Қордай ісі: cудья Айдарбек Замбаевтың үкімі әділетсіз – адвокат

cover

Бүгін қазақ-дүнген дүрбелеңіне қатысты Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үкім шықты. Қылмыстық іске төрағалық еткен судья Айдарбек Замбаев айыпталушылардың алдын 20 жылға бас бостандығынан айырса, он шақты азаматты шартты жазамен босатты.

Алайда сотталғандардың арасында үкімге келіспей, қайта шағым түсіретінін айтқан адвокаттар баршылық. Расында, адвокаттар айтқандай сот үкімі заңсыз ба?

Жамбыл облысы адвокаттар алқасының адвокаты Талғат Бейісбеков өз қорғауындағы Ерік Байтеновке заңсыз үкім шығарылғанын айтады. 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылған Алматы қаласының тұрғыны Қордайдағы жаппай тәртіпсіздікке қатыспаған көрінеді.

— Менің қорғауымдағы Ерік Байтеновке ҚР Қылмыстық кодексінің 3 бабы бойынша айып тағылып отыр. Нақтырақ айтсам ол адам өлтіруге жәрдемдесу, жаппай тәртіпсіздікке қатысу және 287 бап яғни қару ұсыну бойынша айыпты болған. Бірақ біз сот тергеу барысында менің қорғауымдағы Ерік Байтеновтың ешқандай қылмыс жасамағанын толық дәлелдеп бердік.

Сот отырысы барысында қорғау жағына және сотқа қатысушыларға «Сіздер дәлелдемелерді ұсыныңыздар. Дәлелдемелерді біз толық көлемде қарап, зерттеп әділетті әрі заңды шешім шығарамыз» деп айтқан болатын. Бірақ сот тарапынан қандайда бір әділ шешім шыққан жоқ. Соттың шешімі заңсыз әрі әділетсіз деп ойлаймын. Бұл менің субективті пікірім.

Осыған байланысты біз апелляциялық шағым түсіріп, Жоғары сотқа дейін барып әділеттілікті талап ететін боламыз. Жоғары соттан да әділетті шешім болмаса келесі сатыларға шығамыз. Дүниежүзілік қауымдастыққа шықсақ та әділеттілікке жетеміз. Неге? Себебі мен Байтеновты қорғаған кезде тек қана дәлелдемеге сілтеме жасадым. Яғни, әрбір дәлелдемені зерттеген кезде айыптау жағымен салыстырып отырдық.

«Бізде Байтеновтың кінәсіз екенін айғақтайтын дәлелдемелер бар. Осыған кінәсіздігін дәлелдейтін дәлелдемелер ұсына аласыз ба?» дегенде, ол кісілер «Тек қана сот жарыссөзінде айтамыз» деген болатын», – дейді Талғат Ақанұлы.

Талғат Бейісбеков

Адвокаттың айтуынша, сот жарыссөз кезінде айыпталушының кінәсін дәлелдейтін бірде бір дәлелдеме ұсына алмаған. Дәлел ретінде ол соттың видеоларын мұқият көруге кеңес берді. Сондықтан да адвокат Байтеновтың 15 жыл 6 айға заңсыз, әділетсіз бас бостандығынан айрылғанын ескертті.

— Жаңа үкім шығару барысында мен өз тарапымнан судьяға «Үкімді нақты бізге түсіндіріп беріңіз» деп айтқанда, ол «Барлығын үкімде жазамыз» деп жауап берді. Маған үкімде жазылған нәрсе керек емес. Өйткені ертесі күні үкімге не жазылатыны белгісіз.

Судья Айдарбек Замбаев бір аптадан артық кеңесу бөлмесінде болды. Сол кезде ол әр айыпталушының кінәлі немесе кінәсіз екеніндігінің дәлелдемелерімен танысып, бағалап, шешім шығаруы қажет еді. Сондай-ақ ол әр азаматқа қатысты қандай дәлелдемелер бар немесе жоқ екенін нақты білуі керек. Менің қорғауымдағы азаматты кінәлі деп тапқаннан кейін судья бір-екі ауыз сөзбен түсіндіріп беруі керек еді. Өкінішке орай сот отырысы барысында оны айта алмады, – дейді адвокат.

Сондай-ақ Талғат Бейісбеков өз қорғауындағы Ерік Байтеновтің ісінде қарама-қайшылық бар екенін айтты. Алайда Судья Айдарбек Замбаев үкім шығаратын кезде мұны ескермеген көрінеді.

— Жаппай тәртіпсіздік сағат 02:35-те Қордай ауданына Ұлттық ұлан кіргеннен кейін аяқталған. Менің қорғауымдағы Байтенов түнгі сағат 3-тен кейін ауылға кірген. Бұл жасырын тергеу әрекеттерінде анық көрсетіліп, өз дәлелін тауып тұр. Егер жаппай тәртіпсіздік сағат 02:35-те аяқталып, менің қорғауымдағы азамат сағат 3-те ауылға кіріп отырса, онда ол қалай жаппай тәртіпсіздікке қатысады?

Сондай-ақ сот барысында Байтеновтың кәнісін айтатын бірде бір куәгер болған жоқ. Бұл аз десеңіз тергеу органы сараптамаға екі-ақ гильза ұсынады. Бірақ белгісіз құпиялы жағдайда сараптамада тағы да 8 гильза пайда болады. Сарапшыдан бұл туралы сұрап едік, ол қалған гильзалардың қайдан пайда болғанын түсіндіре алмады.

Сонымен қатар жәбірленушінің жауабына сәйкес, атқан адам оң жақ шетінде тұрды десе, бізге сол жақта тұрды деп көрсетіп жатыр. Сот отырысы барысында бірде бір адам нақты қай жақтан атқанын толық түсіндіріп бере алмады. Соттағы осындай кемшіліктерге байланысты біз мінедетті түрде апелляциялық шағым түсіреміз, – деді ол.

Адвокаттардың басым көпшілігі апелляциялық шағым түсіретінін айтып, үкімге наразылық білдіріп жатыр. Соған қарағанда Қордай қақтығысына қатысты іс әлі ұзаққа созылатын тәрізді.

Серік Құдайбергенұлы, Тараз

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар