«Ойын» құрбаны: мектеп әжетханасында жәбір көрген оқушының анасы кінәлілерді жазалауды талап етті
Фото: видеодан кадр
Талдықорғандағы Абай атындағы мектептің әжетханасында жоғары сынып оқушылары өздерінен кіші жастағы баланы видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге таратты. Желі қолданушылары бұл әрекетке наразы, ал зардап шеккен оқушының анасы кінәлілерді жазалауды талап етуде. Оқиғаның жай-жапсарын Orda.kz анықтады.
Абай атындағы №1 мектепте даулы жағдай орын алды. Желіде тараған бейнежазба қоғамның наразылығын тудырып, оқушылардың ерсі әрекеті қызу талқылануда. Видео кадрларында жоғары сынып оқушыларының бірі кіші жастағы жасөспірімді әжетханаға кіргізіп, дәретханаға отырғызып, өз шалбарын шешпек болғаны байқалады.
Оқиғаның ары қарай қалай өрбігені белгісіз. Ал қызық қуған оқушылар әжетхананың ішінде шу шығарып, даурыққан.
Orda.kz тілшісі жәбірленген оқушының анасымен тілдесіп, уәжін тыңдады.
«Видеоны аша салғанда баламның жүзіне қарап, ары қарай шыдай алмадым. Оқиға екі апта бұрын болған, бірақ балам ештеңе айтпады. Мен оны әлеуметтік желіден көрдім. Кейбіреулер екі тарап татуласты деп ақпарат таратып жатыр. Бірақ мен баламды мазақ еткен оқушыларды да, олардың ата-аналарын да кешіргем жоқ. Бейнежазбаны өшіруді сұрап, блогерлерге талай рет өтініш жасадым, бірақ еш нәтиже болмады. Мектеп әкімшілігі 9-10-сынып оқушыларын акт залына жинап, осы видеоны бәріне көрсеткен. Егер түсіндіру керек болса, ауызша айтпай ма? Ол жиында мектеп директоры мен инспектор да болды», – дейді жәбірленушінің анасы.
Оның айтуынша, ол оқушылардың болашағын ойлап, шағым түсірмеген. Бірақ бұл әрекетке барған жасөспірімдер өз істері үшін жауап беруі тиіс деп санайды.
«Мен баламның жүрегін ауыртпау үшін бұл видеоны жоюды сұрап жүрмін. Ал мектеп керісінше жиналыс өткізіп, оны көрсеткен. Мен адам құқықтарын қорғау ұйымына хабарластым. Сенесіз бе, қан қысымым көтеріліп, көзімнен жас тыйылмады. Балама жәбір көрсеткен оқушыларға арыз жазбадым, себебі олардың да болашағын ойладым. Бірақ олар мұны түсінген жоқ. Айыппұл төлеп қана құтыла салмасын, олар өз әрекеттері үшін жауап берсін. Қоғамдық жұмыстарға тартылып, жасаған қателіктерінің салдарын сезінсін», – деді ол.
Оның айтуынша, ұлы тәртіпті әрі тыныш бала, сондықтан мұндай қорлыққа душар болады деп ешқашан ойламаған.
Мектеп директоры жиналыста болғандықтан, сұхбат алу мүмкін болмады. Ал тәрбие ісінің меңгерушісі аты-жөнін жасырғысы келіп, журналистерден мектептен тыс, қоршаудан шығуды талап етті. Ұзақ уақытқа созылған келіссөздерден кейін ғана Қуат Нұрғалиұлы сұхбат беруге келісті.
«Қазіргі таңда тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 9-Б сынып оқушылары бұл әрекеттерін ойын деп түсіндірді. Олар мектепішілік есепке қойылды, үш ата-анаға 20 мың теңгеден айыппұл салынды. Жалпы, мектебіміздің беделі жақсы. Жетісу облыстық телеарнасына ай сайын 7-8 рет ақпарат береміз, бұған дейін жаман атымыз шыққан емес», – деді мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі.
Мұғалімдердің айтуынша, тәртіп бұзған оқушылар тәрбиелі отбасынан шыққан. Айта кетейік, бұл мектепте 1700 оқушы білім алып жатыр. Зардап шеккен баланың білім алып жүрген мектебіндегі оқушылармен сөйлесіп көрдік. Төменгі сынып оқушылары бұл жағдайдан ешқандай әбестік байқамаған.
Олардың айтуынша, бұл жай ғана ойын. 5-сынып оқушысы:
«Бұл – тек ойын. «Слова Пацана, Кровь на асфальте» деген телехикаяны көріп, соны қайталап істеген. Олар оны қызық көріп ойнаған».
Ал кейбір оқушылар мұны буллинг деп санайды. 8-сынып оқушысы:
«Тәртіпсіздікті 9-сынып оқушылары жасаған. Ойын түрінде болса да, бұл – әлімжеттік».
Бейнежазба туралы 9-сынып оқушыларының өздерінен сұрадық. Олардың пікірінше, бұл ешқандай да ойын емес, масқара жағдай. Қатарлас сынып оқушылары:
«Алғаш көргенде жағамызды ұстадық. Бұл – әдепсіздік, өте нашар көрініс. Бұлай жасауға болмайды».
Облыстық білім басқармасы да оқиғаға қатысты пікір білдірді.
«Мектептегі оқиғаға қатысқандардың барлығы анықталды. Олардың айтуынша, болған жағдай – тек ойын. Бұл жағдай ерекше бақылауға алынып, оқиға бойынша кешенді тексеру ұйымдастырылды. Сонымен қатар, барлық мектептерде буллингтің алдын алу, психологиялық қолдауды күшейту және тәртіптік бақылау жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізіледі», – деді облыстық білім бөлімінің баспасөз қызметкері.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, тәрбиелік міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін кейбір ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Екі мұғалім сынып жетекшілігінен босатылды, ал тәрбие ісі жөніндегі орынбасар қызметінен өз еркімен кетті.
Осы оқиғаға байланысты оқушылармен алдын алу шаралары өткізілді. Мектеп директорына қатаң сөгіс берілді. Құқық бұзушылар ішкі істер органдарының арнайы есебіне алынды. Жәбірленушіге психологиялық-педагогикалық түзету орталығында жан-жақты көмек көрсетілуде.
Буллинг мектептерде өзекті мәселе болып қала береді. Orda.kz бұл жағдайды бақылауда ұстайды.
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық