«Науқастарды ұрлап, өлтіріп, пәтерін арзанға сатқан»: Алматыдағы психиатриялық аурухана
Алматы қаласының қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған ауданаралық сотында аты шулы іс бойынша сот отырысы басталды. Сотталушылардың арасында Психологиялық сауықтыру орталығының (ПСО) бұрынғы бөлім меңгерушілері, құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері, нотариустар, жылжымайтын мүлік агенттері және рецидивист, жалпы саны 22 адам бар. Бұл топ психикалық ауруы бар жалғызбасты адамдарды тауып, олардың мүліктерін иемденген. Олар кейбір науқастарды қамауда ұстап, пәтерлерін өздеріне жазып, сатып жіберіп отырған. Ал кейбіреуін тіпті өлтіріп тастаған.
Orda.kz тілшісі осы шулы істің мәліметтеріне зер салып, саралап көрді.
Сотта осындай қылмыстық істің қаралып жатқанын біз Ренат Қадыровтың әлеуметтік желілерде жариялаған мәліметінен білдік. Құқық қорғаушы, отбасылық және мұрагерлік құқық бойынша маман Ренат Қадыров ұйымдасқан қылмыстық топтың шамамен 10 жыл бойы психикалық ауруы бар адамдарды үнемі тонап, олардың бостандығына қол сұғып, мүліктерін алып отырғанын айтты.
«Қылмыстық топ мұқият ойластырылған схеманы қолданды. Олар ұрлаған психикалық ауруы бар адамдарды заңсыз жылжымайтын мүлік рәсімдеу үшін пайдаланған» деп жазды құқық қорғаушы Facebook парақшасында.
Психикалық ауруы бар адамдар қылмыскерлердің «қуыршағына» айналды. Оларды тек бостандығынан және мүлкінен айырмай, сонымен қатар қорлап, өлтірді. Бұл қылмыстық топтың бар заңсыз әрекеттерін заңдастыру үшін арнайы нотариустар қызмет етті.
«Қылмыстық топ жылжымайтын мүлікті жалған тұлғаларға рәсімдеумен өз істерін жасырып, қылмыстық әрекеттерін заңдастырды. Бұл оларға құқық қорғау органдарының күдігін тудырмай, мүлікті бақылап, иемденуге мүмкіндік берді» деп атап өтті Қадыров.
Бұл ұйымдасқан қылмыстық топтың әр мүшесінің өз міндеті болды:
«Дәрігерлер өздерінің кәсіби білімі мен науқастардың үнемі жанында болғанын пайдаланып, оларды ұрлауға көмектескен. Нотариустар заңдастыруға көмектескен. Ал рецидивистер жәбірленушілерді күштеп ұстау мен артық куәгерлерден құтылуға қол ұшын берген» деп жазды Ренат Қадыров.
Оның пікірінше, «бұл жанжал қоғамды дүр сілкіндіріп, ашу-ыза тудырды». Алайда біз мұнымен келіспейміз. Бұл оқиға туралы әзірше санаулы адам ғана біледі.
Каблуков көшесіндегі аурухананың өте білікті дәрігерлері
Қылмыстық іс 2022 жылдың қараша айында қозғалды. Тергеу 37 эпизодты бөліп көрсетті, олардың көпшілігі Алматы қаласындағы тұрғын үйлерді заңсыз иеленуге қатысты алаяқтық туралы. «Каблуков көшесіндегі психиатриялық ауруханасы» деген атаумен белгілі Психологиялық сауықтыру орталығының қызметкерлері қылмыстық топқа клиникадағы жалғызбасты науқастарды көрсетіп берген.
Orda.kz тілшісі ауруханаға барып қайтты. Алайда директор мен дәрігерлер біздің журналистпен сөйлесуден бас тартты. Кадр бөлімінде іске қатысты қызметкерлер жұмыстан шығарылғаннан кейін жұмысқа кіріскендерін хабарлады. Орталықтың басшысы барлық сұрақтарды eOtinish порталы арқылы жазбаша түрде жіберуді өтінді.
Дегенмен біз осы мәселе туралы азды-көп ақпарат берген бір адамды таптық. Ол өз атын жарияламауды сұрады.
Екі жыл бұрын бірінші және екінші бөлімнің меңгерушілері жұмыста төбе көрсетпей кетті. «Бастықтар оларды еңбек демалысында деп айтты». Уақыт өте келе ұжымда түрлі қауесет тарай бастады. Содан кейін орталық қызметкерлерін тергеуге шақыра бастады.
Бұрынғы бірінші бөлім меңгерушісі — Айжан Джусупгалиева. Оның жұмыс өтілі — 20 жыл, атақты және жоғары білікті психиатр. Джусупгалиеваны науқастар ғана емес, аурухана басшылығы да жоғары бағалады. Көптеген қызметкерлер өз таныстарын оған жіберіп отыратын. Ол ешқашан көмек көрсетуден бас тартпаған. Ашық интернет көздерінен Джусупгалиева ғылыми зерттеулердің авторы екенін білдік. Idoctor.kz сайтындағы анкетасын назарларыңызға ұсынамыз.
ПСО қызметкері № 1 бөлім меңгерушісін мәліметтерді қылмыстық топқа берді деп айыптап жатқан шығар деп болжайды.
Бұрынғы үшінші бөлім меңгерушісі Майра Уразаева — жоғары санатты дәрігер, психиатр және невролог. Оның еңбек өтілі 20 жылдан асады. 2022 жылы Денсаулық сақтау министрлігі Уразаеваға «Денсаулық сақтау үздігі» медалін табыс етті. Әдетте мұндай марапат медқызметкерлерге көп жылғы еңбегі мен денсаулық сақтау саласындағы практикалық жұмыстарды дамытудағы жеке үлесі үшін беріледі, оның ішінде диагностика мен емдеудің ерекше әдістерін әзірлеу мен енгізу, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мен реформалауға белсенді қатысу, медициналық ғылым мен білім беру, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы инновациялық қызметті дамыту да бар.
Дәрігер магистратурадағы жұмысын «Ер адамдардағы суицид типологиясы, коррекциялық көмек көрсету әдістері» тақырыбында қорғаған. 103.kz сайтында дәрігердің анкетасына қарасақ, Уразаева докторантурада оқып, ғылыми дәреже алу үшін диссертация дайындалып жатқаны көрсетілген. Сонымен қатар ол — көпбалалы ана.
Жұрттың сөзінше, ол да қылмыстық топ мүшелеріне науқастардың жеке мәліметтерін берді деген күдікке ілінді.
Біздің дереккөзіміздің айтуынша, тергеу Алматыға Ресейден бұрынғы науқастың жақын туысының келгенінен басталған. Науқас қайтыс болған, ал әйел оның мүлкіне тікелей мұрагер болған. Алматыға келген кезде әйел пәтердің тек белгісіз тұлғаға рәсімделгенін ғана емес, сонымен қатар сатылып кеткенін анықтады.
«Ауруханада дәрігерлерге 16-18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін деген сыбыс бар», - деп хабарлады дереккөзіміз.
Бізге аурухана қызметкері айтып берген науқастың марқұмдардың бірі болған-болмағаны белгісіз. Бірақ редакция үлкен тергеу аясында қаралатын іс бойынша өлтірілген әженің жақын туысын тапты. Қыздан біз қылмыстық топтың серкелері мен жетекшілерінің аттарын сұрастырдық.
«Қарт ананы өлтірді»
Элеонора Долгова бізге әжесінің өлімінің мән-жайын айтып берді. Ол 2020 жылдың желтоқсанында әжесін біреу тұншықтырып өлтіргенін, бұны тергеу анықтағанын айтты. Сол кезде 17 жаста болған қыз толық жетім атанды. Оның ата-анасы бұрын қайтыс болған еді.
Заң бойынша, қыз мұрагерлікке құқылы еді. Бірақ оның нағашы әпкесі Ирина Гапарова (қылмыстық іс бойынша негізгі күдіктілердің бірі) әжесі көз жұмбай тұрып өз мүлкін Гапароваға қалдырғаны туралы өсиет жазғанын мәлімдеді.
«Ирина Гапарова — менің нағашы әпкем. Мен оны балалық шағымда көретінмін. Ол әжемнің туған күндеріне, мерейтойына жиі келіп тұратын. Бірақ былайғы уақытта өте сирек келетін. Бірде ол келіп кеткен соң, әжемнің барлық жинақтары — бес немесе алты мың евро жоғалып кетті. Тексере алмадым. Ол кезде мен бала едім. Сол оқиғадан кейін әпкем ұзақ уақыт бойы көрінбеді, шамамен жеті жыл бойы келмеді. Ол әжеммен хабарласпады. Гапарова туралы ештеңе естімедім. Кейін 2020 жылдың күзінде мен әжемді қарауға бара алмай қалған едім. Көп жұмыс істеп, қарбалас болдым. Қазан айының басында әжемнің досы Анна хабарласып, әжемнің қатты ауырғанын айтты», — деп әңгімесін бастады қыз.
Ол бұған сенбегенін айтады. Марқұм Эмилия Кондратьевна 83 жаста болса да, өте белсенді өмір сүрген. Күн сайын базарға барып, ұлына күтім жасаған.
Артынша әжесі жоқ кезде Гапарованың үйге жиі келгені анықталды. Ол әжесінің пәтеріне өз танысын (құрбысын) орналастырған. Ал әжесі кенеттен ауруға шалдыққан.
Кейінірек бұл әжесінің үйіне әкелген адам да қылмыстық істің негізгі фигуранттарының бірі екені анықталды. Оған Гапарова сияқты ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, басқарғаны және Эмилия Кондратьевнаны өлтірді деп айыпталып жатыр. Әжесінің зорлық-зомбылықпен қайтыс болғаны туралы ақпарат 2023 жылдың қыркүйегінде эксгумация (марқұмның мәйітін қарап, сотқа дейінгі экспертиза жүргізу) жүргізілген кезде белгілі болды.
Эмилия Кондратьевнаның артында екі пәтері қалды. Оның бірін ұлына, екіншісін немересі Элеонораға қалдыруды жоспарлаған. Бірақ мұрагерлік құжаттардың бәрі Гапароваға рәсімделгені анықталды.
«Гапарова әкемнің және әжемнің құжаттарын қайтарған жоқ. Біз заңгермен бірге Әуэзов ауданының полициясына арыз жаздық. Гапарова полицияға құжаттар топтамасын алып келді, оның ішінде жалған мұрагерлік құжаттар мен мұрагерлік іс жүргізу рұқсаты бар еді. Әжем өз мұрагерлік мұрасын тек Гапароваға қалдырған көрінеді. Бұл құжаттарға бір күн айырмашылығымен қол қойылған. Бір таңқаларлығы, мұрагерлік құжатты әжем өз қолымен емес, үшінші бір адамға қол қойдырған. Яғни, ол өз денсаулығына байланысты қол қоя алмаған. Қолды басқа бір әйел қойды, ал куәгер ретінде сол Болтабоев болды. Біраз уақыттан кейін әжем "өз қолымен" мұрагерлік іс жүргізуге сенімхатқа қол қойды. Бірақ мен бұл қолдың онікі емес екенін және жазу стилінің де онікі емес екенін көрдім. Мұның бәрі таза алаяқтық сияқты көрінді», – дейді қыз.
Адвокат Оксана Буряк былай деді:
«Заң бойынша егер адам физикалық түрде құжатқа қол қоя алмаса, онда басқа біреу қол қоя алады. Бұл үшін куәгердің қатысуы қажет. Іс материалдары бойынша, әйел не болып жатқанын білмеген. 9 қыркүйекте әжесі өз қолымен қол қоя алмаған құжат рәсімделді, ал 10 қыркүйекте әжесінің атынан мұрагерлік істерді жүргізу үшін сенімхат рәсімделді, оған өз қолымен қол қойған көрінеді. Бұл бізге өте күдікті көрінді, сол себепті біз құжаттарды тексеруді және істі тергеуді сұрадық».
Алайда құқық қорғау органдары екі жыл бойы қылмыстық істі ашудан бас тартты. Полиция сол кезде жалған құжаттарда қылмыстық құрамды анықтай алмады.
«Біздің эпизод бойынша құқық қорғау органдарына бірінші рет 2021 жылдың мамырында Әуэзов ауданының полиция бөлімшесіне жүгіндік. Жәбірленуші – жетім әрі заңды түрде ересек жасқа жетті. Біз оған тегін көмек көрсетуге кірістік. Полициядан істі қарастыруды сұрадық. Олар өсиет бар екенін айтты. Ал қылмыс байқалмайды деді. Біз барлық құжаттардың жалған екенін және қылмыстық істі қозғау қажет екенін талап еттік. Бірақ полиция істі жоғарыға өткізді. Біз түрлі инстанцияларға қанша арыз жазсақ та, ешкім бізді тыңдамады. Тек бұл іске қоғам назар аударғанда барып, біздің оқиға үлкен істе қарала бастады», – деді адвокат.
2022 жылы Эля туысы Ирина Гапарованың басты айыпталушы ретінде тіркелген қылмыстық іс жүргізіліп жатқанын білді.
«Тергеу олардың психиатриялық клиникадан мүлікті иеленгенін, жалғызбасты адамдарды ұрлап, кейін оларды қала сыртында қамап ұстағанын анықтады. Кейбірін өлтіріп, басқа адамның атымен жерлеген. Бұл қылмыстық әрекеттердің ұзақ уақыт бойы жасалып келгені белгілі болды. Біз ісімізді осы үлкен істің басқа эпизодтарына қосуды сұрадық», — деді Эля Долгова.
Іс тергеуге алынған кезде, сарапшылардың және мәйіттің эксгумациясы тағайындалды.
«Ағайымды да эксгумациялау жоспарланған болатын, өйткені оны да өлтірген болуы мүмкін. Әжеміздің мәйітін зерттеу нәтижесінде оның тұншықтырудан өлгені анықталды. Оның тіл астындағы сүйегі сынған, бұл тұншықтыру кезінде болады. Қазіргі кезде сот басталды. Біз істің әділ қаралуына және барлық айыпталушылардың өздерінің жасаған қылмыстарына сәйкес жазаланады деп үміттенеміз», — деп хабарлады қыз.
Элеонора бар істің материалдарымен танысқан соң, қылмыстық топтың жасағанын көріп, қыз жағасын ұстағанын айтты. Ол бізге, оның әжесінің өліміне қосымша, тағы бір қылмыс яғни, психиатриялық аурухана науқастарының өліміне қатысты іс тергеліп жатқанын айтты.
Іс сотқа 2024 жылдың тамызында жіберілді. Эля Долгова сот процестерінің ашық болуы керек деп санайды.
«Ұйымдасып осындай қылмыс істеу — өте ауыр қылмыс деп санаймын. Оған қатаң жаза қарастырылған. Сотталғандар құқықтық әділеттіліктің толық жүзеге аспауы үшін таныстарына жүгінуі мүмкін деген қауіп бар. Сонымен қатар мұндай істер туралы адамдардың білуі маңызды, бұл оларға осындай алаяқтардан сақ болуға көмектеседі. Себебі біз қылмыстық топ мүшелерінің арасында нотариустар мен учаскелік инспекторлардың бар екенін көреміз. Адамдар өмірде мұндай жағдай да болуы мүмкін екенін түсініп, сақ болу керек», — деп атап өтті қыз.
«Бұл жүйенің әшкереленуі сыбайлас жемқорлық пен қылмыстық элементтердің денсаулық сақтау және нотариат жүйесіне қаншалықты байланысты болатынын көрсетті. Көп адам осындай қылмыстардың қанша уақыт бойы байқалмағаны және осы топтың әрекеттерінен қанша адамның зардап шеккені туралы сұрақ қояды. Бұл оқиға қоғам мен құқық қорғау органдары тарапынан қатаң бақылау мен сақтықты қамтамасыз ету қажеттілігін көрсетеді. Алаяқтық пен сенімді теріс пайдаланған қылмыскерлер заң жүзінде қатаң жазалануы керек. Қоғам өздерінің науқасқа шалдыққан ең қорғансыз мүшелерін қорғауға және осындай қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермеуге міндетті» деп жазды әлеуметтік желілерде заңгер Ренат Кадыров.
Біздің редакция ауруханаға, Денсаулық сақтау министрлігіне және Алматы қаласының әкімдігіне сұрау жіберді. Алда сот отырыстарын мұқият бақылап, оның барысы туралы ақпарат береміз.
Жаңалықтар
- Ақтауда қызыл кітапқа енген фламинголар өлі табылды
- Алимент төлемеген азаматтар құмар ойынын ойнап келген
- Есірткі тасымалдаған 2 кәсіпкер әйел 10 жылға сотталды
- «16-шы жеңіс»: Жәнібек Әлімханұлы Андрей Михайловичті нокаутпен сұлатты
- Астанада 37 көпқабатты тұрғын үй заңсыз салынған
- Алматыда ер адамның бөлшектенген денесі табылды
- Қарағанды облысында жоғалған 5 жасар баланың жағдайы белгілі болды
- Таразда 10 жасар бала ауыр қылмысты ашуға көмектесті
- Алматы облысында атыс болып, бір адам қаза тапты
- Судьялардың IX съезі: Тоқаев ашық өткен Бишімбаев сотының пайдасын айтты
- «Шеге жұтқан»: Шымкенттегі сотталғандар наразылық танытып жатыр
- «Тоқаев өзі қарсы алды»: Астанада ТМД-ның арнаулы қызмет басшылары бас қосты
- Президент мопед жүргізушілеріне арналған заңға қол қойды
- Қазақстан $1,5 млрд еуробонд шығарды
- Ким Чен Ын ядролық қарумен қорқытты
- Иран Израильге жасаған шабуылынан кейін АҚШ-қа ескерту жасады
- «Қазақстанға қайтпа»: Жұрт желідегі әйелдің ұлына берген кеңесін қызу талқылап жатыр
- Сенат депутаты Ләззат Қалтаеваның өкілеттігі тоқтатылды
- Ғани Бейсембаев мектеп асханасын ұстайтын кәсіпкерлерді сынға алды
- «Астана» сербиялық «ТСЦ»-ны жеңді