ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов сөз сөйлеп, Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген жедел кеңестің қорытындысын жасады, деп хабарлайды Orda.kz.
«Мемлекет басшысы су тасқыны жағдайы бойынша жедел кеңес өткізді. Үкіметте Премьер-министр басқаратын республикалық штаб құрылды, онда мәселелер тәулік бойы бақылауда болады. Кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Су тасқынынан зардап шеккен азаматтар назардан тыс қалмайды. Барлық шығын өтеледі», - деді Бектенов.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен әкімдердің әрекетін, немқұрайлылық танытқандар мен жұмыстарын игере алмайтындарды қатаң сынға алды. Мемлекет басшысына өңірлердің жағдайы, оның ішінде адамдарды құтқару және су тасқыны зардаптарын жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды.
Президент Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік талаптарды толық орындамағаны туралы ескерту, Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады.