«Мойныма бұғау салды. Дем жетпей барады»: Темірлан Еңсебектің сотында не болды?

cover Фото: Orda.kz

11 сәуір күні Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында инстаграмдағы Qaznews24 сатира паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Оған ұлтаралық араздық қоздырды деген айып тағылып, экстремист деп танылды. Сотта ахуал шиеленісіп, адвокаттың өтініштері қанағаттандырылмады Журналистерді қызметкерлер қатаң бақылауда ұстады. Ал судья «Сот қоғам пікіріне сүйенбейді» деп мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.

10 сәуір күні өткен сот отырысында ғимарат маңына жиналған Темірланның жақтастары залдан бейнетрансляция қосуды талап етті. Алайда полиция қызметкерлері олардың талабына жауап бермей, күштеп полиция бөлімшесіне әкетті.

Бөлімге жеткізілген Темірлан Еңсебектің жақтастары: Дархан Шәріпов, Айгүл Нұрболатова, Мария Кочнева және Қоңысбай Айриске хаттама толтырылып, 78 640 теңге айыппұл салынды. 

11 сәуір күні сот залына бүкіл БАҚ өкілдері кіргізілді. Orda.kz тілшісі де осы сотқа бастан-аяқ қатысты.

Қорғаушы адвокат сот залына кіре алмаған БАҚ өкілдері мен жақтастарына арнайы онлайн трансляция жүргізуге өтініш берді. Алайда судья өтінішті қабылдамады.

«Тағы да қайталап айтамын, мұның қажеті жоқ. Барлық БАҚ өкілдері сот залына кіргізілді. Техникалық себептерге байланысты трансляция жүргізілмейді, себебі сотта залдар саны шектеулі. Сотта ондай мүмкіндіктер жоқ»,– деді судья. 

11 сәуір күні өткен сот отырысында куәгерлерден жауап алынды. Тінту кезінде куәгер болған адам шақырылды.

Тергеу изоляторынан онлайн қосылған Темірлан Еңсебек куәгерді көрмегендіктен, сот отырысын офлайн өткізуді талап етті. 
«Мен куәгерлерді көріп отырған жоқпын,  сотқа келіп, өз көзіммен көргім келеді. Менен басқа ешкім куәгерді көрген жоқ. Бұл адамның басқа біреу емес, сол куәгер екеніне көз жеткізгім келеді»,– деді Темірлан Еңсебек. 

Адвокат Жанар Балғабаева екі куәгердің тергеу кезінде берген жауаптары «жаттап алғандай» бір-бірінен айнымайтынына назар аударды.

Сондай-ақ, сот залына шақырылған куәгер Әлихан Ержанұлы тергеу кезінде берген жауабы есінде жоқ екенін хабарлады.

Адвокат: «Не айтқаныңыз есіңізде ме? Хаттаманы қол қойған кезде оқыдыңыз ба?», — деп сұрады.                               

Куәгер: «Иә, оқыдым. Жоқ, есімде жоқ, өйткені екі ай өтті».

«Айыптаушы тараптың екінші куәгері отбасылық жағдайларға байланысты сотқа келмеді», –  деп мәлімдеді прокурор. 

 Адвокат екінші куәнің жауап беруінің маңыздылығын атап өтіп, келесі сот отырысында жауап алу қажет екенін айтты.

«Йоу, орыстар» әнін естіп өстім

Сондай-ақ, сотта куәгер ретінде оның сүйіктісі Мария Кочнева жауап берді. Ол 17 қаңтарда Темірланды қалай қамағанын баяндап берді. Темірлан ұсталғанда бірнеше мәрте процессуалдық құқық бұзушылық болғанын атап өтті.  Оның айтуынша, сол күні Темірлан екеуі Марияның пәтерінде қызулары көтеріліп, ауырып жатқан. Күні бойы Машаға полиция басқармасынан хабарласып, бұрынғы арызын архивке өткізуін сұраған. Денсаулығына қарамастан бөлімшеге барып, үйге оралғанда, Темірланның «Тінту!» деп айқайлағанын естіген.

Темірлан ұсталғанда оған 13 полиция қызметкері келгенін және телефоны мен пәтердің кілтін тартып алғанын айтты. Темірлан Еңсебек ұсталғаннан кейін полиция қызметкерлері кілттерді алты сағаттан астам уақыт бойы қайтармаған.  Сондай-ақ, оларда тінтуге ордер болмағанына қарамастан, тінту жүргіземіз деп қорқытқан.

«Тергеушілер пәтерге кіріп, бірдеңе салып жіберуі мүмкін деп қауіптендім», дейді Мария.

Кочнева «Йоу, орыстар» әнін естіп өскенін деп мәлімдеді.

«Эй, йоу, орыстар» атты рэп соңғы жылдары TikTok пен instagram-да танымал болып кетті. Алайда, құқық қорғау органдары дәл осы рэп үшін Темірлан Еңсебекті қамауға алды. Orda.kz дауға айналған рэптің авторы кім екенін және неліктен полиция дәл қазір осы «туындыға» назар аударып отырғанын зерделеді.

Сондай-ақ прокурор куәгердің Қазақстандағы орыс азаматтарынан Еңсебектің жазбалары оларды қорламағанын растайтын қол жинау бастамасына назар аударды.

«Қол қойғандар ән мәтінімен таныс болды ма?» – деп сұрады ол. Алайда Мария бұл сұраққа анық жауап бере алмады. Ол тек жарияланған мәтіннің мазмұнына назар аударғанын айтты. Мемлекеттік айыптаушы Кочнева бүкіл орыс этносының атынан сөйлеуге құқығы жоқ екенін атап өтті.

Тарағанына 20 жыл толған ән

Темірлан Еңсебектің адвокаты Жанар Балғабаева «психологиялық-филологиялық» сараптама жүргізген сарапшыдан жауап алуды талап етті. 

Сот алдында ауданаралық сот сараптамалар орталығының сарапшысы Зиядям Абдулжанова жауап берді. Әнге жүргізілген сараптама «психологиялық-филологиялық» деп аталғанымен, оны тек филологиялық жағынан зерттеді. Себебі орталықта психолог болмады.

 Сарапшының айтуынша, зерттеуге тек аудиожазба берілген, ал заң қудалауының астында қалған Qaznews24 сатиралық жаңалықтар паблигінде шыққан жазбаны ол зерттемеген.

Қорғаушы Балғабаева сарапшының кәсібилігіне күмән келтірді. Оның басты себебі орыс тіліндегі стенограмманы зерттеген филолог-маман орыс тілінде екі сөздің басын ауызша да, жазбаша да қоса алмайды. Сондай-ақ, зерттеу қорытындысында грамматикалық, стилистикалық, орфографиялық қателер өріп жатқанын басып көрсетті. 

Темірлан мемлекеттік сарапшыға сенбейтінін, оның біліктілігі жоқ екенін айтып, басқа сарапшы тағайындауды сұрап, өтініш білдірді. Прокурор болсп қорғашылар істі әдейі созып жатқанын айтып, сарапшыны ауыстырудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді. 

Темірлан Еңсебек конституциялық құқығы бұзылып жатыр деп, әділеттілікті Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан сұрады.
«Билік қылмыстық істі 7 айға созып келді. Ән халық арасында 20 жыл тарап жүрген кезде, сендер осы уақыт бойы ұйықтап жүрдіңдер», – деп ашуланды.

Судья Бейнегүл Қайсина қорғаушы тараптың бірқатар өтінішін қанағаттандырмай, үзіліс жариялап, сот залынан шығып кетті. 

«Прокурормен ауыз жаласқан сот»

Үзілістен оралған Қайсинаның бейтарап емес екенін алға тартқан Еңсебек судья мен хатшыны істен шеттету жайлы шағым түсірді.  

«Сот прокурормен ауыз жаласқан», – деді Темірлан Еңсебек.

Наурызбай ауданының судьясы Аян Бибатыров Еңсебектің қарсылық білдіру туралы өтінішін қарап, бұл шағымын да кері қайтарды.

Сот ары қарай жалғасты.  Балғабаева тағы екі куәгерден жауап алуға өтініш білдірді:

  • Иаков Воронцов – православ діни қызметкері
  • Атахан – іс бойынша тергеуші

Өтінішті сот мақұлдамады.

Балғабаева ресейлік сарапшы Новожилова жасаған әнге және жазбаға қатысты басқа бір сараптама қорытындысын оқып шықты. Қорытындыда орыс халқы туралы ештеңе жоқ, Тина Канделакиге бағытталған жазба дегені айтылған. 

Судья айыптаушы тараптың қарсылығына қарамастан, сараптаманы іске қосты. 

Еңсебектің кінәсі толық дәлелденді ме?

Сот тергеуі көзді ашып-жұмғанша осылай аяқталды да, жарыссөз басталды. Мемлекеттік айыптаушы Темірлан Еңсебектің кінәсі толық дәлелденгенін айтып, бас бостандығын бес жылға шектеуді сұрады. 

Яғни, Темірлан Еңсебекке сұхбат беруге, әлеуметтік желі жүргізуге, грант алуға, онлайн және офлайн кездесулер өткізуге, телеэфирге шығуға, әртүрлі жиналыстарға қатысуға, көңіл көтеру орындарына баруға және т.с.с тыйым салынады

Сотталушы өтіп жатқан соттың Қазақстан журналистикасына, сөз бостандығына жасалған орны толмас қиянат, саяси астары бар қудалау деп бағалады. 

«Бүкіл іс бір ғана сараптамаға негізделген, ал сараптама тек әнге жасалған. Еңсебек бұл әннің авторы да, орындаушысы да емес. Әннің авторы жауапқа тартылмай тұрып, менің қорғалушымды қалай жауапқа тартуға болады? Бір жылдан кейін бұл тақырыпты қайта көтеру кімге тиімді? Менің қорғалушымды өзінің пікірі үшін жауапқа тартпауды сұраймын. Пікір білдіру еркіндігі — халықаралық құқықпен бекітілген», — деді адвокат.

Темірлан Еңсебектің соңғы сөзі

Темірлан Еңсебек бұл істің саяси астары бар екеніне сенімді және айыптау үкімінен қашып құтылмайтынын түсініп, ең жеңіл жазаны сұрап отыр.

«Бостандықты шектеу – менің іс-әрекетіммен салыстырғанда тым ауыр жаза. Оның үстіне, менің жасаған ісім бұл бап бойынша кінәмді дәлелдемейді. Мемлекеттік айыптаушы бүгін де менің кінәмді дәлелдей алмады. Барлық айыптар «ақсап» тұр. Бұл – менің аузымды жабу үшін жасалып отырғаны анық», — деді Темірлан.

Темірлан Еңсебек өмір сүріп, табыс табуы үшін прокурор айтқан шектеулердің кем дегенде жартысын алып тастауды сұрады.

«Бес жыл деген – тым көп. Мен бес жыл бойы «террорист» деген мәртебемен өмір сүремін. Сол 5 жылдың ішінде үндемей, тыныш жүруім керек болады. Банктегі шоттарым бұғатталады. Ата-анам мен болашақ жарымның қолына қарап қаламын. Соттың мейірімділігіне үміт артамын. Маған айыппұлмен шектелуге мүмкіндік беріңіздер. Маған журналистік, саяси, қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салып отыр. Бұл – мойныма кигізген қамыт секілді. Дем жетпей барады».

«Қия баспауыңыз керек»

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, осы бап бойынша Темірлан Еңсебекке бес жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Тұрақты жұмысы болмаған жағдайда жылына 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту, сондай-ақ қоғамдық-саяси қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасын берді.

Судья шектеулердің ұзақ тізімін оқып шықты.

  • Бес жыл бостандығын шектеу
  • Дәлелдерді (телефон мен ноутбук) мемлекет пайдасына тәркілеу
  • Жәбірленушілер қорына 20 АЕК (2024 жылғы есеп бойынша 73 840 теңге) көлемінде айыппұл төлеу

Үкім заңды күшіне енген жоқ. Адвокаттың шағым түсіру үшін 15 күн бар.

«Сіздің қия баспауыңыз керек. Екі рет тәртіп бұзсаңыз, жазаңыз бас бостандығынан айыруға ауыстырылуы мүмкін», – деді судья Қайсина.

Сот залынан шығып бара жатқан судьяға, үкіммен келіспеген сотқа қатысушылар «Ұят!» деп айғайлады.

Адвокат Жанар Балғабаева апелляцияға арыз беру қажет екенін айтты. Дегенмен бұны Темірланның өзі шешеді. 

 


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар