«Эй, йоу, орыстар» - авторы кім?: Рэптегі ұлтаралық араздық қоздыру белгілері полицияның есіне неге енді ғана түсті?

cover Коллаж: Orda.kz

«Эй, йоу, орыстар» атты рэп соңғы жылдары TikTok пен instagram-да танымал болып кетті. Алайда, құқық қорғау органдары дәл осы рэп үшін QazNews24 сатиралық паблигінің жеткшісі Темірлан Еңсебекті,  артынша оны қолдауға шыққандарды да қамауға алуда.

Orda.kz дауға айналған рэптің авторы кім екенін және неліктен полиция дәл қазір осы «туындыға» назар аударып отырғанын зерделеді.

Әуелі, ел арасында осыншама танымалдылық алған «поэзияның» алғаш қандай медиа платформаларда тарай бастағанын зерделеп көрдік. YouTube-та бұл рэп бірнеше арнада жарияланған. 2013 жылы Dadahan Hasan арнасында 436 қаралым жинаса, Руслан Перманов арнасында 1,2 млн қаралымға жеткен. Ал  4 жыл бұрын MRST KLDM арнасында жүктеліп, 384 мың қаралым жинапты. Бұл рэп шетелдік белгісіз бейнеклип арқылы танымал болды.

Бейнеклипте қазақ тіліндегі боғауыз сөздер, сондай-ақ, орыстар мен өзбектерге қарсы қорлау сипатындағы мәтіндер бар. Әннің бастапқы атауы «Эй, йоу, орыстар» емес, басқа боғауыз атаумен белгілі болған. Бейнеклипке пікір қалдырғандар екіге бөлінген, бір бөлігі әнді әзіл ретінде қабылдаса, екінші бөлігі наразылықтарын ашық білдірген. Сондай-ақ, пікір білдірушілердің арасында рэптің оңтүстік өңірде, нақтырақ айтқанда Шымкентте шыққан болуы мүмкін екендігі туралы жазылғанын байқадық.

Жалпы «Эй, йоу, орыстар» мыңдаған рет қайта жүктеліп, жүздеген лақап аттармен таралған. Әнді тіпті ЖИ көмегімен ресейлік әнші Дора лақап атымен танымал Дарья Шиханова да орындаған. Ал мәтін әртүрлі аранжировкаларға бейімделген.

Сонымен қатар, әнді іздеп әуре болудың да қажеті жоқ. Shazam ән табу қосымшасынан оп-оңай табуға болады. Сондай-ақ, Spotify мен Apple Music атты қосымшаларда бұл ән бар болып шықты, айына кем дегенде 20 тыңдалым жинайды.

Сонымен қатар, бұл «поэзия» Google іздеу жүйесіндегі бірнеше музыкалық сайттардан тыңдауға ешқандай кедергі жоқ. Әлеуметтік желіде әсіресе TikTok-та жасөспірімдер дәл осы рэпке жүздеген видео түсіріп, тіпті трендке айналдырып жіберген.

Біз бұл түсініксіз рэптің мәніне үңілдік. Әнде тек орыстарды ғана қорлап қоймай, өзбек ағайындардың да аттары аталды. Рэп бастан-аяқ боғауыз сөздерге толы. Ғаламторда рэптің қай жылы шыққаны әрі авторы белгісіз болғандықтан, мәтіндегі «Фатима Зухра» атты 2005 жылы шыққан Өзбекстан киносы аталғанына қарап, бұл рэп шамамен 2006 мен 2007 аралығында шыққан болуы мүмкін деп топшыладық.

Бұл әнді қай жылы және кімдер тыңдағаны, авторы кім болуы мүмкін деген сұрақтарға қатысты елімізде рэптің танымал бола бастаған кезінде осы саламен айналысқан режиссер Саясат Сауардан пікір сұрадық.

«Ол кезде әдетте үйде жігіттер микрофонды алып, тіпті старттық пакеттермен бірге берілетін қарапайым микрофондармен тректер жазатын. «Эй, йоу, орыстар» әнінің авторлары кім екені белгісіз, бірақ оны да үйде отырып шағара салғандығы анық. Сол уақытта ешкім мұны қатты маңызды деп қабылдаған жоқ, бәрі Bluetooth арқылы таралатын. Менің ойымша, бұл тек мас жігіттердің әзілі болатын. Қазір сапалы жазбалар жасау үшін мүмкіндіктер көп, бірақ 2000-жылдары мұндай жазбалар рэп-индустриясының белсенді даму толқынына тап келді», – дейді Сауар.  

Көбісі бұл әнді 2007 мен 2008  аралығында алғаш рет есітігендерін, кейін ұмыт болып, соңғы екі-үш жылда әлеуметтік желілерде қайта шыға бастағанын айтты.

«Басында бұл мем ретінде тарады, ал әннің мағынасына ешкім аса мән бермеді. Мұндай «туындының» пайда болуына тұрмыстық деңгейдегі шовинизм себеп болды деп ойлаймын. Украинадағы соғыстан кейін әнге жаңа дем біткендей болды. Оның танымал болуына әлеуметтік желілер мен өзекті оқиғалар ықпал етті деп айтуға болады», – дейді алматылық рэпер Нұртөре Жұмағұл. 
ТikTok-та трендке айналып, ғаламторда шаң басып жатқан әрі еш кедергісіз тыңдауға болатын бұл «туынды» неге аяқ астынан этносаралық араздық қоздыру белгілерін қамтып қалды деген заңды сұрақ тудындайды.

Қоғамда резонанс тудырған оқиға 17 қаңтар QazNews24 сатиралық паблигінің жетекшісі Темірлан Еңсебектің тұтқындалғаны туралы ақпарат. Белгілі болғандай, оған қылмыстық кодекстің 174-бабы яғни "Этносаралық араздықты қоздыру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. 19 қаңтарда сот Еңсебекті екі айға уақытша ұстау изоляторына жіберді. Артынша Еңсебекті полиция сатиралық мағынадағы Тина Канделакиға қатысты постында  «шырқалған» рэпке қатысты ұстағаны анықталды. Яғни, түптеп келгенде сатираға дым қатысы жоқ. Сонда журналист «қырық жыл» бұрын шығып ғаламторды емін-еркін шарлап, жасөпірімдер арасында ТikTok-та трендке айналып үлгерген тіпті авторлары да белгісіз рэп үшін ұсталды ма деген сұрақ туындайды. 

Алматы қалалық полиция департаменті Еңсебекке қатысты ұсталу себебін нақтылады. Департаменттің ресми жауабына сәйкес, оның ұсталғанының сатиралық жарияланымдарға қатысы жоқ.

«Себеп басқада жатыр, ол орналастырған материалда ұлтаралық араздық қоздырудың айқын белгілері бар, бүкіл этнос өкілдерін қорлағандай көрінеді. Бұл біздің көпұлтты мемлекетімізде, конституция бойынша, шыққан тегі, ұлты, тілі, діни сенімі немесе басқа да жағдайлар бойынша ешкімге қандай да бір кемсітушілік жасауға болмайтынына қайшы келеді. Мұндай әрекеттер ұлтаралық келісімді және халықтың бірлігін бұзады, бұл біздің мемлекетіміздің негізін қалаушы принциптерінің бірі»,  деп айтылған департамент мәлімдемесінде.

Департамент пікірінде қандай материал туралы айтылып жатқаны нақты нақтыланбаған, бірақ бұл ән екені айтылған. Мүмкін, бұл QazNews24 арнасындағы Тина Канделаки туралы постқа тіркелген «Эй, йоу, орыстар» композициясы болуы мүмкін. Қазіргі уақытта құқық қорғаушылар әннің авторын анықтауға тырысуда. 

Бір қызығы, 2024 жылы шілде айында Темірлан Еңсебектің құрбысы Мария Кочневаға дәл осы «Эй, йоу, орыстар» әнінің үзіндісін Арбатта орындағаны үшін оған ұсақ бұзақылық бабы бойынша сот шешімі тағайындалып, 10 күнге қамауға алынған болатын. Бастапқыда, белсенділердің айтуынша, бейнежазба елімізде аса қатты резонанс тудыра қоймаған. Бірақ, ресейлік «Z-топтарда» таралғаннан кейін Кочневаға полиция назар аударған екен.

Сонымен қатар, полиция Еңсебекке қолдау білдірген журналистер Руслан Бикетов пен Әсем Жәпішеваның өткізген жалғыз адамдық пикеттеріне қатысты сот 15 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды.

Біз Қазақстанда таралуына тыйым салынған материалдар тізімін қарап шықтық. Алайда, дәл осы «Эй, йоу, орыстарға» қатысты ештеңе кезіктірмедік. Дегенімен де, заңгер Сергей Уткиннің пікірінше, бұл әннің тізімге енгізілген-енгізілмегені маңызды емес.  

«Әркім қандай да бір ән, өлең, проза немесе жай ғана сөздер мен сөйлеулер жазып, оларда қорлау мазмұнын қамтуы мүмкін. Ал сол үшін соттау немесе жауапкершілікке тарту үшін алдымен оны қандай да бір тізімге енгізу керек пе? Әрине, жоқ. Егер қылмыстық құрам бар болса ғана, бұл жағдайда — араздықты қоздыру, оның тізімде бар-жоғы маңызды емес», — деп түсіндіреді заңгер.

Сонымен қатар, заңгердің айтуынша, заңда нақты шекара айқын емес, содан адамдар зардап шегіп жатыр. Заңдағы тұжырымдамаларды асыра пайдалану мүмкіндігі бар жерде, ол сөзсіз орын алатындығын айтты.

«Менің ойымша, қылмыстық кодекстен бұл бапты алып тастау орынды болар еді. АҚШ тәжірибесіне назар аударайық. Конституцияның бірінші түзетуі сөз, пікір және өзін-өзі білдіру бостандығына кепілдік береді, ал конгреске бұл бостандықтарды шектейтін заңдарды қабылдауға тыйым салады. Жалғыз ерекшелік — зорлық-зомбылыққа шақыру. Ұлтаралық немесе әлеуметтік араздық — бұл өте нәзік тақырып. Алайда, бұл баптар көбінесе мақсатсыз қолданылады. Әлеуметтік араздықтың астарына халық пен шенеуніктер арасындағы қақтығыстар жатуы мүмкін, бұл өз алдына қалыпты жағдай, олардың мүдделерінің қарама-қайшылығын ескерсек. Қылмыстық кодексте анық емес тұжырымдамалар болмауы керек. Қылмыс пен рұқсат етілген әрекеттер арасындағы шекара кез келген адам үшін айқын болуы тиіс, мысалы, ұрлық жағдайында. Ал қазір бұл шекара айқын емес, ал интерпретацияның субъективтілігі салдарынан адамдар зардап шегуде»— деді Уткин.
Егер бұл рэпте полиция пікір білдіргендей, ұлтаралық араздық қоздырудың айқын белгілері бар болса, ғаламторда, әлеуметтік желіде емін-еркін тарап, әрі TikTok-та жасөспірімдер трендке айналдырғанда құқық қорғау органдары қайда қараған деген заңды сұрақ туындайды. Қазірдің өзінде кез-келген адам ешқандай кедергісіз «туындыны» тыңдай алады. Иә, рэп бастан-аяқ боқттыққа толы және орыс әрі өзбек ағайындардың аты да аталады.  Біз «туынды» керемет деуден аулақпыз, бірақ, неге полиция рэпте ұлтаралық араздықты қоздырудың айқын белгілері бар екенін енді ғана естеріне алып отыр?

Orda.kz таралуына тыйым салынған материалдарға қатысты мәдениет және ақпарат министірлігіне сауал жолдады. Сондай-ақ, осы дау төңірегінде ұсталғандардың ісі әрі қарай қалай өрбитіні редакция бақылауында болады.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар