«Назарбаев дес бермейтін»: АҚШ елшісі тыңшылар мен тұңғыш президент жайлы баяндады

cover Фото: European Union / Wikimedia Commons, CC BY 4.0

АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Ларри Наппер өзінің жұмысы жайлы екі бөлімнен тұратын көлемді мақала жариялады. Онда ол Нұрсұлтан Назарбаевпен қалай араласқаны және қазақтың қонақжайлылығына таң қалғаны мен екі ел президенттерінің кездесуін ұйымдастыруға көмектескені туралы баяндады. 

Orda.kz Eurasianet порталында жарияланған мақаланың алғашқы бөлімінің қысқаша мазмұнын назарларыңызға ұсынады.

Тыңшылар және елшінің Назарбаевпен пікірталасы

Нэппер Қазақстандағы алғашқы жұмыс күндерінің 2001 жылғы 11 қыркүйектегі лаңкестік шабуылдармен тұспа-тұс келгенін еске алды. Лаңкестер басып алған ұшақ Дүниежүзілік сауда орталығы мұнараларына соқтығысқан кезде осы оқиға оның кейінгі дипломатиялық миссиясына айтарлықтай әсер еткен.  

«Көптеген америкалықтар Қазақстанды картадан таба алмайтын. Ал 1990 жылдары Ауғанстаннан кеткеннен кейін АҚШ Орталық Азияны дипломатиялық басымдықтарынан шеттеткен еді. Бірақ Буш әкімшілігі Ауғанстандағы «Талибан» жүйесін құлатудың жоспарын жасаған соң, Орта Азия бірден стратегиялық маңызы зор аймаққа айналды» деп жазады бұрынғы елші.

2001 жылы Буш әкімшілігі «Талибан» ұйымын жоюға ұмтылды. Бұл тек әуе соққыларымен жүзеге аспайтынын ол білді. Америкалықтарға Ауғанстанға құрлықтан шабуыл жасайтын плацдарм қажет болды. Ал Орталық Азия осы мақсатқа сай келетін аймақ еді. Ресей де талибтерді жоюға мүдделі болғандықтан бұған қарсыласпады. Осылайша, АҚШ дипломаттары Нұрсұлтан Назарбаевты өз жағына тарту үшін белсенді әрекет ете бастады.  

«Назарбаев америкалық елшілермен, соның ішінде маған жылы шырай танытып, келісімге келуге дайын болатын. Алайда әңгіме осы елдегі демократияның аздығы немесе Қазақстандағы адам құқықтарын бұзу мәселелеріне ауысқанда, ол тәжірибелі дипломаттарды әбден шаршататын, сөгіс беретін. Назарбаев менің дипломатиялық мансабымдағы ең мықты, дес бермейтін пікірталас қарсыласым болды» деп мойындады Ларри Наппер.

Әуе кеңістігіне шығу және құпия әңгіме

Америкалық дипломат шешуі керек мәселелерінің бірі – ұшуға рұқсат алу мәселесі болды. АҚШ әуе күштеріне Қазақстанның аспаны қажет еді. Келіссөздер ұзақ өтті және қиын болды. Елші Алматыда, ал сол кездегі Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Астанада болатын. Олар қауіпсіз телефон желісі арқылы сөйлесуге тырысты. Бірақ бәрібір байланыс сапасы нашар болды. Сол үшін олар ұялы телефондарды қолдануға мәжбүр болды. Ақпараттың сыртқа таралуына жол бермеу үшін дипломат пен министр «шпиондық тіл» ойлап тапты. 

«Біз ұялы телефон арқылы дала қырандарының көші-қоны туралы сөйлестік. Бұған  бізді тыңдап отырған ресейліктер сене қоймас еді. Иә, Қазақстанның сыртқы істер министрі мен америкалық елшінің құсбегілікке деген құштарлық жайлы әңгімесіне әсте сенбес еді» деп жазады Наппер.

«Мен бір миллион орысты қуып шығар едім»

Қазақстан ақырында АҚШ-қа өз әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат берді. Америкалықтар талибтер жүйесін құлатты (басында) және бұл Назарбаевты қатты таң қалдырды. Қарымта қайтару белгісі ретінде сол кездегі АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Колин Пауэлл Қазақстанға ресми сапармен келіп, ҚР президентін Джордж Бушпен кездесуге шақырды. Дәл осындай мойындауды Назарбаев көптен күткен еді.

Пауэллдің делегациясын Қазақстанда зор құрметпен қарсы алды — Рамазан айына сәйкес келген сапарға қарамастан, мемлекеттік хатшы мен оның серіктеріне керемет дастархан мен «әр талғамға сай әсерлі алкогольдік ішімдіктер» ұсынды. Түскі астан кейін (немесе, дәлірек айтсақ, қонақасыдан кейін) Назарбаев, Пауэлл, Ыдырысов және Нэппер төртеуі жеке әңгімелесу үшін шетке шықты. Қазақстан президенті Джордж Бушпен кездесуді асыға күтіп, қуанып тұрды және АҚШ-пен терроризмге қарсы күресіп, энергетика саласында ынтымақтастық орнатуға дайын екенін қуана айтты. Алайда адам құқықтары мен демократия туралы әңгімеден бас тартты.

«Бұл кездесуден және түскі астан кейін американдық делегацияның кейбір мүшелері қазақтың мәре-сәре, аста-төк қонақжайлылығынан әрең тұрғандарын еске алады» деп жазады Ларри Нэппер.

2001 жылдың желтоқсанында Назарбаев АҚШ-қа барды. Ол Джордж Бушпен және Exxon Mobil мен Chevron сынды ірі американдық инвесторлардың өкілдерімен кездесті. Назарбаев АҚШ президентімен кездесуді боулинг туралы әзілден бастады, бұған Буш әбден күлді. Бұл сапар жалпы алғанда өте маңызды болды.

Буш әкімшілігінің басқа шенеуніктері және АҚШ вице-президенті Дик Чейнимен өткен ресми түскі ас кезінде Назарбаев кенеттен төтесіне көшті. Ол Қазақстан саудасын шектеп, әлі күнге дейін басынып отырған АҚШ-тың атышулы Джексон-Вэникті айыптады. Назарбаев оның бұл әрекетін бастапқыда эмиграцияға кедергі келтірген елдерді «жазалау» үшін енгізілгенін айта кетті. Ал тәуелсіз Қазақстан бұған еш қатысы жоқ екенін баса айтты.

«Мен еврейлердің барлығына Қазақстаннан кетуге рұқсат етер едім, егер олар қаласа! Тағы бір миллион орысқа да елден кете бер дер едім!» — деп баса сөйледі Нұрсұлтан Назарбаев.

Америкалықтар Назарбаевтың бұл мәлімдемесіне күліп жіберді. Бірақ Қазақстанды ескірген санкциялардан шығару бойынша ешқандай уәде алған жоқ. Дегенмен, осы әңгіменің нәтижесінде 2002 жылдың наурызында АҚШ Қазақстанды нарықтық экономикасы бар мемлекет ретінде ресми түрде мойындады. Бұл біздің елдің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жолындағы маңызды қадам болды.

Ирактағы қазақ сарбаздары және биозертханалар

Назарбаев пен Буш жақсы қарым-қатынаста болды. Бірақ АҚШ-тың Иракқа басып кіру алдында Қазақстан президенті америкалықтардың басымдықтарының өзгергенін түсінді. Оған Саддам Хусейннің тағдыры түк маңызды емес еді. Бірақ АҚШ-тың Ауғанстаннан Иракқа назарын ауыстырғаны бірінші президентке ұнамады. АҚШ әскерінің Орталық қолбасшылығының басшысы генерал Томми Фрэнкспен кездесу барысында Назарбаев әскерлердің Иракқа кіруінің нақты күнін атауды табанды түрде талап етті. Фрэнкс ызадан жарылардай болды. Бірақ соңында бұл әңгімені әзілге айналдырып, тігісін жатқызды. Ол үстелді алақанымен ұрып, былай деді:

«Президент мырза, уайымдамаңыз. Бүгін біз Иракқа басып кірмейміз. Себебі бүгін мен Қазақстандамын», — деді әзіл-шыны аралас.


Назарбаев күліп жіберіп, сол жерде генералды сұрақтарымен мазалауды тоқтатты.

Қазақстан билігі америкалықтардың Иракқа басып кіруіне қатты қуанбаса да, Назарбаев бұл жағдайда да адалдығын көрсету мүмкіндігін тапты. Қазақстан Иракқа американдық сарбаздарға минадан тазарту жұмыстарында көмек көрсеткен шағын әскери инженерлер тобын жіберді. Бұл көмек қарлығаштың қанатымен су сепкендей болды. Бірақ осының арқасында Қазақстанның АҚШ-пен байланысын нығайтуға аз да болса үлес қосты деуге болады. Өз естеліктерінде Нэппер қазақстандықтарды ресейлік және проресейлік насихатшылар жиі қорқытатын сол «АҚШ биологиялық зертханалары» туралы да айтты. Оның айтуынша, түрлі токсиндер мен қауіпті бактериялардың үлгілері бар зертханалар Қазақстанда бұрыннан болған. Кеңес Одағынан қалған.

«Қазақстанда әлемдегі ең ірі патоген үлгілерінің бірі сақталған. Соның ішінде оба, сібір жарасы және туляремия бактериялары, вакциналарды зерттеу және өндіруді жалғастыратын үлгілер. Бұл өте қауіпті микроорганизмдер Қазақстанның ғылыми және ауылшаруашылық станцияларында сақталды және көбінесе қауіпсіздік стандарттарына мүлдем сәйкес келмейтін жағдайда тұрды. Кейбір штаммдар ас үйдегі қарапайым тоңазытқыштарда, қол жетпейтін жерлерде сақталды», — деді Ларри Нэппер.

Вашингтон Қазақстанға осы штаммдардың коллекциясын сатып алу ұсынысын жасады. Бірақ үкімет бас тартты. Сосын американдықтар басқаша ұсыныс жасап көрді. 2003 жылы олар үлгілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және зерттеу үшін 40 миллион доллар көлемінде грант бөлетіндерін жариялады. 2004 жылы Қазақстан мен АҚШ Кеңес Одағының кезінен сақталған оба және басқа қауіпті аурулардың бактерияларын зерттеп, вакциналарды жасау үшін қауіпсіз әрі заманауи зертхана құруға келісімге келді. Мұндай зертхана 2020 жылы ресми түрде ашылды. Қазіргі уақытта ашық ауыз аңқау желіде отырғандарды қорқытуға тырысып, сол жайлы ақпарат таратып жатыр.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар