Наурыз Шымкенттен басталады

cover ehonews

Шымкент қаласында Наурыз мерекесіне 565 млн теңге жұмсалған. Ол туралы «Zertteu Research Institute» Қоғамдық қоры facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазған. 

Біз осы сатып алулар туралы тереңірек ізденіп, құжаттарына талдау жасап көрдік. Сонымен бірге, өнім беруші кім деген сұрақтарға да жауап іздедік. Сонымен:

Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сүйенсек, биыл бұл шараларға 565,2 млн теңгенің келісім-шарты жасалған. Барлық сатып алу бойынша Тапсырыс беруші - Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК. Басшысы Майғазиев Сәкен Қордабайұлы. Сатып алулардың бәрі Тікелей бір көзден сатып алу тәсілімен өткен. Яғни, ешқандай бәсекелі тәсіл қолданылмаған. Енді осы сатып алуларға жеке тоқталсақ.

  1. «Шымкент қайырымды қала» - ұлыстың ұлы күні» іс-шарасы қызметін сатып алуға 322,9 млн теңгенің келісім-шарт жасалған. Өнім беруші ретінде «Penopro» ЖШС таңдалған. Компания Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. Бұған дейін де мәдени мекемелермен келісім-шарттар жасап келген. Олардың ішінде «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры» КЕАҚ бар. Соңғы келісім-шартын 2019 жылы жасаған. Мына келісім содан кейінгі алғашқысы.

Техникалық ерекшелігінде іс-шарада қамтылуы керек адам саны, ұйымдастыруға керек мамандар мен техникалық жабдықтар, басқа да қажетті нәрселер туралы ештеңе көрсетілмеген. Тек іс-шара атауы, өткізетін мерзімі, жеткізілу мекен-жайы және басқа да қысқаша мәліметтер бар.

Техникалық ерекшелік скрині №1:

  • Екінші келісім-шарт Наурыз мерекесіне орай «Open Art gallery» - Айқап журналының құрылғанына 110 жыл» іс-шарасын өткізу бойынша жасалған. Келісім-шарт бағасы – 50 млн теңге. Өнім беруші – ЖК «Prima Gololobova». Шымкент қаласында тіркелген. Басшысы Голоболова Олеся Геннадьевна. Бұған дейін 2020 жылы осы мекемемен 20,5 млн теңгенің келісім-шартын жасаған. Ол кездегі іс-шараның атауы - «Open Air Gallery», «ТМД мәдени астанасының» жабылу салтанаты».

Бұл сатып алудың техникалық ерекшелігінде де іс-шараның толық сипаттамасы жоқ. Жалпылама мәліметтермен шектелген. Бұл техникалық ерекшеліктен іс-шараның қандай көлемде, сипатта өткенін анықтау мүмкін емес.

Техникалық ерекшелік скрині №2:

  • Үшінші сатып алу «Наурыз мерекесіне орай» Дәстүрлі ән мен жырлар» - Дина Нұрпейісова «іс-шарасы қызметіне» деп аталады. Келісім-шарт бағасы – 50 млн теңге. Өнім беруші - ИП Дехгани» Soloist». Алматы қаласында тіркелген, басшысы -  Дехгани Эльмира Исахановна. Осы мекемемен бұрын да келісім-шарт жасаған. Ол кезде «ТМД мәдени астанасы» шарасының жабылу салтанатынан тікелей эфир ұйымдастыру қызметін көрсеткен (6,3 млн теңге). Ал биылғы Наурыз мерекесіне орай ұйымдастыратын шарадағы атқаратын қызметін техникалық ерекшеліктен анықтау мүмкін емес. Жалпы шараны ұйымдастыру, немесе онлайн трансляциялар ұйымдастыруы керек екені туралы нақты айтылмаған.

Техникалық ерекшелік скрині №3:

  • Төртінші сатып алу Наурыз мерекесіне орай «Bala дауысы, Super Live, Жұлдызай» іс-шарасы қызметі деп аталады. Келісім-шарт бағасы – 80 млн теңге. Өнім беруші - «ZHAN ALEMI GROUP» ЖШС. Басшысы - Ярышев Александр Александрович. Компания Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. Мемлекеттік сатып алу порталында барлығы 2 келісім-шарт жасаған. Екеуі де осы мекемемен жасалған. Алдыңғы келісім-шарт 2020 жылғы. Ол кезде «ТМД мәдениет астанасы» шарасынан әлеуметтік желілерде ақпарат жариялау қызметін көрсеткен (11,1 млн теңге). Ал биылғы келісім-шарты бойынша қызметі басқа. Техникалық ерекшелігі алдыңғы сатып алуларға ұқсас. Яғни, іс-шара бойынша, ондағы міндеттері, қызмет көлемі, техникалық және басқа да талаптар туралы ақпарат жоқ.

Техникалық ерекшелік №4:

  • Бесінші сатып алу атауы – «Наурыз мерекесіне орай, Шымкент қаласының мәдени нысандарын әлеуметтік желілерде тарату іс-шарасы қызметіне». Бұл - сатып алудың қосымша сипаттамасында көрсетілген ақпарат. Келісім-шарт бағасы – 22 млн 980 мың теңге. Өнім беруші - «Impresario Media Group» ЖШС. Шымкент қаласында тіркелген. Басшысы - Аскарова Диана Ардаковна. Мемлекеттік сатып алу порталына 10.03.2021 жылы тіркелген және алғашқы келісім-шартын 19 наурызда жасаған. Бұл - компанияның мемлекеттік сатып алу порталында алғашқы және әзірге жалғыз келісімі. Сатып алу тікелей бір көзден сатып алу тәсілімен өткен. Компанияның бұрын мұндай шараларды ұйымдастыру, өткізу бойынша тәжірибесі бар-жоғы туралы ақпарат жоқ. Ал бұл сатып алудың техникалық ерекшелігінде ақпаратты әлеуметтік желілерде тарату қызметіне қойылатын талаптар туралы мәлімет жоқ: қай әлеуметтік желілерде, қандай парақшаларда таратылуы керек, жарияланымдар саны қанша болуы керек, жарияланатын парақшалардың жазылушылар саны, жалпы жұмыс көлемі мен қосымша басқа да талаптар туралы жазылмаған. Ал басқа мекемелердің осыған ұқсас сатып алуларының техникалық ерекшелігінде мұндай қызметке қойылатын талаптар толық жазылады.

Техникалық ерекшелік №5:

  • Алтыншы сатып алу шарасы «Наурыз айтыс». Келісім-шарт бағасы – 40 млн теңге. Өнім беруші ретінде «Quraq Group» ЖШС таңдалған. Компания Шымкент қаласында тіркелген. Басшысы Сағынтаев Бақдәулет Батырханұлы. Мемлекеттік сатып алу порталына 2021 жылдың 5-наурызында тіркелген. Бұл компанияның порталдағы алғашқы келісім-шарты. Компания немен айналысады, қай салада қызмет көрсететіні туралы әріптесіміз Мият Кәшібай бұған дейін толығырақ жазды. Бұл сатып алу техникалық ерекшелігінде де сатып алатын қызметтің толық сипаттамасы берілмеген.

Техникалық ерекшелік №6:

Тек Шымкент қаласы Мәдениет басқармасының facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында айтысқа қатысатын ақындар мен жүлде қоры туралы ақпарат бар:

Facebook әлеуметтік желісінен скрин:

Одан бөлек «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК «Наурыз мерекесіне орай Шәмші Қалдаяқов әндері іс-шарасын» ұйымдастыру туралы да сатып алу өткізген. Келісім-шарт бағасы – 60 млн теңге. Өнім беруші ретінде ИП ZAG таңдалған. Бірақ, бұл келісім-шарт 19.03.2021 жылы бұзылған. Келісім-шарт бұзу себебі: «В связи с отсутствием финансирования и ее дальнейшей не целесообразности исполнения» (келісім-шарттағы оригинал үлгісі берілді).

Енді бізге бұл келісім-шарттарда қызық көрінген кейбір фактілер мен сәйкестіктерге тоқталайық. «Bala дауысы, Super Live, Жұлдызай» (80 млн теңге), «Наурыз мерекесіне орай, Шымкент қаласының мәдени нысандарын әлеуметтік желілерде тарату (22,9 млн теңге) және кейін тоқтатылған «Наурыз мерекесіне орай Шәмші Қалдаяқов әндері (60 млн теңге) іс-шараларын ұтқан компаниялар танымал продюсер Жан Мұқановтың есімімен байланысы бар.

Мына материалда Жан Мұқановты «Zhan Alemi Group» ЖШС негізін қалаушы деп таныстырады. Ал директоры Ярышев Александр Александрович.

Ал «Impresario Media Group» ЖШС Жан Мұқановпен байланысы бар екенін Instagram желісіндегі ресми аккаунтынан білуге болады:

Тағы бір келісім-шарт жасап, кейін келісімі бұзылған ЖК ZAG-тың байланысы туралы «Zhan Alemi Group» ЖШС Instagram желісіндегі ресми парақшасынан білуге болады. Біздің команда деп аталатын сторисіндегі ZAG-тың өмірімен таныстырамыз деген видеодағы азаматты Асан деп таныстырады. Ал порталдағы ашық дереккөзде ЖК ZAG-тың басшысы Орозалы Улы Асан.

Сонымен бірге, мемлекеттік сатып алу порталындағы жеке мәліметтерде ЖК ZAG пен «Zhan Alemi Group» ЖШС пошталары zhanalemi.kz сайтынан ашылғанын көруге болады. Сондай-ақ, ЖК ZAG вебсайт деген жерге Zhanalemi.kz деп жазған.

Жалпы, Instagram желісіндегі impresario.tv аккаунтының Шымкент қаласы әкімдігімен байланысы бұған дейін де болған. Былтыр жазда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов аптасына бір күн Instagram-дағы аккаунтында тікелей эфир жүргізіп, қала тұрғындарының сұрақтарына жауап беретін. Сондай байланыстардың бірінде Мұрат Әйтенов тікелей эфирге impresario.tv аккаунтынан қосылып кеткен. Бірақ, оны тез байқап, кейін өз аккаунтына ауысты. Сол арада желі қолданушыларының бірі сол сәтті скрин жасаған:

Сонымен бірге, мына материалда Жан Мұқановтың «Жұлдызай» жобасының продюсері екені айтылады. Ал «Жұлдызай» жобасы Шымкентте Наурыз құрметіне ұйымдастырылған шаралардың бірі.

Сонымен, Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының "Шымкент қалалық мәдениет үйі" концерттік ұйымы" МКҚК 2021 жылы Наурыз мерекесін тойлау туралы сатып алуларын қысқаша қорытындылайтын болсақ: барлық сатып алулардың техникалық ерекшелік үлгісі бірдей, барлығында сатып алынатын қызметтің көлемі, сипаты және өнім берушіге қойылатын басқа да талаптар туралы ешқандай мәлімет жоқ. Бұл техникалық ерекшеліктерден сатып алынатын қызметтің соған жұмсалған қаржыға сәйкестігін, қаржының қаншалықты тиімді жұмсалғанын анықтау мүмкін емес. Сонымен бірге, талаптардың толық, анық жазылмауы Өнім берушінің де, Тапсырыс берушінің де көрсетілетін қызмет көлемі мен сапасын субъективті бағалау мен жеткізуіне мүмкіндік тудырады және сыбайлас жемқорлық қатерін арттырады. Сондықтан, бұл сатып алуларда сыбайлас жемқорлық қатері бар деген қорытынды жасаймыз.

Сондай-ақ, келтірілген скриндерден байқағаныңыздай, техникалық ерекшеліктер тек орыс тілінде толтырылған. Алты сатып алудың техникалық ерекшелігінің де мемлекеттік тілдегі үлгісі порталда жоқ.

Екіншіден, тапсырыс алушы (біреуінің келісім-шарты кейін бұзылған) үш компанияның қызметі, атауы бір адаммен байланысты және ол азамат бұрын да Шымкент қаласы әкімдігімен істес болған деген болжам жасауға негіз бар.

Авторы: Ғалымжан Оразымбет

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар