5571 әскери бөлім сарбаздарының бірін комаға, бірін қабірге аттандырды

cover Фото: Orda

12 маусымда Алматы қаласында Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі екінші баспасөз-конференциясы өтті.

Конференция отырысына 5571 әскери бөлімде ажал құшқан Алмас Шахимовтың анасы мен әжесі, дәл осы әскери бөлімде азаматтық борышын өтеу кезінде комаға түскен Мұхтар Ербаянның анасы мен бөлесі келді. Сонымен қатар Қапшағай қаласындағы әскерде өз-өзіне қол жұмсаған Арсен Ишановтың анасы жан айқайларымен бөлісті.

Фото: Orda.kz 

Комада жатқан сарбаз

Анасы Ербаянның жағдайы ауыр екенін және 3 күннен бері температурасы көтеріліп, жақындарын палатаға кіргізбей жатқанын хабарлады. 

«Бізге ескертпестен,  невралогиялық бөлімдегі палатаға ауыстырды. Үш күн бұрын баламның жағдайы әлдеқайда жақсы еді. Барлығын түсініп, реакция білдіретін, тіпті, дәрет шығарса, ауыстыр деп қолымен көрсететін. Қазір жағдайы күрт нашарлап, мәңгүрт болып қалды. Дәрігерлер қандай дәрі беріп жатқанын жасырады, палатаға шприцпен дайын тамақ әкеледі», – деді анасы Гүлсім.

 

Сарбазға күтім жоқ және жақындары дәрігерлерге сенбейді. Ербаянның бөлесі Наурызбайдың айтуы бойынша, палатаға ауыстырылғаннан кейін ол жерде 5571 әскери бөлімнен келген «медбраттар» жүргенін айтады.

Ербаянды комадан шыққан соң  ата-анасының рұқсатынсыз әскери госпитальға ауыстырып тастаған.  

«Анасы барғанда Ербаян анасының қолынан ұстап, көзіне жас алып, бірдеңе айтқысы келген, сол кезде дәрігерлер анасын палатадан қуып шыққан. Екінші күні  Ербаянға жақындарының рұқсатынсыз әскери госпитальда ота жасап, миының оң жақ бөлігін алып тастаған. Бір күн бұрын Ербаян дәрігерлердің не туралы сөйлескенін естіп, анасына білдіргісі келді. Операциядан 15 күн өткен соң баланы 12-больницаға апарып тастады. Әскери полиция «мәйіт» деген істі ашып қойған. Бұнымен менің айтқым келгені не? Әскери госпитальда жарты миын кесіп тастағаннан кейін ол 12-ауруханада «өледі» деген оймен іс ашылды»,-  дейді ашынған бөлесі.

 

Оның айтуынша, кінәлі әскери бөлім. 12 аурухана қолдарынан келгенше көмектесті. Туыстары әскери госпитальға сенбейді. Тіпті туған анасы да  Ербаянның жағдайынан бейхабар және шприцпен әкеліп беретін  «тамақтың» не екенін  білмейді.

 

Ербаянның бөлесі әскери госпитальға қатысты «есін жия бастаған»  жігіттің миын не себеппен алып тастағаны жөнінде тергеу жүргізілгенін қалайды. Оларды әскери госпиталь ішке кіргізбейді, ешқандай пікір білдірмейді. Тіпті, басшыларына хабарласқан туысқандарына да дұрыс жауап берілмеген.  

Қысым көрсету

Ербаянның туыстарының заңгері Инга Иманбайдың айтуынша, сарбаздың дене қызуы бар деп ешкімді кіргізбей қойған. Сонымен қатар, Ербаянның анасы мен бөлесіне әртүрлі қысым көрсетілуде. 

Ербаянның денсаулығына қамқорлық көрсету үшін әскери бөлімше оның туыстарына Алматыда уақытша тұруға пәтер берген болатын. Бөлесінің айтуынша, дәл осы пәтерден бастап олардың артынан кезек-кезек біреулер аңди бастаған.

Инга Иманбай «30 мамыр күнгі баспасөз - конференциясынан бір күн бұрын, түнгі 12-де тұрып жатқан пәтерлеріне 3 ер адам баса көктеп кірмек болғанын айтады. Бірақ, олар дыбыстық дабыл соққан соң кетіп қалған. Сарбаздың туыстары әскери бөлімге жиі барғандықтан, кейбір  әскери қызметкерлердің көлікпен аңдып жүргенін байқап қалған.

Заңгер  Ербаян мен оның  отбасының өміріне алаңдаушылық білдіретінін ресми түрде мәлімдеді.

Заңгер ретінде Инга Иманбай  әскери прокуратураға  бірнеше келесідей  арыз жазды:

  • Тергеу тобын қайта қарастыру;
  • Ербаян борышын өтеген әскери бөлімнен қызметкерлердің болмауы;
  • Азаптау, өлімге итермелеу, бопсалау, қылмысты жасыру баптары бойынша іс қозғау;
  • Бірінші тергеу тобы мен әскери госпитальға қатысты қылмысты жасыру, қылмысты қасақана жабу бойынша қылмыстық іс қозғау. 

30 мамырдан бастап іс жоғары әскери прокуратураның қадағалауында.

Ойынқұмар офицердің кесірінен ажал құшты

Дәл осы әскери бөлімде екі жыл бұрын қайтыс болған Алмас Шахимовтың анасы да әділдік іздейді. Ол кісі дәл осы конференция үшін Көкшетаудан арнайы келген.

 

 Алмас анасының  жалғыз ұлы болған, ол кісі  2022 жылы 9 тамыз күні 5571 әскери бөлімде баласын ұрып өлтіргеніне сенімді. Алмастың анасы істің дұрыс жүргізілмегенін, әскери бөлім сарбаздың өліміне қатысты ешбір дәлел-дәйексіз істі жаба салғанын айтады. 

«2022 жылдың 27- мамыр күні военкоматқа досымен бірге барған баламды  ұстап алып, қамап, дәрігерлік тексеруден өткізіп,  әскерге алып кетеді. Бір ай бұрын баламның көзіне ота жасалған.  Көзі елу пайыз  көрмейтініне қарамастан, әскерге алып кетті. Әскерге барғаннан кейін 4 күннен соң атына несие алдырған. 21 күннен кейін банк қызметкерлері хабарласып, несиені төлейтін уақыттың өтіп кеткенін айтты. Дмитрий Корпенко деген офицерге харласып, «Баламның атына несие алыныпты» деп айттым.  «Телефоны менде болса -  мен алды деп ойлайсың ба? Менің қатысым жоқ.  Сенің балаң  мерзімінің соңына дейін борышын өтемейді» деп қорқытты», - деп зар жылайды қайтыс болған сарбаздың анасы.

 Артынша баласын тапсырыспен тергеп, әлімжеттік көрсететінін Дмитрий Корпенко анасына ашық айтқан. Анасы осы несиені өзі төлейтінін айтып,  тек баласына тиіспеулерін сұрап, жалынған.  Әскерге дейін тіпті туыстарынан ақша сұрамайтын сарбаз достарынан қарызға ақша сұрай бастаған. Бұл несиені Шахназар деген офицер алдыртқан. Кейіннен оның құмар ойынға әуес екені белгілі болды.

 «Баламның ажалы осы несиеден болды. Шахназар несие алдыртып, құмар ойын ойнайтынын мойындаса да,  бұл істі дұрыс тергемей,  жауып тастады» , - дейді Алмастың анасы.

9 тамыз күні сағат 23:45  сарбаздың қайтыс болғандығы туралы хабар келген. 2 жыл бойы әділдікке жете алмаған Алмастың анасы бірінші экспертиза қорытындысымен бөлісті.  

Қорытындыда: « Үш жерден пышақталған, бүйрегі қатты соққыдан төмен түскен, 26 жерден дене жарақаты бар» деп жазылған. Алайда тергеу материалдарында  бұны жазбаған да, ескермеген де. 


Алмасты табытпен әкелгенде мойнында белдіктің іздері болған. 2 ай өткен соң Индираның ағасы мәйітті жуған кезде темекімен күйдірілген жерлерін көргенін айтып, баланы азаптап өлтірген деген күдігімен бөліскен. 

Анасы баспасөз-конференциясында Алмастың өлімін дәлелдей алмағандықтан мәйітке қайта тексеру жасатқанын айтты. 

«Немерем өлді дегенді естіп, Қонаев қаласына бардық. Қонаев қаласындағы сарапшы баламның ажалы соққы мен таяқтан екенін айтты. Эксперт «тергеушіге айттым, бірақ менің аузымды жауып тастады» деген болатын»,-  дейді әжесі.

 

Әжесінің айтуынша, 54 -ші  өлшем киетін сарбазға 48 - ші өлшемді киім кигізіп, қанға боялған киімдерін құртып,  бейнежазбалардың бәрін өшіріп тастаған.   Сарбаздың отбасына полигонда дауыл болып, басына палатка құлап, мерт болды деп хабарлаған. Отбасы оның мәйітханадағы суреттерімен бөлісті. Бұл суреттерді сарбаздың отбасы  бір айдан кейін ғана қолдарына алған.

 

«Алмасты әкелгенде азотқа салып жуындырып әкелген. Азотқа салып, көгерген жерлерін көрсетпей әкелді. Бірақ жуындырған балам көгерген жерлерін байқап қалған»,- дейді әжесі.

Істі қайтадан ашуға мәжіліс депутаты Ринат Зайытов көмектескен. Депутаттың көмегімен мәйітті қайта тексерте  алған. Дене жарақаттары анықталғанымен, тергеуші тағы да сотқа жеткізбей, тоқтатып қойған.

Аман келгенімді қаласаңыз ақша салыңызшы

Қонаев қаласында әскери борышын өтеп жүреген Арсен Ишанов та өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болған.   Анасы осы конференцияға Батыс Қазақстаннан арнайы келіп отыр. 2023 жылдың 7 қарашасы күні   түскі уақытта командирі хабарасып,  Қонаев қаласында әскери борышын өтеп жүрген баласының қайғылы қазаға ұшырағанын айтады. Анасының айтуынша, баласын әскерге үйінен екі қызметкер күштеп алып кеткен. Бір айдан соң баласының ант қабылдау рәсіміне барған кезде баласының жанары солыңқы екенін байқаған. 

 

«Ант қабылдау рәсімінен кейін баламның ақша сұрауы жиілеп кетті. Тіпті күннен күнге өсе түсті. Баламды «Арт батыр» бөлімінен «Скорпион»  бөліміне ауыстырттым, себебі баламның омыртқасында сколиоз бар еді. Жиі құлап жүргенін қаламадым. Біраз уақыттан соң балам бұрынғы бөліміне қайта ауысқысы келді, себебін сұрағанымда қиналып жүргенін жеткізді. Ауыстыруға тырыстым, бірақ басшылық рұқсат бермей, сол жерде қалып қойды». 

 

Сарбаз Арсен Ишанов анасымен сөйлескенде құқық туралы сұраған. Баласының аман келгенін қалаған ана еш қарсылықсыз сұраған ақшасын салып отырған.  Баласының ақша сұрауы жиілеп кеткендіктен анасы баласынан неге жиі ақша сұрайтынын білгісі келгенде баласы: 

«Мама, мен аман келсін десең, салып тұршы, келген соң жұмыс істеп қайтарамын»,  - деген.  

Арсен тек отбасынан ғана емес, достарынан да қарыз алған. Туыстарының біріне достарымен тіл табыса алмай жүргенін айтқан.

 

 Арсен әскери ғимараттарды сырлауға барған, сол жерде бірге  жүрген сарбаздарға үйіне қайтқысы келетінін бірнеше рет қайталаған.

«Біз үлкен қақпаны жабайын деп жатқанда Арсен бушлатын алып, ішке кіріп кетті. Арада ұзақ уақыт өткен соң іздей бастадық. Машинаның артынан шынжырдың дыбысы естілген соң барсақ,  үлкен машинаның артында асылып қалған екен»,-  дейді сарбаздардың бірі.

Әскери бөлімде ешқандай камера жоқ. Анасы баласының өз-өзіне қол жұмсағанына еш сенбейді.

Қорытындылай келе, зардап шеккен сарбаздардың туыстары Қазақстанның әскери бөлімдері былыққа батып қалғанын баса айтты.  Сөз соңында аналар президенттің тапсырмасы орындалмай жатқанын айтып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әділдікке жету шін жоғарғы құзырлы органдардан көмек сұрайтындарын, бейбіт күнде Отанын қоғануға аттанып, ажал құшқан сарбаздардың ісін қайта қарап, әділ шешім шығаруды  талап ететіндіктерін мәлімдеді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар