Мұрат Адамның лицензиясы бойынша сотта адвокатқа қатысы жоқ жарияланымдар қаралды
Фото: instagram/ @murat_adam
Алматы қаласындағы сотта Мұрат Адамды лицензиясынан айыру туралы әділет министрлігінің талабы қаралып жатыр. Отырыс барысында сотқа әлеуметтік желілер мен БАҚ-тағы 16 материал ұсынылды, алайда олардың бір бөлігі адвокаттың өзіне қатысы жоқ екені айтылды, деп хабарлайды Orda.kz.
Адвокат Мұрат Адамға қатысты сот процесі жалғасуда. Отырыстың алғашқы бөлімі шамамен екі сағатқа созылып, кейін үзіліс жарияланды.
Қалалық әділет департаменті Мұрат Адамды лицензиясынан айыруды сұрап, сотқа талап арыз түсірген. Ведомствоның хабарлауынша, бұған ішкі істер органдарынан келген ұсыныс негіз болған. Талап қоюшы адвокаттың кәсіби әрекеттері мен заңнама талаптарын, сондай-ақ кәсіби этика кодексін сақтау мәселесін көтеріп отыр.
Алматы қалалық әділет департаменті бастығының орынбасары Қанат Базарбаевтың айтуынша, бұл іс 2025 жылғы 1 желтоқсанда жүргізілген санкцияланған тергеу әрекеттеріне байланысты қозғалған.
«Адвокаттың сол күнгі әрекеттері мен кейінгі әлеуметтік желідегі жарияланымдарына заң тұрғысынан баға беріліп жатыр», – деді ол.
Тағылған айыпқа сәйкес, адвокат сағат 12:50-де кеңсеге келіп, тергеуге қатысуды талап еткен, бірақ өз мәртебесін растайтын құжаттарды көрсетпеген. Сондай-ақ ол сол күні әлеуметтік желілерде 16 материал жариялап, «құқықтарым бұзылды», «құжаттармен танысуға рұқсат берілмеді» деген ақпарат таратқан.
«Бұл жазбалар ресми хабарламалардан бұрын жарияланды және нақты деректерді бұрмалаған», – деп мәлімдеді Қанат Базарбаев.
Базарбаевтың айтуынша, департаменттің іс-әрекеттері тек заң шеңберінде жүзеге асырылып жатыр және адвокатура институтына қарсы бағытталмаған.
«Адвокатураның тәуелсіздігі – маңызды қағидат, алайда ол жауапкершіліктен босатпайды. Әрбір адвокат сот және тергеу органдарымен заң талаптарына сай әрекет етуі тиіс», – деді ол.
Оның сөзінше, анықталған заңбұзушылықтар жүйелі әрі қайталанып отырғандықтан, департамент лицензиядан айыру туралы талап қоюға мәжбүр болған.
«Лицензиядан айыру – жаза емес, бұл кәсіби стандарттар мен заң талаптарын қорғауға арналған заңды тетік», – деп қорытындылады Базарбаев.
Отырыс барысында сот Алматы қалалық адвокаттар алқасының өкілі Валентина Кременцовадан куәгер ретінде жауап алды. Оның айтуынша, 27 қарашада Мұрат Адам қызметтік куәлігін ауыстыру туралы өтініш білдірген, ал 1 желтоқсанда адвокатқа жаңа куәлігі мен өкілеттігі туралы хабарламаның дайын екені айтылған.
Куәгердің сөзінше, Мұрат Адам адвокаттар алқасына бара жатқан жолда Гүлнәр Бажкенованың үйі мен Orda.kz редакциясында тінту жүргізіліп жатқанын білген.
«Уақыт жоғалтпау үшін ол менен өкілеттігін растайтын хабарламаны басып шығарып беруімді өтінді», – деді куәгер.
Ол құжаттардың дайындалғанын растап, сотқа адвокатпен болған хат алмасу скриншоттары мен аудиожазбаларды ұсынды. Мұрат Адамның айтуынша, ол сағат 10:05-те Orda.kz редакциясына қарай жолға шыққан. Бұл деректерді «Яндекс.Такси» қосымшасындағы сапар тарихымен растауға болатынын айтты.
Сот материалдарды зерттеу аяқталған соң, Мұрат Адамның 1 желтоқсаннан бері жариялаған жазбаларын қарауға көшті. Журналистер бөлек бөлмеде отырды, ал онлайн-трансляция кезінде залда көрсетілген материалдар экранға шыққан жоқ. Осы себепті БАҚ өкілдері сөз болып отырған жарияланымдардың мазмұнын тек болжаумен ғана білді.
Дегенмен қорғаушы тараптың реакциясынан ұсынылған материалдардың бір бөлігі Мұрат Адамға тікелей қатысы жоқ екені аңғарылды.
«Бұл жарияланым маған тиесілі емес, оның маған еш қатысы жоқ», – деп атап өтті адвокат бірнеше рет.
Сонымен қатар сотта оның ісіне де, Гүлнәр Бажкенованың ісіне де қатысы жоқ материалдар қаралды.
«Әріптестер, мұнда менің лицензиямның тағдыры шешіліп жатыр, ал сіздер бұған тым салғырт қарайсыздар. Бұл жарияланымдардың Бажкенованың қылмыстық ісіне қандай қатысы бар?», – деді Мұрат Адам.
Келесі сот отырысы 15 қаңтар күні сағат сағат 10:00-ге белгіленді.
Еске сала кетейік, Алматыдағы Бостандық аудандық сотында адвокат Мұрат Адамды лицензиясынан айыру ісі бойынша өткен отырыста қорғаушы тарап судья Дәурен Тілеубаевқа сенімсіздік білдіріп, оны істі қараудан шеттетуді сұрады.
Жаңалықтар
- Өскеменнің экс-әкімі Жақсылық Омар апелляциялық шағым түсірді
- Үкіметте тротуармен жүретін самокатшылардың мәселесін шешу тапсырылды
- Дубайда 22 жастағы қазақстандық не үшін өмірбақи сотталып, 300 млн айыппұл арқалады?
- Жапонияда жойқын жер сілкінісі: Цунами қаупі жарияланды
- Қырғызстан президенті Шахановтың қазасына көңіл айтты
- Ақмола облысында жол апатынан үш адам қаза тапты
- Алматыда көкке шығып, серуендеуге лайық әрі таптырмас 5 орын
- Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Шахановтың қайтыс болуына байланысты көңіл айтты
- Үй, көлік, қомақты ақша ұсынды: Қонаевта бойжеткен зорлық көргенін айтты
- «Мектепке шабуыл жасалады»: Түркияда күдікті хабарлама жазғандардың бәрі ұсталып жатыр
- Мұхтар Шахановтың соңғы аманаты жарияланды
- Қазақстанда жаңа мереке – Қазақтың тазысы мен төбеті күні пайда болды
- Space X бәсекелесі ұшырған зымыранының бірінші сатысын жерге қондырды
- Павлодарда қайтыс болған адамдарға «медициналық қызмет көрсетілген»
- ҚР ІІМ: Терроризм туралы жалған хабарламалар үшін жауапкершілік қатаң
- Яна Легкодимованы өлтіргендер тергеу изоляторынан түрмеге жөнелді
- Пайызы 12 есе жоғары: Ақтөбеде күдікті заңсыз ломбард қызметін ұйымдастырған
- Мысығын бір сағат бойы кір машинасында «жуған» әйел жазаланды
- Болгариядағы парламенттік сайлауда экс-президенттің партиясы жеңіске жетті
- Сегіз бала көз жұмды: АҚШ-та ер адам туыстарының балаларын қырып салды