Өзімізді өртейміз: Хасан Қасымбаев соттағы соңғы сөзін айтты

cover Фото: Orda.kz

Атышулы Хасан Қасымбаевқа және оның серіктеріне қатысты сот ісі аяқталуға таяды. Бүгінгі сот отырысында айыпталушылар соңғы сөздерін айтты. Хасан Қасымбаев өзіне тағылған барлық айыпты жоққа шығарып, істің қолдан жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz. 

 

Бүгінгі сот отырысы сағат 10:00-де басталуы тиіс болғанымен, айыпталушылардың кешігуіне байланысты бір сағатқа кешігіп өтті. Сот залына кірген Қасымбаевтың туыстары судьядан жәбірленуші Арманның отырысқа офлайн қатысуын талап етіп, наразылық білдірді. Судьяның залды тыныштандыруға шамасы жетпеді. 

Хасан Қасымбаевтың туыстары мен жақындары сот ғимаратының алдында әділ шешім шықпаса, өз-өзімізді өртейміз деп те мәлімдеді. 


 

Айта кетейік, 2024 жылғы 4 қазанда «Қамажай» дүкенінде болған жанжалда қаза тапқан Шерзат Полаттың ісінен кейін Хасан Қасымбаевқа қатысты қауесеттер тарап кетті. Жұрт арасында «хуторлық» деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топтың бар екені және оны Хасан Қасымбаевтың басқаратыны жайлы гу-гу әңгіме тарап кетті. Бұл оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Осы жағдайдан кейін Талғар аудандық әкімдігінде қызмет атқарған Хасан Қасымбаевтың бауыры Аслан Қасымбаев жұмыстан босатылды. Ресми сот кабинеті дерегіне сүйенсек, Хасан Қасымбаевтың тағы бір бауыры Ержан Қасымбаев бұған дейін «адам өлтіру» бабымен істі болған. Ол кеден қызметкері Медет Жамашевті қасақана өлтірді деп айыпталған. Ал ІІМ «хуторлық» қылмыстық топ жайлы сөз бұрқ ете қалғанда-ақ ақпаратты жоққа шығарған болатын. 

 

4 қараша күні ол қамауға алынып, оған қатысты тергеу басталды. Тергеу шілде айында аяқталды. 29 шілдеде прокуратура айыптау актісін бекітіп, істі сотқа жіберді.

Істе 2 жәбірленуші бар. Қылмыстық іс бойынша Қасымбаевпен бірге тағы бес адам: Сайлау Ақтанов, Данияр Асқаров, Руслан Әлиев, Мадияр Қалымжанов, Нұрмұхамет Сұлтанбеков жауапқа тартылып жатыр. Олар адам ұрлау, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және бопсалау баптары бойынша айыпталған.
«Біз Хасанды танымаймыз. Арман – Талғарда белгілі нашақор және есірткі таратушы. Бірнеше рет ұсталған, бірақ неге жазаланбағанын түсінбейміз. Мен бұзақылық бабы бойынша кінәмді мойындаймын, бірақ сот әділетсіз өтіп жатыр. Біздің басты куәгерімізден жауап алу өтініші де қабылданбады», — деді айыпталушы Руслан Әлиев.

 

Хасан Қасымбаевтың соңғы сөзі

Қасымбаев тергеу барысында Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптары өрескел бұзылғанын, сот кезінде нақты дәлелдер болмағанын айтты.

«Менің кінәмді дәлелдейтін бірде-бір нақты айғақ жоқ. Істе тек жалған жәбірленушілердің сөздері ғана бар. Тергеу мен сот барысында Қылмыстық іс жүргізу кодексінің көптеген талаптары өрескел бұзылды. Бұл істі халық арасында резонанс тудырған соң, қоғамды тыныштандыру үшін біреуді кінәлі етіп көрсету керек болды. Сол адамның рөліне мені таңдап алды. Бірақ әділдік деген – біреуді жазалау емес, шындықты табу ғой», — деді ол.

 

Қасымбаев мемлекеттік айыптаушыны, прокуратура мен құқық қорғау органдарын заңсыздықтарға көз жұма қарады деп айыптады.

«Мемлекеттік айыптаушы да, менің құқықтарымның бұзылып жатқанын, істің шикі екенін біле тұра, маған 15 жыл бас бостандығымнан айыру жазасын сұрап отыр. Бұл – әділдікке, заңға және адамгершілікке қарсы. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Сонда да осындай жағдайға жол беріліп отыр. Шынымен, осының бәріне нүкте қоятын бір адам табылмай ма?! Егер бұл жағдай осылай жалғаса берсе, онда биліктің өзіне де өзгеріс қажет деп есептеймін. Құқық қорғау органдарына және прокуратура жүйесіне түбегейлі реформалар қажет. Себебі мұндай әділетсіздік мәңгі жалғаса алмайды. Құрметті сот, менің соңғы үмітім – Сіздің әділ шешіміңізде», — деді ол.

Қасымбаев сотта ІІМ-нің өзі хуторлық ұйымдасқан қылмыстық топтың бар екенін жоққа шығарғанын еске салып, жәбірленуші Әлімовтің нашақор екенін айтты. Өзіне қарсы куәлік берген Әлімовті «нашақор және арандатушы» деп сипаттап, оның жалған айғақ бергені үшін жауапқа тартылуын сұрады.

«Мен соттан Әлімовтің жалған айғақ бергені үшін оған қатысты қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде жеке ұйғарым шығаруыңызды сұраймын. Ол сотта ант беріп тұрып, біле тұра жалған куәлік етті, мені барлығының көзінше «банданың басшысы» деп көрсетіп, менің абыройымды таптады. Хутор «бандасының» мүлде жоқ екенін ҚР ІІМ бірінші орынбасарларының өздері растаған. Соған қарамастан, Әлімов сандырақ айтып, қоғамды адастырып жүр. Мүмкін, бұл оның есірткіні жиі қолданатынынан, я болмаса, психикалық жағдайының бұзылуынан шығар. Себебі ақыл-есі дұрыс, сау адам мұндайды айта алмайды. Есірткіге тәуелді адам — ол тіпті өз анасын да ақшаға сататын адам! Нашақор, ауру адамның сөзіне сенуге болмайды құрметті сот!», — деді Қасымбаев.

Хасан Қасымбаев отбасы, жұбайы, кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар екенін және әрдайым адал еңбек етіп, заңды құрметтеген азамат екенін айтты.

Ол екінші жәбірленушінің оған шағымы жоқ екенін айтқанын еске салды. 

«Екінші жәбірленуші — Тәжіев бойынша. Ол өз айғақтарының жалған екенін түсініп, сот отырысында маған ешқандай шағымы жоқ екенін айтты. Бұл да менің кінәсіз екенімді көрсетеді. Екінші жәбірленушіге қатысты айтарым, егер оның соттағы айғақтарына назар аударсақ, ол кәсіпкерлікпен айналыспағанын және ешқандай дәріханасы болмағанын айтты. Сондай-ақ, сотта куәгерлердің бірі оның бұрын алаяқтық жасағанын айтты, бірақ ол бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Яғни, іс бойынша Әлімов пен Тажиев шынымен қылмыс жасайды, бірақ қандай да бір себеппен олар қылмыстық жауапкершілікке тартылмай отыр, ал мені Шерзат Полаттың ісі  резонанс болғаны үшін, халықты тыныштандыру мақсатында және мына бір Әлімовтің жалған сөздеріне сүйене отырып, соттап жатыр. Сонда әділдік қайда?», — деді Қасымбаев.

 

Қасымбаев бір жылдан астам уақыт бойы тергеу изоляторында заңсыз қамауда отырғанын, ал бұл уақытта оның отбасы мен кәмелеттік жасқа толмаған балалары зардап шеккенін айтты. Қасымбаев соттан ақтау үкімін шығаруды сұрап, әділ шешімге үміт артты:

«Менің бүгінгі сөзім – бұл жауапкершіліктен қашу емес, бұл – жанайқайым. Әр күн сайын себепсіз, кінәсіз қамауда отырған сайын жаным езіліп, ішім қан жылайды. Менің отбасым мені күтіп отыр, оларға менің көмегім қажет. Ал мен еш кінәсіз бола тұра, бір жылдан бері уақытша ұстау илозяторында қамалып отырмын. Егер шынымен кінәлі болсам, мен ер азамат ретінде өз ісім үшін заң алдында жауап берер едім. Ең ауыр нәрсе – өзің жасамаған қылмыс үшін жазалануың. Сізден өтінерім – менің тағдырымды айыптау үкімімен талқандамаңыз. Менің өмірімді, менің отбасымның үмітін үзбеңіз», — деп аяқтады ол сөзін.

Айта кетейік, бұған дейін Orda.kz тілшісіне берген сұхбатында Хасан Қасымбаев: «Менің арым таза, заң бұзған жоқпын» деген еді. 

Еске сала кетсек, 29 қазан Алматы облысы Талғар қаласында Хасан Қасымбаевқа прокурордың сұраған жазасына наразылық білдіріп тұрғындар сот алдына жиналған еді

Айта кету керек, 13 қазанда өткен сот отырысында айыпталушылар: Руслан Әлиев пен Сайлау Ақтанов жауап берген еді. Олар жәбірленуші Әлімовпен болған жанжалды «еркектер арасындағы дау» деп, адам ұрлады деген айыпты жоққа шығарды. 

Orda.kz тілшісі бұған дейінгі сот отырыстарының бәріне қатысып келеді. Көрші бөлмеге БАҚ өкілдерін отырғызып, теледидар арқылы көрсеткен сотты жартылай жабық сот отырысы деп айтуға болады. Себебі куәгерлердің сөзін жариялауға судья бұған дейін тыйым салған болатын. Оның үстіне теледидарда техникалық ақауларға байланысты кейде дауыстары естілмей қалған кездер болды. Дегенмен тілшілеріміз осыған дейінгі өткен сот отырыстарынан тікелей ақпарат таратып отырды. Құқық қорғаушылар негізінен резонанстың кесірінен Хасан Қасымбаевтың сотталғалы жатқанын алға тартты. Ал жәбірленуші тарап болса, куәгерлердің айыпталушылардан қорқатынын өткен соттардың бірінде айтқан еді.

Осымен бүгінгі сот отырысында айыпталушылардың бәрі соңғы сөздерін айтып болды. Соңғы екі айыпталушы соңғы сөздерін айтқанда журналистердің шығуын сұрады. Сот үкімді ертең, 10 қазан күні сағат 10:00-де шығарады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар