Петропавлда 3 адамды өлтірген ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Фото: Orda.kz
Петропавлда резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша қайта өткен сот отырысы аяқталды. 27 жастағы Александр Канищев азаматтық некедегі әйелін, оның бір жасар қызын, сондай-ақ өзінің туған інісін өлтірді деп айыпталды, деп хабарлайды Orda.kz.
Бастапқыда алқабилер Канищевті ақтап алған еді. Бірақ сот алқасы бұл үкімнің күшін жойып, істі қайтадан қарады.
Еске салайық, қанды қылмыс 2023 жылдың 25 қыркүйегінде болған. Петропавлдағы Береке ықшам ауданында орналасқан жеке үйлердің бірінде өрт шығып, жас келіншек пен екі баланың мәйіті табылды. Сол түні өрттен тек Александр Канищев қана аман қалған. Бастапқыда ер адам зардап шегуші ретінде саналған. Бірақ кейінірек ол кісі өлтірді және қасақана өрт қойды деген күдікпен ұсталды.
Іс материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға болған күні Канищев жұмыстан оралып, демалып жатады. Ол балалардың шуынан оянып кетіп, оларды ұра бастаған. Ал азаматтық некедегі әйелі балаларды қорғауға тырысты. Осылай ер адам мен әйел арасында жанжал туындайды.
Тергеу мәліметтері бойынша, ер адам сүйіктісін тұншықтырып өлтірген. Ал балалар болған оқиға туралы ешкімге айтпауы үшін, оларды да өлтіріп, үйді әдейі өртеп жіберген.
Былтыр қыркүйек айында алғашқы сот отырысы өтті. Прокурор Канищевті өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етті. Алайда сот оны ақтап шыққан еді. Прокурорлар үкімге келіспей, апелляциялық шағым түсірді.
Іс СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қайта қаралды. Сот отырысында прокурор ер адамның сөзінен қайшылықтар тапты. Сонымен қатар, қаза тапқан адамдардың денелері киімсіз табылған. Бұл зорлық-зомбылықтың болғанын көрсетеді.
Канищевтің өзі кінәсін мойындамады. Ол бәрін құтқаруға тырысқанын айтты. Оны анасы қорғады. Ол ұлының Алинаны жақсы көретінін алға тартты. Қайтыс болған Алинаның отбасы бұл нұсқамен мүлде келіспеді. Марқұмның анасы қызы мен сотталушы арасындағы қарым-қатынас тек үш айға созылғанын мәлімдеді. Ол үйдің кездейсоқ өртенгенін де жоққа шығарды.
Тергеу барысында ер адамның 20 мың теңге ұрлағаны, 2021 жылы велосипед ұрлағаны үшін жауапқа тартылғаны айтылды.
«Александр Канищев ҚР ҚК 191-бабының 1-бөлігі (Тонау), ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 1, 3, 5-тармақтары (Екі не одан да көп адамды өлтіру, кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды, айрықша қатыгездікпен өлтіру) және ҚР ҚК 99-бабының 3-бөлігі (Жас баланы өлтіру) бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Ол сот залында қамауға алынып, жазасын қауіпсіздігі төтенше жағдайдағы қылмыстық атқару жүйесінде өтейтін болады. Сондай-ақ, мәжбүрлі түрде алкоголизмнен емделсін», — деді СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан Нұршәріпов.
Александр Канищев үкім оқылған соң өзінің мұндай шешіммен келіспейтінін айтты. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бүгін, 12 мамырда Тараз әкімінің бұрынғы орынбасары жемқорлық үшін сотталған еді.
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық