топ тергеп-тексеру кезінде әділ өтуін, негізсіз айыптарды күштеп тақпауды, жазықсыз кездейсоқ ұсталғандар мен бейбіт шеруге қатысқандарды дереу босатуды сұрады.
Жанайқайын жеткізбек болған көпшілікті желтоқсаншылар қолдай келді. Жиналғандар қала прокуроры Берік Сүйріктаевты шақырғанымен, осымен екінші күн шықпады. Оның орнына сөйлеген көмекшісі Бауыржан Төлендиновтің редакция тілшісіне айтуынша, қазір күн сайын оннан аса қызметкер азаматтардан арыз қабылдап жатыр. «Барынша қысқа мерзімде жауап береміз. Прокуратура әр істі жеке-дара егжей-тегжейлі қарайды» дейді ресми өкіл.
Ертеңі бұлдыр тағдырлар
Жиналғандардың бірі Нұржаз Бауыржанқызы алаңда жараланған бауырын жарақаты айықпастан тергеуге түрмеде ұстауға қарсы. Оның сөзінше, полиция дәрігерлердің уәжіне қарамай науқасты ауруханадан күштеп әкеткен. Қылмыстық кодекстің 272-бабы («Жаппай тәртіпсіздік») бойынша іс қозғаған. Абақтыда жағдайдың жоқтығы себепті аяғы іріңдеп, ауруханаға жеткізілген інісіне екінші ота жасалғалы жатқанда қайта алып кеткен.
– Інім Талғат Бауыржан №4 ауруханада емделіп жатқан. Кеше дәрігері жоғарыдан келген бұйрықпен інімді абақтыға алып кетеді деді. Осында келдім, арыз жаздым. Рас, қаңтардың 5-і інім бейбіт митингке шықты. Әскерилер бейбіт наразылардың ортасына граната тастаған. Сонда тұрған бәрінің аяғы жараланып отыр. Жазықсыз жандардың алды қырылып қалды, қалғаны жарақат алды. Адамдар өздері орталық ауруханаға жеткізген. 5-і түскен адамды 8 қаңтарда ауруханадан жалаң-жаралы күйде түрмеге әкеткен. Памперспен жатқан, гипстеулі аяғымен, жеңіл киімде 21 адамды алып кеткен. Әр палатаға төрт жауынгерден кірген... Алып барған бойда ұрып-соғып, істемеген ісін күштеп мойнына іліпті. Кеше жылап келгенімнің арқасында бүгін кешкісін ауруханаға ауыстыратын болды, – дейді Бауыржанқызы.
Туыстарының айтуынша, үш баласы бар 35 жастағы бауыры Республика алаңында бейбіт митингке барғанымен, еш бұзақылыққа қатыспаған.
Осыған ұқсас мәселемен Сәуле Бектұрғанова да ашына сөйледі. Ол інісі Ғани Керімбектовтің «тоғыз жерден темір орнатылған аяғындағы ауыр жарақаты бола тұра» абақтыда отырғанына наразы. «Жолдан өтіп бара жатқанда аяғына оқ тиген оны полиция ауруханаға түскен түні-ақ алып кетті» дейді. «Аяғының жарақаты қайта іріңдей бастаған соң үй-көлігін рәсімдеп, кепілге қойса да ауруханаға шығармаған», жазған арыздан әзірге нәтиже жоқ. Төрт баласы мен жүкті әйелі тосып жүр.
Ұлының мәйітін бес күн іздеп әрең тапқан Шолпан Өтегенова жазықсыз адамның өліміне кінәлілерді табуды, ең ауыр жазаға тартуды сұрайды.
– Жалғыз ұлым, 20 жастағы Төлегенов Бақберген Азатұлын өлітіріп тастады. Менің ұлым террорист емес. Кім атты, тауып берсін. 5 қаңтарда даяшы болып істейтін баламды жұмыстан қайтарда, Райымбек-Сейфуллин көшелерінің қиылысында көлікте отырған жерінен аудандық полиция басқармасынан атыпты. Оқ бір аяғын тесіп екіншісіне өтіп кеткен. Уақытында жәрдем көрсетілмеген соң көп қан жоғалтқан. Жан баласына зияны жоқ ұлымды неге өлтіреді?.. Баламды атқандарды тауып, жазаласын! – дейді көз жасы тоқтаусыз төгілген әйел.
Қаңтар оқиғасында қаза тапқан ұлының құнын сұрай келген Арайлым Сағатбаева Семей және Өскемен қалаларында «негізсіз қамауды отырған Мұхит Түгелбаев, Айдын Капушев және Тимур Ержанұлын» босатуды, тергеудің әділ өтуін талап қылды.
Туыстары полиция біреуге ұқсайды деп әкетті деген алматылық Ким Тимур қамауда отыр. Анасы Бәзипа әжейдің айтуынша, шеру күндері үйде отырған ұлы еш қылмысқа қатыспаған.
– 9 қаңтарда он ОМОН мен үш полицей ұлым Ким Тимурды үйінен сүйрелеп әкеткен. Бала-шағасы мен әйелінің көзінше шырылдатып алып кеткен. Бар жазығы – шеру күндері емес, тек 7 қаңтарда алаңды көріп қайтуға барғаны. Абақтыда жазықсыз, сап-сау адамды ұрып-соғып, сабап істемегенін мойнына ілген. Үш апта көргеніміз жоқ. Еш қылмысы жоқ, жазықсыз, – дейді қария.
Тоқаевқа үндеу. «Ауруханадан кейін абақтыға жеткізіледі»
Желтоқсандықтар президент Тоқаев пен құқық қорғау органдарына үндеу жолдады.
– Бізбің болашағымыз жастардың өмірі қалай болады? Қамауда жазықсыз зорлық-зомбылық көріп жатыр. Қазақстан халқы мен желтоқсандықтардың атынан Тоқаевтан, ішкі істер министрлігі мен прокуратурадан әділ шешім шығарып, жазықсыздарды босатуды талап етеміз. Қазақ халқы терорист те, ұры да емес, бейбіт халық! – десті бір топ белсенді.
Абақты мен үй, прокуратура арасында жүріп-тұру қалта қақты деген жұрт жазықсыз ұсталғандарға бостандық сұрап ұрандады.
Азаматтардың арызын тыңдауға шыққан прокурордың бірі Дәурен Бұлғынбаев келіп түскен арыздар қаралатынын, заңға сәйкес шешілетінін мәлімдеді. Оның сөзінше, заң бойынша арыз үш күннен бір айға дейінгі аралықта қаралады. Сондай-ақ, ауруханадан емделіп шыққандар ЛА-155/18 түзеу мекемесіне жеткізіледі. Ол абақтыдан үй қамаққа я ауруханаға ауыстыру жөнінде түскен арыз бен уақытша босатылғандар санын айта алмады.
Өткен айда Бас прокуратура құқық қорғау органдары тарапынан ұстау және тергеу кезінде заңсыз әрекеттер болғанын растаған. Азаматтардан келіп түскен 109 шағымның 11-іне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған. Ведомство мәліметі бойынша, жалпы 2044 қылмыстық іс қозғалған, 800-ден аса күдікті сот санкциясымен қамалған.
Жаңалықтар
- Есіл өзенінде 20 жастағы жігіт қаза тапты: Денесі әлі іздестіріліп жатыр
- Future Games: Қазақстан намысын жалғыз команда қорғайтын болды
- УЕФА мен оған мүше 55 ел ФИФА жарыстары мен Әлем чемпионатына бойкот жариялады
- Зорланғанын айтқан қыздың арызын елемеген полицейлерге сот үкімі шықты
- Bazis-A негізін қалаған Александр Беловичтің ісі бойынша Татьяна Белова түрмеге тоғытылды
- Тоқаев бірқатар судьяларды орнынан босатты
- Тоқаев Ыстықкөлдегі Орталық Азия елдері мен Әзербайжан жетекшілерінің бейресми кездесуіне қатысады
- АҚШ-та Трамптың портреті бейнеленген паспорттар беріле бастады
- Испания шекарасын бұзған мыңдаған мигрант Еуропаны дүрліктірді
- Трамп ХАМАС-тың толық қарусыздану жөніндегі «тарихи» келісім жасалғанын мәлімдеді
- Елімізде 450 мың оқушыға 23 миллиард теңге қаржылай көмек қарастырылған
- Қытайдың «мұнай жұмбағы»: Тағы да жұмсақ күш танытпақшы ма?
- Армения үкіметі отставкаға кетеді, билік қайтадан Пашинянның қолында қала ма?
- ҰҚК Оңтүстік Кореяның 14 азаматын қолға түсірді
- КҚК теңіз терминалына дрондар шабуыл жасады: Мұнай тиеу уақытша тоқтатылды
- LRT тамыздан бастап жаңа тарифке көшеді
- Павлодарда пациенттерді ұрып-соғу туралы ақпараттан кейін психикалық денсаулық орталығында тексеріс басталды
- Қамшыбек Тәшиев мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетіне қатысты апелляциялық шағым түсірді
- Таразда көңілдесі қызғаныштан әйелді тұншықтырып өлтірді
- Балқаш жағасында көлікпен қауіпті әрекет жасаған жүргізуші 10 тәулікке қамалды