«Министрлік кінәлі»: митиңге шыққан марқұм сарбаздардың аналары ұсталды
Фото: Orda.kz
Президент әкімшілігінің қабылдау бөлімі орналасқан үкімет үйінің 16-кіреберісі маңында әскери борышын өтеп жүріп қаза тапқан сарбаздардың аналары митиңге шықты. Олар әділ тергеу жүргізуді талап етті. Әйелдердің кейбірі суық жел астында жеті сағатқа жуық тұрып, есінен танып қалды. Ақыры арнайы жасақ (ОМОН) келіп, аналарды автобустарға күштеп отырғызып, полиция бөлімшесіне алып кетті.
Orda.kz тілшілері оқиғаны бастан-аяқ бақылап, тікелей ақпарат таратып отырды.
Тыныш өткен митиңге ешкім пысқырып та қарамайды
Бейбіт күнде әскер қатарында қаза тапқан немесе мүгедек болып қалған сарбаздардың ата-аналары әділдік іздеп, түрлі мемлекеттік орындардың табалдырығын тоздырып жүргеніне бірнеше жыл болды.
Алғашында үшеу ғана еді. Біз олармен Маңғыстаудағы мерзімді қызметте жүрген бір сарбаздың өліміне қатысты сот процесінде жолықтық. Сол жерде аналар жаға ұстатар жайттарды айтты: офицерлер сарбаздарға зорлық көрсететіні, жас сарбаздарды несие алуға мәжбүрлеп, ақшасын шенділерге бергізетіні, ұрғаны, қорлағаны, кейде тіпті атқаны туралы баяндады.
Ал әскери тергеу органдары мұндай істерді көбіне бір сарында рәсімдейді:
- «Өз-өзіне қол жұмсау»;
- «Кездейсоқ оқыс жағдайда болған оқиға»;
- «Салғырттық»;
- «Менингит».
Әлімжеттік мен зорлық-зомбылыққа шағымданған сарбаздарды психиатриялық ауруханаға жіберіп, «есі дұрыс емес» деп көрсетеді.
Қаза тапқан және жараланған сарбаздардың ата-аналары үш жылдан астам уақыт бойы билікке үніміз жетсін деп күресіп келеді. Осы аралықта олар дәлелдер жинап, сарапшылардың қорытындыларын алып, өздеріне сенімді ондаған азаматтың басын қосқан. Алайда Қазақстан әскеріндегі өлім-жітім азаяр емес. Бұл ауыр жағдайды Мәжіліс депутаттары да айтып жүр, бірақ нәтиже жоқ.
Тағы да шекара қызметінің сарбазының өлімін «бензинге уланды» деп, түсініксіз «кездейсоқ оқиға» ретінде жапты.
Бұған дейін 5 қазан күні Алматы облысында қаза тапқан сарбаздың туыстары Алматы қаласындағы орталық мәйітханадан оның денесін ала алмай отырғанын хабарлады. Ресми деректерге қарасақ, 18 жастағы Нұрасыл Әнуар менингококцемия деген диагноздан көз жұмған. Жақындары бұл нұсқаға сенбейді.
Ал 17 қыркүйек күні Алматы облысы Жамбыл ауданының Отар горнизонында 19 жастағы жас сарбаз Шынарбек Дінмұхаммед Талғатұлы өзіне-өзі қол салды. Мүрдесін көруге ата-анасы Алматы қаласына келді. Orda.kz тілшісі марқұмның ата-анасымен сөйлесіп, жағдайға қатысты пікірлерін білді.
23 қыркүйекте Маңғыстау облысында 18 жастағы жас сарбаз Cұлтан Шынтеміров жындыханаға түсті.
Бұл биыл белгілі болған жаңалықтардың бір парасы ғана.
Отан қорғаушылар күні де Астанада балаларынан айырылған ата-аналар наразылық өткізді. 19 маусымда ата-аналар Тоқаевқа үндеу жасады.
Әр наразылық сайын әйтеуір оларды кездесуге шақыратын. Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің (оған Ұлттық ұлан қарайды) өкілдері ата-аналардың талаптарын тыңдап, құжаттарын алып, «мәселені қараймыз» деп уәде беретін. Бірақ бұл уәделердің бәрі жылдар бойы қайталанып келе жатқан құр сөзге айналды.

Ұлдарынан айырылған ата-аналардың енді шыдамдары шегіне жетті. Тыныш жүру, үнсіз қалу еш нәтиже бермейтінін түсінген олар бұл жолы қатты қамығып, ашық әділдік сұрады.
Олар Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың және азаматтардың өтініштерін бақылау жөніндегі бөлім басшысы Қанатбек Жайсаңбаевтың алдарына шығуын талап етті. Басты мақсат — Қазақстандағы әскер жүйесін түбегейлі реформалау.
«Біз ашық әрі әділ тергеуді талап етеміз»
Ата-аналар өз үндеуінде былай деп жазды:
«Әскер қатарында қаза тапқан сарбаздардың ісі бойынша ашық, тәуелсіз тергеу жүргізілсін. Әрбір қазаға ата-аналар мен қоғам өкілдері қатысатын әділ тергеу жасалсын.
Кінәлілер заң бойынша жауапқа тартылсын».
Сонымен бірге олар мынадай талаптар қойды:
- Бұрын жабылған істер бойынша тергеуді қайта бастау;
- Сарбаз өліміне қатысты істерді бақылап отыратын тәуелсіз қоғамдық комиссия құру;
- Әскери бөлімдердегі медицина жағдайын жақсарту;
- Психологиялық және наркологиялық тексерулерді міндетті ету;
- Әскери тергеу басқармасын Ішкі істер министрлігіне бағындыру;
- Әскерилердің тұрмыс жағдайын жақсарту;
- Әскери бөлімдерге — казармаларға, асханаларға және басқа нысандарға бейнебақылау орнату;
- Әскери техника мен құрал-жабдықты жаңарту;
- Қаза тапқан және жараланған сарбаздардың отбасына өтемақы төлеу;
- «Әділет сарбаздары» қорының құрылуына рұқсат беру;
- Мерзімді қызметті келісімшарт жүйесіне көшіру.
Наразы топ талаптарын ашық айтты:
«Әскерге шақыру тәртібі қайта қаралсын. 18 жастағы жасөспірімдерді әскерге алмау керек.
Тек 25 жастан асқан, Қазақстан азаматтары ғана келісімшарт негізінде әскери қызмет атқарсын».
«Өліміме Қорғаныс министрлігі кінәлі болады»
Қаза тапқан және жараланған сарбаздардың ата-аналарына енді әділетсіз сотталған әскерилердің отбасылары да қосылды. Солардың бірі — Талдықорған қаласының тұрғыны Шынар Әденова.
Оның ұлы Бақберген Рустамұлы мен бірге қызмет еткен сарбаздар — Шымкенттен келген Аят Шәкір және Түркістандық Нұрман Әбсадық — 2024 жылы оқу-жаттығу кезінде адам өліміне себепкер болды деген айыппен 12 жылға сотталған.
Шынар Әденованың айтуынша:
«Ұлым барлауда қызмет еткен. Майор Қазтай оларға «әскери бөлім аумағына заңсыз кірген адамды ұстаңдар, қол-аяғын байлаңдар, айқайламас үшін аузын жабыңдар» деп бұйрық беріпті. Сарбаздар бұйрықты орындаған: күдіктіні ұстап, байлап, қолғаптан тұмылдырық жасап, казарманың арт жағында қалдырған. Содан кейін кезекшіге барып, бәрін баяндаған.
Ал әрі қарай ол адамның жағдайы рота кезекшісінің жауапкершілігінде болған. Бірақ ол кешкі ас ішіп, шаруасымен айналысып жүріп, байлаулы жатқан адамды ұмытып кеткен.
Кейін есіне түсіп, адамдарды жібергенде әлгі «тыңшы» деген адамы тұншығып, көз жұмған. Ал барлық кінәні сарбаздарға арта салды», — дейді анасы.
Бұл қайғылы оқиға 2024 жылғы 13 пен 14 қараша аралығындағы түнде болған.
Orda.kz бұл сот ісі туралы бұрын да жазған еді. Енді Шынар Әденова да әділдік іздеген сарбаз аналарының қатарына қосылған.
Үкімет үйінің 16-кіреберісі алдындағы баспалдақта наразылық біраз уақытқа дейін басылмады. Әйелдер талаптарын айқайлап жеткізсе, ерлер, қаза тапқан және жараланған сарбаздардың әкелері мен ағалары оларды қолдап, видео түсіріп, әлеуметтік желілерге таратты.
Барлық қатысушының үстінде «Біз әрсери қызметке реформа талап етеміз», «Баланы әскерге барып өлсін деп туған жоқпын!» деген жазуы бар ақ кеудешелері болды.

Кейде оларға полиция қызметкерлері жақындап, мегафон арқылы «заңды бұздыңдар, рұқсат жоқ» деп айқайлады. Ал аналар «рұқсатымыз бар» деп жауап қатты. Артынша президент әкімшілігі мен Қорғаныс министрлігінің өкілдері шығып, сөйлесуге тырысып, тағы да құрғақ уәдені жаудырды.
Соңында аналар ғимаратқа кездесуге кірді.
Бірақ бұл жолы да министр Дәурен Қосанов пен бөлім басшысы Қанатбек Жайсаңбаев олардың алдына шыққан жоқ.
«Қосанов, шық! Жайсаңбаев, шық! Халықтан неге қорқасыңдар?», — деп айқайлады наразылар.
Сол арада жүйкесі сыр беріп, әбден қалжыраған Ұлттық ұланда қаза тапқан Алмас Шахимовтың анасы Индира Туғанбаева есінен танып қалды. Оны көтеріп ішке кіргізіп, орындыққа отырғызды, жедел жәрдем шақырылды. Ем көрсеткеннен кейін жағдайы жақсарды.
Сол сәтте, бірінші топтағы мүгедек болып қалған сарбаз Ұлан Мұсаевтың анасы Гүлмира Мұқажанова полиция қызметкерлерінің қысымынан кейін барша қазақстандықтарға үн қатты:
«Біз — әскерде қаза тапқан немесе мүгедек болып қалған сарбаздардың аналары — жауап алғанша бұл жерден кетпейміз.
Сендер бізді тоқтатуға, ұстауға тырыса аласыңдар.
Бірақ егер мен осы жерде өлсем, менің өліміме Қорғаныс министрлігі кінәлі болады», — деді ол
«Қорқаулардың тәсілі»
Наразы әйелдерді ақыры топ-тобымен қабылдап, олардың талаптарын тыңдап, қарастыратынын айтты. Біртіндеп қатысушылар тарқай бастады. Сол кезде белгілі болғандай, сарбаздардың аналарына медициналық көмек көрсетіліп жатқанда (тағы бір әйелдің қан қысымы көтеріліп, жағдайы нашарлады), оларға уәде беріліп жатқанда полиция алты адамды — бес ер адам мен бір қызды ұстап әкеткен.

Бұл — аналарды қолдауға келген туыстары мен достары еді. Көрген куәгерлердің айтуынша, оларды «заңсыз әрекет жасады» деп ұстаған. Біреуге тіпті «тыйым салынған жерде темекі шеккен» деген айып тағылған. Әйтеуір бір сылтауларды айтып, оларды жақын жердегі полиция автобусының ішіне күштеп отырғызған.
Сарбаздардың аналары шаршап, суықтан тоңып, тарай бастағанда кейбірі таксимен ешбір сұраусыз еркін қайтқан. «Ал енді олар қалайша ермін-еркін қайтып барады?» деген орынды сұрақ туады. Себебі арнайы жасақ оларды артынан торуылдап ұстаған.

Үкімет үйінің 16-кіреберісінен автобустар аялдамасына дейін полиция көліктері дәл сол арадағы жолдарды айналып, бір бұрыштан шығып, басқа бұрыштан кіріп жүрді. Наразылықты және адамдарды ұстап жатқанын көріп тұрған тәжірибелі журналистер арнайы техника қозғалысын жазып алып отырды. Біздің тілшілеріміз әйелдерді аялдамаға дейін шығарып салғанда, ешкім оларды ұстаған жоқ еді.
Бірақ журналистер алшақтағанда, арнайы жасақ шықты. Топтасып келіп алты әйелді автобусқа күштеп отырғызып, Байқоңыр аудандық полиция бөліміне алып кетті.
«Аялдамада Гүлмираны (Мұқажанованы — автор ескерт.), бес адам көтеріп әкетіп, бізді бәрімізді қой сияқты автобусқа тиеді», — деді Индирa Туғанбаева.
«Бұл жерде полиция бөлімінде алты ана отырмыз, қан қысымы көтерілгендер де бар. Бізді не үшін айыптайтынын күтіп отырмыз, бізге түсініктеме жазу керек деп айтты», — деп қосты Гүлмира Мұқажанова.
Әйелдерді полиция түнгі 8:30-да босатқан. Оларға ескерту берілген. Ал басқа ұсталғандар туралы әлі ақпарат жоқ.
Ең бастысы - сарбаздардың аналарының дауысы Ақордаға жетті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев прокурор Берік Асыловқа 12 күн ішінде қаза тапқан сарбаздардың ата-аналарының өтініштерін қарап, тергеу заңдылығын тексеруді тапсырды.
Автор: Анастасия Прилепская
Жаңалықтар
- Мәскеуде Тоқаевты «Жоғары мәртебелі» деп қарсы алды
- Мұрат Әбділдә түрме сахнасында өнер көрсетті
- «Хуторсыз Талғар, сынған әйнек, дүрбелеңге түскен туыс»: Хасан Қасымбаевтың соңғы соты қалай өтті?
- Қазақстандық шенеуніктердің Украинаға заңсыз оқ-дәрі сатуы мүмкін екені анықталды
- Ресейлік БАҚ қазақ тарихшысын «Гитлерді ақтады» деп айыптады
- «Біздің заманның батыры»: Денсаулық сақтау министрлігі Астанада зардап шеккен фельдшер туралы пікір білдірді
- «Жатырын алып тастамағаныма рахмет айт»: Алматы перзентханасында дәрігерлердің салғырттығынан сәби көз жұмды
- Бас прокурор қаза тапқан сарбаздардың аналарын қабылдауға уәде берді
- ҰБТ алдағы 3 жылда толық өзгеріп, халықаралық стандарттарға сай әзірленеді
- Берік Уәли сотталған адаммен түскен фотосына қатысты түсініктеме берді
- Хромтау қаласының әкімі пара алды деген күдікпен қамауға алынды
- Әкежан Қажыгелдин Қазақстанға жасырын келгенін айтты
- «Ат баптағандар Еуропаға кетіп қалады»: Алматының тарихи ипподромын бұзғалы жатыр
- Түркістан облысында криминалдық полиция қызметкері ұсталды
- Түркістан облысында қызды зорлап өлтірген мигранттардың ісі жабық сотта қаралады
- «Министрлік кінәлі»: митиңге шыққан марқұм сарбаздардың аналары ұсталды
- «Орыс тілі — қоғам өмірінің ажырамас бөлігі» — Тоқаев
- Ресейлік блогер қазақтарды «лас ұлт» деп қорлады
- «Жүрегі жарылды»: Түркістанда құрдастары 9-сынып оқушысын моланың қасында сабап өлтірді
- Көрнекті мәдениет қайраткері Ғалым Доскен қайтыс болды