Полиция кінәлі: Төрт баланың әкесі полиция қызметкерін айыптап, асылып өлді

cover Фото: Orda.kz

Жетісу облысы Сарыөзек ауылының 27 жастағы тұрғыны Азат Құдайбергенов өлер алдындағы хатында «Мұны адамдарға көрсетіңіз!» – деп бар шындықты жазып кеткен. Небәрі 27 жастағы жігіт өз өліміне кімді кінәлады? Orda.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын білді. 

Азат өлгісі келген жоқ. Ол өмірге құштар жан еді, төрт баласын өсіріп, солардың қызығын көруді жоспарлады. Азаттың жақындары анасы, бауырлары, сүйікті жарының қасында болғысы келгенін айтты. Бірақ, енді оның артынан тек естеліктер мен қоштасу хаты ғана қалды.   

Қайғылы оқиға қалай басталды?

Ауыл дүкенінің сейфінен 300 мың теңгеге жуық ақша жоғалды. Азат пен оның бауыры Сағат Құдайбергеновтер бұл оқиғадан 10 күн бұрын сол дүкеннен жұмыстан кеткен. Бірақ, бұл ешкімді қызықтырмады.  

«Оларға ұрының кім екені маңызды болған жоқ. Полиция қызметкерлері бізді 19 ақпанда кешке тергеуге шақырып, түннің бір уағына дейін ұстап отырды. Қорқытты, қысым көрсетті. Оларға тергеу емес, кінәлі адам қажет болды. Біз ұрлыққа қатысымыз жоқ екенін, дүкенге кірмегенімізді түсіндіруге тырыстық, бірақ оларға бәрібір болды. Дәлел іздемеді. Олар бізден қылмысты мойындауды талап етті», – дейді Азаттың ағасы.
«Тергеу барысында кабинетке Олжас есімді полиция қызметкері кірді. Бір кездері оның Азат екуінің арасында жанжал болған еді. Содан бері кек сақтап жүрген сияқты. Олжас сол кезде-ақ, бізге үкім шығарып қойғандай қарады. «Ұрлаған сендер. Сендерді түрмеге отырғызамын»,  –  деп қайталай берді бізге»

                                                                                  Сағат Құдайбергенов

Одан кейін бауырлар таңертең Кербұлақ аудандық полиция бөліміне қайта келуі керек еді. Бірақ жағдай басқаша өрбіді.  

«Таңертең ерте маған Азат қоңырау шалды. Даусы тым сабырлы естілді. Ол бүгін полицияға бармайтынымызды айтты. Кейін, сағат 11-ге жақын тағы да қоңырау шалды да маған «Тез арада көлге кел. Әкемді ала кел. Жалғыз келме»,  деді. Мен қорқып кетіп, не болғанын сұрай бастадым. Бірақ ол тек бір сөзді жалғыз келме  деп қайталай берді»,  – деді Сағат.

Ауылдың шетіне жеткенде ғана ол неге Азаттың өзін жалғыз қалдырғысы келмегенін түсінді.

Азат Құдайбергенов

Соңғы хат...

Әкесі мен ағасы асылып тұрған Азатты электр бағанасынан түсіріп алды. Жерде оның мұқият бүктелген бас киімінің ішінде қоштасу хаты жатты.

«Данияр аға, камераны ашып, жазбаларды қараңыз (дүкен иесі – авт.). Сағат кінәсіз. Мен мұны өзімнің және отбасымның атынан өлімім арқылы дәлелдеп тұрмын»,  деп жазылған соңғы хатында.
Анашым, мені кешір. Сенің ақымақ ұлың осындай жолмен кетті. Анашым, менің төрт балам – енді сізге аманат. Әке, егер мен сізді бір кезде ренжітсем, кешіріңіз. Қарындастарым, сендерге қайғы әкелгенім үшін кешіріңдер.  
«Анашым, мен бұл жалған айыптауды көтере алмаймын. Кеше түнде Октябрьдің ұлы мені қысымға алды. Анашым, әкем, Сағат, Гүлден, Қуаныш, Гүлім, Гүлдана, Айнұр – мен сендерді жақсы көремін» деп қоштасқан соңғы хатында.

Азат Құдайбергеновтың жанұясы

«Анашым, маған Октябрьдің ұлы – Олжас қысым көрсетті. Ол маған ментсені бәрібір түрмеге отырғызамын, – деді. Ал кеше бізді Сағат екеумізді Бағдат есімді жігіт тергеді, бірақ ол адал адам, менің өліміме оның қатысы жоқ. Данияр аға, бұл – сізге деген адалдығым. Мен сізге ренжулі емеспін, ашуым да жоқ. Мен өмірден шаршадым. Біз сізге еш жамандық ойлаған жоқпыз. Қымбаттым, Айнұр (марқұмның жары – авт.), мені кешір. Мен сені қатты жақсы көремін! Балаларды саған аманат етемін. Мен сені екі дүниеде де сүйемін» деп жазған  Азат өзінің ақтық хатында.

Мына хатты көрсетіңіздер  адамдарға!  Олжас – Октябрьдің ұлы.  20.02.2025 жыл. 

Сағаттың айтуынша, оқиға орнына бірінші болып полиция емес, сол Олжастың әкесі – Октябрь жеткен. Азаттың қоштасу хатында аталған адам. „Октябрьдің баласынан“ Азат тек айыптаудан ғана емес, қысымға шыдамай қаламын деп қорыққан еді.  

Азаттың анасы Гүлбағиза Оңғарбаева ұлының қазасы туралы сол күні естіді. Бірақ оның жансыз денесін құшағына алу үшін бір тәулік күтті. Алматыда жүрген шешесі бір тәулікте полиция бөлімшесіне қалай жеткені де есінде жоқ.

 

«Мен түскі үште келіп, бірден Кербұлақ аудандық полиция бөліміне бардым. Айғайладым, жыладым, есікті ұрдым. Бірақ, мені кіргізбеді. Не бастық, не оның қол астындағылары шықпады, не болғанын да түсіндірмеді. Тіпті көңіл айтуға да жарамады. Ұлымды көруге рұқсат бермеді. Олар мүлде жанашырлық танытпады. Олардың жүрегі жоқ па? Ұлымның өлгенін біле тұра, қалайша сол жерде үнсіз тұра беруге болады?!» – деп жылап отыр Азаттың анасы.  

Полициядан кейін Гүлбағиза прокуратураға жүгірді. Тек сонда ғана оған ұлының денесін Талдықорғанға, мәйітханаға алып кеткенін айтты. Бірақ, ол ұлын келесі күні ғана көрді.Ал кешке таман ғана ұлының денесін оған қайтарды. 

Сол сәтте ол жан түршігерлік жағдайға куә болды.

«Ерні жарылып кеткен. Шынтақтарында көгерген іздер мен тырналған жерлері бар. Мен сенімдімін – оны ұрып-соққан. Полицияда. Соншалықты ұрып, шыдатпай қойған. Сол кезде ол өз кінәсіздігін дәлелдеудің жалғыз жолы осы деп шешті», – дейді қайғыдан қан жұтқан ана.

Марқұмның анасы Жетісу облыстық полиция департаментіне арыз жазып, «Полиция қызметкері Олжасты табыңдар» деп талап еткен.

Кербұлақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 27 жастағы Азат Құдайбергеновтың денесі жоғары кернеулі бағанада асылып тұрған күйінде табылғанын хабарлады. Аталған факті бойынша ҚК 105-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Материал жариялауға дайын болған сәтте Сарыөзекке Талдықорғаннан арнайы комиссия келгені туралы хабар алдық.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар