«Назарбаевтың ұрпағын сотта көргіміз келеді»: Болат Назарбаевтың қолшоқпары Қоспаевтың сотында не болды?
Коллаж Orda.kz
Айбек Қоспаев – Болат Назарбаевтың «Адамжегіші» атанған Елдос Қоспаевтың інісі. Ол сот жарыссөзінде сөз сөйлеп, ешқандай ұйымдасқан қылмыстық топқа (ҰҚТ) қатыспағанын, рейдерлік пен бопсалауға қатысы жоғын мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.
Бұл не масқара?
Прокурордың сабырлы, ресми сөзінен кейін айыпталушының жарыссөздегі сөзі өте эмоцияға толы болды.
Еске салсақ, мемлекеттік айыптаушы Ақтөре Беріков Айбек Қоспаевты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Айыптаулардың бірі – Айбек Қоспаевтың ағасы Елдос басқарған ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болғаны.
«Бізді ҰҚТ деп атап отыр. Біз бәріміз бір туған ағайынбыз. Сонда прокурордың логикасына салсақ, отбасының әрбір адамы — ҰҚТ мүшесі. Ал оның отбасы — ұйымдасқан қылмыстық топ», — деді айыпталушы.
Сонымен қатар, прокурор талап еткен мүлікті тәркілеу туралы ұсынысқа да Айбек Қоспаев наразылық білдірді:
«Бұл қарақшылық қой. Мен өз еңбегіммен сатып алған мүлкімді, прокурордың ішкі сеніміне қарап, біреулердің болжамына бола тартып алмақшы. Аузыма қақпақ болу үшін мені қаралап, қылмыскерге айналдырғысы келеді. Мені бәрін қылмыстық жолмен алған етіп, адамдарға балағат сөз айтатын адам етіп көрсетеді. Бұл не масқара?!» — деді Айбек Қоспаев.
Ол өзінің және бауырларының үстінен қозғалған істі де, шыққан дау-дамайды да Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) әдейі қолдан жасағанына сенімді екенін айтты.
Айбек Қоспаевқа тағылып жатқан ең ауыр бап — «Нұр» базарындағы бопсалауға қатысты. Қоспаев істің мән-жайын айтып берді:
«Бұл базар бір колхозда орналасқан. Мен ол колхозда өмірімде болмағанмын. Маған ол не үшін керек?» — деді ол.
Айыпталушының адвокаты Аманжол Мұхамедияров, сондай-ақ, Елдос пен Айдос Қоспаевтардың қорғаушысы, сотта Айбек Қоспаевтың кінәсіз екенін және оған тағылған барлық айып бойынша ақтау керегін мәлімдеді.
Назарбаевтар қайда?
Сот дәлізінде Мұхамедияров тағы бір қызықты жайтқа назар аударды. Елдос пен Айдос Қоспаевтарға қылмыстық айып тағылған сәттен бастап, оларды Қазақстанның тұңғыш президентінің інісі Болат Назарбаевтың көмекшілері деп жазып келді.
Елдос Қоспаевты бірнеше рет Болат Назарбаевтың «оң қолы» немесе тіпті «Назарбаевтың адамжегіші» деп атаған.
Алайда, сот процесіне Болат Назарбаевтың отбасынан бірде-бір адам келмеген. Логика бойынша, марқұм Болат Әбішұлының ұлдары мен басқа да туыстары оның істерінен хабардар болуы керек еді.
«Сотта не айыпталушылар қатарында, не куәгерлер арасында ол отбасыдан ешкімді көрген жоқпыз. Елдос Қоспаев туралы айыптау құжаттарында Болат Назарбаевтың сенімін теріс пайдаланып, оның артынан түрлі істер жасаған деп жазылған. Біз Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевты және оның заңсыз туған баласы деп айтылатын Манат Айтмұхамбетовтен жауап алуды сұрағанбыз»,
— деді адвокат.
Оның айтуынша, олар сот процесіне көптеген куәгерлерді шақырғысы келген, бірақ оларды «жасырып қойған». Ал зардап шеккендер — бұған дейін Қоспаевтармен іскерлік қарым-қатынаста болған адамдар. Тек Қаңтар оқиғаларынан кейін олар куәгер не жәбірленуші болып шыға келген.
Іс мәнісі неде?
Айбек Қоспаевқа бірнеше бап бойынша айып тағылған:
- ҚР ҚК 262-бабы 2-бөлігі — «Ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу». Тергеу нұсқасы бойынша, Айбек ағасы Елдос басқарған ҰҚТ құрамында болған. Ол бизнесмендердің мүлкін күшпен тартып алу, заңсыз байыту сияқты әрекеттерге қатысқан деп айыпталды.
- ҚР ҚК 249-бабы 3-бөлігі 1-тармақ — «Рейдерлік» — AV Construction компаниясын тартып алуға қатысты, оған Болат Назарбаевтың қызы Құндыз Назарбаеваның да қатысы бар.
- ҚР ҚК 218-бабы 3-бөлігінің 2) және 3) тармақтары — «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)»;
- ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 1) және 2) тармақтары — «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету» — бұл баптар Қоспаевтар мен олардың әріптестерінің Esentai City тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер мен коммерциялық нысандарды сатып алуына қатысты;
- ҚР ҚК 214-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы — «Заңсыз кәсіпкерлік, заңсыз банк, микроқаржылық немесе коллекторлық қызмет»;
- ҚР ҚК 233-бабы 2-бөлігі — «Анық жалған сәйкестендіру құралдарын және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларын дайындау, өткізу мақсатында сатып алу не қолдану». Айбек Қоспаев заңсыз алкоголь саудасына байланысты айыпталып отыр;
- ҚР ҚК 194-бабы 4-бөлігінің 1) және 2) тармақтары — «Өте ірі көлемде жасалған бопсалау» — Алматы облысы Шамалған ауылындағы «Нұр» базарын күшпен тартып алу ісіне қатысты.
Қоспаевтар ҰҚТ-сының әрекет ету тарихы мен географиясы өте ауқымды. Orda.kz бұл туралы бөлек материал жасаған. ҰҚТ мүшелері кәсіпкерлердің үлесін, мүлкін күшпен тартып алып, көлеңкелі бизнеспен айналысты деп айыпталды.
Қылмыстық жолмен алынған мүлік тәркіленген. Тізімде 133 жылжымайтын мүлік нысаны, 11 жер телімі, 35 премиум-класс көлігі және 9 миллион АҚШ доллары қолма-қол ақша бар.
Сотта жарыссөз әлі болып жатыр. Orda.kz оқиғаның өрбуін бақылап, ақпарат таратады.
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық