«Прокуратура Қоспаевтың қылмыстық тобына жұмыс істеп отыр» — Алмас Әбдіғаппаровтың анасы президентке жүгінді
Коллаж: Orda.kz
AV-Construction құрылыс компаниясының негізін қалаған Сәуле Жүнісбекова Алматыдағы «Esentai City» тұрғын үй кешенінің тәркіленген мүлкі мен туысқанына қатысты қылмыстық қудалау ісіне араласуды сұрап, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдады, деп хабарлайды Orda.kz.
Кәсіпкердің айтуынша, әділдік сұрап прокуратураға бірнеше рет жүгінгенімен, еш нәтиже болмаған.
«Бұл мекеме заңсыздықтың ошағына айналған деп ойлағаным бекер емес. Менің отбасым мұндай бассыздықпен бірнеше жылдан бері күресіп келеді. 2016 мен 2021 жылдар аралығында Алматыдағы «Esentai City» тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысты отбасылық бизнесіміз рейдерлік жолмен басып алынып, талан-таражға түсті. Соның кесірінен отбасымызға тиесілі AV-Construction компаниясы қаржыдан қысылып, қиын жағдайға душар болды», – деді Сәуле Жүнісбекова.
Оның айтуынша, AV-Construction 2016 жылдан 2021 жылға дейін «Esentai City» жобасының құрылысына қатысқан. Алайда осы уақыт аралығында компания Елдос Қоспаевтың қылмыстық тобының рейдерлік әрекеттерінің құрбанына айналған. Жүнісбекованың мәлімдеуінше, топ мүшелері сотталғанымен, жәбірленуші тарап тәркіленген активтерге әлі де қол жеткізе алмай отыр.
«Сот «Esentai City» тұрғын үй кешеніндегі жалпы құны 13 миллиард теңгеге бағаланатын бірқатар жылжымайтын мүлікті мемлекет меншігіне тәркілеу туралы шешім шығарды. Бұл нысандар компанияның өз қаржысына, сондай-ақ құрылысқа өз жинақтарын салып, инвестиция жасаған азаматтардың қаражатына салынған. Шын мәнінде, бұл мүлік қылмыстық топқа емес, компания мен пәтерді адал жолмен сатып алған азаматтарға тиесілі. Сондықтан бірінші сатыдағы соттың бұл шешімі әділетсіз, өйткені ол заңды меншік иелерін өз құқықтарынан айырып отыр» деп жазылған Жүнісбекованың үндеуінде.
Оның айтуынша, келіні Ольга Әбдіғаппароваға қатысты қозғалған қылмыстық іс те қатты алаңдаушылық тудырып отыр. Ол бұрын Қоспаевтың қылмыстық тобы ұрлап кеткені ресми түрде танылған дәл сол қаражатты жымқырды деген айыппен қамауға алынған.
«Бұл айыптаулардың еш негізі жоқ. Оны түсіну үшін заңгер болу да, прокуратурада жұмыс істеу де қажет емес. Біз бұл негізсіз айыптарға қатысты Бас прокуратураға талай рет шағым түсірдік, бірақ нақты жауап әлі күнге дейін алған жоқпыз», – деп түйіндеді Жүнісбекова.
Жүнісбекованың айтуынша, 2024 жылдың наурыз айынан бері бұл іс бойынша тергеу мүлде жүргізілмей келеді, ал сот ай сайын тек қамауда ұстау мерзімін ұзартып қана қойды.
Сонымен қатар ол отбасына көрсетіліп жатқан қысым мен полиция жасаған айыпталушының балаларына қатысты заңсыз әрекеттері туралы айтты. Оның айтуынша, бұл жағдай компания активтерін тартып алуға бағытталған әрекеттерге сылтау ретінде қолданылып отыр.
«Тергеушілер Ольга Әбдіғаппарованың балаларына телефон шалып, қысым көрсету арқылы оларды ауыр психологиялық жағдайға душар етіп жатыр. Бұл – олардың құқықтарын өрескел бұзу ғана емес, сонымен қатар жеке өміріне тікелей қол сұғушылық. Мұндай әрекет құқықтық мемлекет ұстанымдарына мүлде қайшы. Мұның бәрі бізге прокуратура мен полицияның Қоспаев тобына немесе компания активтерін басып алуға мүдделі басқа да адамдарға жұмыс істеп отырғанын көрсетеді», – дейді Жүнісбекова.
Ол мемлекет басшысынан бұл істі өз бақылауына алып, прокуратура, полиция мен соттың әрекеттерін жан-жақты тексеруді тапсыруын сұрайды. Сондай-ақ, тәркіленген мүлікке қатысты мәселені әділ әрі ашық түрде қайта қарау қажет екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, Болат Назарбаевтың қолшоқпары Айбек Қоспаев 12 жылға сотталғанын жазған едік.
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық