Қойнауы тарихқа толы Алматы шаһарына — 1005 жыл. Қала күні қалай тойланады?

cover

Биыл оңтүстік астана атанған тарихи қала — Алматы шаһарына ресми түрде 1005 жыл толды. Алматылықтар жыл сайын қала күнін қыркүйектің үшінші жексенбісінде атап өтеді.

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты Алматы тұрғындары биыл да қала күнін онлайн-режимде атап өтеді. 

Бұған дейін дәстүрлі түрде қала күнінде мегаполисте көрмелер, концерттер және басқа да мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар өтіп жүрді. Коронавирус инфекциясына байланысты былтырдан бері іс-шараның басым бөлігі онлайн форматта ұйымдастырылуда.

Бастапқыда  әкімдік  бірқатар бұқаралық іс-шараны офлайн өткізуді жоспарлаған болатын. Оның ішінде Медеудегі баспалдақпен көтерілу, Алматы марафон веложарысы және ALMATY URBAN FEST 2021 бар. Бірақ кейінірек санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бұған тыйым салған.

Мәдениет басқармасының хабарлауынша, 19 қыркүйек сағат 19.00-де Алматы телеарнасында қала күнін мерекелеуге арналған «Алматы талант» киноконцерті өтеді.

19-21 қыркүйек аралығында Алматы телеарнасының эфирінен қала бойынша интеллектуалды квест ойынын және «Алматы – менің сүйікті қалам» қала кітапханаларын көруге болады. Шараға қазақстандық танымал адамдар қатысады.

20 қыркүйекте онлайн форматта қазақстандық жас фотографтардың «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» фотокөрмесі өтеді.

20, 21, 26 қыркүйек күндері Алматы қаласы музейлер бірлестігінің әлеуметтік желі парақшасында «Алматы менің жүрегімде» онлайн концерті.

24 қыркүйекте Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтың әдеби-мемориалдық музей кешенінің әлеуметтік желі парақшасында Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп ұйымдастырылған «Қала және қаламгер» көшпелі фотокөрмесі өтеді.

18-21 қыркүйек аралығында Алматы әуендері (almaty_ayenderi) әлеуметтік желі парақшасында қазақстандық танымал адамдардың қатысуымен «Күзгі әуен» және «Ару қала – Алматы» онлайн концерті өтеді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар